КАСПИЙ МЕМЛЕКЕТТІК 6 страница

Унитарлық мемлекеттің орталықтандырылған және орталықсыздандырылған деген екі түрін айырады. Орталықтандырылған унитаризмде аймақтық органдардың орталыққа бағынуы орталықтың қызметтік тұлғаларының арқасында жүзеге асырылады (Нидерланды, Өзбекстан, Қазақстан). Орталықсыздандырылған унитаризмде аймақтық органдар орталыққа, орталық органдарға тәуелсіз түрде қалыптасады, алайда олар жалпымемлекеттік заңдарға сай қызмет етеді (Франция, Испания, Италия, Жапония, Жаңа Зеландия). Унитаризм – қазіргі замандағы мемлекеттік құрылыстың кең таралған түрі.

Федерация (француздың «federation», кейінгі латынның «foederatio» - бірлестік, одақ деген сөздерінен) – мемлекеттік құрылыстың күрделі формасы, ол заңды түрде белгілі бір саяси дербестігі бар мемлекеттік құрылымдардан, аумақтардан (субъектілерден) тұрады.
Федерацияның құрылуының 5 принципі:
1) федералдық заңнаманың жоғарылығы; 2) мемлекеттік құрылыстың бірдейлігі; 3) федерацияның бүкіл аумағында адамдардың, товарлардың және т.б.еркін қозғалуы; 4) федерация субъектісінің статусын бір жақты өзгертуге тыйым салынады; 5) субъектінің федерациядан бөлінуіне (сецессияға) тыйым салынады. Федерацияның түрлері: аумақтықнегіздеқұрылған (АҚШ, Австралия, Австрия, ГФР, Аргентина, Венесуэла, Бразилия, Мексика); ұлттықнегіздеқұрылған (Үндістан, Бельгия, Нигерия, Пәкістан); аралас ұлттық-аумақтық негізде құрылған (Ресей, Канада, Швейцария) мемлекеттер.

Конфедерация(латынның «confoederatio» - одақ, бірлестік) – мемлекеттер одағының формасы, онда мүше-мемлекеттер өз егемендігін толық сақтайды. Ол негізінен одақтың әрбір мүшесінің саяси өмір сүруі мен аумақтық тұтастығын қолдаумен байланысты сыртқы саяси және әскери-қорғаныстық мақсаттарға жетуді көздейді. Ішкі мәселелерге келгенде, конфедерация кедендік тарифтерді енгізумен, бірыңғай почталық байланыспен және т.б. екінші дәрежелі құрылымдармен ғана шектеледі.
Тарихи кезеңдерде конфедерациялық құрылымды басынан кешірген мемлекеттер: АҚШ (1781-1789), Швейцария (1815-1848), Швеция мен Норвегияның (1905 жылға дейін), Австро-Венгрия (1918 жылға дейін), Египет пен Сирияның – Біріккен Араб Республикасын құруы (1958-1961), Гамбия мен Сенегалдың (1982-1989) бірігуі. Конфедерациялар мынадай себептерге байланысты өз өмір сүрулерін тоқтатты:
- олардың қатысушылары арасындағы қайшылықтарға байланысты;
- құрылу кезінде көзделген міндеттердің орындалуы, шешілуі нәтижесінде;
- конфедеративті одақтың федеративті одаққа ұласуы нәтижесінде (АҚШ пен Швейцария).

4. Этносаралық келісімге жетудің Қазақстандық үлгісі.Қазақ елінің тәуелсіздігі – қазақ халқының тарихи ата­мекенінде өзінің мемлекеттілігін құруға деген заңды құқы­ғы. Қазақ халқы­ ұлттық мәдениеті мен тарихын, ұлттық қадір-қасие­тін жаңғыртуға деген табиғи ұмтылысы мемлекеттік тәуелсіздіктің орнығуы мен дамуына негіз болуы тиіс.

Қазақ елі өзінің тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қарқынды дамып келе жатқан әлемдегі демократиялық ел­дердің біріне айналды. Бұл жетістіктерге еліміз қоғамдағы азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, сонымен бірге, этносаралық және дінаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру саясатының нәтижесінде жетті.

Ұлтаралық келісім моделі этностардың дамуы мен өзара қарым-қатынасына жүйелі әрі мақсатты түрде әсер етіп, одан белгілі бір нәтижелер алу үшін құрылады. Мұндай моделді құру өте күрделі әрі жауапты саяси іс. Өйткені, ұлтаралық қатынастар табиғаты өзінің құрылымы жағынан өте нәзік, сан қырлы. Ұлтаралық қатынастар саяси, идеологиялық, мәдени, экономикалық, әлеуметтік, тілдік және психологиялық процестерге тығыз байланысты.

Модель ұғымы белгілі бір құбылыстың немесе процестің үлгісі, схемасы дегенді білдіреді. Соған сәйкес ұлтаралық қатынастар моделі полиэтникалық қоғамдағы этносаралық келісімге келу мен оны дамытудың үлгісі болып табылады.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Президент Н. Назарбаев ұстанған ұлттық саясат мүмкін болар қателіктердің алдын алуға негіз болды. Сонымен бірге, ішкі және сыртқы саясаттың басты бағыттарын нақты айқындау­ға мүмкіндік берді. Оның ішінде, әсіресе қоғамдағы тұрақты­лық, азаматтық келісім мен этносаралық татулық мәселелері ерекше назарға алынды.

Ұлтаралық қатынастар моделі ең алдымен елдегі ұлттық саясат арқылы айқындалады. Жалпы алғанда ол мемлекеттің саяси бағытына сәйкес келеді. Кез келген полиэтникалық мемлекет өзінің ұлтаралық қатынастар моделін теориялық тұрғыда негіздеп, оны іс жүзіне асырады, қоғам өміріне енгізеді. Бұл модель сол елдің тарихы, дәстүрі, менталитеті негізінде, ал ең алдымен елдің дамуының басты мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді. Бұл өмірдің талабы мен объективті қажеттіліктен туындайды. Өйткені, бұл қоғамда өмір сүріп отырған адамдар үшін осы қоғамдағы өзінің жағдайы мен болашағын, этносаралық қатынастар сипатын терең түсінуі өте маңызды.

Қазақстандық ұлтаралық қатынастар моделі қоғамдағы мынандай ерекшеліктерді назарға алуы қажет еді:

– Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде өмір сүріп, дамып келеді;

– мемлекетқұрушы және мемлекет атауына ие ұлт - қазақтар;

– мемлекет унитарлы, қоғамды топтастыратын ұлт – қазақтар;

– мемлекет полиэтникалық сипатымен ерекшеленеді;

– Қазақ жеріне көптеген этностар саяси қысым арқылы мәжбүрлеу, депортациялау саясатының нәтижесінде қоныстанған;

– мемлекеттік тіл – қазақ тілі;

– қоғамның басым бөлігі орыс тілінде сөйледі. Іс жүзінде орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі қызметін атқарады;

– Қазақстандағы барлық этностардың өзінің ұлттық тілін дамытуға деген ұмтылысына шек қойылмайды;

– халық көп конфессиялы қоғамда өмір сүреді (40-тан астам конфессия бар);

– қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылықтың дәстүрі қалыптасқан, оның тамыры терең. Мұндай қасиет ең алдымен, қазақ халқының менталитетіне тән және толеранттылық дәстүрді Қазақстанның барлық этностары ортақ құндылық ретінде қабылдайды;

– қоғам дамуының басты құндылықтары: азаматтық қоғам, демократия, нарықтық қатынастар, идеологиялық плюрализм;

– Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Ол ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, әлемдік қауымдастыққа Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін, ЕурАзЭҚ - евразиялық интеграция идеясын ұсынды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) ұйымдастырып, қалыптастыруда белсенді рөл атқарды, ЕҚЫҰ төрағалық етті.

Қазақстандық ұлтаралық қатынас моделінің күрделілігі мен өзіндік қолтаңбасы жоғарыда аталған ерекшеліктерді үйлесімді жағдайға келтіруінде-тін.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бастап Елбасы ұлттық саясаттың концептуалдық, идеологиялық мызғымас негізін қалады. Оның төмендегідей басты бағыттары жүзеге асырылып келеді.

Бірінші – қазақ халқының ұлт ретінде қайта өрлеуі және ұлттық тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің, тарихы мен тілінің, мәдениеті мен салт-дәстүрінің дамуы. Бұл Қазақстан қоғамы мен оны ұйыстырудың берік негізі.

Екінші – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңда атап көрсетілгендей, қазақ халқымен тарихи тағдыры біріктірген Республиканың барлық азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды және ұлтына қарамай барлығы тең құқықтарға ие болады.

Бұл Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының ең басты қағидасы ретінде негізделген.

Сонымен, республиканың тұрақты дамуы мен басталған реформалардың дұрыс жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін этносаралық келісім саясаты басым бағыт болып саналады. Кеңестік дәуірден кейін Қазақстанда мемлекеттіліктің қалыптасуының ерекше сипаты этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау болды. Полиэтникалық қоғам жағдайында этносаралық келісім мен толеранттылық мәдениетке тәрбиелеу мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді.

Қазақстандық ұлтаралық келісім моделінің қалыптасуы мен дамуында Қазақстан Республикасының Конституциясы айқындаушы рөл атқарды. Оған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заңы, 1993 жылғы Қазақстанның тұңғыш Конституциясы, қазір қолданылып отырған 1995 жылғы Конституция және 1998 жылы 7 қазанда және 2007 жылы 21 мамырда өзгерістер мен қосымшалардың енгізілуі кіреді.

Қазіргі жағдайда ұлтаралық келісім моделінің формуласы Қазақстан Республикасының Конституциясын­дағы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып…» деп басталатын жолдардан айқын көрініс тапқан.

Осылайша еліміздің Негізгі Заңы бойынша Республика азаматтарының бірлігінің мызғымас ұстанымы қаланды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында полиэтникалық қоғамдағы азаматтық бірліктің оңтайлы ұстанымы айқындалған. Онда азаматтық және этникалық ұстанымдар бір біріне қайшы келмейді, керісінше өзара байланыста болып, бірін бірі толықтырып тұрады.

Азаматтық бірлік этникалық құндылықтарға сүйенеді әрі оны дамытады. Этносаралық және конфессияаралық келісім толеранттылық құндылықтарына тікелей байланысты. “Толеранттылық” ұғымы өзара құрмет, келісім, татулық сияқты құндылықтардың жиынтығы болып табылады.

Қазақстанның баға жетпес жетістігі мен құндылығы ретінде тек этносаралық келісімді ғана емес, сонымен бірге конфессияаралық татулықты айтуға болады. Өйткені, көпұлтты Қазақстанда ұлттық бірлікке қол жеткізу дін­аралық келісімсіз мүмкін емес еді. Адамзат тарихының адамдар арасындағы қарым-қатынастардағы мейлінше күр­делі болып табылатын саласы – дінаралық қатынастар. Сон­дай-ақ, дінаралық қатынастарды реттеп отыру да өте қиын болатыны тарихтан аян. Ал дінаралық қақтығыстар қатыгездігімен, бітіспес өштесу және фанатизмге бой ал­дырушылықпен ерекшеленетіні де белгілі. Сол себепті де дінаралық келісімнің маңыздылығы салмақты.

Қазір Қазақстанда 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстардың, этникалық топтардың өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысы өз ұлтының көркеюін қалайды, осы атамекен иесі – қазақ халқы. Республикадағы өзге ұлт өкілдерін кемсітпей, түрлі халықтардың басын қосып, оларға ұйытқы болып, бір қоғамға топтастыруға тырысуы қажет. Республикамыздың гүлденуі оның саяси, экологиялық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, мәдени жетістіктеріне байланысты. Сондықтан мұнда тұрған әр халықтың өкілі жалпы Қазақстанның табысына қуанып, соған қажырлы еңбегімен аянбай үлес қосу керектігін сезінуі тиіс. Мұның бәрі дұрыс жүргізілген ұлттық саясат нәтижесінде ғана іске асады.

1995 жылдың 1 наурызында елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ол республикадағы барлық ұлттық-мәдени орталықтарды қамтиды. Ассамблея елімізде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау, қоғамды біріктіру, нығайтуды қамтамасыз ету бағытында тәжірибелік ұсыныстар жасайды. Ұлттық саясат саласындағы жаңа заң жобаларына қоғамдық сараптау жасайды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Жеке адам өзінің ұлтын қандай белгілерге байланысты анықтайды?

2. Адамдар қауымдастығының қандай түрлерін білесіз?

3. Этнос, ұлт дегеніміз не?

4. Ұлтты анықтаудың қандай бағыттары бар?

5. Ұлттық-мемлекеттік құрылыстың қандай формаларын білесіз?

6. Ұлттың өзін-өзі билеу құқығы деген не?

7. Ұлттық қатынастар, ұлттық саясат, этникалық саясат дегеніміз не?

8. Этносаяси жанжал деген не?

9. Этносаяси жанжалдың шығу себептері қандай?

Ұсынылатын әдебиеттер: [№9, 10-тарау, §§3-4, 146-153 бб.; №11; №13, 16-тарау, §§1-4, 395-416 бб.; №14; №19, 2-тарау, 94-108 бб.; №34; №35, 33-38 бб.; №38; №42; №48; №49; №56].

 

Дәріс 6. Қоғамның саяси жүйесі.

Дәріс мақсаты:саяси жүйе түсінігі, оның құрылымы мен элементтері, қызметін, саяси жүйе теорияларын қарастыру. Саяси жүйені жіктеудегі өлшемдерге тоқтала отырып, саясаттануда қалыптасқан саяси жүйе типологиясын қарастыру және қазіргі заманғы саяси жүйелерге талдау жасау.

Басты ұғымдар:жүйе, саяси жүйе, саяси жүйе құрылымы, жүйелілік теория, құрылымдық-функционалдық теория, саяси институттар, саяси қатынастар, саяси нормалар, саяси сана, саяси мәдениет.

  1. Саяси жүйе ұғымы. Саяси жүйе теориялары.
  2. Саяси жүйенің құрылымы.
  3. Саяси жүйенің типологиясы және жіктеу өлшемдері.
  4. Саяси жүйе институттары. ҚР-сының саяси жүйесін реформалау мәселелері.

1.Саяси жүйе ұғымы. Саяси жүйе теориялары. Саяси жүйе түсінігі саясаттанудағы негізгі категориялардың бірі, ол қоғамның саяси өмірін, саяси процестерді түсінуге мүмкіндік береді. Саяси жүйе қоғамның саяси тыныс-тіршілігін институттық-биліктік негізі және қоғамды ұйымдастырушы, бағыттаушы бастама болып табылады.

Қоғамның саяси жүйесі деп билік жүргізіп, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін саяси субъектілер арасындағы өзара қатынастардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес қоғамдық институттардың, құқықтық және саяси нормалардың тұтас жиынтығын айтады.

«Жүйе» ұғымы қоғамдық ғылымдарға биология мен кибернетикадан енді. Кейін жүйелілік тәсіл қоғамдық ғылымдарда пайдаланыла бастады. Әлеуметтануда қоғамды жүйелілік тұрғыдан талдап, бұл ұғымды әлеуметтану мен саясаттануға алғаш рет американдық зерттеуші Т.Парсонс енгізді. Ал алғаш рет саяси жүйе теориясын келесі бір американдық саясаттанушы Д.Истон жасады. Т.Парсонс теорияларында қоғамды әрқайсысы белгілі бір функция (қызмет) атқаратын төрт жүйешелерден: экономикалық жүйеше; саяси жүйеше; қауымдастық жүйеше (әлеуметтік); әлеуметтену жүйешесі (мәдени) тұратын құрылым ретінде көрсетті.

Саясаттануда саяси жүйенің қызметінің бірнеше теориялық модельдері жасалынды: жүйелілік; құрылымдық-функционалдық; ақпараттық-кибернетикалық. Жүйелік модельді алғаш рет Д.Истон жасады. Саяси жүйе сыртқы ортамен «кіріс» және «шығыс» принциптері арқылы байланысады. Кірістің екі түрі бар: қоғамдастықтың талаптары (бұл қоғамдағы қазына мен қаржының дұрыс немесе бұрыс бөлінуі туралы билік органдарына үндеуі деуге болады, мысалы, жалақыны көбейту, әлеуметтік бағдарламаларды кеңейту, азаматардың құқығы мен бостандығы, әскерді милитандыруға қаржыны азайту т.б.). Мұндай талаптар көбейіп оған билік басындағылар назар аудармаса, саяси жүйе әлсірейді.

Кірістің келесі түрі: қолдау. Ол үстемдік етіп тұрған жүйені күшейтеді. Қолдау материалдық формада (салықты уақытында төлеу, әскери қызмет т.б.) және заңдарды сақтау, билік органдарын құрметтеу, мемлекеттік символдарды құрметтеу, саяси өмірге белсене қатысу т.б. түрінде болуы мүмкін. «Кіріс» нәтижесінде сыртқы орта саяси жүйеге ықпал жасайды. Жүйе түскен талаптарды қарастырады, реттейді. Мұның салдары ретінде саяси жүйе түскен талаптарға немесе көрсетілген қолдауға жауап береді, яғни «шығыс» жасайды. Егер билік басындағылар қоғам мүшелерінің талаптарын тыңдамаса, оның шешімдері қолдау таппайды. Егер талаптар шамадан тыс көп болмаса және «кіріс» пен «шығыс» әрекеттері дер кезінде үйлестіріліп отырса, саяси жүйе тұрақты қызмет атқарады. Ал керісінше, саяси жүйені қолдаудың болмауы оны дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Саяси жүйенің құрылымдық-функционалдық үлгісін Г.Алмонд жасады. Ол Истонның идеяларын одан әрі дамытты. Бұл теорияда саяси жүйенің негізгі функцияларының мәнін ашуға көңіл бөлініп, саяси жүйенің элементтер мен жүйелерінің өзара әрекетін талдау жасалды.

2.Саяси жүйенің құрылымы мынандай элементтерден (немесе жүйешелерден) тұрады: институционалдық жүйеше, яғни саяси институттар (ұйымдар мен мекемелер); коммуникативті жүйеше (саяси қатынастар) саяси жүйенің, оның жүйешелерінің арасындағы қатынастар мен өзара әрекеттер принциптерінің жиынтығын құрайды; нормативті жүйеше (саяси ережелер мен нормалар), саяси жүйенің құрамына кіретін ұйымдардың іс-әрекеті және өзара әсері әлеуметтік-саяси және құқықтық нормалармен реттеледі.(Конституция, заңдар, нормативтік актілер,тарихи және ұлттық дәстүрлер, мораль, саяси өмір этикасы, әдет-ғұрыптар); мәдени-идеологиялық жүйеше (саяси сана мен саяси мәдениет) саяси көзқарастардың, теориялардың, концепциялардың, саяси және құқықтық мәдениеттің жиынтығы жатады. Саяси сана мен саяси мәдениет қоғамның саяси өмірінің сапалық жағын көрсетеді.

Саяси жүйенің негізгі қызметтері: қоғамға саяси басшылық жасау; біріктірушілік; ресурстарды жұмылдыру; бөлу функциясы.

3.Саяси жүйелер типологиясы және жіктеу өлшемдері. Саясаттануда саяси жүйені жіктеуде әртүрлі өлшемдер қолданылады. Г.Алмондтың саяси жүйені жіктеу принципі қазіргі саяси ғылым мен саяси тәжірбиесінің талабына толығырақ жауап беретіндігін айтуға болады. Алмонд саяси жүйелерді мынандай төрт түрге бөлді: ағылшын-американдық; құрылықтық-европалық; индустрияланбаған немесе жартылай индустрияланған; тоталитарлық.

Саяси жүйенің ағылшын-американдық түрінің негізінде жатқан ортақ мақсат – ол адам бостандығы, халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту және мемлекет қауіпсіздігін сақтау идеясы. Бұл елдерде мемлекеттің алдына қойған саяси мақсат-мұартын және оған жетудің жолдары мен әдіс-тәсілдерін халықтың бәрі қолдайды, саяси мәдениеттің бірыңғайлылығымен, біртектілігімен сипататалады. Бұл саяси жүйе түріне ортақ нәрсе – ол биліктің бөлінуі, саяси плюрализм, шебер ұйымдастыру және бюрократия, жоғары тұрақтылық. Мұндай елдерге Алмонд АҚШ-ты, Англияны, Канаданы, Австрияны жатқызды.

Құрылықтық (континенталдық)-европалық саяси жүйенің саяси мәдениетті, ұстанатын құндылықтары әр түрлі келеді. Оларда ескі жүйенің де, жаңаның да элементтері араласып келіп отырады. Бұл елдердің саяси жүйесінде әр түрлі идеологияны ұстанатын партиялар көп және олар билікті ескі дәстүрлерді де сақтап отырады. Алайда ескі мәдениеттің де, жаңаның да либералдық құндылықтарға, заңдылыққа сүйенген ортақ негізі бар. Сондықтан олар келісім тауып, жымдасып жатады. Мұндай елдерге Францияны, Германияны, Италияны, Швецияны, Данияны т.б. жатқызуға болады.

Индустрияланбаған немесе жартылай индустрияланған саяси жүйеге аралас мәдениет тән. Онда батыстың құндылықтары, этникалық салт-дәстүрлер, діни әдет-ғұрыптар шоғырланған. Құрылықтық-европалық саяси жүйемен салыстырғандаонда ортақ негіз жоқ. Заң шығарушы, атқарушы, сот биліктері жете тармақталмаған. Бұл елдерде авторитарлық тәртіп, күшке сүйену бой алған. Бұған Азия, Африка және Латын Америкасының көптеген елдерінің саяси жүйесін жатқызуға болады.

Тоталитарлық саяси жүйе түріне Алмондтың типологиясы бойынша фашистік Италия, фашистік Германия, бұрынғы социалистік жүйеге жататын елдерді жатқызуға болады. Мұндай саяси жүйенің басты ерекшелігі – тәуелсіз орталықтандырылған билік және орталықтың билігіне қоғамның бүкіл саласы бағындырылады.

Қазіргі заманғы саяси жүйелер. Қазіргі заманғы саяси жүйелерге тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық жүйелер жатады. Тоталитарлық саяси жүйе. Тоталитаризм саяси жүйе түрі ретінде ХХ ғ. пайда болды. «Тоталитаризм» термині кейінгі латын тіліндегі «totalitas» (толық, біртұтас) және «totalis» (түгел, толық, тұтас) сөздерінен шыққан. Тоталитаризм теориясы ХХ ғ. 40-50 жж. бастап қалыптасып, дамыды. Тоталитаризм мәселелері бойынша алғаш классикалық теориялық зерттеулер – Ф. Хайектің «Құлдыққа апаратын жол» (1944) және Х.Арендтің «Тоталитаризмнің шығу көздері» (1951), К.Фридрих пен З.Бжезинскийдің «Тоталитарлық диктатура және автократия» (1956) еңбектері болды.Тоталитаризм ХХ ғ. іс жүзіне асты, алайда оның идеялық негіздері ежелгі заманнан басталады.

Тоталитаризмнің белгілері. Тоталитарлық қоғамның маңызды белгісі – бүкіл қоғамдық өмірдің идеологияландырылуы (идеологияның үстем болуы). Тоталитаризмге ақпараттарға биліктің монополиясы, БАҚ-на толық бақылау, басқаша ойлаушылыққа жол бермеу, идеялық қарсыластарын саяси қарсылас ретінде қарау тән. Бұл құрылыста қоғамдық пікір ескерілмейді. Дарашылдық басып жанышталады. Ұжымдық сезімдер, теңгермешілдік, көпшіліктен бөлінбеу уағыздалады.