Пастереллалар

Pasteurella туыстастығының бактериялары көбінесе жануарларға патогенді. Сонымен қатар, адамның тыныс алу және асқорыту жолдарында кездесуі мүмкін. Алғашқыда осы туыстастыққа барлық иерсиниялар және франциселлалар кіретін.

Пастереллалардың кейбір түрлері адамда ауру тудырады. Бұл – бактериялық, зоонозды жұқпалы аурулар, қарым-қатынастық жұғу жолдарымен, жергілікті тері зақымдануы және лимфоадениттермен сипатталады.

Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Pasteurellaсеае.

Туыстастығы: Pasteurella.

Түрлері: Р.multocida, P.haemolytica, P.pneumotropica, P.ureae.

Морфологиялық және тинкториалдық қасиеттері. Пастереллалар – ұсақ, қозғалмайтын, грам теріс, касуласы бар, сфералық немесе сопақша пішінді коккобактериялар. Микроскопта қарағанда жағындыда шашыранды, жұптасып немесе қысқа тізбектеліп орналасады. Көбінесе биполярлы боялады, әсіресе жануарлардың зақымданған тіндерінен дайындалған препараттарда.

Дақылдандыру және ферментативтік белсенділігі. Пастереллалар – факультативті анаэробтар, 370С температурада, қарапайым қоректік орталарда жақсы өседі. Тығыз орталарда - майда, ақшыл колония түзеді, ал сұйық орталарда - лайланып, аз жағдайда тұнба түзіп өседі. Оксидаза және каталаза ферменттерін түзеді, қышқылға дейін глюкозаны ыдыратады, нитратты нитритке дейін тотықсыздандырады. Туыстастық ішінде бактериялар биохимиялық белсенділігі бойынша ажыратылады.

Антигендік қасиеті.Толық зерттелмеген. Құрамында О-антиген орналасқан.

Патогенділік факторлары. Пастереллалар – факультативті жасушаішілік паразиттер. Негізгі патогенділік факторы – капсула (фагоцитоздан қорғайтын), эндотоксин.

Эпидемиологиясы. Адамдардың негізгі жұғу механизмі – тұрмыстық, қарым-қатынас, таралу жолдары – жануарлар тістеген жара арқылы. Қоздырғыштың табиғаттағы резервуары – жабайы және үй жануарлары мен құстар. Р.multocida жануарларда геморрагиялық септицемия, құс тырысқағын, ауыл-шаруашылық жануарларда – пневмония тудырады. Бұл түрге жататын бактериялар барлық жерде таралған, жабайы жануарлардың тыныс алу және асқорыту жолдарынан бөлінеді. Кейбір жағдайларда адамның қалыпты микрофлорасы ретінде де бөлінеді. Р.multocida кейде адамдарда әртүрлі ағзаларды зақымдайды, әсіресе ит және мысық тістеген жараларда жиі кездеседі. P.haemolytica ірі қара малдың, қой, шошқа, жылқы және тауықтардың жоғарғы тыныс жолдарында табылған. Осы жануарларда пневмония және «транспорттық» қызба тудырады. Ірі қара мал, қой, құстар арасында эпизоотияның жиі себебі болып келеді. Сондықтан үлкен экономиялық шығындарға әкеледі. Адамда өте сирек инфекция тудырады. P.pneumotropica тышқандардың және егеуқұйрықтардың тыныс алу және асқорыту жолдарының қалыпты микрофлора өкілі болып келеді. Кеміргіштерде дисбактериоз кезінде пневмония және сепсис тудыруы мүмкін. Адамдардың кейбір инфекциялары жануарлардың тістеуімен байланысты болуы мүмкін. P.ureae – жануарларда өте сирек кездеседі. Дегенмен, басқа микроорганизмдермен ассоциацияда адамдарда созылмалы респираторлы аурулар және іріңді инфекциялық жағдайларда кездеседі.

Клиникалық көріністері. Инфекцияның клиникалық белгілері пастереллалармен ауыратын жануарлар тістегенде көрінеді. Инкубациялық кезеңі 1-5 күнге дейін. Ауру жедел басталып, тістеген ошақта қызару, ісіну, ауырсыну пайда болады. Регионарлы лимфоаденопатия дамуы мүмкін, кейбір жағдайларда бактериемия және созылмалы респираторлы инфекциялар жануарлармен қарым-қатынаста болмаған жағдай да дамуы мүмкін. Осы жағдайларда ауру аэрогенді жолмен жұқтырылғанын көрсетеді.

Иммунитеті. Аурудан кейінгі иммунитет толық зерттелмеген.

Микробиологиялық диагноз қою. Ауру белгілерінің ерекшеліктері жоқ жағдайда микробиологиялық диагноз қою маңызды орын алады. Негізгі зерттеу әдісі – бактериологиялық. Зерттеу материалы – қан, жараның бөліндісі, қақырық. Оларды қоректік орталарға сеуіп өсіреді, бөлінген микроорганизмдерді идентификациялайды.

Пастереллаларды Haemophilus, Actinobacillus, Yersinia, Francisella туыстастығына жататын бактериялардан бірқатар белгілері бойынша ажыратады.

Емдеуі. Антибиотиктерді қолданады (пенициллин, тетрациклин, левомицетин, цефалотин).

Алдын алуы.Арнайы алдын алу қарастырылмаған.