Haemophilus ducreyi.

Haemophilus ducreyi – жұмсақ шанкрдің қоздырғышы, алғаш рет итальяндық венеролог А. Дюкре (1890) толық анықтаған. Жұмсақ шанкр (шанкроид) – венерологиялық ауру, белгілері мерезге ұқсас. Инфекцияның көзі – науқас адам. Жұқтыру жолдары – жыныстық, тұрмыстық қарым-қатынас арқылы. Оңтүстік Америка мен Африкада кеңінен таралған.

Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Pasteurellaceae.

Туыстастығы: Haemophilus.

Түрлері: Haemophilus ducreyi.

Клиникалық көріністері.Инкубациялық кезеңі – 3-5 тәулік, дегенмен, алғашқы белгілері – қызыл дақтың пайда болуы қоздырғыш енген орында бірінші тәулікте байқалады. Қоздырғыштың инвазиялық ошағында жыныс органдарында немесе ауто - жұқтыру нәтижесінде жыныстық органдардан тыс шанкроидқа тән белгілері пайда болады. Жергілікті зақымдануы – маңайы ісіңген жұмсақ жараның пайда болуымен көрінеді. Аймақтық лимфа түйіндері үлғайып, ауырсынады. Мерез шанкрінен айырмашылығы -пальпация кезінде шанкрдің ауырсынуы және қан кетуі байқалады. Ойық жарасы созылмалы түрде жазылады, сондықтан қоздырғыштар қан тамырларына өтіп бүкіл ішкі ағзаларға тарайды. Бұл ауруды мерез, қарапайым герпес, венерологиялық лимфогранулемадан міндетті түрде ажырату қажет.

Иммунитеті. Аурудан кейін иммунитет тұрақты қалыптаспайды, қайталап ауыруы мүмкін.

Микробиологиялық диагноз қою. Бактериоскопиялық әдіс кезінде, әдетте басқа іріңді үрдіс тудыратын микробтармен ассоцияациялық жағдайда грам теріс, ұсақ таяқшаларды ойық жаралардан анықтайды. Бактериологиялық әдіспен қоздырғыштың өсу факторларына тәуелдігін анықтайды (Х- факторға тәуелді, ал V- өсу факторына тәуелді емес). Құрамында ванкомицині бар шоколадты агарда, 330С температурада, ауада 10% СО2 бар жағдайда өседі. Гемолизі жоқ сұр түсті, ұсақ колониялар түзеді. Кейбір елдерде ПТР қолданады.

Емдеуі. Антибиотиктер қолданады: цефтриаксон, бисептол немесе эритромицин.

Алдын алуы. Арнайы алдын алу қарастырылмаған.