Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Enterobacteriaceae.
Туыстастығы: Yersinia.
Түрі: Y .pseudotuberculosis.
Морфологиясы. Биполярлы боялатын қозғалғыш таяқшалар. 25 0С-тан жоғары емес температурада қозғалады. 37 0С-тан төмен температурада талшықтары пайда болады. Капсула түзеді. Сорпалық дақылдардан дайындалған жағындыда қысқа тізбек (2-4 жасуша) түзеді
Дақылдандыру. Қарапайым қоректік орталарда жақсы өседі. Факультатттивті анаэроб. Қолайлы өсуі температурасы 22 - 28 0С. Тығыз қоректік ортада 37 0С-тан төмен жағдайда S-колониялар, ал осы температурадан жоғарылағанда – R-колониялар түзеді. Сұйық орта бетінде үлбір түзіп өседі.
Ферменттік белсенділігі. Қоздырғыштың биохимиялық белсенділігі бар. Идентификациялау үшін қолданатын негізгі биохимиялық қасиеттері:
· уреазаны түзеді;
· рамнозаны ыдыратады
· сахарозаны ыдыратпайды
· индол түзбейді
· Фогес-Проскауэр реакциясы - теріс.
Тұқымдастықтың ішінде биохимиялық белсенділігі біркелкі.
Антигендік қасиеті. О-антигені бойынша 10 серологиялық варианттарға бөлінеді. Жер шарында адам мен жануарларда көбінесе ауру қоздырады: көбінесе 1-серовариант (90%), екінші орында - үшінші (10-30%), сосын - төртінші (8%) серовариант. Н-антигені бар, оның диагностикалық маңызы жоқ. Сонымен қатар 2 вируленттік антигендерге ие – Y және W.
Резистенттілігі. Қоршаған ортаға тұрақты: суда 1,5 айға дейін сақталады, сүтте -18 күн, сары майда 145 күн, нанда,кондитерлік тағамдарда -16-18 күн. 1000С-та микробтар 1 минут ішінде өледі. Суыққа төзімді болып келеді; -700С-та өлмейді. Бактериялар 3-4% ас тұзы бар орталарда өсе береді. Қоймаларда сақталған көкөністерде көбейіп, ұзақ уақыт сақталады.
Эпидемиологиясы. Табиғатта қоздырғыштың резервуары – микробты нәжіспен бөлетін көптеген сүтқоректі жануарлар (ірі қара мал, мысықтар), құстар, кеміргіштер (тышқандар, егеуқұйрықтар) және микробтар жинақталатын су мен топырақ. Адамға алиментарлы жолмен жұғады. Негізгі таралу факторлары – су және көкөністер. Қоймаларда сақталып жатқан көкөністер Yersinia pseudotuberculosis-пен тышқандар нәжісі арқылы және тікелей топырақ пен судан ластанады. Науқас немесе тасымалдаушы адамнан ауру жұқпайды. Сау адамдардың табиғи қабылдаушылығы жоғары. Ауру барлық жерде таралған, бірен-саран және эпидемиялық күрт көбеюі байқалады. Жыл мезгіліне де байланысты, ақпан-наурыз айларында науқастанушылық деңгейі көтеріледі.
Патогенезі және клиникасы. Аурудың жасырын кезеңі - 3-10 тәулік. Ауру жергілікті және жайылмалы түрде өтеді, жедел түрде басталып, дене қызуы көтеріледі. Аяқталмаған фагоцитоз нәтижесінде мезентериалды лимфаденит дамиды. Ауру тамақтың қышуымен және жағымсыз сезіммен басталады, мойын және жақ асты лимфа түйін аймақтарының ауыруымен сипатталады. Клиникасында жиі кездесетін белгілер – іштің ауыруы, жүрек айыну, құсу (өте аз), іштің өтуі. Клиникасы аппендицитке, гепатитке, артритке ұқсас келеді. Лимфатикалық барьер бұзылғанда бактериемия дамиды – қоздырғыш бүкіл ағзаға таралып бауырдың, көкбауырдың, өкпенің, буындардың макрофагтарын зақымдап микроабсцестер мен гранулемалар тудырады. Ағзаның аллергизациялануы жүреді. Аурудың 1- 6 тәулігінде теріде розеолалы бөртпелер (скарлатинаға ұқсас) шығады. Өлім жағдайы да болуы мүмкін.
Иммунитеті. Тұрақты емес, стерилсіз. Антиденелердің протективті белсенділігі жоқ. Ағзада гиперсезімталдықтың баяу типі дамиды.
Микробиологиялық диагноз қою үшін бактериологиялық және серологиялық әдістер қолданады. Бактериологиялық әдіс жүргізу үшін зерттеуге нәжіс, қан, өт, буын және бронх сұйықтығы алынады. Осы материалдарды фосфатты буферге салады және 21 тәулік бойы 40С температурада байытады, одан әр дайын тығыз орталарға (Эндо, Серов) сеуіп отырады.
Серологиялық зерттеулер 2-ші аптада және 3-5-ші апталарында ГАТР мен ИФТ қою арқылы жүргізіледі.
Емдеуі. Емі – этиотроптық (антибиотиктермен емдеу – тетрациклин қатары, хлорамфеникол) және патогенетикалық.
Алдын алуы. Арнайы алдын алуы қарастырылмаған. Бейспецификалық шаралары жүргізіледі: тамақтану орындарында, азық-түлік қамбаларында, тағамдар өндірісінде гигиеналық ережелерді сақтау.
14.2.1.7. Ішек иерсиниозының қоздырғышы
Ішек иерсиниозы – Yersinia enterocolitica тудыратын жұқпалы ауру, бұл ішек - асқазан жолының зақымдалуымен ғана емес, сонымен қатар басқа да ағзалар мен жүйелердің патологиялық процеске қамтылуымен және жайылымды тенденциямен сипатталады. Қоздырғышты 1939 жылы Д. Шлефстейн мен М. Колеман ашқан.