Анаэробты бактериялар

14.4.1.Спора түзбейтін анаэробтар (клостридиялар емес)

Қоздырғыштардың түрлері:

1. Bacteroides fragilis

2. Fusobacterium nucleatum, F. necroforum

3. Prevotella melaninogenicus, P. intermedia

Морфологиясы. Спора түзбейтін анаэробтар (клостридиялар емес) – грам теріс (бактероидтар, фузобактериялар, вейлонеллалар) және грам оң (актиномицеттер, пептококтар, пептострептококтар), биологиялық қасиеттері әртүрлі, таяқша және кокк тәрізді бактериялар. Әртүрлі таксономиялық категориялардан тұратын облигатты анаэробтардың көлемді тобын құрайды.

Дақылдандыру.Қатаң анаэробты жағдайда (әдетте ауадағы N2, CO2, Н2 қоспаларынан тұратын) өсіріледі. Спора түзбейтін анаэробтар полиморфизммен ерекшеленеді, әртүрлі дәрежедегі ферменттік белсенділікке ие. Кейбір түрлердің антигендік қасиеті толығымен зерттелмеген. Патогендік факторлары: капсула, ферменттер, грам теріс бактерияларда – липополисахаридтер.

Аэробты жағдайда қоздырғыштар жылдам жойылады. Физикалық және химиялық факторларға сезімталдығы спора түзбейтін бактерияларға тән. Әрқайсысының өзіне тән антибиотиктерге сезімталдығы болады. Грам теріс анаэробтардың (типтік өкілі Bacteroides fragilis) аминогликозидтерге (гентамицин, канамицин) сезімталдығы жоқ, метранидазолға (трихопол), клиндомицинге және басқа да кең спектрлі антибиотиктерге сезімтал. Осы туыстастықтың негізгі айырмашылық белгілері 14.14- кестеде берілген.

Кесте 14.14.

Бактериоидтардың негізгі айырмашылық белгілері

түр Индол түзу Желатинді ыдырату Эскулинді ыдырату Н2S түзу Ыдырату нәтижесінде қышқылдың бөлінуі
рамноза глюкоза лактоза Сахароза
B. fragilis - +/- + + - + + +
B.thetaiotaomicron + +/- + + + + + +
B. vulgaris - + + + + + + +
B.distasonis - +/- + + +/- + + +
B.uniformis + - + ? - + + +
B.caccae - +/- + - +/- + + +
B.ovatus + +/- + + + + + +
B.merdea - +/- + + + + + +
B.stercoris + - + ? + + + +
B.urealyticus - +/- - + - - - -
B.gracilis - - - + - - - -

 

Спора түзбейтін анаэробтар (бактероидтар, фузобактериялар, порфиромонадтар, превотеллалар т.б.) адамның қалыпты микрофлорасының құрамды бөлігі болып табылады. Әсіресе олар ауыз қуысының, тоқ ішектің және әйелдердің жынысты мүшелерінің шырышты қабығында мекендейді.