Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Enterobacteriаceae

Туыстастығы: Salmonella

Түрі: Salmonella typhi; Salmonella paratyphi А, B, S

Іш сүзегі мен А және В парасүзек қоздырғыштары Enterobacteriаceae тұқымдастастығына, Salmonella туыстастығына жатады. Жалпы салмонеллалардың 2000-нан астам түрлері бар.

Морфологиясы мен тинкториалдық қасиеттері. Салмонеллалар өте ұсақ, грам теріс, ұшы жұмырланған таяқшалар. Жағындыда шашыранды орналасқан. Спора түзбейді, микрокапсуласы бар, перитрихтар.

Дақылдандыру. Салмонеллалар - факультативті анаэробтар, қоректік орталарды талғамайды, 37 әС температурада, рН 7,2-7,4 өседі. Элективті ортасы - өт сорпасы. Іш сүзегіне диагноз қою кезінде басқа ішек инфекциялары сияқты Эндо, Левин, висмут-сульфитті агар және т.б. өт қосылған дифференциалды- диагностикалық қоректік орталар қолданады. Тығыз қоректік орталарда R- және S-колониялар түзеді, сұйық қоректік орталарды біркелкі лайландырады. S-пішінді колониялары орташа көлемді (кейбір серологиялық варианттары, мысалы S.abortus ovis-тің колониялары өте ұсақ), тегіс, жылтыр, жартылай мөлдір, көгілдір түсті. Salmonella schottmuelleri-дің серологиялық варианты (S. paratyphi В) тығыз қоректік ортада өскенде айналасы «білем» тәрізді кілегейлі төмпешік колония түзеді. Науқастан алынған қанды сұйық байыту ортасы - өт сорпасына себеді, ал қосымша басқа микрофлорасы бар материалды (нәжіс, өт, несеп) – селенит сорпасына себеді. Лактозасы бар дифференциалды-диагностикалық қоректік орталарда салмонеллалар түссіз, ал висмут-сульфитті агарда – қара колониялар түзеді.

Ферменттік белсенділігі. Салмонеллалардың биохимиялық белсенділігі айтарлықтай жоғары, бірақ E.сoli-ға қарағанда ферменттер жиынтығы аз, мысалы, лактозаны ыдыратпайды. S.typhi белсенділігі парасүзек қоздырғыштарына қарағанда төмендеу, ол бірқатар көмірсуларды газ түзбей ыдыратады. Күкірт сутегін түзеді, ал индолды түзбейді.

Антигендік қасиеті.Салмонеллалардың антигендік құрылымы күрделі, мозайкалы, вориабельді. О - және Н- антигендері немесе рецепторлары бар. Ф.Кауфман және П.Уайт салмонеллалардың антигендік құрылымы бойынша жіктелуін ұсынды, оның негізіне О-антигеннің құрылымы кіреді. Топтасқан деп аталатын жалпы О-антиген рецепторы бар салмонеллалардың барлық түрлері бірнеше топқа біріктірілген. Қазіргі уақытта мұндай топтардың саны 65-ке жуық. Жіктелуде Н-антигеннің құрылымы да көрсетілген. Салмонеллалардың кейбір түрлері, соның ішінде S.typhi беткейлі, полисахаридті Vi-антигенге ие – бұл бактериялардың фагоцитозға тұрақтылығымен байланысты вируленттік антигені.

Патогенділік факторлары. Салмонеллалар энтеротропты, нейротропты және пирогенді әсер беретін эндотоксин түзеді. Сыртқы мембрананың ақуызы адгезивтік қасиетті, микрокапсуласы фагоцитозға тұрақтылығын (фагоцитті жасушаларда көбейеді) қамтамасыз етеді.

Резистенттілігі. Салмонеллалар төменгі температураға тұрақты, таза суық суда бір жарым жылға дейін, бөлме шаңында – 80 тәуліктен 550 тәулікке дейін сақталады. Ортаның рН диапазонынан 4-9 аралығына дейін шыдайды. Салмонеллалар шұжықта – 3 ай, тоңазытылған етте және жұмыртқада – бір жылға, жеміс-жидектерде – 5-10 тәулікке дейін сақталады. Олар тағамдық заттарда (етте, сүтте және т.б.) сақталып қоймайды, сонымен қатар көбейеді. Ал дезинфекциялық заттарға, жоғары температураға, УК- сәулелерге өте сезімтал. Қолайсыз жағдайда салмонеллалар дақылданбайтын түрге ауысуы мүмкін.

Іш сүзегі, парасүзек, қоздырғыштары (Salmonella typhi, Salmonella paratyphi B, S., Salmonella paratyphi А).Іш сүзегі жедел антропонозды жүйелі инфекция, ағымы циклды, ащы ішектің лимфа аппаратын зақымдайды, бактериемиямен, қызба, бөртпе, организмнің жалпы улануымен сипатталады.

Іш сүзегін алғаш К.Эберт 1880 жылы өлген адамның көкбауырынан, лимфа түйінінің кесінділерінен тапқан. 1884 жылы Т. Гаффки қоздырғыштың таза дақылын бөліп алды. Рaratyphi А – ны А. Брион мен Х.Кайзер және Рaratyphi B – ны Г. Шоттмюллер сипаттады. Іш сүзегі мен паратифтер патогенезі, клиникалық көріністері, аурудың эпидемиологиясы бойынша ұқсас келеді. Инфекция көзі науқас адам және тасымалдаушы, олар қоздырғышты нәжіспен, несеппен, сілекеймен сыртқы ортаға шығарып отырады. Бұл инфекциялардың қоздырғыштары басқа салмонеллалар сияқты сыртқы орта факторларына төзімді. Олар үшін қолайлы орта болып ас тағамдары (сүт, кілегей, ірімшік, ет фаршы) есептеледі, себебі олар ол орталарда көбейе алады. Қоздырғыш алиментарлы су т.б., тұрмыстық – қатынас арқылы жұғады. Іш сүзегі мен парасүзек қоздырғыштарына адамдардың сезімталдылығы жоғары.

Эпидемиологиясы. Инфекция көзі, жұғу жолдары, патогенез ерекшеліктері және инфекциялық үрдістің көріністеріне байланысты салмонеллалар тудыратын аурулардың бірнеше түрлерін ажыратады: іш сүзегі мен парасүзектер, салмонеллездер (тағамдық астан уланулар), госпиталды (ауруханаішілік, нозокомиалды) салмонеллез. Іш сүзегі мен парасүзектердің көзі - ауру адамдар мен оларды тасымалдаушылар болып табылады, антропонозды ауру. Инфекцияның жұғу механизмі фекальді-оральді. Су арқылы жұғу жолы басым, тағамдық және тұрмыстық-қатынас жолдарымен сиректеу беріледі. Іш сүзегі мен парасүзектер әлемнің түкпір-түкпірінде тіркелетін аурулар. Көбінесе 15 пен 40 жас аралығындағы адамдар ауырады. Ауру әсіресе жаз бен күзде жиі кездеседі.

Патогенезі. Қоздырғыштар ауыз арқылы ағзаға түсіп, ащы ішекке жетеді, оның лимфа түйіндерінде көбейіп, қанға түседі, бактериемия дамиды. Қан арқылы ағзаның барлық мүшелеріне таралып, паренхиматозды мүшелерге енеді (көкбауыр, бауыр, бүйрек, сүйек кемігі), макрофагтарда, өт қабында көбейеді. Аурудың екінші аптасының соңында қоздырғыш организмнен несеп, ана сүті, сілекей арқылы бөліне бастайды. Бактериялар бұзылғанда интоксикация тудыратын эндотоксин бөлінеді. Салмонеллалар ұзақ, тіпті өмір бойы сақталатын өт қапшығынан, олар ащы ішектің лимфа түйіндеріне қайта түседі. Салмонелланың қайта түсуінің нәтижесінде лимфа түйіндерінің некрозымен бейнеленетін аллергиялық реакция пайда болады. Салмонеллалар ағзадан зәр және нәжіс арқылы шығарылады.

Клиникалық көріністері. Іш сүзегі мен парасүзектердің клиникасы бірдей. Жасырын кезеңі 12-14 күнге дейін созылады. Ауру негізінен дене температурасының жоғарылауымен, интоксикациямен, әлсіздіктің пайда болуымен, ұйқының бұзылуымен, қалжыраумен, тәбетінің төмендеуімен белгіленеді. Іш сүзек үшін, нерв жүйесінің және жүрек, қан тамырлар жүйесінің (қан қысымының бұзылуы, коллапс т.б.) бұзылыстары, ақыл естің ауысуы (грекше typhus – түтін, тұман), сандырақтау, бөртпенің пайда болуы тән. Аурудың ауыр асқынулары - перитонит, ащы ішектің лимфа түйіндерінің некрозы нәтижесіндегі ішектік қан кету.

Иммунитеті. Аурудан кейін тұрақты және ұзақ мерзімді иммунитет пайда болады. Іш сүзегінің тасымалдаушыларында Vi – антигенге антидене анықталады. Бактериотасымалдаушылық болатын себебі - макрофагтардың функционалды жетіспеушілігі.

Микробиологиялық диагноз қою.Зерттеу кезінде жеделдетілген, бактериологиялық, серологиялық әдістер қолданылады.

Зерттеу материалы ретінде қан, құсық, асқазанның шайындысы, зәр, нәжіс алынады. Диагноз қоюдың негізгі түрі - қоздырғыштың бөлінген таза дақылының түрішілік идентификациялаумен аяқталатын, фаговарын анықтайтын бактериологиялық әдіс болып табылады. Іш сүзегіне немесе парасүзекке күмәнданған кезде зерттеу материалын алу науқастану мерзіміне байланысты. Науқастанушылықтың бірінші күні қан алынады, оны өт қосылған ортағы немесе Раппопорт ортасына себеді. Себіндіні 37° С температурада инкубациялайды. 3 -5 – 7 – тәулікте дифференциалды - диагностикалық (Плоскирев, Эндо, висмут – сульфит агар) орталарға себеді. Салмонеллаларға ұқсас колониялар (мөлдір, жартылай мөлдір, түссіз немесе ашық қызғылт, висмут – сульфит агарда ортасы қара - сұрлау жасыл) колониялар табылса, олардың ферменттік қасиеттерін, сосын антигендік құрлымын О- және Н-сарысулармен әйнекше бетінде агглютинациялау арқылы идентификациялайды. Біріншілік себінді жасалған қоректік орталарда өскен колониялардың идентификациясын - бөлінген дақылдың таксономиялық маңызды көрсеткіштерін және туыстастық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіншілік беретін тесттердің жинағының көмегімен жүргізеді. Колонияларды Клигер агарына, өт қосылған ортаға, Симмонстың цитратты агарына, жартылай сұйық агарға себеді, соңғы пробирканың тығынына индолға индикаторлық сынама қояды. Екінші аптада зерттеу материалы ретінде несеп пен нәжіс қолданылады: капро - немесе уринодақылдар бөледі. Бөлінген дақылдарды сәйкесінше идентификациялайды. Salmonella typhi – ді Vi – фагтардың жинағымен фаготиптейді. Фаготипті анықтау - іш сүзегінің эпидемиологиялық бұрқетпесін анықтауда маңызды. Сонымен қатар 8 – 10 күндік науқастардың қанында О - және Н - антиденелері пайда болады, бұл кезде қосымша маңыздылығы бар серологиялық әдіс те қолданылады: О - және Н - диагностикумдармен Видаль агглютинациялық реакциясы, ЖГАР.

Жеделдетілген әдіс:ИФТ, Vi – антигенін анықтау (Vi – гемагглютинациялық реакция).

Емдеуі. Антибиотиктер тағайындалады (ципрофлоксацин, доксициклин, ко – тримоксазол т.б.). Сонымен бірге иммундытерапия, фагпен емдеу қолданылады.

Алдын алуы Алдын-алу үшін санитарлық-гигиеналық іс-шаралар жүргізіледі. Сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайы нашар аймақтарда вакцинация жүргізіледі. Іш сүзекті химиялық және Vi-антигенмен байытылған іш сүзекті спиртті вакцина қолданылады. Инфекцияның ошағында жедел алдын алу мақсатында іш сүзекті бактериофаг пайдаланылады (қышқылға тұрақты қабықшасы бар таблетка түрінде және сұйық түрінде).

14.2.1.4.1. Салмонеллез (астан улану) қоздырғыштары

Салмонеллалар Enterobacteriаceae тұқымдастығына біріктірілген. Олардың туыстастық атауы қазіргі кезде Salmonella choleraesuis деп аталатын микроорганизмді сипаттаған американдық ғалым Д. Сальмонның құрметіне берілген (1885ж). Бактериялардың классификациясы мен номенклатурасы көп өзгерістерге ұшырады. 1987 жылы L.Le Minor мен M.Y.Popoff салмонеллалардың түрлерін атау үшін термин ойлап тапты, Salmonella enteritidis, адамда да, жануарда да ауру қоздырады. Салмонеллез (салмонеллездік тағамдық токсико-инфекция) – адамдарда ішек асқазан жолының зақымдалуымен көрініс табатын жедел ішек инфекциясы, қоздырғыштары (тек Salmonella typhi, Salmonella paratyphi, Salmonella schottmuelleri-ден басқасы), - көптеген салмонеллалар.

Salmonella туыстастығының 2000-нан астам түрі бар, олардың көпшілігі сальмонеллездердің себепшісі болуы мүмкін. Ең жиі кездесетіндері Salmonella typhimurium, Salmonella enteritidis, Salmonella heidelberg, Salmonella newport.