КАСПИЙ МЕМЛЕКЕТТІК 10 страница

Фашизм идеологиясы 1919 ж. Италия мен Германияда пайда болған. Негізін салушылар: Ф.Ницше (1844-1900), Дж.Джентилле (1875-1944), О.Шпенглер (1880-1936). Бұл идеологияның басты ерекшеліктері – еңбекшілерді басып-жаншу үшін зорлықтың шектен шыққан түрлерін қолдану, шовинизм, нәсілшілдік, экономиканы мемлекеттік-монополистік реттеу тәсілдерін толық бақылау т.б. соғысқа дайындалу, көсемшілдік идеялары кеңінен тарайды.

Саяси мәдениет ұғымы, құрылымы, функциялары, типологиясы. Саяси мәдениет – саяси жүйенің сипатын, қазіргі кездегі саяси тәртіптің мәнін, қоғамдық топтардың саяси санасы мен іс-әрекеттерінің ерекшеліктерін, саяси процесстердің даму жолын және бағытын түсінуге мүмкіндік береді.Саяси мәдениет – жалпы мәдениеттің бір бөлігі, саясат субъектілерінің саяси тәжірибесінің, саяси білімдерінің, мінез-құлық үлгілерінің және қызметтерінің сапасының жиынтық көрсеткіші.

Саяси мәдениет – саясатпен тікелей байланысты адамзат мәдениетінің кең саласын қамтиды. Ол қоғамның сапасы мен бағыттылығы арқылы, саяси дамудың сипаты, адамдардың саяси іс-әрекеттері, саяси институттар қызметтері, қоғамдағы үстем саяси құндылықтар мен мінез-құлық үлгілері арқылы көрінеді. Саяси мәдениеттің нәтижесі және өлшемі – саяси адам, жалпы қоғамның саяси өмірінің сапасы.

Бүгінгі күні саяси мәдениет деп түсінілетін құбылыс ежелгі заман ойшылдары еңбектерінде де қарастырылды. Антикалық ойшылдар Конфуций, Платон, Аристотель, кейінірек Н.Макиавелли, Ф.Бэкон, Ш.Монтеске және т.б. ойшылдар да бұл мәселеге көңіл аударған. «Саяси мәдениет» терминінің авторы мәдениет пен саясаттың өзара әрекетін зерттеген неміс философы-ағартушысы – И.Гердер (1744-1803) болды. «Адамзат тарихы философиясы идеялары» (1784) еңбегінде ол алғаш рет ғылыми айналымға «саяси мәдениет», «саяси мәдениеттің жетілуі» деген түсініктерді енгізді. Бұл бағыттағы саяси құбылыстарды зерттеген теориялар батыс саясаттану дәстүрі негізінде ХХ ғ. 50-60 жылдары қалыптасты. Саяси мәдениет теориясын жасауға батыстың белгілі ғалымдары Г.Алмонд, Т.Парсонс, Д.Истон, С.Верба, Л.Пай, М.Доверже, Р.Таркер, С.Липсет, В.Розенбаум, Р.Роуз, Д.Дивайн, Е.Вятр, Д.Каванах, Р.Карр, М.Бернстейн т.б. үлес қосты. «Саяси мәдениет» терминін өз еңбектерінде Н.А.Бердяев, В.И.Ленин және басқа да ресейлік ойшылдар кеңінен қолданған.

Саяси мәдениет дегеніміз – саяси іс-әрекетке қатысу процесінде адам және оның бірлестіктері жасайтын құндылықтар, білімдер, түсініктер, құралдар мен әдістердің және олардың саяси билікке қатынасын бейнелейтін жүйе болып табылады. Жалпы мәденеиттің бір бөлігі бола отырып, саяси мәдениеттің өзінің күрделі құрылымы бар. Оған мыналар кіреді: саяси құндылықтар, саяси білімдер, саяси дәстүрлер мен нормалар, саяси символдар және саяси мәдениет ескерткіштері (жалау, елтаңба, әнұран, құжаттар), саяси сезімдер, саяси іс-әрекеттер (12-схема).

Саяси мәдениеттің қоғам және саяси жүйе үшін маңызы оның мынадай функцияларынан (қызметінен) көрінеді: танымдық, реттеушілік, тәрбиелік, біріктірушілік, қорғау, сабақтастық.Саяси мәдениеттің дәрежелері: индивидтік, топтық, субмәдениет, қоғамның саяси мәдениеті.

Субмәдениет деп қоғамда үстемдік еткен мәдени бағыттан айтарлықтай ерекшеленетін саяси бағдарды айтады.Ол қоғамдық топтардың экономикалық, әлеуметтік жағдайларына, этникалық, діни, нәсілдік, білімдік, жыныстық, жас ерекшеліктеріне және т.с.с. белгілеріне байланысты пайда болады.

Саяси мәдениеттің типтері. Қазақстандық саяси мәдениеттің ерекшеліктері. Саясаттануда саяси мәдениеттің көптеген типологиясы бар. Саяси мәдениет типтерін алғаш рет терең зерттеген – Г.Алмонд және С.Верба. Олар саяси мәдениеттің үш түрлі типін көрсетті: патриархалдық, бодандық немесе қол астылық және азаматтық. Саясаттануда саяси мәдениетті осылай бөлу кеңінен қолданылады.

Саяси ғылымда саяси мәдениеттің бұдан да басқа типологиясы, түрлері бар. Саяси мәдениет классификациясы: саясат субъектісіне қарай: жалпыадамзаттық саяси мәдениет; халықтың, этностың, өркениеттің саяси мәдениеті; әлеуметтік қауымдастықтың (жұмысшылардың, шаруалардың, буржуазияның, интеллигенцияның, элитаның, бюрократияның, жетекшілердің) саяси мәдениеті; жасы-жынысына, кәсібіне, әлеуметтік-демографиялық, діни және т.б. топтардың саяси мәдениеті. Саяси процесс саласына тәуелділігіне байланысты: басқару және билеу саяси мәдениеті; саяси қатысудың саяси мәдениеті; саяси оппозицияның саяси мәдениеті. Билікті жүргізу формасы мен әдістеріне қарай: демократиялық саяси мәдениет; авторитарлық саяси мәдениет; тоталитарлық саяси мәдениет; өтпелі кезең саяси мәдениеті. Саясатқа қатысу сипатына қарай: азаматтық, демократиялық; бодандық, қол астылық; дәстүрлі (патриархалдық). Саяси жүйедегі орнына қарай: орталықтық (үстем); шет аймақтық (субкультура). Таралу дәрежесіне қарай: бұқаралық саяси мәдениет; элитаның саяси мәдениеті.

Саяси әлеуметтену ұғымы. Қазіргі саяси мәдениеттің ерекшеліктері және ҚР-сындағы әлеуметтену мәселелері. Кез келген қоғамның тағдыры көп жағдайда өзінің мүшелерінің қандай әлеуметтік-саяси құндылықтар, өмір сүруінің нормалары мен ережелерін ұстануына тәуелді. Алайда адамдар дүниеге келгенде, олардың дамудың әлеуметтік заңдары мен саяси қатысу туралы дайын білімдерінің болмайтыны белгілі. Бұл білімдер бүкіл өмір бойы жинақталады, тексеріледі. Индивидтердің өмір сүріп тұрған әлеуметтік нормалар мен мәдени құндылықтарға ие болуын, меңгеруін әлеуметтену деп атайды.

Әлеуметтену ұғымын ғылыми айналымға ХIX ғасырдың соңында американ әлеуметтанушысы Ф.Гиддинг және француз психологы Г.Тард енгізді. ХХ ғ. 50-60 жылдары межесінде «саяси әлеуметтену» ұғымы анықталды.

Саяси әлеуметтену дегеніміз – жеке адамға, тұлғаға қоғамның саяси өмірінің толық құқықты қатысушысы болуға, қоғамдық күрделі процесстерде дұрыс бағдар ұстауға, саясатта саналы таңдау жасауға мүмкіндік беретін белгілі бір саяси білімдерді, құндылықтарды, нормаларды меңгеру, алдыңғы ұрпақ жинақтаған саяси тәжірибеге ие болып, оны одан әрі жалғастыру процессі.

Саяси әлеуметтену дегенде жеке адамның, тұлғаның саяси санасы мен мінез-құлқының, саяси рольдерді қабылдау және орындау, саяси белсенділік таныту процессінің бүкіл жиынтығын түсіну қажет. Саяси әлеуметтену процессі нәтижесінде индивидтің саяси мәдениетті меңгеріп, саяси бағдары мен позициясы қалыптасады.

Саяси әлеуметтену процесі индивидтің өмір бойы жүріп отырады. Әлеуметтік-саяси тәжірибенің жинақталуына байланысты индивидтің позициясы және іс-әрекеті әрдайым өзгеріп немесе бекіп отырады.

Саяси әлеуметтенудің мазмұны және ерекшеліктері көптеген факторларға тәуелді болып келеді, оның ішінде макро орта ықпалына (дәуір сипатына, халықаралық қатынастар сипатына, мемлекеттің, ұлттың, таптың, т.б. әлеуметтік топтардың, қоғамның саяси мәдениетіне байланысты) тәуелді болады; микро ортаға (институционалдық және формалды емес қоғамдастықтар, мектеп, семья, жекелеген адамдар), ішкі генетикалық факторларға; өзін-өзі тәрбиелеуге байланысты болады.

Саяси әлеуметтенудің саяси факторлары: мемлекеттік құрылыстың сипаты және типі, саяси институттар, партиялар мен қозғалыстар, сонымен бірге саяси емес факторлары: семъя, замандастары топтары, оқу орындары, жұмысы, мәдениет, ғылым, өнер, ұлттық дәстүрлер, бұқаралық ақпарат құралдары. Нақты өмірде саяси және саяси емес факторлар бір-бірімен ұштасып, адамға күрделі, көп жақты, түрлі факторлармен ықпал етеді (11-схема). Адамдардың саясатқа араласуы мен оған әсері әр түрлі болып келеді. Сондықтан ғалымдар саяси әлеуметтенуді мынадай типтерге бөледі: үйлесімді, гегемонистік, плюралистік, дау-жанжалдық.

Қазақстандағы қазіргі заманғы саяси мәдениетті Г.Алмонд пен С.Вербаның типологиясындағы қай типке жатқызуға болады? Алайда саяси мәдениетті бұл жіктеу қоғамдағы бар түрлі саяси мәдениетті толық аша алмайды, олардың көпшілігі аралық сипат алған.

Қазіргі Қазақстанның саяси мәдениетін де сол аралық типке жатқызуға болады. Қазақстандағы саяси мәдениетті тоталитарлық және авторитарлы өтпелі саяси мәдениет аралығындағы жағдайда деп анықтауға болады..

Қазіргі кезеңде Республика өтпелі кезеңді басынан өткізіп отыр. Қазіргі Қазақстан өзін демократия мұратын (идеалын) ұстанған мемлекет деп жариялады, алайда шын мәніндегі демократияға жету – алыс болашақ міндеті. Демократияға саяси мәдениеттің белсенді типі тән болып келеді. Қазақстанда қалыптасқан саяси мәдениеттегі белсенділіктің, бодандықтың, патриархалдықтың үлесі демократиялық қоғамның саяси мәдениетіндегі үлестерге сәйкес келмейді.

Кеңестік кезеңдегі Қазақстанның саяси мәдениетінің үлгісі – тоталитарлық саяси мәдениет болды, яғни бодандық, бағынушылық. Егемендік алғаннан кейін Қазақстан өтпелі кезеңге өте бастады, оның міндеттері – нарықтық экономиканы құру, қоғамды демократияландыру жарияланды, сондықтан республиканың саяси мәдениетінің үлгісі демократиялық тип бағытында дамиды деп күтілді. Ол үшін егеменділік алу процессінде қажетті алғы шарттар да қалыптасқандай болды: шикізаттық бағытта болса да, дамыған индустриалды база, Қазақстан тұрғындарының жоғары білім деңгейі болды. Сондықтан экономика мен саяси жүйені реформалау Қазақстанда азаматтық белсенділіктің өрлеуіне әкеледі деп қарастырылды.

Алайда іс жүзінде Қазақстанның саяси мәдениеті басқа бағытта дамыды. Қазіргі кездегі Қазақстанның саяси мәдениеті енді тоталитарлық типке жатпайды. Қазақстанда немесе басқа да бұрынғы кеңестік республикалардың ешқайсысында коммунистік режим кезіндегідей бодандық саяси мәдениет үстем емес. Алайда кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстанда саяси мәдениеттің бодандық түрінің үлесі азайғанымен, онда белсенділер үлесі көбеймеді. Іс жүзінде патриархалдар үлесі көбейді. Нәтижеде қазіргі заманғы Қазақстанның саяси мәдениеті көрсетілген таблицада үшінші және төртінші бағандардағы үлгілер бағытында, яғни авторитарлы өтпелі және демократиялық индустриялыққа дейінгі саяси мәдениет бағытында дамиды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Саяси сана деген не? Оның құрылымы қандай?

2. Саяси сананың қандай түрлері, формалары бар?

3. Идеологияны түсіндірудің қандай теориялары бар?

4. Идеология деген не? Идеология мен ғылымның айырмашылығы неде?

5. Жеке адам мен қоғам өміріндегі идеологияның маңызы неде?

6. «Классикалық» либерализмнің негізгі қағидалары қандай?

7. Неолиберализмнің «классикалық» либерализмнен айырмашылығы қандай?

8. Консервативтік идеологияның жағымсыз және жағымды жақтары қандай?

9. «Демократиялық социализм» концепциясы дегеніміз не?

10. Коммунистік идеология не себепті пайда болды? Ол кімнің мүддесін қорғайды?

11. Фашистік идеологияның басты ерекшеліктері қандай?

12. Саяси мәдениет деп нені айтады? Оның құрамына қандай компоненттер кіреді?

13. Саяси мәдениеттің қандай типтерін білесіз?

14. Қазақстандық саяси мәдениеттің ерекшеліктерін атаңыз?

15. «Саяси әлеуметтену» дегеніміз не?

16. Жеке адамның саяси әлеуметтенуінің кезеңдерін атаңыз?

17. Саяси мәдениет пен саяси әлеуметтенудің ара қатынасы, өзара әсері қандай?

18. Қандай себептер мен факторларға байланысты адамдарда түрлі саяси бағдарлар қалыптасады?

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5; №9, 11-тарау, §§1-2, 153-167 бб., 12-тарау, §§1-6, 167-182 бб.; №11; №12; №13, 11-тарау, §§1-4, 280-305 бб., 13-тарау, §§1-4, 330-347 бб., 14-тарау, §§1-4, 348-369 бб.; №15, 137-169 бб.; №20-22; №29; №31, 16-тарау, §§1-3, 290-310 бб., 17-тарау, §§1-3, 310-327 бб., 18-тарау, §§1-3, 328-345 бб.; №34; №35, 82-94 бб.; №51].

Дәріс 11. Саяси элита және саяси көшбасшылық.

Дәріс мақсаты:элита түсігіне, теорияларына, элитаны тудырушы факторларға тоқталып, оның функцияларына, негізгі типтеріне, саяси элитаны іріктеу жүйесіне талдау жасау. Жетекші ұғымын, саяси жетекшінің компоненттерін, ерекшеліктерін, функцияларын, түрлерін, стильдерін қарастыру.

Басты ұғымдар:элита, саяси элита, билеуші элита, элитизм, брюкратия, демократиялық элитизм, элитаны рекруттау, номенклатура, олигархия, аристократия, меритократия, саяси көшбасшы.

  1. Саяси элита ұғымы Элитаның классикалық теориялары.
  2. Саяси элитаның функциялары, жіктелуі. Элитаның қазіргі заманғы теориялары. Бюрократия.
  3. Саяси көшбасшылық ұғымы, оның теориялары, түрлері.
  4. Қазіргі Қазақстандағы саяси көшбасшылық институты және саяси элита.

«Элита» термині (латынның «eligere», француздың «elite» сөздерінен) «ең таңдаулы», «сұрыпталған», «іріктелген» деген мағынаны білдіреді. Алғаш рет «элита» ұғымы ХVІІ - ХІХ ғасырларда ауыл шаруашылығында, тұқымның ең жоғарғы сорттарына, малдың арнайы тұқымдарына байланысты және жоғары сапалы тауарларға қолданылған. Бұл ұғым ХІХ-ХХ ғасырлар межесінде ғылыми айналымға енгізілді және әлеуметтану мен саясаттануда әлеуметтік саты жүйесіндегі жоғарғы жағдайдағы әлеуметтік топтарды сипатттау үшін қолданылды. Кең әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, элита деп қоғамның негізгі экономикалық, саяси және мәдени ресурстарын бақылайтын оның, ең жоғарғы және тұйық (жабық) тобын айтады.

Классикалық элитарлық теориялардың дербес түрде қалыптасуы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында италиялық ғалымдар Гаэтано Моска, Вильфредо Парето, неміс ғалымы Роберт Михельс және т.б. еңбектерінде жүзеге асты. Бұл теориялар (элитаның классикалық теориялары) антиэлитарлық теориялар мен идеялармен (демократия теорияларына және халық бұқарасының тарихтағы ролі туралы марксистік ілімді сынау негізінде) күрес барысында қалыптасты.

Вильфредо Парето (1848 – 1923) – италиялық әлеуметтанушы-позитивист, экономист,инженер, этитологиядағы аристократиялық бағыттың өкілі.«Элита»терминін ғылыми айналымға енгізді. Өзінің «Әлеуметтік жүйелер», «Жалпы әлеуметтану трактаты» деген басты еңбектерінде адамдар өз тумысынан тең емес деген тезиске сүйенеді. Элита кез келген қоғамда, кез келген саяси құрылыста өмір сүреді.
Барлық уақытта дүниені таңдаулы азшылық – элита билейді, яғни ерекше қасиеттері: психологиялық (туғаннан) және әлеуметтік (тәрбие мен білімнің нәтижесінде қол жеткен) қасиеттері бар адамдар билейді. Парето элита деп, «ақылы, мінезі, ептілігі, басқа да түрлі қабілеттерге ең жоғары дәрежеде ие болған адамдарды» айтты.
Элитаны басқаруға қатысатын билеуші және билеуші емес элитағаконтрэлитаға бөледі.

Гаэтано Моска (1858 - 1941)– италиялық саясаттанушы, әлеуметтанушы,
этитологиядағы функционалдық бағыттың өкілі. «Саяси ғылым негіздері» (1896), «Басқарушы тап» деген еңбектерінде саяси элитаның қалыптасуы
және оның қасиеттері мәселелеріне талдау жасайды.
Оның ойынша, элита қатарына енудің маңызды өлшемі, басқа адамдарды басқара білу қабілеті, яғни ұйымдастырушылық қабілеті, сонымен бірге элитаны қоғамның қалған бөлігінен айыратын олардың материалдық, моральдық, интеллектуалдық үстемдігі. Ол элитаны белгілі бір әлеуметтік міндеттерді атқаратын басқарушылар тобы деп қарастырды.Элитарлық топтың жақсы ұйымдасуын және қоғамдағы оның үстем жағдайын атай отырып, Моска оны «саяси тап» немесе «билеуші тап» деп атады («элита» орнына «саяси тап» ұғымын қолданды). «Қоғамды әрқашанда азшылық басқарады, тіпті билік ауысқан жағдайжағдайда да, билік бір азшылық қолынан, екінші азшылық қолына беріледі».

Роберт Михельс (1876 – 1936) –неміс әлеуметтанушысы, саясаттанушысы, экономисі. «Демократия жағдайындағы саяси партиялар әлеуметтануы» деген еңбегінде қоғамның ұйымдасуының өзі элитаны талап етеді, элитаның болуы қоғамның заңдылығы деп тұжырымдады. Қоғамда «олигархиялық үрдістердің темірдей заңы» жұмыс істейді. Оның мәні қоғамдық прогрестің ажырамас бөлшегі болатын ірі ұйымдардың дамуы қоғамды басқарудың олигархиялануына және элитаның қалыптасуына әкеледі, себебі мұндай бірлестіктерді басқаруды оның барлық мүшелері қамтамасыз ете алмайды. Олардың қызметінің нәтижелілігі функционалдық мамандану мен ұтымдылықты қажет етеді, ал бұл басқарушы өзек пен аппаратты бөліп шығарады, олар бірте-бірте қатардағы мүшелердің бақылауынан шығып, билікті монополиялап, олардан (бұқарадан) алшақтайды және саясатты өз мүдделеріне бағындырады, ең алдымен өздерінің артықшылық жағдайларын сақтап қалуды ойлайды.

Саяси жүйенің компоненті бола отырып, элита белгілі бір функцияларды атқарады. Элитаның маңызды функцияларынамыналар жатады:

1 әлеуметтік мониторинг қызметі – түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін әрдайым зертеп отырады;

2 стратегиялық функциясы – стратегиялық мақсатты айқындайды, идеологиялық доктрина, конституция, заңдар, реформалық бағдарламалар жасаудан көрінеді.

3 Интеграциялық функциясы – қоғамды элита тұжырымдаған құндылықтар негізінде шоғырландырады, топаралық келіспеушіліктер мен жанжалдарды шешеді. Бұл функцияны жүзеге асыру барысында іске басқарушы элита ғана емес, оппозициялық элита да араласады;

4 Ұйымдастырушылық функциясы – алға қойған саяси ойларын, жоспарларын жүзеге асырудың тетіктерін табады; басқару орындарына кадрлық аппаратты тағайындайды;

5 Рекруттық (ұсыну, толықтыру) функциясы - өз қатарынан саяси жетекшіні ұсынады.

Сонымен, саяси элита деп қазына-байлықты, қаржы-қаражатты бөлуге байланысты және т.б. саяси маңызды шешімдер қабылдауға қатысты жоғары мәртебесі мен ықпалы бар ұйымдасқан топты айтады.

Қазіргі саясаттанудағы элитология саласы элиталардың қалыптасу жағдайын, оның қоғамдағы рөлін, әлеуметтік-саяси процестерге ықпал ету әдіс-тәсілдерін және т.б. зерттейді.

Элитаның жіктелуі.Элиталарды зерттеу оларды жіктеуді және түрлі элиталық топтарды өзара салыстыруды талап етеді.

Элитаны саяси салаға байланысты қарағанда ғалымдар мағынасы жағынан жақын, бірақ бірдей емес екі терминді: «саяси элита» және «билеуші элита» басшылыққа алады.

«Билеуші элита» түсінігі кеңірек, ол билікке ықпал ете алатын және ықпал етіп отырған барлық топтарды білдіреді. Билеуші элита мынадай элементтерден қалыптасады:

1. Экономикалық элита – қоғамның негізгі экономикалық ресурстарын бақылаушы адамдар тобы: ірі меншік иелері, қаржы-өнеркәсіптік корпорациялардың иелері мен басты менеджерлері т.б. Тұрғындардың еңбек етуі, өмір сүру деңгейі, жалақысы, табысы сияқты мәселелерді анықтау арқылы өзінің экономикалық үстемдігі мен экономикалық билігін жүргізеді.

2. Әскери элита – жоғарғы әскери басшылар (генералитет) және жоғарғы офицерлер. Олар қоғам өмірінде, саяси процестерде маңызды роль атқарады, саясатта шешуші құрал ретінде пайдаланылды.

3. Бюрократиялық элита – мемлекеттік аппарат шенеуніктері. Олардың ролі мен ықпалы маңызды саяси шешімдерді дайындау мен жүзеге асыру процесіне қатысуынан көрінеді.

4. Идеологиялық элита – қоғамның идеологиясы мен бұқараның санасын қалыптастыратын мәдениеттің, ғылымның, бұқаралық-медиа құралдарының көрнекті өкілдері.

5. Саяси элита– мемлекеттік деңгейде саяси шешімдерді тікелей қабылдайтын мемлекет басшыларынан, үкімет мүшелерінен, заң шығарушы орган депутаттарынан құралады.

Басқарушы элитаның бір элементі ретінде саяси элитаға мынандай анықтама беруге болады: өз қолына мемлекеттік билікті шоғырландырып, бүкіл жүйенің даму стратегиясын жасайтын қоғамның белгілі бір тобы.

Саяси элита – жалпы қоғамға саяси билікті жүзеге асыратын салыстырмалы түрде алғанда ұйымдасқан азшылық. Бұл саяси жүйе шеңберінде басты шешімдер қабылдап, бұйрықтар беріп, бюрократиялық аппарат арқылы олардың жүзеге асырылуын бақылайтын адамдар.

Элитаның топтамалары:

І. Өз өкілеттілігінің көлемі біліктілік дәрежесіне байланысты топтар:

· жоғарғы элита – жоғарғы саяси басшылар (президент, үкімет, парламент басшылары, ірі партиялар басшылары) және олардың маңайындағылар. Осы азғана адамдар тобы барлық маңызды шешімдерді қабылдайды;

· орта элита (үш белгі: кірісі, кәсіби статусы және білімі бойынша көзге түсетін шамамен ел тұрғындарының 3-5 %-ы) – сайланбалы қоғамдық қызметтердегі адамдар (парламентарийлер, сенаторлар), аймақтық жетекшілер (губернаторлар, ірі қалалар мэрлері). Осы үш өлшемнің біреуі немесе екеуі бойынша жоғарғы көрсеткішке жеткен элитаны маргиналды элита деп атайды.

· жергілікті элита – жергілікті дәрежедегі басты саяси фигуралар.

· әкімшілік элита – мемлекеттік қызметкерлердің жоғарғы тобы – министрліктер, департаменттер және басқа да мемлекеттік органдардың шенеуніктері. Бұл элита сайлау нәтижесеніне тәуелді емес, сондықтан қоғамдық қысым мен бақылауға онша ұшырамайды.

ІІ. Өзінің саяси жүйеге қатысу дәрежесіне байланысты ажыратылатын топтар:

§ билеуші элита билікті жүзеге асыру механизмдері мен тетіктеріне ие болумен сипатталады;