Таксономиясы.

Туыстастығы: Bordеtella.

Түлері: Bordеtella pertussis,Bordеtella parapertussis.

Морфологиясы мен тинкториалдық қасиеттері. Bordеtella pertussis - ұсақ, сопақша, грам теріс, ұшы жұмырланған таяқшалар (коккобактериялар). Спорасы, талшығы жоқ, микрокапсула түзеді. Толуоидин көгімен бояғанда бордетеллалар құрамында метахромазиялық боялатын, биполярлы орналасқан дәндер (липоидтар) анықталады. Кейбір түрлері (B. bronchioseptica, B. avium, B. hinzii, B. trematum) 37әС температурада қозғалғыштыққа ие болады.

Дақылдандыру.Bordеtella pertussis– облигатты аэроб, өсу үшін қолайлы температурада - 37әС, рН - 7,2, 3-7 тәулікте өседі; қоректік орталарға өте талғамды, қоректік орталар құрамында міндетті түрде сорбенттер болу қажет (қан, белсенділігі жоғары көмір, альбумин), себебі бұл бактериялар метаболизм нәтижесінде қанықпаған май қышқылдарын, Н2О2, метал иондарын, коллоидты күкірт, сульфиттер бөліп өздерінің өсуіне кедергі жасайды. Борде-Жангу (қан қосылған картоп-глицеринді агар) ортасында өседі, онда олар қара түсті сынап тамшылары тәрізді, шамалы гемолиз беретін колониялар түзеді, және казеинді-көмірлі агарда сұр крем түсіне ұқсас колониялар түзеді. Бордетеллалардың басқа түрлері (Bordеtella parapertussis, Bordеtella bronchiseptica, Bordеtella avium) қарапайым қоректік орталарда өсе алады, 24-48 сағат инкубациялаудан кейін көзге көрінетін колониялар түзеді.

Бордетеллалар R-S-трансформациясымен сипатталады. Аурудан алғаш бөлінген дақыл - S-пішінді, вирулентті, токсин түзетін (ІV-фазада) қасиеттерге ие. Қоректік орталарда көп пассаж (бірнеше рет сепкенде) жасау нәтижесінде бордетеллалар авирулентті R-пішіндіге (ІІ-фазадан) өтеді, Осы жағдайда аралық кезеңдерден өтеді (ІІ және ІІІ фазалар).

Ферменттік белсенділігі.Bordеtella pertussis биохимиялық инертті немесе белсенділігі жоқ (14.12.-кесте).

Антигендік қасиеті. Бордетеллалар термостабильді туыстастық арнайылығы бар О-антигенге ие, олар тек S-пішінді түрлеріне тән. Бордетеллалардың беткейлік термолабилді 14 капсулалық антигендері анықталған. Bordеtella pertussis міндетті түрде 1-6 факторларға ие, оның ішінде 2, 3, 4, 5, 6 факторлары әр түрлі кұрамдаста болады. Сонымен қатар барлық бордетеллаларға тән жалпы 7-факторы белгілі. Олардың үйлесімді тәуелділігіне қарай Bordеtella pertussis-тің серологиялық варианттарын ажыратады. 14-фактор Bordеtella parapertussis-ке, ал 12-фактор - Bordеtella bronchiseptica-ға ғана тән. Бордетеллалардың К-антигендері агглютинациялық реакция арқылы анықталады, соған байланысты оларды агглютиногендер деп атайды. Бұл реакция эпидемиологиялық маркерлерін анықтау мақсатында жүргізіледі. Авирулентті R-пішінді бордетеллалардың капсуласы жойылғанда, олар иммунды К-сарысуларымен

Кесте 14.12.

Бордетелла түрлерінің дифференциациясы

Белгілері Микроорганизмдердің түрлері
B. pertussis B. paraper-tussis B. bronchi-septica B.avium
Қозғалғыштығы - - + +
Борде-Жангу ортада өсу уақыты, (тәулік) 3-6 2-3 1-2 1-2
ЕПА-да өсуі - + + +
Пигмент түзуі - + - -/+
Биохимиялық белсенділігі: Урезаға тест Оксидазаға тест Нитраттың нитритке тотықсыздануы Каталазаға тест   - + - +   + - - +   - + + +   - + - +
Патогенді факторлары: Пертуссис-токсин Жасушадан тыс аденилатциклаза Трахеялық цитотоксин   + + +   - + +   - + +   - - +

 

агглютинацияланбайды. Вируленттік қасиеті бар, гемолиз тудыратын және токсин түзу қасиеттерінің жойылуы екі механизм арқылы іске асады: 1. Фенотиптік (модификациялық) өзгеріс Bordеtella pertussis-тің қолайсыз жағдайда өсуі нәтижесінде пайда болады (25 - 280 С температурада немесе МgSO4 бар жағдайда өсуі). 2. Генотиптік өзгерістер (мутациялар) нәтижесінде адамның ағзасынан тыс орналасқан жағдайда жаңа авируленттік қоздырғыштың фазалары пайда болады (ІІ, ІІІ, IV фазалары).

Патогенділік факторлары.Bordеtella pertussis қызба тудыратын эндотоксин, антифагоцитарлық белсенділікке ие және лимфоцитозды күшейтетін ақуызды токсин (пертуссис-токсин), тамырдың өткізгіштігін жоғарылататын, гистамин-сенсибилизациялық әсер ететін, эпителиалды жасушалардың жойылуын тудыратын агрессиялық ферменттерді бөледі: 1. Филаментозды гемагглютинин - тыныс алу жолы эпителиінің жасуша мембранасының гликолипидімен және басқа полиморфты-ядролық лейкоциттің беткейлі гликопротеинді рецепторымен байланысып, фагоцитозды тудырады. 2. Көкжөтелдік токсин (пертуссис токсин) - пертуссиннің 1-ші суббірлігі фагоциттердің белсенділігін және моноциттердің көшуін басады. Пертуссиннің 2-ші суббірлігі – тыныс жолдарының беткейлі жасушаларымен байланысады. Пертусиннің 3-ші суббірлігі – фагоциттердің беткейлі ганглиозидтерімен байланысады. 3. Пили және пертактин – тыныс алу жолдарының жыпылық эпителиіне жабысуын (адгезия) қамтамасыз етеді. 4. Аденилатциклаза - фагоциттердің киллинг-белсенділігін және моноциттердің көшуін басады. 5. Дерматонекротоксин - теріні зақымдайды және зертханалық жануарларға леталды фактор болып келеді. 6. Кеңірдектік цитотоксин - тыныс жолдарының кірпікшелі жасушаларын бұзатын пептидогликанның бөлшегі; интерлейкин-1 іске асырылуын күшейтеді (қызба). 7. Эндотоксин (липополисахарид) - комплементті белсендіреді және цитокиннің бөлінуін күшейтеді.

Бактериялардың адгезиясына гемагглютинин, сыртқы мембрананың ақуызы және пили қатысады.

Резистенттілігі. Көкжөтел қоздырғышы қоршаған ортаға өте төзімсіз. B. pertussis суыққа сезімтал, кепкен қақырықта бірнеше сағатта өледі. Ультракүлгін сәулелерге, дезинфекциялық ертінділерге және жоғары температураға сезімтал. 50 - 550С қыздырғанда оларды 10 – 30 мин өлтіреді

Эпидемиологиясы. B. pertussisдақылын ақ тышқандарға интраназалды (мұрын қуысы арқылы) енгізгенде пневмония дамиды. Көкжөтел және паракөкжөтел – антропонозды аурулар; инфекция көзі - ауру адам (әсіресе аурудың басында қауіпті) және тасымалдаушылар. Инфекция ауа-тамшылы жол арқылы жұғады. Ауру барлық жерде кездеседі. Аурумен мектепке дейінгі балалар жиі ауырады. Әсіресе көкжөтелге емшектегі балалар сезімтал болып келеді, олар үшін ол өте қауіпті. Аурумен қыста және күзде жиі ауырады.

Паракөкжөтел сирек кездеседі, көкжөтелмен салыстырғанда клиникасы жеңіл өтеді.

Патогенезі. Инфекцияның ену қақпасы жоғарғы тыныс жолдары, онда катаралдық қабыну дамиды. Тыныс жолдарының рецепторларын токсинмен тұрақты түрде тітіркендіру нәтижесінде жөтел пайда болады, әрі қарай тыныс алу орталығында қозу ошағы пайда болады және бейспецификалық себептермен де жөтелдің ұстамалары тууы мүмкін. Жөтел ұстамасының пайда болуы Bordеtella pertussis токсинінің ағзаны сенсибилизациялау маңыздылығымен байланысты.

Клиникалық көріністері. Жасырын кезеңі 2-14 күн. Науқастану дене қызуының аздап көтерілуімен, шамалы жөтелумен, риниттік белгілермен (тұмау) көрінеді. Осыдан кейін спазмалық жөтел пайда болып, қақырық бөлінумен аяқталады. Мұндай жөтел ұстамалары тәулігіне 5-тен 50-ге дейін болуы мүмкін. Науқастың жөтелі «қораздың шақыру дауысына» ұқсас (французша “coqueluche”). Ауру 2 айға дейін созылады. Көкжөтелдің жеңіл, орташа ауыр және ауыр түрлерін ажыратады.

Иммунитеті. Ауырғаннан кейінгі иммунитет тұрақты, өмір бойы сақталады. Маңызды рөлді секреторлы А иммундыглобулин атқарады. Иммунитеті тек түрарнайы, сондықтан пайда болған антиденелер көкжөтел қоздырғышына ғана қарсы әсер етеді, басқа (Bordеtella parapertussis, Bordеtella bronchiseptica) бордетеллалар түрлерінен қорғамайды.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттелетін материал - жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышы. Зерттеу материалын екі жолмен алады: тампонды және жөтел пластинкасы әдістері. Екі түрлі тампонды қолданады: құрғақ және ылғалданған. Құрғақ тампонмен алған материалды тығыз қоректік ортаға жедел себеді, ал ылғалданған тампонмен алғанда зертханаға себуге 2-4 сағатта жеткізу керек. Диагноз қоюдың негізгі әдісі - бактерологиялық. Бұл әдіс бойынша тығыз қоректік орталарға - әлсіз гемолиз аймағы бар, ұсақ, күмбез тәрізді тегіс колониялар өсетін Борде-Жангу ортасына (картоп-глицеринді қанды агар); сүтті - қанды агарға; ұсақ сұр-крем түсті колониялар өсетін казеинді-көмірлі агарға (ККА - КУА) себеді. Таза дақылды морфологиялық, дақылдық және антигендік қасиеті бойынша идентификациялайды.

Зерттеудің бірінші күні. Тамопмен алынған материалдарды бір-екі Петри табақшаларына (Борде-Жангу ортасы немесе ККА және алдын-ала пенициллинмен немесе бициллинмен қосалқы микрофлорасын басқанортасы бар) себеді. Себілген орталарды температурасы 370С 72 сағат инкубациялайды.

Зерттеудің төртінші күні. Табақшаларды күмәнді колонияларға зерттейді. Қоректік ортада күмәнді колонияларды байқағанда қиғаш казеинді-көміірлі агарға седеді. Колониялардан жағынды дайындап, Грам әдісімен бояп, микроскопта қарайды. Заттық шыныда агглютинация реакциясын адсорбцияланбаған арнайы түрлік сары сумен қояды. Көкжөтел және паракөкжөтел қоздырғыштарын дифференциациялау үшін уреазаға сынама, қиғаш ЕПА егеді, жартылай тығыз ортаға сеуіп қозғалғаштығын анықтайды және Симмонс ортасына себеді.

Зерттеудің бесінші-алтыншы күні. Идентификация нәтижелерін талдайды. Көкжөтел микробының сероварын анықтайды. Қорытынды жауап береді.

Бактериялардың идентификациясы үшін флюрохроммен таңбаланған Bordеtella pertussisпен Bordеtella рarapertussis-ке қарсы антиденелерді қолдана отырып ИФР-ын (жедел диагностика) жүргізеді. Ретроспективтік диагноз қою үшін серологиялық әдіс қолданылады: Bordеtella рertussis токсині мен гемагглютиніне қарсы IgG және IgA анықтау (АР, КБР, ПГАР, ПТР).

Емдеуі. Көкжөтелдің ауыр жағдайында антибиотиктер (эритромицин, тетрациклин, левомицетин), қалыпты гомологиялық иммунды глобулин тағайындалады. Салқын таза ауа, антигистаминді препараттар ұсынылады.

Алдын алуы. Көкжөтелге қарсы арнайы сақтандыру үшін адсорбцияланған көкжөтелді-дифтериялы-сіреспе вакцинасын (АКДС) қолданады. Балаларға 3 айдан бастап енгізіледі. 1 жасқа дейінгі балаларға және ауру адаммен қатынаста болғандарға адамның қалыпты иммунды глобулинін енгізеді. АКДС-М құрамы: 1 фазадан тұратын B.рertussis-тің өлі дақылы, көкжөтел токсині, агглютиногені, капсулалы антиген, дифтериялық және сіреспелік анатоксин.

Қазіргі уақытта құрамында тазартылған көкжөтел бордетеллаларының антигендері орналасқан – филаментті гемагглютинин, пертактин, агглютиноген немесе пертуссис-анатоксині бар суббірлік вакциналар қолданылады (ацеллюларлы, субкорпускулярлы).