Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Pseudomonadaceae

Туыстастығы:Pseudomonas

Түрі:. P.aerugіnosa, P.putіda, P.fluorescens, P.cepacіa, P. mallei.

Псевдомонадалардың қазіргі кездегі жіктелуі молекулалық гибридизация әдісіне және микроорганизмдердің дақылдық ерекшелігіне негізделген. Pseudomonas туыстастығының кейбір бактериялары қазіргі кезде жаңа атқа ие болды – Burkholderia.

Кейбір түрлері топырақ пен судың табиғи өкілдері, сондықтан табиғаттағы заттар айналымында маңызды рөл атқарады. Басқа түрлері адамдарда (сап, мелиодиоз қоздырғыштары), жануарлар мен өсімдіктерде ауру тудырады

Pseudomonas aerugіnosa (көкіріңді таяқшасы).1862 жылы А.Люкке алғаш рет іріңдеген жараның маталық таңбасы көк-жасыл түске ерекше бойялуы жағдайын байқаған. Псевдомонаданың таза дақылын С.Жессар 1882 жылы бөліп алған.

Морфологиясы және тинкториялық қасиеттері. Pseudomonas aerugіnosa белгілері: грам теріс, тік немесе сәл иілген таяқша, шеттері жұмырланған, анилин бояуларымен жақсы боялады. Жағындыда бір-біреуден, жұптасып немесе қысқа тізбек түрінде орналасады. Қозғалады (монотрих немесе лофотрих). Пили немесе фимбриялары бар. Спорасы мен капсуласы жоқ, бірақ микроб жасушасын қаптайтын капсула тәрізді кілегей түзеді (31-сурет).

Олардың арасында жоғары деңгейде кілегей түзетін мукоидты штамдары кездеседі.

Дақылды өсіру. Барлық псевдомонадалар - облигатты аэробтар, тыныс алуға қатысатын ферменттері бар (цитохром, дегидраза, цитохромоксидаза). Хемоорганотроф, өсу температура диапазоны 60-450 С (қолайлысы 370С). Қоректік ортаға талғамды емес, ет-пептонды агарда және ет-пептонды сорпада жақсы өседі. Бір тәуліктен кейін сұйық қоректік орта лайланады түбінде тұңба және бетінде сүр түсті қабықша пайда болады. Ет-пептонды агарда сүр түсті және жылтырайтын үлкен (3-5 мм), жартылай мөлдір колониялар түзеді. Колонияның ортасы қоныр, шеттері бір тегіс. Қиғаш агарда көкірің таяқшасы нәзік, жылтыр қыбықша тәрізді өседі. Дақылдың өзіне тән хош ақгүл (жасмин) иісі бар. Бактерияның ең маңызды ерекшелігі - бір тәулікте қоректік ортаны көгілдір-жасыл түске өзгертетін пиоцианин пигментін бөледі. Олар бактерицидтік қасиетке ие протеиндер. Эпидемиологиялық таңбалау және түрішілік идентификацияны жүргізу үшін аурудан, қоршаған ортадан бөлінген бактерия штамдарын пиоцианиндік типтеу қолданады.

Көкірің таяқшасының қантты ыдырататын белсенділігі әлсіз: глюкозаны ыдыратады. Ал протеолитикалық белсенділігі басым: желатинді және ұйыған қан сары суын ыдыратады, казеинді гидролиздейді. Лакмустық сүтті ірітеді, нитратты нитритке айналдырады. Индол, күкіртті сутек түзбейді, Фогес-Проскауэр реакциясы - теріс. Оксидазаны бөледі.

Антигендік құрылымы. Көкірің таяқшасында соматикалық О-антигені және талшықты Н-антигені бар. Кілегей және капсула-тәрізді қабықша синтездейтін штамдарда М-антиген анықталған.

Патогенділік факторлары. Көкірің таяқшасы тудыратын аурулардың патогенезіне қатысатын көптеген патогенділік фактолар бар: пили (фимбриялар), экстрацеллюлярлы кілегей, осының құрамына кіретін гликопротеид, эндотоксин, экзотоксин А, экоэнзим S (экзотоксин S – жоғары вирулентті штамдарда кездеседі), лейкоцидин, энтеротоксин және өткізуші факторлар, агрессия ферменттері (гемолизин, фосфолипаза, нейраминидаза, протеаза, эластаза). Олардың түзілуі плазмидалармен қадағаланады.

Экзотоксиндер арасында маңыздылығы ерекшесі - экзотоксин А, әсері дифтерия экзотоксиніне ұқсас - трипсинге, жоғары температураға, ортаның қышқыл рН сезімтал. Экзотоксин А өлімге әкелетін әсері - рибосомадағы ақуыздардың түзілуін бұзатын ЕҒ-2 ақуыздың элонгациясымен байланысты. Көкірің таяқшасының патогенді қасиеттерін күшейтетін ферменттері бар: коллагеназа - дәнекер тіндерді бұзады және қоздырғыштың ағзада таралуын қамтамасыз етеді; протеаза - комплемент жүйесін тежейді; лецитиназа, нейраминидаза т.б.

Резистенттілігі. Көкірің таяқшасының ерекшелігі қоректік заттарға қажеттілігі шектелген, сондықтан қоректік заттар көзі жоқ жағдайда өмір сүре алады. Көкірің таяқшасы ультракүлгін сәулесіне және хирургияда қолданатын антисептиктерге төзімді (фурацилин, риванол т.б.). Аурухананың палата шаңдарында 2 аптаға дейін, ал күйікке шалдыққанда пайда болған қабықшада - 8 аптаға дейін сақталады. 600С қыздырғанда 15 мин аралықта, 550С қыздырғанда - 1 сағат ішінде өледі. 2% фенол ертіндісінде жылдам жойылады.

Антибиотиктерге тұрақтылығы бактерияның сыртқы мембрана өткізгіштігіне және пенициллиназа түзілуімен байланысты.

Эпидемилогиясы.Табиғи ортасы – топырақ, әртүрлі су қоймалары. Сау адамның 5-10% көкірің таяқшасының тасымалдаушысы (қалыпты жағдайда ішекті мекендейді) және аурухана ішінде пациенттердің 70% тасымалдаушы болып келеді. Аурухананың ішінде медициналық құрал-жабдықтарда, суда, ауада, тамақта таралған. Псевдомонадалар дестилденген және стерилді суларда өсіп-көбейеді, сондықтан антисептиктер, детергенттер т.б ертінділер құрамында кездеседі.

Ауру эндогенді - қалыпты микрофлора белсенген кезде, яғни дисбактериоз байқалғанда және экзогенді - псевдомонадалар топырақпен, сумен, ауамен, инфицирленген инструменттермен, таңба материалдарымен, тағамдармен жұққанда жолмен тарайды.. Дисбактериоз жиі жас балаларда және ағзаның жалпы резистенттілігі төмендеген кісілерде дамиды. Инфекция көзі – ауру адам, бактерия тасымалдаушылар және табиғи резервуарлар. Сондықтан көкірің таяқшасы тудыратын инфекцияны сапроантропоноз деп атайды.

Таралу механизмдері мен жолдары: ауа-тамшылы, қарым-қатынас арқылы, парентералді, фекалды-оралды.

Патогенезі және клиникасы. Көкірің таяқшасы адамда түрлі ауру қоздыруы мүмкін: сепсис, менингит, остеомиелит, артрит, отит, пневмония, плеврит, бауыр, ми да абсцестер, зәр шығару жолдарында қабыну үрдістерін тудырады т.б. Маңызды рөлі - операциялық жаралардың және құйіктердің іріңді-қабыну асқынулары сияқты қауіпті жағдайлар тудыруы мүмкін. Көкірің таяқшасы тағы тағамдық токсикоинфекция қоздырғышы бола алады. Көкіріңді таяқша тудырған аурулар өте ауыр түрде дамиды, емдеуі қиын, ұзаққа созылу жағдайында жүреді. Бұның себебі: біріншіден - түрлі патогенді факторларының болуы, екіншіден - 6-10 және одан көп антибиотиктерге бір уақытта R-плазмидалық тұрақтылық болу.

Микробиологиялық диагноз қою. Негізгі зертханалық әдіс - бактериологиялық. Тексерілетін материал әртүрлі болады, дегенмен ірің, экссудат, мүшелерден пунктат, зәр жиі алынады. Көкірің таяқшасының ерекшелігі: пиоцианин пигменті бөлінуі нәтижесінде қоректік ортаның көгілдір-жасыл түске боялуы. Pseudomonas туыстастығының идентификациясы биохимиялық және дақылдық қасиеттері бойынша жүргізіледі.

Серологиялық диагностикасы көкірің таяқшасының антигендеріне соның ішінде А экзотоксині және ЛПС кешеніне қарсы антиденелерді анықтау жүргізіледі (КБР, РГАР т.б.).

Емдеуі. Антибиотиктермен емдеу, тек оларға сезімталдығын анықтаған жағдайда ғана жүргізіледі. Тағамдық токсикоинфекцияда және ішек дисбактериозында белсенді терапия ретінде интести-бактериофаг тағайындалады. Созылмалы әлсіз өтетін ауруларда аутовакцина қолдануға болады.

Алдын алуы. Жоспарлы арнайы сақтандыруы қарастырылмаған. Жалпы сақтандыруы - қоздырғышты жараға, құйік жара бетіне түсірмеу, яғни қатал санитарлы-гигиеналық ережелерді сақтау. Қазіргі кезде қолданылатын вакциналар: құрамында ЛПС бар вакцина, субкорпускулярлы полисахаридті вакцина, рибосомалық вакцина, құрамында талшықтық антигені және жасушадан тыс бөлінген кілегейдің бөлшектері бар вакцина, сонымен қатар, құрамында А экзотоксині бар және т.б.

Иммунды тапшылыққа ие адамдарға вакцина қолданылады.

 

14.3.6. Буркхольдериялар (Burkholderia туыстастығы)

Маңқа (сап) қоздырғышы - Burkholderia (Pseudomonas) mallei

Маңқа (malleus) - Burkholderia (Pseudomonas) mallei туғызатын зоонозды жұқпалы ауру, септикопиемиямен, тері, шырышты қабаттың және ішкі ағзалардың зақымдануымен сиатталады. Қазіргі уақытта бұл сырқат адамдар арасында сирек кездеседі.

Маңқа қоздырғышын 1882 жылы Ф.Леффлер мен Х.Шютц ашқан.

Биологиялық қасиеттері. Полиморфты, грам теріс таяқша, спора мен капсула түзбейді. Аэроб. Қарапайым қоректік орталарда өседі. Штамдары антигендік құрылымы бойынша ажыратылады. Негізгі патогенді факторы – эндотоксин «маллеин», әртүрлі ағзалардың жазық бұлшық еттеріне әсер етеді, қызба пайда болады. Дененің салмағы азаяды.

Резистенттілігі. Burkholderia (Pseudomonas) mallei сыртқы орталарда тез жойылады, ауру кезіндежануарларда, суда және топырақта бір айға дейін сақталады.

Эпидемиологиясы.Маңқа – зооантропонозды аса қауіпті инфекция.Негізгі инфекция көзі - ауру үй жануарлары - жылқылар, есектер, түйелер. Ауру мұрынның шырышты қабатында шіріген жараның түзілуімен өтеді. Мұрынның бөліндісінде қоздырғыштар жинақталады. Ауруға шалдығу ауру жануарлардың терісінен, ауыз бен мұрынның шырышты қабатына қоздырғыш түсуі арқылы болуы да мүмкін. Ауру адамнан сау адамға жұғу мүмкіншілігі өте төмен. Маңқаның патогенезі жеткіліксіз зерттелген.

Клиникалық көрінісі- қоздырғыштың енген жерінде түйіндердің, басқа ағзаларда ойық жаралардың пайда болуы.

Адамдардың маңқаға сезімталдығы жоғары. Иммунитет зерттелмеген.

Микробиологиялық диагноз қою.Микробиологиялық диагноз мұрынның бөліндісін, қабыну ошақтарының іріңін, қан құрамын бактериологиялық және бактериоскопиялық зерттеулердің негізінде қойылады. Серологиялық диагностика қолданады: КБР, АР, өлтірілген дақылдың фильтратынан алынған маллеинмен тері-аллергиялық сынамасын қояды.

Емдеу үшін антибиотиктермен (аминогликозидтер, тетрациклин қатары) бірге сульфаниламидты препараттарды қолданады.

Арнайы алдын алуыжасалмаған. Бейспецификалық алдын алу ауру немесе ауруға күдіктенген жануарларды баптап, адамдардың жеке басын қорғаудың ережелерін мұқият сақтауға, ауру жануарларды анықтау мақсатымен ветеринарлы0-санитарлық бақылау жүргізуге негізделген.

Мелиоидиоз қоздырғышы - Burkholderia (Pseudomonas) pseudomallei, жалған маңқа қоздырғышын 1912 жылы Бирмада ағылшын дәрігері Р.Уайтмор ашқан.

Биологиялық қасиеттері.Burkholderia pseudomallei - ұсақ, қозғалғыш, полиморфты, грам теріс таяқшалар, спора мен капсула түзбейді. Аэроб. Қарапайым қоректік орталарда жақсы өседі. Тығыз қоректік ортада ақшыл-сары немесе ақшыл-қызыл түсті тегіс немесе бұдыр колониялар түзеді. Баяу өседі, көкірің таяқшасына ұқсас, 420С температурада өсуі мүмкін. Глюкоза және лактозаны қышқылға дейін ыдыратады. О- және Н-антигендерге ие.

Патогенділ3к факторлары: өлімдік дерматонекроздық токсин, ЛПС, протеазалар, гемолизиндер.

Резистенттілігі. Қоршаған ортада тұрақты: кептіргерде, несеп, нәжіс, жануарлар мәйіттерінде айлап сақталады.

Эпидемиологиясы. Табиғатта кең таралған: топырақта, суда, күріш алқаптарында, көкөніс-жемістердің бетінде орналасады.

Мелиоидоз – зоонозды жұқпалы ауру, септикопиемия түрінде дамиды. Инфекцияның көзі – кеміргіштер, әртүрлі ауыл шаруашылық және жабайы жануарлар.

Адамға қарым-қатынастың, фекалді-оралді, трансмиссиялық жолдар арқылы жұғады.

Патогенезі мен клиникасы толық зерттелмеген. Жедел түрде өтеді, көбінесе өлімге әкеледі.

Иммунитеті зерттелмеген.

Микробиологиялық диагноз қою.Микробиологиялық диагноз мұрынның бөліндісін, қабыну ошақтарының іріңін, қан құрамын бактериологиялық және бактериоскопиялық зерттеулердің негізінде қойылады. Серологиялық диагноз үшін КБР, АР, және де өлтірілген дақылдың фильтратынан алынған маллеинмен тері-аллергиялық сынамасын қояды.

Емдеу үшін антибиотиктермен (аминогликозидтер, тетрациклин қатары) бірге сульфаниламидты препараттарды қолданады.

Арнайы алдын алуы жасалмаған. Бейспецификалық алдын алуы ауру немесе ауруға күдіктенген жануарларды баптап, адамдардың жеке басын қорғаудың ережелерін мұқият сақтауға, ауру жануарларды анықтау мақсатымен ветеринарлы-санитарлық бақылау жүргізуге негізделген.