Таксономиясы.

Бөлімі: Graciculites

Тұқымдастығы: Сampylobacterіасеае

Туыстастығы:Сampylobacter

Түрі: C. jejuni, C. fetus, C.сoli, С. lary, C. hyointestinalis, C. upsaliensis, С. concisus, C. sputorum, C. rectus.

Морфологиясы және тинкториалдық қасиеттері:

Кампилобактерия жіңішке иілген таяқша, латынның «S» әріпіне ұқсас, үтір тәрізді немесе қосақталып “шағала қанаты” сияқты орналасады. Спора мен капсула түзбейді. Өте қозғалғыш, араларында амфитрихтер, монотрихтер, лофотрихтер кездеседі. Анилинді бояулармен нашар боялады, оларды анықтау үшін карбол фуксині қолданылады. Грам теріс (29-сурет).

Дақылды өсіру. Кампилобактериялар - әдетте микроаэрофилдер (оттегінің төмен мөлшерінде өседі). Ортаның қолайлы рН-7,0, температурасы - 370–420С. Кампилобактерияларды өсіру үшін арнайы қоректік орталар қолданылады, орталарда ұсақ, тамшы тәрізді колониялар түзеді. Өте баяу өседі.

Ферменттік белсенділігі. Кампилобактериялардың биохимиялық белсенділігі төмен.

Антигендік құрылымы. Кампилобактериялардың О- және Н антигендері бар, солар бойынша 60 серологиялық варианттарын ажыратады.

Патогенді факторлары толық зерттелмеген; кампилобактериялар энтеротоксин және цитотоксин түзуі мүмкін.

Резистенттілігі.Жоғары температураға сезімтал, дегенмен төмен температурада жеткілікті ұзақ сақталады – мұздатылған еттен бірнеше айға дейін бөлінуі мүмкін, бөлме температурасындағы әртүрлі заттарда 2 аптаға дейін сақталады.

Эпидемиологиясы.Кампилобактериоз - әлемнің көптеген мемлекет терінде кездеседі (аурушылдық барлық ішек инфекциясының 5-10% құрайды). Бұл зоонозды ауру. Инфекция көзі әртүрлі жануарлар болуы мүмкін, көбінесе үй және ауылшаруашылық жануарлары: орқоян, мысық, үйректер. Адамнан адамға таралуы өте сирек кездеседі. Инфекцияның таралу механизмі - фекальді оралды. Таралу жолдары - тағам және су арқылы (ауру малдың етін, сүтін пайдаланғанда). Ауру малды қарағанда тұрмыстық-қатынас жолымен жұғуы мүмкін. Иммунитеті төмен адамдар, балалар, қарт адамдар, жүкті әйелдер кампилобактериозбен жиірек ауырады. Патогенезі. Кампилобактерия ағзаға ауыз арқылы, кейде жарақатталған тері арқылы түседі. Асқазанда, ащы және тоқ ішекте қабыну реакциясы пайда болады. Бактериемия дамиды, соның нәтижесінде әлсіреген адамдарда екіншілікті қабыну ошақтары пайда болуы мүмкін (менингит, энцефалит, перитонит т.б.). Жүкті әйелдерде инфекция трансплацентарлы жолмен таралуы мүмкін, нәтижесінде түсікке немесе ұрықтың зақымдалуына әкеледі.

Клиникалық белгілері.Жасырын кезеңі әдетте 2-3 күнге созылады. Ауру көбінесе гастроэнтрит түрінде өтеді, жедел басталады, жоғарғы температурамен, іштің ауырсыну, жүрек айну, құсу, іш өтумен (кейде қан немесе шырыш қоспаларымен) сипатталады. Ағзаның сусыздану белгілері байқалуы мүмкін. Жаңа туған пәрестелерде септикопиемия дамиды. Ағымының сипатына байланысты жедел және созылмалы кампилобактериоз болып бөлінеді.

Иммунитеті. Толық зерттелмеген .

Микробиологиялық диагноз қою.

Бактериоскопиялық әдіс: Нәжістен жасалынған жағындыны Грам әдісімен бояп, микроскоппен зерттеу барысында «ұшып бара жатқан қарлығаш немесе шағала» қанатына ұқсас микробтар табылады. Сонымен қатар сұйық ортадағы нәжістің суспензиясын фазалы-контрасты микроскопта қарайды. Науқастың нәжісі, қаны, ми-жұлын сұйықтығындағы қоздырғыштың таза дақылын бөлу үшін бактериологиялық әдіс қолданылады. Қолданылатын қоректік орталар: құрамында темір-сульфит-пируват қосымшалары бар қанды және эритриттік агарлар.

Ретроспективті диагноз қою үшін серологиялық әдіс қолданады (КБР, ПГАР, АР, ИФТ). Жедел диагноз қою әдісіне арнайы люминесцентті сарысумен атқарылатын ИФР жатады.

Емдеуі. Антибиотиктерді тағайындайды (эритромицин немесе ципрофлоксацин).

Алдын алуы. Науқастарды анықтау, жануарларды күту барысында санитарлық-гигиеналық ережені сақтау, сүт және ет тағамдарын мұқият түрде өңдеу.

14.2.2.4. Хеликобактериялар (Helicobacter туыстастығы)