Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Pasteurellaceae.
Туыстастығы: Haemophilus.
Түрлері: Haemophilus influenzae, Haemophilus ducreyi.
Морфологиясы және тинкториалдық қасиеттері.Гемофилдерплеоморфизмге ие: ұсақ, грам теріс, сфералық, сопақша немесе таяқша тәрізді бактериялар. Гемофилді бактериялар қозғалмайды, спора түзбейді, пили немесе фимбриялары бар. Штамдарының бір бөлігі полисахаридті капсула түзеді. Капсула түзуі тұрақты белгіге жатпайды, дегенменен оның анықталуы штамның вируленттік маркері болып табылады.
Дақылдандыру.Гемофилді бактериялар – факультативтіанаэробтар, бірақ аэробты жағдайда жақсы өседі. Барлық түрлері қоректік орта құрамында өсу факторлары ретінде қанды қажет етеді (Х, V-факторлары). Себебі гемофилдер тыныс тізбегі ферменттерінің құрамына кіретін гемді және тотығу-тотықсыздану ферменттерінің кофакторлары болып келетін НАД (НАДФ) түзе алмайды.
Гемофилді таяқшаны өсіру үшін шоколадты агар қолданады – қоныр түстегі қанды агар (800С 15 минут қыздырған қанды агардан алады). Қыздырған кезінде гемолиз жүреді және эритроциттерден гемин және НАД бөлініп шығады. Haemophilus influenzae S- және R-колониялар түзеді (S-R-диссоцияцияға ие). Гемофилді бактериялар «сателлит феноменімен» сипатталады, яғни осы бактериялар қанды агардағы альфа-гемолиз немесе НАД түзетін басқа бактериялар колонияларының айналасында жақсы өседі. Гемофилді бактериялар өздігімен гемолиз бермейді. Мысалы, қанды агарда S.aureus тудырған гемолиз аймағында гемофилді бактериялардың ұсақ, айнала орналасқан колониялары анықталады. Капсулалы штаммдары шоколадты агарда М-колония (ылғалды, ақшыл, жарықта кемпірқосақша боялатын) немесе диаметрі 3-4 мм болатын S-колония (жартылай мөлдір, Грам әдісімен бояғанда капсуласы әлсіз анықталатын немесе байқалмайтын) түзеді. Капсуласыз штаммдары тығыз қөректік орталарда ақшыл-ақ түсті R-колония (шеті тегіс емес, кемпірқосақ бояуы жоқ) түзіп өседі.
Гемофилді бактериялардың идентификациясы өсу факторларының қажеттілігіне және кейбір биохимиялық тесттерге негізделген (14.11.-кесте).
Кесте 14.11.
Haemophilus туыстастығына жататын бактериялардың өсу факторларына қажеттілігі бойынша сипаттамасы
Түрлері | Өсу факторларының қажеттілігі | Гемолиздеу қабілеті | |
Х-фактор | V-фактор | ||
Haemophilus influenzae (соның ішінде H. influenzae aegyptius) | + | + | - |
H. parainfluenzae | - | + | - |
H. ducreyi | + | - | - |
H.haemolyticus | + | + | + |
H. parahaemolyticus | - | + | + |
H.aphrophilus | - | - | - |
Ферменттік белсенділігі. Гемофилді бактериялар – хемоорганотрофтар. Глюкозаны қышқылға дейін ыдыратады, нитратты нитритке дейін ауыстырады. Индол, уреаза, орнитиндекарбоксилазаны түзу қабілетіне байланысты Haemophilus influenzae-ны 8 биологиялық варианттарға бөледі.
Антигендік қасиеті. Haemophilus influenzae соматикалық О- және капсулалық полисахаридтік К-антигенге ие. К-антигені құрылысы бойынша 6 серологиялық топқа (Питтмен, 1931ж.) бөлінеді (а, b, c, d, e, f). Гемофилдердің капсулалық варианттарын «арнайы спецификалық сарысу» арқылы иммунды флюоресценция әдісі көмегімен және «капсуланың ісінуі» тесті арқылы анықтауға болады. Жоғары тыныс жолдарының қалыпты микрофлора өкілдеріне кіретін гемофилдердің капсуласы жоқ, оларды «типтелмейтін» гемофилдер деп атайды.
Патогенділік факторлары. Haemophilus influenzae-ның негізгі вируленттілік факторы – капсуласы. Капсуласы бар гемофилдер (b типі) ауыр түрде өтетін инфекция тудырады. Гемофилді таяқшалар секреторлы антиденелердің белсенділігін жоятын IgA-протеазасын түзуі мүмкін. Гемофилдердің пилиі және IgA-протеазасы тыныс алу жолдарының эпителийіне микроорганизмнің жабысуын және көбеюін қамтамасыз ететін маңызды факторлар. Экзотоксин түзбейді. Сыртқы мембранасының ЛПС эндотоксин қызметін атқарады және адгезиялық және инвазиялық үрдістерге қатысады.
Резистенттілігі. Бактериялар қоршаған ортаға тұрақсыз, адам ағзасынан тыс жерде жылдам жойылады. Дезинфекция ертінділеріне және қыздырғанға сезімтал. Дегенмен, бетта-лактамаза түзеді, сондықтан бетта-лактамды антибиотиктерге төзімді.
Эпидемиологиясы. Haemophilus influenzae тек қана адамдарға патогенді. Инфекцияның көзі – ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы. Капсуласыз варианттарының вируленттік қасиеті төмен, қалыпты жағдайда балалардың жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарында кездеседі (60–90%), ересектерде - (35%). Дегенмен, капсуласы бар b типті гемофилдерді симптомсыз тасымалдаушылардың 2 %-нан бөлуге болады.
Таралу жолдары – ауа-тамшылы. Көбінесе жас балалар ауырады: пневмония, синуситтер, септицемия, менингиттер қоздырады. Сонымен қатар, иммунды тапшылыққа ие кәрі кісілер мен темекі шегетін адамдар ауырады.
Патогенезі және клиникалық көріністері. Жоғары тыныс алу жолдарына өтіп эпителийіне жабысады, сонда көбейеді. Қанға өткен жағдайда, септикопиемия, септикалық артрит, эндокардит және іріңді менингит тудыруы мүмкін. b типті гемофилдері 5-7 жастағы балаларда жедел эпиглотит тудырады, сонын нәтижесінде тыныс жолдары тарылып асфиксияға әкеледі.
Аурудың клиникалық белгілері зақымдану үрдісінің қандай ағзада орналасатынына байланысты. Әсіресе гемофилдер тудырған менингиттің басқа бактериялар тудырған менингиттер клиникасынан айырмашылығы жоқ. Сондықтан, диагноз қою қоздырғышты бөліп алып, идентификациялауға негізделген.
Іріңді гемофилді менингит өте күрделі асқынуларға: көздің көрмей қалуы, кереңдікке, гидроцефалияға, жарыместілікке әкеледі. Әлемдік статистика мәліметтері бойынша гемофилді инфекциялар (менингит, сепсис, эпиглотит) балаларды дұрыс емдемегенде 90% өлімге әкеледі.
Иммунитеті. Алты айға дейін нәрестелерді анадан алынған иммунитет қамтамасыз етеді. Аурудан кейінгі иммунитет толығымен зерттелмеген. Дегенмен, 5-6 жастағы балалардың қан сарысуында b типті гемофилдердің капсуласына қарсы протективті антиденелер анықталады.
Микробиологиялық диагноз қою. Тексеруге мұрын-жұтқыншақ шырышы, қан, жұлын сұйықтығы алынады. Іріңді-қабыну үрдістері кезінде - ірің зерттеледі. Микроскопиялық әдіс толық мағлұмат бермейді, бірақ іріңді менингит кезінде жұлын сұйығынан жағындыны Грам әдісімен бояп зерттейді. Гемофилді таяқшаларды басқа бактериялардан жедел ажырату үшін анти-b-антиденелердің көмегімен жүргізілетін иммунды электрофорез, төте иммунды флюоресценция немесе латекс-агглютинация реакциясы арқылы b типті гемофилдердің капсулалық антигені анықталады.
Бактериологиялық әдіспен таза дақылын бөліп алып идентификациялайды. Қолданатын арнайы қоректік орта – шоколадты немесе қанды агар. Haemophilus influenzae-ны басқа грам теріс туыстастығы бактерияларынан Х- және V-өсу факторларына тәуелділігі, қанды агардағы гемолиздің болмауы және басқа да тесттер арқылы ажыратылады.
Емдеуі. Гемофилді таяқша тудырған инфекцияларды емдеуге бетта-лактамды антибиотиктер қолданады: цефалоспориндердің ІІІ- ұрпағына жататын препараттар (цефтриаксон, цефотаксин) және клавулан қышқылды амоксициллин немесе бисептол.
Алдын алуы. Әртүрлі вакциналар қолданылады. Олардың құрамында міндетті түрде RPR-антигені (тазартылған капсулалық антиген) болу қажет. Дегенмен вакцина қолдану бактерия тасымалдаушылықтан қорғамайды.