Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Enterobacteriаceae

Туыстастығы: Salmonella

Түрі: Salmonella typhimurium; Salmonella enteritidis; Salmonella heidelberg; Salmonella newport.

Эпидемиологиясы. Аурудың негізгі көзі – жануар, жиі үй жануарлары (ірі, ұсақ мал, шошқа т.б.) және құстар (тауық, үйрек, қаз т.б.) және бактериятасымалдаушылар. Салмонеллалардың тасымалдаушылары тышқан, көгершін, тасбақа, таракан т.б. болуы мүмкін. Сирек жағдайда аурудың көзі науқас және тасымалдаушы адамдар болып табылады. Жұғу механизмі – фекальді – оральді (нәжіс – ауыз арқылы), алиментарлы (тағамдар және су арқылы) тарайды. Инфекцияның негізгі таралу жолы – тағамдар (әсіресе ет, сүт, жұмыртқа, ірі қара малдың және шошқаның бауыры және су ) арқылы. Иммунитеті төмен және антибиотик қабылдап жүрген адамдар жиі шалдығады (әсіресе емшектегі балалар). Ауру барлық мемлекеттерде кеңінен таралған. Науқастанушылдықтың жоғарылауы - жаз мезгілі.

Патогенезі.Салмонеллалар ауыз арқылы ащы ішекке түседі де, сонда патологиялық процесс дамиды. Адгезивті факторы арқылы ішектің шырышты қабығына бекиді де терең қабатына еніп, макрофагтармен жұтылады. Салмонеллалар шырышты қабат астында көбейеді, жасушасы бұзылғанда эндотоксин және салмонеллаларда жасушаның периплазматикалық кеңістігінде жиналатын ақуыздық энтеротоксин бөлінеді, ол диарея және жалпы интоксикация тудырады, су-тұз алмасуын бұзады. Ішектің қалыпты микрофлорасы салмонеллалардың жиналуына айтарлықтай кедергі жасайды. Ішектің лимфа аппаратының тосқауылдық қызметі бұзылған жағдайда бактериемия, одан сүйек, буын, ми қабығының т.б. ағзалардың зақымдалуын, екіншілік іріңдік ошақты (септико- пиемиялық форма ) дамытады.

Клиникалық көріністері.Жасырын кезеңі орташа 12-14 сағат. Ауру дене қызуының жоғарылауымен, іш өтумен, іштің ауыруымен, жүрек айнумен, құсумен сипатталады. Аурудың ұзақтығы көбінесе 7 күн. Кейбір жағдайларда науқастың өліміне алып келетін, кенеттен пайда болатын токсикалық түрі байқалады.

Иммунитеті.Аурудан кейін бір жылға дейін сақталады.

Микробиологиялық диагноз қою.Зерттеу материалдары: құсық, нәжіс, асқазан шайындысы, өт, несеп, қан (генерализацияланған түрінде).

Зерттеу әдістері келесілер: жеделдетілген, бактериологиялық, серологиялық әдістер.

Жеделдетілген әдіс: ИФТ.

Бактериологиялық әдісте байыту орталарда (өтті сорпа, селенитті сорпа, магнилі орта т.б.) көбейтіп алған дақылды дифференциалды қоректік орталарға (Плоскирев, Левин, Эндо т.б.) себеді. Таза дақылды Грам әдісімен бояп, ферменттік белсенділігін анықтап, фаготиптейді, антибиотикограммасын анықтайды. Таза дақылдан О- және Н- сарысуларымен әйнекше бетіне АР, КоАР қояды.

Серологиялық әдістер (АР, ЖГАР) қолданылады. Аурудың динамикасында антиденелердің титрінің жоғарлауының диагностикалық маңызы бар.

Емдеуі.Салмонеллезді емдеуде асқазанды жуу, диета, су-тұз алмасуын ретке келтіру үшін жасалатын шаралар жүргізіледі. Жеңіл немесе орташа ауырлықты дәрежесінде антибиотиктер қолданбайды, себебі оларды пайдалану дисбактериозға және аурудың созылмалы түріне әкелуі мүмкін, сонымен қатар антибиотикке тұрақты салмонеллалардың саны орасан көп.

Алдын алуы.Бейспецификалық – санитарлық-гигиеналық және санитарлық-ветеринариялық шаралар, яғни ет немесе жұмыртқаны өңдеу және сақтау технологиясын бұлжытпай орындау.