КАСПИЙ МЕМЛЕКЕТТІК 11 страница

§ оппозициялық элита билік жүйесіне қатысу барысында (оппозицияның парламентте өкілдері болуы мүмкін) үстем көзқарастармен келіспейтін көзқарастарды білдіреді. Бұл элита өкілдері самарқау оппозицияға жатқызылады;

§ контрэлита – билік жүйесіне енбей қалған, өмір сүріп тұрған саяси жүйесіне сынаушы элита. Бұл билікке ниеттес (лояльды) емес, бітімге келмейтін оппозиция.

ІІІ. Бұқараға өзінің ықпалы бойынша ажыратылатын топтар:

§ мұрагерлік элита – ықпал ету көзі еретінде «қандық» фактор алынады;

§ құндылық элита - өз ықпалын интеллектуалдық және моральдық беделге негіздейтін элита;

§ функциональдық элита – ықпал ету көзі ретінде басқару қызметіне қажетті кәсіби білімі, қабілеті алынады.

ІV. Жаңару, қайта жасақталу тәсіліне байланысты топтар:

§ Ашық элита. Элитаның бұл типі сайлау арқылы қалыптасады, барлық әлеуметтік топ өкілдеріне есік ашық. Элитаға кіру кәсібилігімен, танымалдығымен, саяси статусымен, экономикалық ықпалымен анықталады.

§ Жабық элита. Мұндай элита белгілі бір таптан, тектен шыққандармен, «өзі сияқтыларыдан» толықтырылады. Үміткерге қойылатын мінез-құлық ережелеріне бағыну болып табылады.

V. Түрлі тарихи кезеңдердегі қоғамдарға сәйкес элитаның мынандай түрлері белгілі:

§ патриархалды-рулық қоғамдағы элитаны аристократия деп атады;

§ құлиеленушілік қоғамда – монарх және оның маңайындағылар;

§ буржуазиялық қоғамда – меритократия және плутократия;

§ социалистік қоғамда – номенклатура.

Элита топтары арасындағы қатынастар да түрлі сипатта болады: қарам-қарсылықты, бәсекелес, әріптестік қатынастар.

2. Қазіргі заманғы элита теориялары: құндылықтық, демократиялық элитизм, элита плюрализмі, солшыл либералдық концепциялар және т.б.

Саяси элитаны қалыптастыру тәсілдері. Саясаттануда саяси элитаны іріктеу (рекруттау) деп адамдарды белсенді саяси өмірге бағыттап, таңдап алу процесін айтады. Әрбір елде, белгілі бір тарихи кезеңде элитаны қалыптастырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда, адамдардың басқарушы топтқа кіру процесінің жалпы заңдылықтары бар. Барлық елдер үшін элитаны іріктеудің бірыңғай, жалпы каналдары бар, бұл өздеріне кіру арқылы адамдарға билікке жетуге мүмкіндік беретін әлеуметтік институттар. Оларға мыналар жатады: саяси партиялар, бюрократтық аппарат, шіркеу және шіркеу маңындағы діни ұйымдар, кәсіподақтар, экономикалық инстиуттар, бизнес саласы, армия, білім жүйесі.

Элитаны іріктеудің негізгі бірыңғай, жалпыға тән сипаты бар. Элитаның әлеуметтілік өкілеттілігіне, кәсіби біліктілігіне, қызметінің нәтижелілігі мен сапасына оны іріктеп, таңдау жүйесінің ықпалы зор. Элитаны рекруттау жүйесі туралы демократиялық үрдістер туралы жалпы көзқаратсар Г.Моска еңбектерінде айтылған болатын. Қазіргі заманғы ғылым оларды антрепренерлік және гильдия жүйелері түрінде қарастырады. Элитаны толықтыру, таңдаудың дүниежүзілік тәжірибедегі бұл негізгі екі жүйесі таза күйінде сирек кездеседі. Антрепренерлік жүйе демократиялық мемлекеттерге, ал гильдия жүйесі – тоталитарлық, авторитарлық жүйелері бар елдерге тән, алайда оның элементтері Батыс елдерінде де кеңінен таралған, әсіресе кономика мен мемлекеттік-әкімшілік салада.

Бұл екі жүйенің өзіне тән ерекше белгілері бар. Гильдия жүйесіне мына белгілер тән болып келеді:

іріктеудің жабық түрі, жоғарғы қызметтерге үміткерлерді таңдау негізінен сол элитаның өз ішінен, төменгі топтарынан, жүргізіліп, ол билік сатысымен баяу көтеріліп отырады;

іріктеу процесінің жоғарғы дәрежеде институционалдануы, үміткерлерге көптеген формалды талаптар қойылады, мысалы партия мүшелілігі, жасы, білімі, басшылықтың мінездемесі, қызметтегі мерзімі т.б.;

селектораттың шектеулілігі және жабықтығы, яғни іріктеуді азғана, шектеулі адамдар тобының жүргізуі;

ашық бәсекенің болмауы;

элита толықтыру баяу жүреді және ол әрдайым жүргізілмейді;

Элитаны қалыптастырудың гильдия жүйесі дәстүрлі қоғамдарға (ежелгі Үндістандағы каста-элита, ортағасырлық Европадағы аристократия - элита) тән болды. ХХ ғасырда бүл жүйе тоталитарлық елдердегі (КСРО-дағы партия - элита) және авторитарлық елдердегі (Чили, Ирандағы корпорация - элита) саяси жүйелерде көрініс берді. Гильдия жүйесінің шектен шыққан тұрі – бұрынғы КСРО-дағы элитаны қалыптастырудың номенклатуралық әдісі болды.

Антрепренерлік жүйе көбінесе гильдия жүйесіне қарама-қарсы болып келеді. Оған мынандай белгілер тән:

· ашықтығы, кез келген қоғамдық топ өкілдерінің үстем позицияға үміттенуіне мүмкіндік беріледі;

· формалды талаптардың аз болуы;

· селектораттың кеңдігі, таңдауға елдің бүкіл сайлаушыларының да қатыстырылуы мүмкін;

· іріктеудегі жоғары бәсекелестік;

· үміткердің байлығына, кәсбіне, біліміне, мамандығына, т.с.с. онша мән берілмейді. Ол ең алдымен өзінің тапқырлығын, жасампаздығын, белсенділігін көрсете білуі керек.

Бұл жүйе заман талабына сай, көрнекті адамдары бағалайды. Ол жас жетекшілерге жол ашады. Алайда бұл жүйенің кемшілігі саясатқа кәсібилігімен ерекшеленбейтін, принципсіз, авантюрист адамдардың келуі мүмкін.ондай адамдардың іс-әрекетін болжап, пішіп болмайды. Жалпы алғанда, тәжірибе көрсеткендей, элитаны іріктеудің антрепренерлік жүйесі қазіргі заман дамуына жақсы бейімделген болып шықты.

Гильдия жүйесінің де жағымды және жағымсыз жақтары бар. Жағымды жағы – саясаткердің болашақ іс-әрекетін алдын ала болжауға болады, соған орай шара қолдануға болады. Билеуші элитаның арасында дау-жанжалдың мүмкіндігін кемітеді. Сонымен бірге гильдия жүйесі бюрократиялануға, консерватизмге, селетораттың бассыздығына т.б. бейім, элитаның қоғамнан алшақтануына, ақырында оның қоғамды басқару қабілетін жоғалтуына әкеледі.

3. Саяси көшбасшылық ұғымы, оның теориялары, түрлері.Саяси элитаның негізгі функцияларының бірі өз қатарынан саяси көшбасшыларды ұсыну болып табылады. Көшбасшы немесе жетекші (лидер) сөзі ағылшын тілінен («leader») аударғанда «жетекші», «басқарушы», «алда жүретін» деген мағынаны білдіреді. Көшбасшылар саяси өмірде негізгі роль атқарып, қоғамдық процестерге нақты ықпал етеді. Жетекшілерге басшылар ретінде қоғам мойындаған, сондықтан саяси шешімдер қабылдау құқығына ие болған индивидтер жатады. Жетекші ролінде жеке тұлғалар ғана емес, сонымен бірге тұтас ұғымдар: партиялар (Кеңес Одағындағы КОКП), мемлекеттер (қазіргі дүниедегі АҚШ) болуы мүмкін.

Саяси жетекшілік, топ бастарлық (лидерлік) сияқты күрделі және маңызды әлеуметтік феноменді ғалымдар ерте заманнан-ақ білгілері келген. Антикалық тарихшылар Геродот, Плутарх және т.б. саяси жетекшілерге басты назар аударып, батырларға, монархтарға, қолбасшыларға тарихты жасаушылар ретінде қараған.

Саяси жетекшілікті зерттеуге Н.Макиавелли маңызды үлес қосты. Ол өзінің «Патша» деген еңбегінде саяси жетекші – бүкіл қоғамды біріктіретін, соның атынан әрекет жасайтын, қоғамдық тәртпі пен өз үстемдігін сақтау үшін кез келген құралды пайдаланатын патша деп көрсетеді. Макиавелли жетекшіліктің нәтижелілігі теориясының негізін салушы болып табылады. Бұл теорияның мәні мынандай төрт ережеден тұрады:

1. жетекшінің билігі оның жақтаушыларының қолдауына сүйенеді;

2. бағынушылар өз басшылығынан нені күтеді және басшы олардан нені күтетін түсіну тиіс;

3. жетекшінің қандай жағдай болмасын аман қаларлық қайрат-жігер, қабілеті болуы тиіс;

4. билеуші өз жақтарына даналық пен әділеттіліктің үлгісі болуы тиіс.

Тарихты көрнекті жеке тұлғалардың шығармашылығының нәтижесі деп қарастыратын саяси жетекшіліктің волюнтаристік теориясының өкілдері – Томас Карлейль және Ральф Уолдо Эмерсон болды. Карлейль тұрғындардың негізгі бұқарасыжетекшінің бағыттаушы ықпалы болмаса, дұрыс өмір сүре алмайды деп санады.

Өзінен кейінгі саяси ой мен тәжірибенің дамуына ықпал еткен саяси жетекшілік концепциясын Фридрих Ницше жасады. Ол жоғарғы биологиялық тип – жетекші – адам, шектен тыс жоғары адамды қалыптастырудың қажеттігін негіздеуге тырысты.

Жеткшіліктің қазіргі заманғы концепцияларына тікелей ықпал еткен әлеуметтену теориясының негізін салушы Габриель Тард. Ол әлеуметтік өмірдің негізгі заңы ізбасарлардың жетекшіге ұқсауға ұмтылуы деп дәлеледеуге тырысты.

Жетекшілерді тарихтың локомотиві (қозғаушы күші) деп қарастыратын көпғасырлық дәстүрмен марксизмнің принципті қайшылығы бар. Марксизм саяси жетекшілер белсенділігі мүмкіндіктерін тарихи қажеттілікпен және таптық мүдделермен шектейді. Мұнда саяси жетекші таптың еркін барынша дәйекті, саналы, епті білдіруші деп қарастырылады, яғни таптқа қатынасы тұрғысынан жетекші көмекші, қызметтік роль атқарады.

Жетекшілердің тарихи ролін жоққа шығару кейбір марксистік емес зерттеушілерге де тән. Олардың айтуынша (мысалы Б.Мацлихтің), «жетекшінің ешқандай маңызы жоқ». Бұқара және орта жалпы алғанда жетекшілердің мінез-құлқын айқындайды, олардың құндылықтары мен мақсаттарына ықпал етеді, алға қойған мақсаттарына жету құралдарын анықтайды, олардың қызметтерін конституция, партия, және т.б. институтционалдық механизмдер арқылы бақылайды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Элита дегеніміз не?
  2. Басқарушы элита қандай элементтерден тұрады?
  3. В.Парето, Г.Моска, Р.Михельстің элита теорияларына салыстырмалы сипаттама беріңіз.
  4. Қазіргі заманғы қоғам элитасыз өмір сүре ала ма?
  5. Элита қоғамда қандай қызметтер атқарады?
  6. Саяси элита деген не және ол не үшін керек?
  7. Саяси элитаны іріктеудің қандай жүйелерін білесіз? Олардың жағымды және жағымсыз жақтары қандай?
  8. Кеңес қоғамындағы номенклатура саяси элитаны іріктеудің қандай жүйесіне жатады?
  9. Саяси көшбасшылық (жетекшілік) деген не және ол қандай қызметтер атқарады?
  10. Саяси жетекшінің шығу себептерін түсіндіретін қандай теорияларды білесіз?
  11. Саяси жетекшіліктің қандай типтерін білесіз?
  12. Өзіңізге белгілі авторитарлық, демократиялық, араласпаушылық стильдері тән саяси жетекшілерді атаңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5; №9, 8-тарау, §§1-4, 117-129 бб.; №11; №12; №19, 78-81 бб.; №20-22; №29; №31, 8-тарау, §§1-3, 142-162 бб., 9-тарау, §§1-3, 162-181 бб.; №34; №35, 39-48 бб.; №45].

Дәріс 12. Саяси технологиялар. Саяси жанжалдар.

Дәріс мақсаты:Саясаттанудағы саяси технология ұғымының мәнін аша отырып, оны құбылыс ретінде қарастыру, оның түрлеріне тоқталу.

Басты ұғымдар:саяси технология, саяси талдау, сайлау жүйесі, саяси жанжалдар, саяси дағдарыс, саяси маркетинг, мажоритарлық және пропорционалдық сайлау жүйесі, ценз.

  1. Саяси технологиялар ұғымы, мәні, белгілері, құрылымы, типтері.
  2. Саяси талдаудың мәні және ерекшеліктері, кезеңдері. Саяси шешімдер қабылдау.
  3. Дағдарыстық технологиялар. Саяси жанжалдарды реттеудің технологиялары.
  4. Үгіт-насихат типті ақпараттық технологиялар. Паблик технологиялар (PR).
  5. Сайлау жүйесі. ҚР-сының сайлау жүйесі.

Саяси технологиялар ұғымы, мәні, белгілері, құрылымы, типтері.Саяси технологиялар – бұл әлеуметтік технологиялардың әр түрлілігі ғана емес, саяси технологиялар түсінігі – мақсаттылықтың, бір ізділіктің, қажетті ойластырылған саяси нәтижелерге негізделген белгілі тиімді іс-әрекеттердің жүйесі.

Саяси технологиялар бір уақыт (жер) шеңберінен аспайтын, тез арада жүзеге асырылатын қысқа мерзімдік нәтижелерге (тактикалық) жетумен бірге, ұзақ мерзімге есептелген тиімділікке стратегиялық қол жеткізуді де қамтиды.

Сонымен, саяси технологияларды бірізділікпен қолданылатын процедуралардың, нақты саяси субъектінің мақсаттары мен міндеттерін белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде неғұрлым оңтайлы және тиімді түрде жүзеге асыруға бағытталған қызметтің әдістері мен тәсілдерінің жиынтығын қамтиды деуге болады. Осыған орай тұтас алғанда субъектінің билік саласындағы нақты міндеттерді шешуін қамтамасыз ететін саяси технологияларды бір жағынан саяси маркетинг деп те атауға болады.

«Маркетинг» термині экономикалық, әлеуметтік және саяси қатынастарды реттеу жөніндегі әр түрлі ұйымдық-техникалық және басқару қызметін белгілеу үшін де пайдаланылады. Бұл – товар және қызмет көрсету рыногындағы сұраныс пен ұсынысты зерттеу, жұмыс беруші мен жалданып жұмыс істеушілердің, саяси қайраткерлер мен азаматтардың арасындағы процестерді реттеу деген сөз.

Саяси маркетинг – саяси партиялардың, саяси көшбасшылардың өкілетті билік органдарына, депутаттыққа үміткерлердің және басқа да билік құрылымындағы адамдардың сайлаудағы жеңісін қамтамасыз ету мақсатында қолайлы имиджін жасауға бағытталған шаралар кешенін құрайды.

Саяси технологияларды қалыптастырудың субъективтік және аналитикалық деп аталатын екі түрлі әдісі бар. Оның біріншісі құрастыру негізіне салауатты ойлаудың оңтайлы іс-әрекетін дарытатын субъективтік тұрғыдан келу, субъектінің тәжірибесі, оның интуициясы, ұнатуы, мәдени стереотипі, оның дүниеге көзқарастарының жеке ерекшелігі мен дағдысы негізінде жасалады.

Саяси технологияларды қалыптастырудың екінші, аналитикалық әдісі мақсатқа жетудің негізгі өлшемдері мен шарттарын айқындайтын арнайы аналитикалық әдістер мен процедураларды пайдалануға тікелей байланысты. Саяси технологиялар мемлекетті құрудың және социумды ұйымдастырудың әр түрлі деңгейлерінде саяси билікті қалыптастыру мен пайдалануды қамтамасыз ететін әр түрлі процестермен бір қатарға қойылатыны сөзсіз. Сөйтіп, саяси технологиялардың универсалды ғана емес, сонымен қатар типтік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етуге болады.

Саяси талдаудың мәні және ерекшеліктері, кезеңдері. Саяси шешімдер қабылдау.Саяси талдаудыңжәне саяси кеңес берудің әдістемелік әр түрлілігінің негізі, бір жағынан қолданбалы пән ретінде олардың ерекшеліктері бойынша, екінші жағынан, талдау мен кеңес бері пәні ретінде саяси мәселенің өзгешелігі арқылы алдын ала белгіленіп отыр.

Саясаттағы қолданбалы зерттеу бүгінде жанжалдарды шешу мен реттеу процестері, келіссөздер жүргізу, сайлау және ақпараттық науқандарды ұйымдастыру т.б. жатады. Мұндай саланың айналасында өзіндік ерекшелігі бар саяси пәндер орнығады: саяси маркетинг (шешім қабылдау мәселесін талдап, жасаушы), саяси менеджмент (саяси жүйелерді ұалыптастыру және жүзеге асыру), жанжалды реттеуші менеджмент (саяси жанжалдарды шешу және реттеу, келіссөздер жүргізу) және т.б.

Осыған байланысты саяси талдау пәндік қамтуы және басқа да ерекшеліктері бар айрықша қолданбалы пән болып табылатынын атап айту қажет. Сонымен саяси талдауды екі мағынада: кең және тар мағыналарда түсіну қажет. Кең мағынасында алғанда саяси талдауды саясаттың барлық ғылыми зерттеулері тұрғысынан түсіну керек. Ал, тар, қолданбалы мағынасындағы саяси талдау – бұл нақты мәселені объективті зерттеу, оның неғұрлым қолайлы шешімдерін іздеу және бұл үшін қажетті технологиялық құралдар мен қызмет әдістерін анықтау болып табылады.

Олар әр түрлі материалдармен және ақпараттармен қаруланған және әрұайсысы жағдайды түрліше түсіндіреді. Саяси талдау да әр түрлі мәселелерді өрістете алады, жағдайды әр түрлі көзқарас пен позиция тұрғысынан қарап, түсіндіреді, қай мәселені шешуде болсын әр түрлі жолдарын ұсына алады.

Түсетін ақпаратты саяси талдау үшін оларды зерттеудің түрлі әдістері қолданылады. Оларды жалпы және жеке деп екі топқа бөлуге болады. Жалпы әдістер саяси талдаудың барлық кезеңдерінің бағытын, ракурсы мен әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуін анықтайды. Оған ивент-талдауды, жағдайлық (ситуациялық) талдауды және т.б. жатқызуға болады.

Жағдайды (ситуацияны) түсіндірудің неғұрлым маңызды тәсілдерін қалыптастыруға ықпал ететін жалпы әдістер ішінде ивент-талдаудың маңызы айрықша зор, оның шеңберінде саяси көшбасшылардың сөз алуы, жаппай демонстрациялар, сайлаулар, нормативтік актілерді қабылдау, саяси құрбандықтар т.б. бірқатар оқиғалар көзге елестейді. Осылардың әрқайсысы да ситуацияға қай жағынан болса да ықпал етеді және бұлардың қайсысының да соңында өз мүдделерін көздейтін нақты адамдардың тұрғанын еске ұстау қажет.

Жеке әдістерге статистикадан, әлеуметтанудан, экономикадан және басқа пәндерден алынып пайдаланылатын стандарттық әдістер жатады; оларды саяси талдаудың жекелеген сатыларындағы түрлі комбинацияларда қолдану мақсатқа сәйкестілікпен – яғни мәселелердің сипатымен, зерттеулердің ракурсымен, мәліметтерге қол жеткізілуімен, ұйымдық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілуімен анықталады. Осы аталған әдістер тобына ішнара әдіс, сараптық бағалау әдісі, корреляциялық және факторлық талдау, математикалық модельдеу және т.б. жатқызуға болады.

Қоғамды басқарудың ең күрделі және жауапты элементі саяси шешімдерді талдап жасау және оны қабылдау технологиялары болып табылады. Саяси шешімдерді қабылдау технологиялары – бұл түрлі топтар мен азаматтардың саяси талаптарын, бүкіл қоғам үшін қолайлы әлеуметтік қатынастарды реттеудің құралдары мен әдістерін қайта құрудың ортақ элементі болып табылады. «Шешімдер қабылдау» ұғымы әлеуметтік және ұйымдастыру процестерін орталықсыздандыру сипаттамасын беру үшін алғаш рет ХХ ғасырдың 30-шы жылдары пайда болды.

Қазіргі кезде саяси ғылымда саяси шешімдерді қабылдау процесінің технологиясын түсінуді негізінен екі тұрғыдан қарастыру қалыптасқан. Бұлар – нормалық және мінез-құлықтық теориялар. Нормалық теория (Р.Абельсон, А.Левин және т.б.) оны күрделі процестерде саяси мақсаттарды ұтымды таңдау процесі ретінде түсіндіреді. Мұндай таңдауды оңтайландырудың маңызды құралы ретінде түрлі математикалық модельдеу, операцияларды зерттеу және басқа да инструменттік тәсілдерді пайдалану, сондай-ақ стандарттық схемаларды да пайдалану қсынылып отыр. Аталған процесті адамдардың ерекше өзара іс-әрекеті ретінде қарастыратын мінез-құлық теориясы (Г.Саймон, Л.Планкет, Г.Хейл және т.б.) нақты ситуацияларды саяси шешімдердің қабылдауына ықпал ететін түрлі факторларды сипаттауға бағытталған.

Саяси шешім – бұл саяси іс-әрекеттің мүмкін деп саналатын кем дегенде екі нұсқасының бірін саналы түрде таңдау деген сөз. Бірақ олардан неғұрлым қарапайым біреуі үш негізгі кезеңді бөліп көрсету жолымен іріктелінеді: олар – дайындық, шешімдерді қабылдау және шешімдерді жүзеге асыру. Әрбір кезең технологиялардағы өзіндік ерекшелігімен белгілі және ол бірқатар факторлар арқылы анықталады.

Алдын ала (дайындық) кезеңінде басқарудың жауапты органдары қоғамның нақты жағдайын толық түрде жария ететін және белгілі бір қарама-қайшылықты көрсететін қажетті ақпаратты жинап алуға міндетті. Алынған ақпарат қай нақты мәселенің жеке саяси сипат алатынын анықтауға мүмкіндік береді және соған сәйкес әлеуметтік процестерді саяси реттеу мен ресурстарды қайта бөлу саяси жолымен шешілуі тиіс.

Шешім қабылдайтын мәселелер жиынтығы құралып, күн тәртібі белгіленеді. Сонымен түрлі мүдделі топтар мәселелердің бірінші кезектегі маңызы мен өзектілігін алға тарта отырып, оларды іріктеп алуға ықпал етуге тырысады. Бұл жағдайда идеологиялық түсініктер, экономикалық мүдделер басқарушылар мен саясаткерлердің жеке мүддесімен, олардың жеке қарым-қатынасымен, ұнатушылығымен және қнатпаушылығымен, жеке өмір тәжірибесімен ұштасып жатады.

Сонымен бірге саяси тәжірибеде шешім қабылдау технологиясында мәмілеге келушілік, консенсус және үстемдік сияқты басқа да әдістер кеңінен белгілі болып отыр.

Мәмілеге келушілік – бұл өзара ымыра жолымен қол жететін келісім. Шешім қабылдаудың бұл формасы егер шешім қабылдайтын билік субъектілері бір-бірімен оқыс теріс қарым-қатынас орнатпаған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Екі жақтың мүддесі біршама бір-біріне сай келгенде де, кейде бір-біріне қарама-қайшы келгенде де мәмілеге қол жеткізуге болады. Мәмілеге қол жеткізудің формасы әр түрлі болуы мүмкін: екі жақтық келіссөздер арқылы қол жеткізілетін келісім, дауыс беруде көпшіліктің қолдауына ие болу арқылы және т.б.

Консенсус – бұл жалпы келісім негізінде шешім қабылдау әдісі. Консенсус – барлық тараптардың мүдделері сәйкес келе береді деген сөз емес. Консенсус кезінде тараптардың қай-қайсысы да жеке мүдделерін ойламаса да, ортақ мүдделерді көздейтін қандай да бір шешімнің болмасын қабылдануына қарсы болмауы тиіс.

Консенсус негізінде шешім қабылдау әр кезде де келісім процедурасы незінде өтеді, бірақ ол дауыс беру деген сөз емес.

Үстемдік – билеуші топ немесе қауымдастық өзінің шешімін басқа әлеуметтік топтарға немесе тұтас қоғамға таңу арқылы жүзеге асырылады.

Дағдарыстық технологиялар. Саяси жанжалдарды реттеудің технологиялары. Қоғамды әлеуметтік дифференциациялау, табыстың, биліктің, мәртебенің және т.б. әр түрлі деңгейде болуы жанжалдарға жиі әкеліп отырады. Жанжалдар қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Солардың ішінде едәуір үлесті саясаттануда әлі де аз зерттелген саяси жанжалдар алады. Срндықтан, билік үшін бәсеке шығындарын төмендетуге және осы майдандағы меншікті шығынды азайтуға мүмкіндік беретін басқару технологиясын жасау және оларды бақылау технологиясы саяси қарым-қатынас жасайтындардың кез келген мүшесі үшін, оның ішінде билеуші режим үшін бірінші дәрежелі маңызы бар міндетке айналады.