Адвокатура, 4 курс 5 страница

ІІМ ақпарат орталығы тек ІІМ-не жататын мекемелердің тергеу қызметі бойынша ғана емес, ол салық полициясы кеден комитеті бойынша да тергелген қылмыстарды қамтып есеп беруді іске асырады. Ал ҰҚК, әскери прокуратура қараған қылмыстар бойынша есеп беруді ҰҚК және әскери прокуратура жүргізеді.

Құқық қорғау органдарының статистикалық есеп беру формаларының түрі көп, біз олардың ішіндегі бастыларына ғана тоқталайық.

Қылмыстарды ашу, тергеу жұмыстары тек ІІМ органдарымен ғана емес, жоғарыда келтірілген басқа да органдармен жүргізіледі. Көбінесе тергеу жүргізуші органдардың қызметі туралы есепті, бастапқы есепке алу құжаттарының негізінде, құқықтық статистика және ақпарат орталығы жүргізеді.

ІІМ органдары бойынша мынандай есеп беру құжаттары белгіленген:

- форма № 2-ЗС қылмыс туралы арыз және хабарламалардың қаралуы туралы есеп.

Бұл есеп формасы прокуратура және ІІМ органдарына қылмысты хабарлау туралы мәліметтерді білдіреді. Формада арыз, хабарлама туралы мәліметтермен қатар, хабарланған қылмыстың түрі де (ҚК баптары бойынша) қамтылады. Сонымен қатар хабарланған, арызданған қылмыс туралы тергеу жүргізуші органдарының қолданған шаралары көрсетіледі. Бұл форма тіркеу органдарынан статистика орталығына, онан кейін құқықтық статистика департаментіне, соңында Бас прокуратураға өткізіледі.

Есеп беру құжаттары ҚР Бас Прокуратурасымен 2002 жылдың 19 қыркүйегінде статистикалық есеп беру формаларын бекіту туралы бұйрығымен қабылданған. Прокуратура органы жүргізетін есеп беру формаларының кейбіреулері, мысалы тергеу және анықтама жұмыстары бойынша есеп беру құжаты

(Ф1 -Е) бойынша арнайы нұсқау бар. Онда есеп беру құжатын толтыру тәртібіне байланысты ережелер келтірілген. Форма 1-Е «тергеу және анықтама жұмыстары бойынша есеп беру» тергеу жүргізуге өкілеттігі бар ІІМ-нің тергеушілері, анықтама жүргізушілері, прокуратура қызметкерлері, түзеу мекемелерінің қылмыстылық бойынша жедел-іздестіру қызметкерлерінің жұмысы бойынша есеп беруді білдіреді. Бұл құжаттан қылмыстық істер бойынша сандық көрсеткіштерді кездестіруге болады. Оның ішінде қылмыстық істердің саны, ашылған және ашылмаған істердің, алдын алу шарасы ретінде қамауға алу, тергеу мерзімдері, тоқтатылған және қысқартылған істер бойынша т.б. мәліметтер келтіріледі. Есеп берудің бұл формасы тоқсан сайын беріледі және сол мерзімдердің ішінде жүргізілген тергеу қызметін ғана қамтиды. Бұл есеп беру құжаты, негізінен қылмыстық іс жүргізу кодексі баптарының негізгілерін, жоғарыда аталғандай сипаттағыларын қамтиды және аудандық, қалалық прокуратуралардан құқықтық статистика және ақпарат орталығына тапсырылады. Кейіннен Бас Прокуратураға өткізіледі.

Прокурордың жұмысы туралы есеп беру - прокуратура органдарының қадағалау барысындағы қызметіне байланысты кең ауқымды қамтиды. Прокуратура органының есеп беру құжаттарында тергеу органдарының қызметін қадағалау, сот органдарының азаматтық және кылмыстық істер бойынша шығарған шешімдері мен үкімдерінің, қаулыларының заңдылыққа сай келуі, жазаны атқару мекемелерінің заң талаптарын сақтау барысы, жергілікті атқарушы органдардың, мекемелер, кәсіпорындар, ұйымдардың лауазымды адамдары шығарған және қабылдаған шешімдері, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы туралы заңдылықтың сақталуы, дәлірек айтқанда занды бұзушылықтар туралы мәліметтер келтіріледі. Осыларды іске асыру барысында прокуратура органы төмендегідей формалар бойынша есеп береді.

Ф-1. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет пен занды ұйымдардың мүдделерін сақтауды қадағалау бойынша прокурор жұмысы туралы есеп.

Ф-АП. Әкімшілік өндірісте зандылықтың қадағалануы бойынша прокурорлардың жұмысы туралы есеп.

Ф-2. Сот қаулылары және сот шешімдері орындалуының заңдылығын қадағалау бойынша прокурордың жұмысы туралы есеп.

Ф-3. Тергеу мен анықтама жұмыстарындағы заңдылықты қадағалау бойынша прокурордың жұмысы туралы есеп.

Ф-7. Халықаралық үкімдердің қолданылуын және міндеттемелердің орындалуын қадағалау бойынша прокурордың жұмысы туралы есеп.

Ф-8. Азаматтардың арыздарын шешу және заңдарды түсіндіру бойынша прокурордың жұмысы туралы есеп.

Қосымша № 1 «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңының қолданылуына прокурорлық қадағалау туралы мәлімет.

Келтірілген есеп беру формалары бойынша аудандық прокурорлар мен оған теңестірілген прокурорлар ай сайын есеп беріп отырады. Есеп беру уақыты ретінде, әр айдың 30-шы күні белгіленген. Есеп беру құжаттарын аудандық прокурорға теңестірілген прокурорлар құқықтық статистика және ақпарат орталығына өткізеді. Бұл орталық - жиналған есеп беру туралы құжаттарды өңдеп, департаментке жолдайды. Мұнан кейін ғана мәліметтер ҚР Бас Прокуратурасына жіберіледі.

Құқықтық статистикалық бақылау мәліметтерінің тергеу, сот, прокуратура органдарынан ҚС және АО-ға өткізілуіне байланысты, тергеу жұмысы туралы есеп беруді осы мекеме жүргізеді. ҚС және АО — осы органның департаментіне есеп беріп, бақылау құжаттарының мәліметтерін жинақталған, топтастырылған күйде өткізеді. Құқықтық статистика департаменттері өз кезегінде, жиналған есеп беру құжаттарынын мәліметтерін қорыта отырып, КР Бас Прокуратурасына есеп береді.

КС және АО мынандай формалар бойынша есеп беру жұмыстарын жүргізеді.

Тіркелген қылмыстар және тергеу органдары қызметінің нәтижесі туралы есеп(Форма 1м), құқық қорғау органдарының қызметін сипаттауда маңызды роль атқарады деуге болады, себебі бұл есеп беру мәліметі құқықтық статистиканы жүргізетін Бас Прокуратураның арнайы орталығы және ҚР статистика жөніндегі Агенттіктің жариялаған мәліметтерінде келтіріледі.

Бұл құжатта тіркелген қылмыстардың түрі, қылмысты уақиғаның жасалу орны мен уақыты және ашылғандығы немесе қылмыс жасаған адамдардың белгілі болғандығы көрсетіледі. ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат орталығының есеп беруі бойынша Қазақстанда 2000 жылы барлығы 150790 қылмыс тіркеліп, ол қыл-мыстар 76,4%-ға ашылған, сондай-ақ олардың ішінде жеке адамдарға қарсы бағытталған 11422 қылмыс тіркеліп, 87%-ға, отбасы мен кәмелетке толмағандардың мүддесіне қарсы бағытталған 2032 қылмыс тіркеліп 96,9%-ға, меншіке қарсы 79623 қылмыс тіркеліп 64,9%-ға, экономикалық қызметке қарсы 5292 қылмыс тіркеліп 74,5%-ке, қоғамның қауіпсіздігіне және қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған 12609 қылмыс тіркеліп 87,6%-ға, халықтың денсаулығы мен адамгершілікке қарсы 23894 қылмыс тіркелеп 97,1 %-ға ашылған.

Қылмыс жасаған адамдар туралы есеп(Форма 2-1) қылмыс жасаған адамдарды құқықтық, әлеуметтік-демографиялық психологиялық отбасы және т.б. белгілері бойынша топтастыра отырып беріледі және ғылыми теориялық зерттеулерде, қылмыстылықтың алдын алу мәселесінде аса жоғары сұранысқа ие. Мұнан басқа ҚС және АО төмендегідей қылмыс бағыттары және құқық қорғау органдарының кызметі бойынша есеп береді.

Форма 1-Н. Есірткі заттардың заңсыз айналымы және оны пайдаланатын адамдармен байланысты қылмыстар және құқық бұзушылықтар туралы есеп.

Форма 1-П. Кәсіпкерлік қызмет субъектілерін тексеру нәтижесін тіркеу жөніндегі мемлекеттік органдарының есебі.

Форма 3-К. Сыбайлас жемкорлықпен байланысты қылмыстар және құқық бұзушылықтар, сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметкерлерімен жасалған қылмыстар туралы есеп.

Форма 10. Қылмыстық жауапкершілікпен қылмыстық жазаға тартылған адамдар саны туралы есеп.

Форма 11. Сотталған адамдардың құрамы туралы есеп.

Форма 11-А. Сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстарды жасағандығы үшін соттылық туралы есеп.

Форма 12. Кәмелетке толмаған сотталған адамдар туралы есеп.

ҚС ж АО келтірілген формалардың кейбіреулері бойынша есеп беруді тоқсан сайын жүргізсе, ал кейбіреулері бойынша ай сайын береді және айдың бірінші он күндігінде береді.

 

Әдістемелік нұсқау:

Статистикалық бақылаудың ұғымы және міндеттері. Бақылау жоспары және оның құрамы. Статистикалық бақылауды ұйымдастыру және оның негізгі құрамдары. Құқық қорғау органдарының есеп беруі және оның жүйесі

 

Бақылау сұрақтары:

1. Құқық қорғау органдарының есеп беру жүйесіне түсінік

2. Статистикада белгіленген есептеу, талдау жұмыстарынын іске асыру

3. ІІМ органдары бойынша мынандай есеп беру құжаттары

4. Қылмыс жасаған адамдар туралы есеп

5. Бақылау жоспары және оның құрамы

6. Бақылау объектісі дегеніміз не?

7. Қылмыстық –құқықтық статистиканың бақылау объектілеріне анықтама

8. Статистикалық бақылауды ұйымдастыру және оның негізгі құрамдары

9. Құқық қорғау органдарының есеп беруі

Негізгі және қосымша әдебиеттер:

1.Мемлекеттік статистика туралы ҚР Заңы 7 мамырда 1997 ж.

2. Әпенов С. «Құқықтық статистика» Алматы 2004

3. Остроумов С.С. судебная статистика. М.: Наука, 1999

8-тақырып. Статистикалық бақылау құжаттарын жинақтау, топтастыру

Жоспар:

1. Статистикалық құжаттарды жинақтау және топтастырудың ұғымы

2. Статистикалық топтастырудың түрлері

Бақылау жұмысының негізінде, негізгі белгілеріне қарай басқа құбылыстардан ажыратылатын бір тектес құбылыстарды тіркеуге алу жатыр. Статистикалық жұмыстың бұл сатысының аяқталу кезінде бақылау жүргізілген құбылыстың орын алғандығын білдіретін оқиғалардың, оларды негізгі және қосымша тұрғыда сипаттайтын мәліметтердің қоры, жалпы саны белгілі болады және бұл мәлімет ол құбылыстьщ құры-лымы туралы мағлұмат бермейтін шикі көрсеткіш болып табылады.

Бақылау жұмыстарының барысында ескерілген, құбылысты сипаттайтын белгілерге көңіл аудару — статистикалық жұмыстың осы сатысында жүргізіледі. Яғни статистикалық материалдарды жинау және топтастыру жұмысының негізгі көрінісі, ол құбылысты сипаттайтын немесе оның құрамын білдіретін белгілерді ажырату және сол белгілер бойынша мәліметтер дайындау болып табылады.

Статистика өзінің мәліметтерінің сапалылығын бүкіл статикалық жұмыстың барысында бірте-бірте жетілдіре береді. Оның ең сапалы, зерттеулерден өткен мәліметтері қоғамдық құбылыстарды сандық жағынан талдау, олардың зандылықтарын ашу жұмыстарында ғана белгілі болады. Бұл сатыдағы жұмыс ондай мақсаттарды орындауды толық іске асыра алмаса да, оған жетуге ғылыми негізделген, пратикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған жағдай жасайды. Статистикалық материалдарды жинау және топтастыру есептелген, талдаудан өткен мәліметтердің алғашқы кепілінің бірі ретінде, арнайы бағдарлама бойынша, тек статистиканың сол саласы бойынша жұмыс істейтін мамандандырылған адамдардың қызметі болып табылады. Сонымен, статистикалық бақылау барысында алынған мәліметтер, жиынтықтың жекелеген элементтерін, яғни бірліктерін оның құрамын анықтаса, жинау жұмыстарында жекелеген бірліктерге емес, жиынтыққа оның құрамына назар аударылады. Мысалы, бақылауда әрбір қылмыс тіркеуге алынып, оның әртүрлі белгілері анықталса, ал жинауда және топтастыруда қылмыстың уақыты мен орнына қарай тұтас жиынтығы, жиынтықтың құрамы анықталады. Жиынтық кұрамының ерекшеліктерін ашу үшін және оның белгілерінің арасындағы байланыстарды, зандылықтарды ашу үшін, жиналған материалдар саналып, белгілеріне қарай бір тектес топтарға бөлініп, нәтижесінде олардың ең жоғарғы шамасын бейнелейтін сандар шығуы керек. Статистикалық бақылау материалдарын санау, жүйелеу және жекелеген бірліктер мен олардың жиынтық мәліметін жалпылай немесе жиынтық ретінде ала отырып қорыту, статистикалық жинақтауды білдіреді.Мысалы, бақылау материалдарын санау және жүйелеу ретінде, қылмыстар туралы статистикалық карточкалар саналса, ал жиынтықты қорыту ретінде бастапқы жиынтықтан бір тектес, жекелеген жиынтықтарды шығаруды, яғни сотталған адамдардың санын, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған адамдардың санын шығаруды білдіреді. Бақылау нәтижесінде жиналған материалдардың ішінде, әлі біртектес топтары анықталмағаи жиынтықтың бірліктері болады, яғни жасалған қылмыстардың түрлері, қылмыскерлердің жасы, жынысы, бұрын сотталғандығы, білімі, жұмыс орыны, келтірген зардабының көлемі т.б. белгілер бойынша мәліметтерді анықтау мақсатында жұмыстар жүргізіледі.

Статистикалық материалдардан дұрыс, жан-жақты, жүйелі мәліметті шығару үшін, арнайы белгіленген бағдарламаға сүйене отырып жұмыс істеу керек. Бағдарлама — құбылыстың құрамын сипаттайтын белгілер бойынша, біртектес жиынтықтарды шығару мақсатында белгіленген елеулі белгілерді анықтауды білдіреді. Сол белгілердің ішінен топтастыру жүргізілуге тиіс белгілер бойынша санау және бөлу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағдарламаның мазмұны статистикалық зерттеудің міндеттеріне, жинақтаудың нысандары мен техникасына сәйкес келуі керек. Статистикалық есеп беру нысанында бұл мәселе бірнеше лауазымды адамдардың арасында жүргізіледі. Мысалы жасалған қылмыстың белгілерін, қылмыс жасаған адамдарды және қылмыстық істерді, сондай-ақ тергеу қызметіне байланысты әрекеттерді есепке алуды анықтаушылар, тергеушілер, прокурорлар жүргізсе, ал ол мәліметтерді қорытуды информациялық қызметті іске асыратын орталық жүргізеді. Бұл орталықтарда жиналған мәліметтер түпкілікті статистикалық есеп беру құжаттарына енгізіледі. Арнайы ұйымдастырылған статис-тикалық бақылау нысанында бұл мәселе бір қызмет орталығының немесе бір әкімшіліктің қарауында болады. Мысалы халық санағының материалдары бірден тиісті ақпараттық орталыққа жіберіледі. Бірақ соның өзінде ондай материалдар бірден өндеуге алынбайды, алдын ала сол орталықта бақылау құжаттарының дұрыс толтырғандығы, жан-жақтылығы тексеруден өткізіледі.

Статикалық материалдарды өндеудің нысанына қарай бір орталықтандырылмаған, аралас және бір орталықтандырылғанқызмет түрлері қолданылады.

Бір орталықтандырылмағанжинақтауда статистикалық материалдарды қорыту, бастаптқы органдарда жүргізіледі, ал жоғарғы органда, яғни ақпараттық орталықта олар тексеріліп өндеуге алынады. Мысалы, салық, кеден, сот, прокуратура, ІІМ органдарының берген материалдары алғашқы өндеуден өткен болып саналады.

Аралас жинақтаудастатистикалық материал ішінара жергілікті, төменгі қызмет органдарында жүргізіліп, ал толығымен жоғарғы ақпараттық орталықта аяқталады.

Бір орталықтандырылған жинақтаудастатистикалық бақылаудың материалдары бірнеше қызмет түрлерінде емес, бірден орталықта (агенттікте, ІІМ ақпараттық орталығында) өнделеді.

Құқық корғау органдарының және соттың жинаған мәліметтерді өндеуі, аралас нысанға сәйкес келеді. Сот, прокуратура, ішкі істер органдарының төменгі топтағы қызметтері өздерінің тіркеуге алған, анықтаған мәліметтерінен есеп жасап, оны есеп қабылдаушы ақпараттық орталыққа жібереді. Ақпараттық орталықтар өз аумағындағы есеп беру мекемелерінен түгел есеп қабылдап, ол мәліметтерді өнделген күйде, өздерінен жоғарғы есеп қабылдаушы орган Жоғарғы Сот, Әділет министрлігі, Бас прокуратурадағы ақпараттық орталыққа есеп беру нысанында өткізеді. Мұнан кейін бүкіл республикалық көлемде жиналған мәліметтер өнделіп, мемлекеттік статистикалық мәліметті білдіреді және олардың мәліметтері ҚР Статистика жөніндегі агенттікке өткізіледі.

Статистикалық материалдарды жинақтау арнайы органдардың қызметі ретінде бірнеше құрамдас бөліктерден немесе алементтерден құралады: а) құқықтық статистикалық бақылау объектілерін және басқа да зерттелуге жататын топтарды сипат-тайтын көрсеткіштер жүйесін қарастыру, б) алынған мәліметтерді статистикалық топтастыру, в) топтастырылған материалдарды санау, яғни қорытындысын шығару, г) алынған мәліметтерді статистикалық кестелерде (таблицаларда) және графаларда бейнелеу.

Статистикалық материалдарды санау және өңдеу жұмыстары қазір жоғарғы техникаларды пайдалану тәсілімен жүргізіледі. Жалпы, статистикалық материалдарды өңдеу, санау — қолмен санау, перфорациялық есептегіш машиналармен және электрондық есептегіш машиналарды пайдалану арқылы жүргізіледі. ЭЕМ-ды қолдану уақытты үнемді және орындалатын жұмыстардың көлемін жеңіл іске асырады. Сондықтан бұл тәсіл жиі қолданылады.

Статистикалық жинақтаудың толық мағынасы, алғашқы мәліметтерді ғылыми тұрғыдан қойылатын талаптарға сай келетін түрде өндеуді және соның нәтижесінде бастапқы жиынтықты қажетті топтарға бөлуді, ол топтардың сандық көрсеткішін шығаруды, сонымен қатар алынған мәліметтерді статистикалық кестелерде бейнелеуді білдіреді немесе осындай жұмыстарды қамтиды.

Статистикалық материалдарды жинақтау — орындалатын жұмыстардың кезеңі бойынша алғашқыжәне кейінгіжинақтау деп бөлінеді.

Алғашқы жинақтау— статистикалық бақылау нәтижесінде жиналған материалдарды санауды және өндеуді білдіреді. Бұл жұмысты орындамай кейінгі жинақтауды жүргізу тиімсіз. Кейінгі жинақтау- алғашқы жинақтаудан өткен материалдарды санауды және өндеуді, топтастыруды білдіреді. Бұл жұмыс тек қажетті материалдар толық жиналғанда, яғни статистикалық есеп берілгеннен кейін немесе арнайы ұйымдастырылған бақылау аяқталғаннан кейін түпкілікті өңдеу арқылы жүргізіледі.

Статистикалық мәліметтерді түпкілікті болсын немесе алғашқы өңдеу болсын, олар біртұтас статистикалық жинақтау бағдарламасының негізінде іске асырылады. Жинақтау бағдарламасы бакылау бағдарламасының негізінде жасалады, онда бақылау бағдарламасында көрсетілген белгілердің ішінен тек қажетті деп танылған белгілері бойынша мәліметтерді топтастыру, санау жүргізіледі. Бақылау бағдарламасында топтастырушы белгілер көрсеткіштер жүйесі, уақытына және жеріне қарай мәліметтердің қатыстылығы (немесе әр айдың, ауданның, облыстың үлесіндегі статистикалық мәліметтерді анықтау), мәліметтердің әр түрлі органдарға тиістілігі анықталады. Жинақтау кезеңінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқықтық құбылыстардың және олар бойынша тиісті органдар қызметтерінің тіркеуге алынған жекелеген өзгермелі белгілері, ендігі жерде құбылысты сипаттайтын белгі ретінде ғана емес, жекелеген жиынтықтардың түрін білдіріп, ондай жиынтықтар статистикалық талдау әдістемелеріне салынды.Сондықтан статистикалық материалдарды жинақтау және топтастыру - жаппай бақылау мен статистикалық талдаудың ортасындағы бай-ланысты ролін атқарады десе де болады. Себебі статистикалық бақылау жұмысында назарға алынған негізгі жағдай құбылыс түрі болса, бұл сатыда құбылыстың түрі есепке алынбай, ол құбылысты сипаттайтын белгілерге байланысты жұмыс жүргізіледі.

Сондай-ақ топтастыру түрлері:

А) типологиялық

Б) аналитикалық

Статистикада жинақтауды екі мәнді түсінеді (кең және тар ауқымды). Кең ауқымды статистикалық жинақтау – зерттеліп отырған құбылысты бөлімдерге болу, жалпы және топтық нәтижелерді есептеу, бұл нәтижелерді көрсеткіштердің белгілі бір жүйесінің көмегімен сипаттаудан тұратын алғашқы деректерді өңдеу. Бұндайда жинақтау топтауды да қамтиды.

Тар ауқымды жинақтау – жиынтықты сипаттайтын нәтижелі деректерді есептеу, алғашқы деректерді жаппай сандарға жинау.

Статистикалық топтау және жинақтаудың мақсаты алғашқы деректерді жүйелеу және соның нәтижесінде зерттеу нысанасы жөнінде статистикалық жалпылаушы көрсеткіштердің көмегімен жалпылама сипаттама беру.

Статистикалық топтастыру – бұл алғашқы статистикалық ақпараттарды талдау және өндеудің негізгі тәсілдерінің бірі жиынтықты өздеріне тән сапалы бірлікті топтарға бөлуге негізделеді.

Статистикада, сандық, сапалық және өзгермелі топтастыру белгілерін ажыратады.

Бір белгі бойынша топтастырылатын топтарды, қарапайым топтастыру деп атаймыз.

Күрделі құбылыстарды сипаттау үшін кейде жиынтық бойынша топтарды болу жеткіліксіз болады. Бұл кезде күрделі топтастыруды жүзеге асырады, бұнда жиынтық екі немесе одан да көп белгілер бойынша жүргізіледі.

Статистикалық талдауда топтастыруды 3 базалық түрлерге боледі: типологиялық, құрылымдық, аналитикалық.

Типологиялық топтастыру – оқылатын жиынтықты бір текті, сапалық белгілері бойынша бөлу болып табылады. Типалогиялық топтастырудың негізгі мақсаты – статистикалық құралдар арқылы бір құбылыстың түрін екіншісінен ажырату. Сапалық белгі бойынша топтастыру белгісінің екі мағынасы ғана болу керек.

Құрылымдық топтастыру – бұл бір текті типтік топтарды өзгере алатын сандық белгілерге бөлу (басымдылық танытады).

Аналитикалық топтастыру – бұл зерттелетін жиынтықты басқа құбылыстармен қатынасы немесе олардың белгілерімен қарым-қатынасын бөліп қарастыруға бағытталған.

Топтастырудың (жіктеудің) мәліметтері бойынша статистикалық графиктер және таблицалар құрастырылады.