Бап. Эмиссиялар нормативтерi 1 страница

1. Эмиссиялар нормативтерiне:
1) эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi;
2) ластаушы заттардың жол беруге болатын шектi шығарындылары мен төгiндiлерiнiң нормативтерi;
3) өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтерi;
4) жол берiлетiн физикалық әсер (жылу мөлшерiнiң, шу, тербелiс, иондаушы сәуле және өзге де физикалық әсерлер деңгейiнiң) нормативтерi;
5) күкіртті қоршаған ортада ашық түрде орналастыру нормативтері жатады.
2. Эмиссиялар нормативтерi аумақтардың және акваторияның табиғи ерекшелiктерi ескерiле отырып, қоршаған орта сапасы нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге тиiс және жол берiлетiн шектi шоғырлану немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi негiзiнде есептеледi.
3. Эмиссиялар нормативтерiнiң шамалары шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына терiс әсерiн азайту мақсатында экологиялық рұқсаттар беру мен қажеттi техникалық iс-шаралар өткiзу қажеттiгi туралы шешiмдер қабылдауға негiз болып табылады.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

26-бап. Эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi

1. Эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi өнеркәсiптiң нақты процестерi мен салалары үшiн ең озық қолжетiмдi технологиялар енгiзу негiзiнде белгiленедi.
2. Эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi техникалық регламенттерде белгiленедi және кешендi экологиялық рұқсаттардың негiзi болып табылады.
3. Атмосфераға ластаушы заттарды шығарудың жылжымалы көздері үшін эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтері техникалық регламенттерде белгіленеді.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

27-бап. Ластаушы заттар шығарындылары мен төгiндiлерiнiң
жол берiлетiн шектi нормативтерi, өндіріс және
тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтері

1. Парниктік газдар шығарындыларын қоспағанда, ластаушы заттар шығарындылары мен төгiндiлерiнiң жол берiлетiн шектi, өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтері қоршаған орта сапасының нормативтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз ететiндей шартпен эмиссиялардың әрбiр стационарлық көзi және тұтастай кәсiпорын үшін есептеулер негiзiнде белгiленетiн эмиссиялардың шамалары болып табылады.
2. Ластаушы заттар шығарындылары мен төгiндiлерiнiң жол берiлетiн шектi нормативтерi, өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтері қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар беру кезiнде шығарындылардың стационарлық және жылжымалы көздері, технологиялық процестер мен жабдықтар үшін эмиссиялар нормативтерінің есептеу мәндерiн, техникалық үлестік нормативтерінiң белгiленген мәндерiн қамтитын жобалар құрамында пайдаланылады. Ластаушы заттардың жол берiлетiн шекті шығарындылары мен төгiндiлерiнiң белгіленген нормативтерінің қолданылу мерзімі, өндіріс және тұтыну қалдықтарын нормативтік орналастыру мерзімі I, II және III санаттардағы объектілер үшін күнтізбелік он жылды құрайды, IV санаттағы объектілер үшін – мерзімсіз.
Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

28-бап. Эмиссиялар нормативтерiн айқындау тәртiбi

1. Қоршаған ортаға эмиссия нормативтері көзделген шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау құрамында не жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін жеке құжаттар түрінде негізделеді.
2. Осы Кодекстің 40-бабына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтің I санаты үшін эмиссиялар нормативтерiн әзiрлеудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
3. Жекелеген көздер бойынша эмиссиялар нормативтерi эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерiне теңестiрiлiп белгiленедi не қоршаған орта сапасының нормативтерi негiзiнде есептеу арқылы айқындалады.
4. Эмиссиялар нормативтерiн есептеу арқылы айқындау әдiстемесiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Эмиссиялар нормативтерiн белгiлеу кезiнде қоршаған ортаның iс жүзiндегi ластануы ескерiледi. Қоршаған орта сапасы параметрлерiнiң фондық шоғырлануы жөнiндегi деректерді жобаның тапсырыс берушiсiмен немесе жобалау ұйымымен жасалған шарт бойынша ұлттық гидрометеорологиялық қызмет ұсынады. Қоршаған орта сапасы параметрлерiнiң фондық шоғырлануы жөнiндегi деректерді ұсыну қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуге технологиялық байланысты қызметке жатады.
6. Атмосфераға ластаушы заттар шығарудың жылжымалы көздерінен туындайтын эмиссия нормативтерi белгіленбейді. Шығарылған газдардағы атмосфералық ауаны ластайтын негiзгi заттардың шектi концентрациясы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасымен айқындалады.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.15 N 461-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

29-бап. Табиғи ресурстар жай-күйiнiң өзге де
нормативтерi

1. Табиғи ресурстарды қорғау мен молықтыру мақсатында табиғи ресурстар жай-күйiнiң нормативтерi белгiленедi.
2. Табиғи ресурстар жай-күйiнiң нормативтерi және оларды белгiлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы, жануарлар дүниесiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы заңнамасында, Қазақстан Республикасының жер, су, орман заңнамасында айқындалады.

5-тарау. ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ

30-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi
растау объектiлерi мен рәсiмi

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi растау объектiлерi мен рәсiмi Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында айқындалады.

31-бап. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
мақсатында сәйкестiктi растауға арналған
стандарттар

1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарды орындау үйлестiрiлген стандарттармен қамтамасыз етiледi.
Ұйымдардың стандарттары қолдану үшiн ерiктi сипатта болады және техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға қайшы келмеуге тиiс.
2. Сәйкестiгiн растаудан өтпеген, сәйкестiгiн растаудан мiндеттi түрде өтуге тиiс өнiмдердi, қызметтер көрсетудi, процестердi өткiзуге тыйым салынады.

32-бап. Экологиялық таңбалау

1. Экологиялық таңбалаудың мiндеттерi:
1) тұтынушыларды қоршаған ортаға қауiптi өнiмдердi сатып алудан (пайдаланудан) қорғау;
2) өнiмдердiң барлық түрлерiн өндiру, пайдалану және жою, (кәдеге жарату, өңдеу) кезiнде қоршаған ортаның ластануын болдырмау;
3) жабдықтардың, технологиялық процестердiң, өндiрiстердiң және өнiмдердiң экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
4) экологиялық қауiпсiз технологиялық процестердi, жабдықтарды және өндiрiстердi енгiзу;
5) елге экологиялық қауiптi өнiмдер мен технологиялардың әкелiнуiн болдырмау;
6) отандық өнiмнiң экспортталуына жәрдемдесу және бәсекеге қабiлеттiгiн арттыру болып табылады.
2. Өндiрiлу кезiнде қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және биологиялық ресурстарға зиянды әсерi неғұрлым аз немесе қолайлы әсер ететiн өнiм экологиялық таңбалау объектiсi болып табылады. Экологиялық таңбалау объектiсi өнiм өндiру процесi мен қолданылатын технологияларды қамтиды.
3. Өндiрушiлер өз өнiмiн сәйкестiгi расталғаннан кейiн экологиялық таза өнiм белгiсiмен ерiктi негiзде таңбалайды. Өнiмдi экологиялық таңбалауды тиiстi саладағы коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
4. Экологиялық таза өнiм стандарттарын, экологиялық таза өнiм белгiсiнiң нысанын және оған қойылатын техникалық талаптарды "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аккредиттелген коммерциялық емес ұйым белгiлейдi.

33-бап. Техникалық реттеу жөнiндегi сарапшылық кеңес

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның техникалық реттеу жөнiндегi сарапшылық кеңес техникалық регламенттер жобаларын әзiрлейдi, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу және қолдану жөнiндегi ұсыныстарды қарайды.

34-бап. Халықаралық стандарттарды енгiзу

1. Табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесiнiң халықаралық стандарттарын енгiзуi:
1) халықаралық стандарттар туралы ақпарат тарату;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесiнiң халықаралық стандарттарын енгiзген және мұндай енгiзудi растайтын құжаты бар табиғат пайдаланушыларға инспекторлық тексеру жүргiзу жиiлiгiн қысқартуы;
3) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу тетiктерiн пайдалану арқылы ынталандырылады.
2. Халықаралық стандарттарды енгiзудi ынталандыру шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

34-1-бап. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері
саласындағы стандарттар

1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның келісімімен Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация (детерминация) жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдерін әзірлейді және бекітеді.
2. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу субъектілері өз қызметінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган таныған және рұқсат еткен стандарттарды басшылыққа алады.
Ескерту. Кодекс 34-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ӘСЕРДI БАҒАЛАУ

35-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау

Қоршаған ортаға әсердi бағалау - шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған орта мен адам денсаулығына ықтимал салдарлары бағаланатын, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптары ескерiле отырып, қолайсыз зардаптарды (табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуын, жұтаңдауын, бүлiнуiн және сарқылуын) болдырмау, қоршаған ортаны сауықтыру жөнiндегi шаралар әзiрленетiн рәсiм.

36-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау мiндеттiлiгi

1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тiкелей немесе жанама әсер етуi мүмкiн болатын кез келген шаруашылық және өзге де қызмет түрлерi үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Қоршаған ортаға әсер ететiн шаруашылық және өзге де жобаларды, қоршаған ортаға әсерiн бағаламай әзiрлеуге және iске асыруға тыйым салынады. Әсердi бағалау нәтижелерiн жоспарлау алдындағы, жоспарлау құжаттамасының, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасының ажырамас бөлiгi болып табылады.
3. Жобаланып жатқан объектiлердiң перспективалық қызметi осы Кодекстiң талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсерiн бағалауға жатады.
4. Жобалардың тапсырыс берушiсi (бастамашысы) мен әзiрлеушiсi қоршаған ортаға әсер етуге жүргiзiлген бағалау нәтижелерiн ескеруге және қоршаған орта мен адам денсаулығына неғұрлым аз зиян келтiретiн нұсқаның қабылдануын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.15 N 461-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

37-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың кезеңдерi

1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қала құрылысы және құрылысты жобалау кезеңдерi ескерiле отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) IV санаттағы объектілерді қоспағанда, қоршаған ортаға әсердi алдын ала бағалау (1-кезең);
2) IV санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілерді қоспағанда, жобаны iске асырудың ықтимал әсерлерiн немесе шаруашылық және өзге де қызметтi одан әрi жүзеге асыруды толық және кешендi талдау, баламалы нұсқаларды негiздеу және қоршаған ортаны қорғауды басқару жоспарын (бағдарламасын) әзiрлеу мақсатында орындалатын әсердi бағалау (2-кезең);
3) IV санаттағы объектілерді қоспағанда, қоршаған ортаға қолайсыз әсерлердi болдырмау жөнiндегi техникалық шешiмдердi қамтитын жұмыс жобасы құрамындағы «Қоршаған ортаны қорғау» бөлiмi (3-кезең).
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың 2 немесе 3-кезеңдерiнде осы Кодекстiң 4-тарауына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерi әзiрленедi.
Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

38-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалауды жүргiзу тәртiбi

1. Осы Кодекстің 40-бабына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтің I санаты үшін қоршаған ортаға әсердi бағалауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге лицензия алған жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыруды жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушiсi (бастамашысы) қамтамасыз етедi.
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалау әзiрленiмiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар шартқа сәйкес қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзуден алынған нәтижелердiң дұрыстығы, толықтығы мен сапасы үшiн тапсырыс берушi алдында жауапты болады.
Тапсырыс беруші мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылатын қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарының дәйектілігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Қоршаған ортаға әсердi бағалау рәсiмiн орындау кезiнде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.15 N 461-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

39-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау процесiнде
есепке алынуға тиiс әсерлердiң түрлерi

1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау процесiнде:
1) тiкелей әсер - объектiнi орналастыру ауданында жоспарланып отырған негiзгi және iлеспе қызмет түрлерiнiң тiкелей тигiзетiн әсерi;
2) жанама әсер - жобаны iске асыру салдарынан пайда болатын жанама (кейiнгi) факторлардан туындайтын қоршаған ортаға әсер;
3) кумулятивтiк әсер - жобаны iске асыруға iлесе жасалатын, өткен, қазiргi немесе негiзделiп алдын ала болжанатын iс-әрекеттерден туындайтын, үнемi ұлғаю үстiндегi өзгерiстер салдарынан пайда болатын әсер есепке алынуға тиiс.
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау процесiнде:
1) парниктік газдар шығарындыларының әсерін қоспағанда, атмосфералық ауаға;
2) жер үстi және жер асты суларына;
3) сутоғандары түбiнiң беткi жағына;
4) ландшафттарға;
5) жер ресурстарына және топырақ жамылғысына;
6) өсiмдiктер дүниесiне;
7) жануарлар дүниесiне;
8) экологиялық жүйелердiң жай-күйiне;
9) халық денсаулығының жай-күйiне;
10) әлеуметтiк салаға (халықты жұмыспен қамту, бiлiм беру, көлiк инфрақұрылымы) әсердi бағалау жүргiзiледi.
3. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргiзу процесiнде табиғи орта мен адам денсаулығына терiс және оң әсерлер есепке алынуға тиiс.
Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

40-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау объектiлерiн
бағалану маңыздылығы мен толымдылығы бойынша
сыныптау

1. Қоршаған ортаға әсерiн бағалау жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет маңыздылығы мен толымдылығы бойынша I, II, III, IV болып 4 санатқа бөлiнедi.
I санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 1 және 2-сыныбына жататын қызмет түрлерi, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалардан басқа пайдалы қазбаларды барлау мен өндiру жатады.
II санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 3-сыныбына жататын қызмет түрлерi, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру, орман пайдалану мен суды арнайы пайдаланудың барлық түрлерi жатады.
III санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 4-сыныбына жататын қызмет түрлерi жатады.
IV санатқа өндiрiстiк объектiлердi санитарлық сыныптауға сәйкес қауiптiлiктiң 5-сыныбына жататын қызмет түрлерi, сондай-ақ әуесқойлық (спорттық) балық аулау мен аң аулауды қоспағанда, жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдаланудың барлық түрлерi жатады.
1-1. Өндірістік объектілерді санитариялық сыныптауға сәйкес қауіптілік сыныптарына жатпайтын қызмет түрлері IV санат объектілері ретінде сыныпталады.
2. Әртүрлi санаттағы объектiлерге қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзуге қойылатын сараланған талаптар қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықта белгiленедi.
Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

41-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау құжаттамасы

1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау жөнiндегi құжаттама:
1) шаруашылық және өзге де қызметке тапсырыс берушiнiң деректемелерiн;
2) жоспарланып отырған қызметтi iске асыру қажеттiгi негiзделген өтiнiштi (арызды), инвестициялар негiздемесiн, техникалық-экономикалық негiздеменi (жобаны), жұмыс жобасының бекiтiлген бөлiгiн, түсiндiрме жазбаны;
3) қоршаған орта компоненттерiнiң қызметтi iске асырғанға дейiнгi не қазiргi кездегi жай-күйiнiң сипаттамасын;
4) жобаның жазбасын, оған қоса:
бүкiл жобаның мақсаты мен сандық сипаттамаларының және орналастыру ауданына құрылыс және пайдалану сатысы кезеңiнде қойылатын талаптардың сипаттамасын;
жоспарланып отырған қызметтiң қоршаған орта элементтерiне ықтимал әсерлерiнiң түрлерi қоршаған ортаға эмиссиялардың, тұтынылатын шикiзаттың және алынатын ресурстардың көлемi мен оның қосындыларының құрамымен бiрге көрсетiле отырып, пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың типтерi мен санын қоса алғанда, өндiрiстiк процестердiң негiзгi сипаттамаларын;
5) қолданылатын технологияның ең озық қолжетімді технологиялармен және техникалық үлестік нормативтермен сәйкестігі, сондай-ақ техникалық регламенттермен және технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптармен сәйкестігі тұрғысынан талдауды;
6) баламалы нұсқалар туралы ақпаратты және жобалық нұсқаны таңдаудың негiзгi себептерiне нұсқауды;
7) қызметтiң қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға ықтимал әсерлерiнiң сипаттамасын;
8) жобаланатын шаруашылық немесе өзге де қызметтiң қоршаған ортаға беймәлiм әсерлерiн;
9) экологиялық тәуекелдi және халықтың денсаулығына төнетiн тәуекелдi бағалауды;
10) экологиялық мониторинг жөнiндегi ұсыныстарды қоса алғанда, қоршаған ортаға әсердi болдырмау, азайту үшiн көзделетiн шаралардың сипаттамасын;
11) қоршаған ортаға эмиссиялардың жобалық нормативтерiн және табиғи ресурстарды алып қою нормативтерiн;
12) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасының негiздемесiн;
13) ықтимал тәуекелдердi және келтiрiлген залалдарды өтеудi ескере отырып, жобаны экологиялық-экономикалық бағалауды;
14) хаттамалармен ресiмделген және жоспарланып отырған қызметтiң экологиялық аспектiлерiн қоғамдық талқылау нәтижелерi жөнiндегi қорытындыларды қамтитын қоғамдық пiкiрдi есепке алу жөнiндегi материалдарды;
15) қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргiзу кезiндегi кез келген қиыншылықтарды және ақпараттың жетiспеушiлiгiн көрсетудi;
16) қоршаған ортаға әсерге жүргiзiлген бағалау нәтижелерi жөнiндегi негiзгi қорытындыларды қамтиды.
2. Жоспарланып отырған қызметтiң тапсырыс берушiсi (бастамашысы) қоршаған ортаға әсерге жүргiзiлген бағалау нәтижелерi бойынша жоспарланып отырған немесе жүзеге асырылатын қызметтiң экологиялық зардаптары туралы мәлiмдеме әзiрлеп, табыс етедi, ол осы қызметтi iске асыруға болатыны туралы шешiм әзiрлеуге негiз болады.
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың әрбiр кезеңiндегi құжаттама мазмұнының толымдылығы қоршаған ортаға әсердi бағалауды жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықпен айқындалады.
Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.06.23 N 164-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптанқараңыз), 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.