Тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) атмосфераға ластаушы заттарды шығарудың жылжымалы көзі - әр түрлі отынмен жұмыс істейтін, ішкі жану қозғалтқыштарымен жарақтандырылған көлік құралдары, техника және өзге де жылжымалы құралдар мен қондырғылар;
2) байқау пункті - қоршаған ортаның метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық сипаттамаларын байқаудың стационарлық немесе жылжымалы пункті;
3) белгіленген мөлшер - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелер шеңберінде айқындалған парниктік газдар сіңірулері ескерілген, парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі;
4) белгіленген мөлшер бірлігі - Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасы үшін парниктік газдар шығарындыларының көлемін айқындауға пайдаланылатын көміртегі бірлігі;
5) биологиялық әртүрлiлiк - бiр түр аясындағы, түрлер арасындағы және экологиялық жүйелердегi өсімдіктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiнiң әртүрлiлiгi;
6) биологиялық ресурстар - генетикалық ресурстар, организмдер немесе олардың бөлiктерi, популяциялар немесе экологиялық жүйелердiң адамзат үшiн нақты немесе ықтимал пайдасы немесе құндылығы бар кез келген басқа да биотикалық компоненттерi;
7) бірлесіп жүзеге асыру тетігі - парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері бар елдердің заңды тұлғалары арасында көміртегі бірліктерін беруге мүмкіндік беретін, Қазақстан Республикасының бірлесіп жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі халықаралық шарттарында көзделген рәсім;
8) валидация (детерминация) - аккредиттелген тәуелсіз ұйым жүзеге асыратын, парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіру жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде жобалық шешімдер мен құжаттамалардың әдістемелерін пайдаланудың және оларды дайындау тәртібінің Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру;
9) верификация - парниктік газдар шығарындыларын азайту саласында қабылданған ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген тәуелсіз ұйым жүзеге асыратын, парниктік газдар шығарындыларының көлемін азайтуға қатысты деректерді растау процесі;
10) генетикалық түрлендiрiлген организмдер - тұқым қуалайтын генетикалық материалдың өсiмiн молайтуға немесе оларды беруге қабiлеттi, табиғи организмдерден ерекшеленетін, гендiк инженерия әдiстерi қолданыла отырып алынған және құрамында гендiк-инженерлiк материал (гендер, олардың фрагменттерi немесе гендер комбинациясы) бар организмдер;
11) генетикалық түрлендiрiлген өнiмдер - құрамында жансыз генетикалық түрлендiрiлген организмдер немесе олардың компоненттерi бар, гендiк инженерия әдiстерi пайдаланыла отырып, өсiмдiктерден және (немесе) жануарлардан алынған өнiмдер;
12) ең озық қолжетiмдi технологиялар - қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн қамтамасыз етуге дейiн шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiнiң деңгейiн азайтуға бағытталған, ұйымдастыру және басқару шараларын қамтамасыз ететiн, пайдаланылатын және жоспарланатын салалық технологиялар, техника мен жабдық;
13) жойылуы қиын органикалық ластауыштар - ыдырауға төзімді, биожинақтағыштығымен сипатталатын және ауа, су және көшпелі түрлері арқылы трансшекаралық таралу объектісі болып табылатын, сондай-ақ құрлық экожүйелерінде және су экожүйелерінде жинақтала келіп, өздерінің шығарынды көздерінен алыс қашықтықта шөгетін, тірі организмдердің иммундық, эндокриндік жүйесінің бұзылуына және онкологиялық ауруларды қоса алғанда, түрлі ауруларға алып келетін неғұрлым қауіпті органикалық қосылыстар;
14) квота бірлігі - квота көлемін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі;
15) коммуналдық қалдықтар - елдi мекендерде, оның iшiнде адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде түзілген тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы мен түзілу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндiрiс қалдықтары;
16) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
17) көміртегі бірлігі - көміртегі қостотығының бір тоннасына тең келетін есептік бірлік;
18) көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің операторы - көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;
19) көміртегі бірліктерінің қайталама айналымы - парниктік газдар шығарындылары нарығы субъектілерінің арасында көміртегі бірліктерін беру, сату және басқа да айналымы процесінде қалыптасатын құқықтық қатынастар;
20) көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі - көміртегі бірліктерін айналымға енгізуге, сақтауға, беруге, сатып алуға, резервке қоюға, жоюға, айналымнан шығаруға байланысты операцияларды есепке алу жүйесі;
21) қалдықтарды есепке алу - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамалары және олармен жұмыс iстеу тәсiлдерi туралы ақпаратты жинау және беру жүйесi;
22) қалдықтарды жою - қалдықтарды көму және жою жөнiндегi операциялар;
23) қалдықтарды залалсыздандыру - механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу арқылы қалдықтардың қауiптi қасиеттерiн азайту немесе жою;
24) қалдықтарды кәдеге жарату - қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретiнде пайдалану;
25) қалдықтарды көму - қалдықтарды қауiпсiз сақтау үшiн арнайы белгiленген орындарда шектеусiз мерзiм iшiнде жинап қою;
26) қалдықтардың түрi - шығу көзiне, қасиеттерiне және жұмыс iстеу технологиясына сәйкес ортақ белгiлерi бар, қалдықтар сыныптауышы негiзiнде айқындалатын қалдықтар жиынтығы;
27) қалдықтарды орналастыру - өндiрiс және тұтыну қалдықтарын сақтау немесе көму;
28) қалдықтарды өңдеу - сұрыптауды қоса алғанда, қалдықтардан кейіннен тауарларды немесе өзге де өнімдерді өндіру (дайындау) үшін пайдаланылатын шикізат және (немесе) өзге де материалдар алуға, сондай-ақ қалдықтармен жұмыс iстеудi жеңiлдету, олардың көлемiн немесе қауiптi қасиеттерiн азайту мақсатында қалдықтардың қасиеттерін өзгертуге бағытталған физикалық, химиялық немесе биологиялық процестер;
29) қалдықтарды сақтау - қалдықтарды кейiннен кәдеге жарату, қайта өңдеу және (немесе) жою үшін арнайы белгіленген орындарда жинап қою;
30) қалдықтарды сыныптау - қалдықтардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауiптiлiгiне сәйкес оларды деңгейге жатқызу тәртiбi;
31) қалдықтармен жұмыс iстеу - қалдықтардың түзілуінің алдын алуды және оларды барынша азайтуды, қалдықтарды есепке алу мен бақылауды, олардың жиналып қалуын, сондай-ақ қалдықтарды жинауды, қайта өңдеудi, кәдеге жаратуды, залалсыздандыруды, тасымалдауды, сақтауды (жинап қоюды) және жоюды қоса алғанда, қалдықтармен байланысты қызмет түрлерi;
32) қалдықтар сыныптауышы - қалдықтарды сыныптау нәтижелерi қамтылған, қолданбалы сипаттағы ақпараттық-анықтамалық құжат;
33) қауiптi емес қалдықтар - қауiптi қасиеті жоқ қалдықтар;
34) қауiптi қалдықтар - құрамында қауiптi қасиеттерi (уыттылығы, жарылыс қаупi, радиоактивтiлiгi, өрт қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi) бар зиянды заттарды қамтитын және дербес немесе басқа заттармен қосылған кезде қоршаған ортаға және адамның денсаулығына тiкелей немесе ықтимал қауiп төндiретiн қалдықтар;
35) қауiптi қалдықтар паспорты - қалдықтардың шығу көзi бойынша пайда болу процестерiнiң, олардың сандық және сапалық көрсеткiштерiнiң, олармен жұмыс iстеу қағидаларының, оларды бақылау әдiстерiнiң, осы қалдықтардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына және (немесе) тұлғалар мүлкiне зиянды әсер ету түрлерiнiң стандартталған сипаттамасы, қалдықтарды шығарушылар, меншiгiнде қалдықтар бар өзге де тұлғалар туралы мәлiметтер қамтылған құжат;
36) қауіпті химиялық заттар - адам денсаулығына және қоршаған ортаға тікелей немесе ықтимал зиянды әсер ете алатын қасиеттері бар заттар;
37) қолайлы қоршаған орта - жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, биологиялық әртүрлiлiктi сақтауды, ластануды болғызбауды, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ететiн қоршаған орта;
38) қондырғы - парниктік газдар шығарындыларының нақты көзі;
39) қондырғы операторы - жұмыс істеуі парниктік газдар шығарындыларын көздейтін, Қазақстан Республикасы аумағында меншігінде немесе заңды пайдалануында қондырғысы бар заңды тұлға;
40) қондырғы паспорты - парниктік газдар шығарындыларын жүзеге асыратын қондырғының географиялық орналасқан жері туралы деректерді, пайдаланылатын технологияның қызмет түрлері мен сипаттамаларын, шығарындылардың базалық көлемі мен оларды есептеу әдістемесін, сондай-ақ мониторинг жоспары мен қондырғыларды есепке алу үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтитын құжат;
41) қоршаған орта - атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, жер бетiндегi және жер астындағы суларды, жердi, жер қойнауын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесiн, сондай-ақ олардың өзара іс-әрекетiнен туындайтын климатты қоса алғанда, табиғи және жасанды объектiлердiң жиынтығы;
42) қоршаған ортаға келтiрiлетiн залал - табиғи ресурстардың жұтаңдануы мен сарқылуын немесе тiрi организмдердiң қырылуын туындатқан немесе туындататындай етiп қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден артық алу;
43) қоршаған ортаға эмиссиялар - ластаушы заттардың шығарындылары, төгiндiлерi, қоршаған ортада өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық әсер ету, күкіртті қоршаған ортада ашық түрде орналастыру және сақтау;
44) қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттер - қоршаған ортаға белгiлi бiр мерзiмге белгiленетiн эмиссиялардың нормативтiк көлемi;
45) қоршаған ортаға эмиссияларға квота - нақты табиғат пайдаланушыға белгiлi бiр мерзiмге бөлiнетін қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттiң бөлiгi;
46) қоршаған ортаны қорғау - қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтiруге, шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiн болғызбауға және оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
47) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;
48) қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ластаушы заттардың, радиоактивтi материалдардың, өндiрiс және тұтыну қалдықтарының түсуi, сондай-ақ шудың, тербелiстердiң, магнит өрiстерiнiң және өзге де зиянды физикалық әсерлердiң қоршаған ортаға әсері;
49) қоршаған ортаның авариялық ластануы - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiн жүзеге асыруы кезiнде болған авариядан туындаған және зиянды заттарды атмосфераға шығару және (немесе) суға ағызу салдары немесе жер бетi учаскесiнде, жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ түрiндегi ластаушы заттардың жайылуы немесе иiстiң, шудың, тербелiстiң, радиацияның пайда болуы немесе сол уақыттағы жол берiлетiн деңгейден асатын электромагниттiк, температуралық әсер ету, жарықтың әсерi немесе өзге де физикалық, химиялық, биологиялық зиянды әсер ету арқылы қоршаған ортаны кенеттен абайсызда ластауы;
50) қоршаған ортаның ластану учаскелерi - жер бетін, жер қойнауын және жерасты суларын ластауды болдырмайтын, қалдықтарды орналастыру және сарқынды суларды ағызу үшін жабдықталған және соған арналған объектілерді қоспағанда, белгiленген нормативтерден артық қауiптi химиялық заттармен ластанған жер бетiнiң шектеулi учаскелерi және су объектiлерiнiң учаскелерi;
51) қоршаған ортаның сапасы - қоршаған орта жай-күйінің сипаттамасы;
52) қоршаған орта сапасының нормативтерi - қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы жай-күйiн сипаттайтын көрсеткiштер;
53) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi - қоршаған ортаның сапасын бiртiндеп жақсарту қажеттiгiн ескере отырып, қоршаған ортаның белгiлi бiр уақыт кезеңiне нормаланатын параметрлерiнiң шектi деңгейiн сипаттайтын көрсеткiштер;
54) мекендеу ортасы – қандай да бір организмнiң немесе популяцияның табиғи мекендейтiн жерiнiң тұрпаты немесе орны;
55) мемлекеттік бақылау жасау желісі - қоршаған ортада болып жатқан физикалық және химиялық процестерді қадағалауға, оның метрологиялық, климаттық, аэрологиялық, гидрологиялық, гелиогеофизикалық, агрометеорологиялық сипаттамаларын айқындауға арналған қадағалаудың стационарлық және жылжымалы пункттер, зертханалар, орталықтар жүйесі;
56) мемлекеттiк экологиялық бақылау - уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және Қазақстан Республикасы Үкiметiнің қаулыларының талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметi;
57) озонды бұзатын заттар - өз бетінше немесе қоспада болатын, шаруашылық және өзге қызметте пайдаланылатын не осы қызметтің өнімі болып табылатын және озон қабатына зиянды әсер етуі мүмкін химиялық зат;
58) озонды бұзатын заттарды залалсыздандыру - озон қабатын қоса алғанда, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін, үнемі түрленуіне немесе компоненттерге бөлінуіне әкелетіндей бұзу арқылы озонды бұзатын заттардың қауіпті қасиеттерін жою;
59) озонды бұзатын заттарды кәдеге жарату - қалпына келтіруге болмайтын озонды бұзатын заттарды қайтадан пайдалану немесе залалсыздандыру мақсатында, оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе есептен шығару алдында тетіктерден, жабдықтардан, контейнерлерден және басқа да құрылғылардан алынатын озонды бұзатын заттарды жинауға және сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені;
60) өндіріс қалдықтары - шикізаттың, материалдардың, өзге де бұйымдар мен өнімдердің өндіріс процесінде түзілген және бастапқы тұтыну қасиетін толық немесе ішінара жоғалтқан қалдықтары;
61) өндiрiс пен тұтынудың орнықты моделi - қайта жаңартылмайтын ресурстарды тұтынуды азайту, қайта жаңартылатын ресурстарды қалпына келтiру және қоршаған ортаның антропогендiк ластануын азайту кезiнде өндiрiстiң өсуiмен сипатталатын әлеуметтiк-экономикалық модель;
62) парниктік газдар - атмосфераның табиғи және (немесе) антропогендік түрде шығатын, жылу беретін инфрақызыл сәулені сіңіретін және (немесе) оның шығу көзі болып табылатын, газ тәрізді құрамдас бөліктері;
63) парниктік газдарды сіңіру бірлігі - парниктік газдардың сіңірілуін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі;
64) парниктік газдарды түгендеу - парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің көлемін айқындау;
65) парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастры - парниктік газдар шығарындылары көздерін, олар шығарған шығарындылар мөлшерін, сондай-ақ қондырғы операторы үшін белгіленген шекара шегіндегі парниктік газдар сіңірулері мөлшерін есепке алу жүйесі;
66) радиоактивтi қалдықтар - мөлшерi мен жинақталуы Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгiленген радиоактивтi заттар үшiн регламенттелген мәндерден асатын радиоактивтi заттарды қамтитын қалдықтар;
67) сараптама объектiсiн iске асыру - жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасында көзделген шешiмдерге сәйкес өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердi салу, пайдалану, жою, қызметтер көрсету, бұйымдар мен технологиялардың шаруашылық айналымға түсуi жөнiндегi жұмыстардың басталуы мен жүргізілу барысы, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiнiң қолданысқа енгiзiлуi, сараптама объектiсiнiң өзге де нақты жүзеге асырылуы;
68) сарқынды сулар - өндірістік немесе тұрмыстық мұқтаждықтарға пайдаланылған және бұл ретте олардың бастапқы құрамын немесе физикалық қасиеттерін өзгерткен қосымша қоспа (кір) қосылған сулар. Атмосфералық жауын-шашын түскен сәтте елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумағынан, көшелерге су себу кезінде немесе одан кейін ағатын сулар, пайдалы қазбаларды өндіру кезінде пайда болған сулар да сарқынды сулар болып есептеледі;
69) су объектілері - құрлық бетінің рельефінде және жер қойнауында шоғырланған, шекаралары, көлемі мен су режимі бар сулар;
70) сұйық қалдықтар – сарқынды сулардан басқа сұйық түрдегі кез келген қалдықтар;
71) табиғат пайдаланушы - табиғи ресурстарды пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
72) табиғи объектiлер - шекарасы, көлемi және тiршiлiк режимi бар табиғи объектiлер;
73) табиғи ресурстар - тұтыну құндылығы бар табиғи объектiлер: жер, жер қойнауы, су, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi;
74) табиғи ресурстарды қорғау - табиғи ресурстардың әрбiр түрiн олардың тұтыну қасиеттерiн жоғалтуға әкеп соғатын тиiмсiз пайдаланудан, құрып кетуден, жұтаңданудан қорғауға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
75) табиғи ресурстардың сарқылуы - табиғи ресурстар қорларының сандық және сапалық сипаттамаларының iшiнара немесе толық жоғалуы;
76) таза даму тетігі - парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері жоқ елдер аумағында парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері бар елдердің заңды тұлғалары қаржыландыратын, парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру тетігі;
77) тәуелсіз ақпарат беруші - парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласында жобалық тетіктерді есепке алу, мониторингтеу және іске асыру жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
78) тұрмыстық қатты қалдықтар - қатты нысандағы коммуналдық қалдықтар;
79) тұтыну қалдықтары - өнімдерді, бұйымдарды және өзге де заттарды тұтыну немесе пайдалану процесінде түзілген қалдықтар, сондай-ақ өзінің бастапқы тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан тауарлар (өнім);
80) шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрi - нәтижесiнде қоршаған ортаны авариялық ластайтын немесе ластауы мүмкiн жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қызметi;
81) шығарындылар квоталарымен сауда - парниктік газдар шығарындыларын азайтудың және сіңірудің нарықтық тетігі шеңберінде парниктік газдар шығарындылары квоталарын сатып алу және сату;
82) шығарындыларды азайту бірлігі - бірлесіп жүзеге асыру тетігі шеңберінде жүзеге асырылатын жобаны іске асыру нәтижесінде алынған көміртегі бірлігі;
83) шығарындылардың сертификатталған азайту бірлігі - таза даму тетігі шеңберінде жүзеге асырылатын жобаны іске асыру нәтижесінде алынған көміртегі бірлігі;
84) шығарындыларды ішкі азайту бірлігі - парниктік газдар шығарындыларын азайтудың және (немесе) сіңірудің ішкі жобаларын іске асыру нәтижесінде қол жеткізілген, парниктік газдар шығарындыларын азайтудың және (немесе) сіңірудің көлемін айқындау мақсатында қолданылатын көміртегі бірлігі;
85) экологиялық ағарту iсi - қоғамда экологиялық мәдениет негiздерiн қалыптастыру мақсатында экологиялық бiлiмді, қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жай-күйi, экологиялық қауiпсiздiк туралы ақпаратты тарату;
86) экологиялық аудит – аудиттелетiн субъектiлердiң шаруашылық және өзге де қызметiн экологиялық тәуекелдердi анықтау мен бағалау және олардың қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiк деңгейiн арттыру жөнiнде ұсынымдар әзiрлеуге бағытталған тәуелсiз тексеру;
87) экологиялық бiлiм беру - жеке адамның қоршаған ортаның жай-күйi үшiн экологиялық жауапкершiлiгiн қамтамасыз ететiн бiлiм мен дағды жүйесiн, құндылық бағдарларын, адамгершілік-эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған, жеке адамды тәрбиелеудiң, оқытудың, оның өз бетінше бiлiм алуының және дамуының үздiксiз процесi;
88) экологиялық (жасыл) инвестициялар - бірліктердің белгіленген мөлшерін беруден, Парниктік газдар шығарындаларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталар көлемінің резервін басқарудан алынған қаражатты парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе сіңірілуін арттыруға бағытталған жобаларға, бағдарламаларға және іс-шараларға инвестициялау;
89) экологиялық жүйе (экожүйе) - бiрыңғай функционалдық тұтастық ретiнде өзара іс-әрекет ететін организмдердiң және олар мекендейтiн тіршіліксіз ортаның өзара байланысты жиынтығы;
90) экологиялық қауiп - антропогендiк және табиғи әсерлер ықпалынан, оның iшiнде дүлей зiлзалаларды қоса алғанда, зiлзалалар мен апаттар салдарынан қоршаған ортаның жай-күйi бұзылуының, өзгеруiнiң болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын, жеке адам мен қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерiне қауiп төндiретiн жай-күй;
91) экологиялық қауiпсiздiк - қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсер ету нәтижесiнде туындайтын қатерлерден жеке адамның, қоғамның және мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерi мен құқықтарының қорғалуының жай-күйi;
92) экологиялық қауiптi объект - салынуы және қызметi адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсерiн тигiзуi мүмкiн немесе зиянды әсерiн тигiзетiн шаруашылық объектiсi және өзге де объект;
93) экологиялық қауiптi техника мен жабдық - шаруашылық немесе өзге де қызметте пайдаланылатын және қоршаған ортаға қауiп төндiретiн тетіктер, машиналар, құрылғылар, аспаптар;
94) экологиялық қауiптi технологиялар - өндiрiс процесiнде жүзеге асырылатын және қоршаған ортаға қауiп төндiретiн шикiзатты, материалды немесе жартылай фабрикатты өңдеу, жасау, олардың жай-күйiн, қасиеттерiн, нысанын өзгерту әдiстерiнiң жиынтығы;
95) экологиялық менеджмент - қоршаған ортаны қорғауды әкiмшiлiк басқару, ол кәсiпорынның экологиялық саясатын әзiрлеуге, енгiзуге, орындауға, талдауға және қолдауға арналған ұйымдастыру құрылымын, жоспарлауды, жауапкершiлiктi, әдiстердi, рәсiмдердi, процестер мен ресурстарды қамтиды;
96) экологиялық мониторинг - қоршаған ортаның жай-күйiн және оған әсер етудi жүйелi түрде қадағалау мен бағалау;
97) экологиялық нормалау - қағидалардың (нормалардың) және олардағы қамтылған қоршаған орта жай-күйiнiң және оған әсер ету дәрежесiнiң сандық және сапалық көрсеткiштерiнің (нормативтерiнің) жүйесi;
98) экологиялық рұқсат - жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру құқығын куәландыратын құжат;
99) экологиялық сараптама - көзделiп отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған орта сапасының нормативтерiне және экологиялық талаптарға сәйкестiгiн белгiлеу, сондай-ақ осы қызметтiң қоршаған ортаға тигiзуi мүмкiн қолайсыз әсерлерiнiң және олармен байланысты әлеуметтiк салдарлардың алдын алу мақсатында экологиялық сараптама объектiсiн iске асыруға жол берiлуiн айқындау;
100) экологиялық таза өнiм белгiсi - таңбаланған өнiмнiң экологиялық таза өнiм стандарттарына сәйкестiгiн растайтын тiркелген белгi;
101) экологиялық талаптар - осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi мен нормативтiк-техникалық құжаттарында қамтылған, қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына терiс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметтi шектеу және оларға тыйым салу;
102) экологиялық таңбалау - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiгi растаудан өткен өнiмге экологиялық таза өнiм белгiсiн беру;
103) экологиялық тәуекел - белгiлi бiр факторлардың әсері салдарынан қоршаған орта және (немесе) табиғи объектiлер жай-күйiнiң қолайсыз өзгерiстерге ұшырау ықтималдығы;
104) эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi - ел экономикасы үшiн қолдануға болатын шығындар кезiнде қоршаған ортаға эмиссияларды нақты техникалық құралдармен қамтамасыз ету мүмкiндiгiн негiзге ала отырып айқындалатын, олардың уақыт бiрлiгiндегі немесе шығарылатын өнiм бiрлiгiндегі немесе басқа да көрсеткiштердегі шамалары;
105) эмиссиялар нормативтерi - қоршаған орта сапасы нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге жол берiлетiн эмиссиялар көрсеткiштерi.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегiден өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтiн нормалары бар өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстiң ережелерi қолданылады.
4. Қоршаған орта объектiлерiн қорғау мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар осы Кодексте реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарыменреттеледi. Z040593, K030442, K030481, K030477

3-бап. Осы Кодексте реттелетiн қатынастар

1. Осы Кодексте Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтiру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру саласындағы қатынастар реттеледi.
2. Жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк реттеудi және табиғи ресурстарды пайдалану саласында мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар осы Кодексте реттелетiн қатынастардың қатысушылары болып табылады.

4-бап. Қазақстан Республикасы орнықты дамуының
экологиялық негiздерi

Қазақстан Республикасы орнықты дамуының экологиялық негiздерi:
1) адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөнiндегi мақсатқа мемлекеттiң қол жеткiзуi;
2) қоршаған ортаны қорғау және биоәртүрлiлiктi сақтау;
3) Қазақстан Республикасының өз табиғи ресурстарын өндiруге құқықтарын қамтамасыз ету мен iске асыру және табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету мәселелерiнде ұлттық мүдделердi қорғау;
4) қазiргi және болашақ ұрпақтардың сұранысын әдiл қанағаттандыру;
5) өндiрiс пен тұтынудың орнықты үлгiлерiн дамыту;
6) қоршаған ортаның жай-күйiн есепке ала отырып, экологиялық нормалаудың әлеуметтiк және экономикалық даму талаптарына сай келуi;
7) әрбiр адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу құқығын сақтау және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуы;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында қабылданатын шаралардың жариялылығын қамтамасыз ету;
9) Жердiң экожүйесiнiң салауатты жай-күйi мен тұтастығын сақтау, қорғау мен қалпына келтiру мақсатындағы жаhандық әрiптестiк;
10) қоршаған ортаға залал келтiргенi үшiн жауаптылыққа қатысты халықаралық құқықтың дамуына жәрдемдесу;
11) қоршаған ортаға елеулi залал келтiретiн немесе адам денсаулығы үшiн зиянды деп есептелетiн қызмет пен заттардың кез келген түрлерiн басқа мемлекеттерге көшiру мен ауыстыруды тежеу, болдырмау, сондай-ақ қоршаған ортаға елеулi немесе орны толмайтын залал қатерi төнген жағдайларда сақтандыру шараларын қолдану болып табылады.

5-бап. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының
негiзгi принциптерi

Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының негiзгi принциптерi:
1) Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету;
2) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
3) экологиялық қатынастарды реттеу кезiндегi экожүйелi көзқарас;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару;
5) қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа түрде залал келтiрудi болдырмау жөнiнде алдын алу шараларының мiндеттiлiгi;
6) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылықтан бұлтартпау;
7) қоршаған ортаға келтiрiлген залалды өтеу мiндеттiлiгi;
8) қоршаған ортаға әсер етудiң ақылы болу және оған рұқсат алу тәртiбi;
9) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезiнде неғұрлым экологиялық таза және ресурс үнемдеушi технологияларды қолдану;
10) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органдар қызметiнiң өзара әрекеттестiгi, үйлесiмдiлiгi мен жариялылығы;
11) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаны ластауды болдырмауға, азайтуға және оны жоюға, қалдықтарды кемiтуге ынталандыру;
12) экологиялық ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
13) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезiнде ұлттық мүдделердi қамтамасыз ету;
14) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының халықаралық құқық принциптерiмен және нормаларымен үйлесуi;
15) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптiлiгi презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы шешiмдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерiн бағалау мiндеттiлiгi болып табылады.

6-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк
реттеудiң және табиғи ресурстарды пайдалану
саласындағы мемлекеттiк басқарудың негiзгi
ережелерi

1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтi лицензиялауды;
2) экологиялық нормалауды;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеуді;
4) мемлекеттiк экологиялық сараптаманы;
5) экологиялық рұқсаттар берудi;
6) мемлекеттiк экологиялық бақылауды;
7) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу жүйесiн, неғұрлым экологиялық таза технологияларды енгiзудi ынталандыруды, табиғат қорғау iс-шараларын қаржыландыру жүйесiн;
7-1) парниктік газдар шығарындыларын квоталауды;
7-2) парниктік газдарды түгендеуді;
7-3) парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңірудің нарықтық тетігін белгілеуді;
7-4) парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің нақты көлемінің мониторингі жүйесін;
8) мемлекеттiк экологиялық мониторингтi;
9) табиғат пайдаланушыларды, қоршаған ортаны ластау көздерi мен учаскелерiн мемлекеттiк есепке алуды;
10) экологиялық бiлiм беру мен ағарту iсiн қамтиды.
2. Табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару:
1) табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк жоспарлауды;
2) табиғи ресурстарды қорғауға, пайдалануға және молықтыруға мемлекеттiк бақылау жасауды;
3) табиғи ресурстарды пайдалану құқығына лицензиялар, рұқсаттар берудi және шарттар (келiсiмшарттар) жасасуды;
4) табиғи ресурстарды қалпына келтiру мен молықтыруды, ресурс үнемдейтiн технологияларды енгiзудi ұйымдастыруды;
5) табиғи ресурстардың мониторингi мен кадастрларын жүргiзудi;
6) табиғи ресурстарды пайдалануға лимиттер белгiлеу мен квоталар бөлудi;
7) табиғи ресурстарды пайдалануды, қалпына келтiру мен молықтыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк заңды тұлғаларды басқаруды;
8) табиғи ресурстарды қорғауды ұйымдастыруды қамтиды.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.03 N 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектiлерi

1. Жер, жер қойнауы, жер үстi және жер асты сулары; атмосфералық ауа; ормандар мен өзге де өсiмдiктер; жануарлар дүниесi, тiрi организмдердiң гендiк қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердiң озон қабаты жойылудан, тозудан, зақымданудан, ластанудан және өзге де зиянды әсерден қорғалуға тиiс.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi айрықша қорғалуға тиiс.

8-бап. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры

1. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту, бiлiм беру, туризм мен рекреация нысанасы ретiнде экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды, мемлекеттiк қорғауға алынған қоршаған орта объектiлерiнiң жиынтығы.
2. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.
3. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жолымен, сондай-ақ қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды объектiлерiн пайдалануға тыйым салу мен шектеулер белгiлеу арқылы қамтамасыз етiледi.

9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ

1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ - ерекше қорғау режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерi бар жер, су объектiлерiнiң және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгiнiң учаскелерi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлерi, құру тәртiбi, қорғау режимiнiң түрi, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерiнiң қызметiн ұйымдастыру ерекшелiктерi "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.

10-бап. Табиғат пайдалану ұғымы және оның түрлерi

1. Адамның күнделiктi өмiрiнде, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметiнде табиғи ресурстарды пайдалануы және (немесе) қоршаған ортаға әсер етуi табиғат пайдалану болып табылады.
2. Табиғат пайдалану жалпы және арнайы болып бөлiнедi.
3. Жалпы табиғат пайдалану тұрақты болып табылады және халықтың өмiрлiк қажеттi сұраныстарын қанағаттандыру үшiн және табиғи ресурстар пайдалануға берiлмей, тегiн жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, табиғатты жалпы пайдалануды шектеуге жол берiледi.
4. Арнайы табиғат пайдалану - осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды ақылы негiзде пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғаның қызметi.
5. Табиғат пайдалану түрлерiне:
1) жердi пайдалану;
2) суды пайдалану;
3) орманды пайдалану;
4) жер қойнауын пайдалану;
5) жануарлар дүниесiн пайдалану;
6) өсiмдiктер дүниесiн пайдалану;
7) қоршаған ортаға эмиссиялар;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн өзге де табиғат пайдалану түрлерi жатады.
6. Табиғат пайдалану түрлерi бойынша арнайы табиғат пайдалану құқығының туындау ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
7. Арнайы табиғат пайдалану табиғат пайдаланудың бiр түрiн не олардың бiрнеше түрiнiң жиынтығын қамтуы мүмкiн.

11-бап. Табиғат пайдаланушылар

1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын жеке және заңды тұлғалар табиғат пайдаланушылар болуы мүмкiн.
2. Табиғат пайдаланушылар:
1) тұрақты (табиғат пайдалану құқығы мерзiмi шектелмейтiн сипатта болады) және уақытша (табиғат пайдалану құқығы белгiлi бiр мерзiммен шектелген);
2) бастапқы (табиғат пайдалану құқығы мемлекеттен не басқа да бастапқы табиғат пайдаланушылардан сол құқықтан айыру немесе әмбебап құқық мирасқорлығы тәртiбiмен алынған) және кейiнгi (табиғатты уақытша пайдалану құқығы бұл мәртебенi өзiнде сақтап қалатын бастапқы табиғат пайдаланушыдан шарт негiзiнде алынған) болуы мүмкiн.
3. Табиғат пайдаланушылар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарды сақтауға мiндеттi.

12-бап. Арнайы табиғат пайдалану құқығының туындау
негiздерi және оны жүзеге асыру шарттары

1. Арнайы табиғат пайдалану құқығы:
1) табиғи ресурстарды пайдалану мен алуға және қоршаған ортаны қорғау саласында жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар және (немесе) рұқсаттар;
2) табиғи ресурстарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табиғат пайдалануға беру туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жасалатын табиғат пайдалануға арналған шарттар (келiсiмшарттар) негiзiнде туындайды.
2. Арнайы табиғат пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген бiр, екi не барлық актiлер негiзiнде туындауы мүмкiн.
3. Жылжымалы көздерден туындайтын эмиссияларды қоспағанда, қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылардың арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруына экологиялық рұқсаттар болған кезде жол берiледi.
4. Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы жеке және (немесе) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес берiледi.
5. Арнайы табиғат пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларға билiк ете алмайды.
6. Арнайы табиғат пайдалану құқығы мемлекет қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкін.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.11.16 N 200-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ, ҚОҒАМДЫҚ БIРЛЕСТIКТЕРДIҢ ЖӘНЕ
ЖЕРГIЛIКТI ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН
МIНДЕТТЕРI

13-бап. Жеке тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау
саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

1. Жеке тұлғалардың:
1) өздерiнiң өмiрi мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға;
2) қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға;
3) қоршаған ортаны қорғау қоғамдық бiрлестiктерi мен қорларын құруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау процесiне қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы жиналыстарға, митингiлерге, пикеттерге, шерулер мен демонстрацияларға, референдумдарға қатысуға;
6) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша хаттар, шағымдар, арыздар мен ұсыныстар беруге және оларды қарауды талап етуге;
7) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дұрыс экологиялық ақпарат алуға;
8) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын әзiрлеу кезеңiнде оларды талқылауға қатысуға және әзiрлеушiлерге өз ескертпелерiн ұсынуға;
9) қоршаған ортаға байланысты жоспарлар мен бағдарламаларды дайындау процесiне қатысуға;
10) қоғамдық экологиялық сараптама өткiзу туралы ұсыныс жасап, оған қатысуға;
11) кәсiпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан қауiптi өзге де объектiлердi орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу мен тоқтату туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюды талап етуге;
12) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуы салдарынан өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның өтелуi туралы сотқа талап-арыз беруге құқығы бар.
2. Жеке тұлғалар:
1) қоршаған ортаны сақтауға, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға;
2) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған шараларды iске асыруға жәрдемдесуге;
3) өз кiнәсiнен экологиялық қауiпсiздiкке төнуi мүмкiн қатердi болдырмауға;
4) өз қызметiн Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де құқықтары мен мiндеттерi болады.

14-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны қорғау
саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

1. Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны қорғау саласында өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде:
1) экологиялық бағдарламаларды әзiрлеуге және насихаттауға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға, оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы белсендi қызметке ерiктi негiзде тартуға;
2) қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыру жөнiндегi жұмыстарды орындауға, экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн қорғауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметiне қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау процесiне қатысуға;
4) экологиялық бiлiм беру мен ағарту жұмыстарын орындауға, қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми зерттеулер жүргiзуге;
5) қоғамдық экологиялық сараптамаға және қоғамдық тыңдаулар өткiзуге бастамашылық жасауға және оларды ұйымдастыруға;
6) қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;
7) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дұрыс экологиялық ақпарат алуға;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк органдармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және өзара iс-қимыл жасауға, олармен келiсiмдер жасауға, олар үшiн шарттар бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген белгiлi бiр жұмыстарды орындауға;
9) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын әзiрлеу кезеңiнде оларды талқылауға қатысуға және әзiрлеушiлерге өз ескертпелерiн ұсынуға;
10) қоршаған ортаға байланысты жоспарлар мен бағдарламаларды дайындау процесiне қатысуға;
11) жеке және (немесе) заңды тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуы салдарынан азаматтардың денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянның өтелуi туралы сотқа талап-арыз беруге;
12) кәсiпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан қауiптi өзге де объектiлердi орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюды, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешiм шығаруды талап етуге;
13) қоршаған ортаны қорғау қорларын құруға құқығы бар.
2. Қоғамдық бiрлестiктер қоршаған ортаны қорғау саласындағы өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде:
1) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған шараларды iске асыруға жәрдемдесуге;
2) өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Қоғамдық бiрлестiктердiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де құқықтары мен мiндеттерi болады.

15-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының
қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану
саласындағы өкiлеттiктерi

Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы өкiлеттiктерiне:
1) елдi мекендердi абаттандыру мен көгалдандыру жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
2) елдi мекендердi санитарлық тазартуды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
3) өндiрiс және тұтыну қалдықтарын сақтау мен көму орындарын күтiп ұстау;
4) жергiлiктi атқарушы органдарға, тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғи және басқа да объектiлердi тарих немесе мәдениет ескерткiштерi деп жариялау туралы ұсыныстар енгiзу жатады.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ
ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI