Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Enterobacteriаceae
Туыстастығы: Shigella
Түрі: S.dysenteriae (А серотобы); S.flexneri (В); S.boidii (С); S.sonnei (D).
Морфологиялық және тинкториалдық қасиеттері. Шигеллалар - грам теріс, шеттері жұмырланған таяқшалар, спора түзбейді, талшықтары жоқ, қозғалмайды. Көптеген штамдарда түктер мен жыныстық кірпікшелер анықталады. Кейбір шигеллалар микрокапсулаға ие.
Дақылдандыру.Дизентериялық таяқшалар - факультативті анаэробтар. Олар қоректік ортаға талғамсыз, рН 7,2-7,4 болатын қарапайым қоректік орталарда 37әС-та жақсы өседі. Тығыз ортада ұсақ мөлдір колониялар, ал сұйық ортада диффузды лайлану түзеді. Шигеллаларды өсіру үшін байыту ортасы ретінде көбінесе селенит сорпасын қолданады.
Ферменттік белсенділігі. Шигеллалардың басқа энтеробактерияларға қарағанда ферменттік белсенділігі төмен. Көмірсуларды қышқыл түзе отырып ыдыратады. Шигеллаларды ажыратуға мүмкіндік беретін негізгі белгі олардың маннитке қатынасы: Shigella dysenteriae маннитті ыдыратпайды, В, С, D топқа жататын өкілдері маннитті ыдыратады, маннитпозитивті. S.sonnei лактозаны баяу (2 тәулік) ыдыратады. S.sonnei-дің рамнозаға, ксилозаға және мальтозаға қатынасын негізге ала отырып, оның 7 биохимиялық вариантын ажыратады.
Антигендік қасиеті. Шигеллалар О және К антигендерге ие. Шигеллалардың әртүрлілігі биохимиялық қасиеттеріне ғана емес, сонымен бірге антигендік қасиеттеріне де байланысты. Неғұрлым күрделісі Shigella flexneri, оның типтік және топтық антигендері бар.
Патогенділік факторлары. Барлық шигеллалар энтеротропты, нейтротропты және пирогенді әсер беретін эндотоксин түзеді. Эндотоксин шигеллаларды қышқыл рН және өт әсерінен қорғайды. Сонымен қатар, S.dysenteriae (1 серологиялық варианты) - Григорьев-Шига шигелласы ағзаға энтеротоксиндік, шига – тәрізді ақуыздық токсин бөледі, ол токсин микроб өлген соң да сақталады, соған сәйкес су-тұз алмасуын, ОЖЖ қызметін бұзады, тоқ ішек эпителий жасушаларының жойылуына, бүйрек жолдарының зақымдалуына алып келеді. Дизентерияның аса ауыр түрде өтуі экзотоксинге байланысты. Шигеллалардың басқа түрлері де экзотоксинді бөлуі мүмкін. Қан тамырларын зақымдайтын RF өткізгіштік факторы табылды. Патогендік факторларға микробтың эпителий жасушасына енуіне себепкер болатын инвазиялық ақуыз жатады, ол шигеллалардың төрт түрінде кездесетін ірі инвазиялық плазмидалармен қадағаланады. Инвазиялық ақуыздар трипсинге сезімтал, сондықтан патологиялық үрдіс тоқ ішекте шектелген. Пили мен адгезияға жауапты сыртқы мембрананың ақуызы және микрокапсула патогенділік факторларына жатады.
Резистенттілігі. Шигеллалар химиялық және физикалық факторларға тұрақтылығы төмен. Ең төзімдісі ашық құбыр суында 2,5 айға дейін, ашық су қоймасында 1,5 айға дейін сақталатын S. sonnei болып табылады. S. sonnei ұзақ уақытқа дейін сақталып қана қоймай, тағамдарда, әсіресе сүт өнімдерінде көбейеді. Дизентерия қоздырғышы қоршаған ортада 5 – 14 тәулік тіршілік етеді. Қыздырғанда 60° С температурада 10 – 20 минуттан соң өледі. Дезинфекциялық заттар (гипохлориттер, хлорамин, лизол т.б.) шигеллаларды тез жояды. Кейбір түрлері, әсіресе Shigella dysenteriae дақылданбайтын түрге ауысып кетуі мүмкін.
Эпидемиологиясы. Дизентерия - антропонозды инфекция: инфекция көзі ауру адам мен тасымалдаушы. Инфекцияның таралу механизмі – фекальді-оральді. Таралу жолдары әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Зонне шигелласы көбінесе тағамдық жолмен таралады, Флекснер шигелласы – су арқылы, ал Григорьев - Шиг варианты тұрмыстық- қатынас жолдары арқылы таралумен сипатталады.
Дизентерия әлемнің көптеген елдерінде кездеседі. Соңғы жылдары бұл инфекциямен ауырушылық күрт өсіп отыр. Бұл аурумен барлық жастағы адамдар ауырады, дегенмен 1- ден 3 жасқа дейінгі кішкентай балалар дизентерияға көбірек шалдығады. Ауру шілде-қыркүйек айларында жиірек байқалады. Шигеллалардың түрлері жекелеген аймақтарда біркелкі таралмаған.
Патогенезі. Шигеллалар ауыз арқылы асқазан-ішек жолына түсіп, тоқ ішекке жетеді. Қоздырғыштар пили (кірпікшелер) мен сыртқы мембрананың ақуыздарының көмегімен эпителий жасушаларына жабысады. Инвазиялық факторларының көмегімен жасушалардың ішіне өтіп, сонда көбейеді, нәтижесінде тоқ ішек жасушалары бұзылып, капиллярлардың тромбозды қабынуы басталады. Ішек қабырғаларында ойық жара пайда болып, кейін орнында тыртық қалыптасады. Бактериялар бұзылғанда эндотоксин босап, организм жалпы интоксикацияға ұшырайды, ішектің жиырылуын және іш өтуді күшейтеді. Ойық жаралардан қан нәжіске түсіп, қанды-ірінді нәжіс пайда болады. Экзотоксиннің әсерінен су- тұз алмасуы, ОЖЖ қызметі бұзылып, бүйректің зақымдалуы байқалады.
Клиникалық көріністері. Ауру жедел басталады. Патологиялық процесс ішекпен шектеледі. Жасырын кезеңі 1 күннен 5 күнге дейін созылады. Ауру дене температурасының 38-39ә С-қа дейін көтеріліп, іші ауырып, іштің өтуі пайда болады. Нәжісте қан мен шырыш қоспалары анықталады. Әсіресе Григорьев-Шиг варианты қоздыратын дизентерия аса ауыр түрде жүреді. Кейде ауру созылмалы түрге ауысуы мүмкін. Шигеллездің асқынуы кезінде ішектік дисбактериоз дамиды. Өліммен аяқталу сирек кездеседі (0,3%).
Иммунитеті. Аурудан кейін пайда болған иммунитет түрлік қана емес, сонымен қатар вариантты спецификалық болып келеді. Ол ұзаққа созылмайды және тұрақсыз.
Микробиологиялық диагноз қою.Зерттелетін материал нәжіс, ірің, ас тағамдары т.б.
Диагноз қою жеделдетілген, бактериологиялық, серологиялық әдістер бойынша жүргізіледі, негізі бактериологиялық әдіс болып табылады. Бұл әдіс қоздырғышты идентификациялайды, оның антибиотиктерге сезімталдығын анықтайды және түрішілік идентификациясын (биохимиялық, серологиялық немесе колициногендік варианттарын анықтау) жүргізуге мүмкіншілік береді.
Бірінші күні. Зерттеу материалын құрамында лактозасы бар дифференциалды-диагностикалық қоректік орталарға (Эндо, Плосирев, Левин) себеді. Тасымалдаушыларды анықтау үшін нәжісті міндетті түрде селенит сорпасына себеді, содан кейін өскен дақылды тығыз дифференциалды-диагностикалық орталарға себу арқылы анықтайды. Термостатта 37° С температурада 18 – 20 сағат инкубациялайды.
Екінші күні. Өскен түссіз, нәзік колонияларды іріктеп алып, жартылай сұйық ортаға (Симмонстың цитратты агарына, Кларк агарына, Преус бойынша жасалған мочевиналы ортаға) себеді, индолға сынама қояды.
Байыту ортасынан материал алып Плоскирев ортасына себеді. Себінділердің барлығы 37° С температурада 18 – 20 сағат инкубацияланады.
Үшінші күні.Өскен колонияларды қарап, күмәнділерін жоғарыда айтылып кеткен орталарға қайта себеді, «шұбар қатардағы» ферменттік қасиеттерін сипаттайды.
Қозғалмайтын, глюкозаны қышқылға дейін (кейбір Shigella flexneri – дің өкілдері глюкозаны қышқыл мен газға дейін ыдыратады) ферменттейтін, лактозаны ыдыратпайтын (Зонне шигелласының ішінде лактозаны қышқылға дейін ыдырататындары бар), күкіртті сутек түзбейтін, мочевинаны гидролиздемейтін, цитратты утилдемейтін, Фогес–Проскауэр реакциясы теріс болатын дақыл - шигеллаға күмәнді.
Толық нәтиже алу үшін дақылды лизин қосылған ортаға. Ацетатты агарға, маннитті, ксилозалы, рамнозалы, мальтозалы Гисс ортасына, сонымен бірге дақылды серологиялық типтеу үшін қиғаш агарға себеді. Себінділердің барлығы 37° С температурада 18 – 20 сағат инкубацияланады.
Төртінші күні.Себінділердің нәтижелері сипатталады. Бөлінген дақылдарды биохимиялық ерекшеліктері бойынша идентификациялайды. Биохимиялық қасиеттері шигеллаларға сәйкес дақылдарды әйнекше бетінде агглютинациялайды (Флекснер мен Зонне шигелласына поливалентті сарысумен), нәтижесі теріс болған жағдайда басқа шигеллалардың түрлеріне арналған поливалентті сарысулардың топтамасымен қойылған реакция нәтижесі тіркеледі. Сарысудың біреуімен оң нәтиже берген дақылды адсорбцияланған моносарысумен, Флекснер шигелласы бөлінген жағдайда типтік және топтық сарысулармен агглютинациялайды.
Инфекцияның ортақ жұғу көзі және таралу көзі анықталған жағдайда бөлінген дақылдың ферменттік белсенділігін тереңірек зерттеген жөн, әсіресе Зонне шигелласы кезінде. Ұзаққа созылған дизентерия кезінде қосымша тәсіл ретінде серологиялық әдістер, АР, ПГАР (антидененің титрінің өсуі бойынша реакцияны қайталап қойғанда диагнозды дәлелдеуге болады) қолданылады.
Жеделдетілген әдіс:ИФТ, ПГАР, КоАР
Емдеуі. Көп жағдайда ем симптомды түрде басталады, әсіресе су – тұз баллансын қалпына келтіру мақсатқа алынады. Григорьев-Шиг шигелласы қоздырған дизентерияның ауыр түрлерімен ауырған науқастарды міндетті түрде антибиотикограмманы ескере отырып, кең спектрлі антибиотиктермен (ампициллин, ципрофлоксацин, тетрациклин) емдейді, өйткені шигеллалардың ішінде антибиотиктерге тұрақты түрлері ғана емес, сонымен қатар антибиотикке тәуелді түрлері де кездеседі. Дизентерияның жеңіл түрінде антибиотиктерді пайдаланбайды, себебі оларды қолдану дисбактериозға ұшыратады, бұл патологиялық процесті ауырлатып, тоқ ішектің шырышты қабықшасындағы қалпына келу процестерін бұзады.
Алдын алуы. Инфекцияның алдын-алу мақсатында, жылдам жағдайларда пайдаланылатын жалғыз препарат - дизентериялық бактериофаг болып табылады. Негізгі маңызды орынды бейспецификалық алдын алу алады.
14.2.1.4. Салмонеллалар (Salmonella туыстастығы)
Салмонеллалар Enterobacteriаceae тұқымдастығына жатады. Туыстастық атауға АҚШ ғалымы Д. Сальмонның құрметіне (1885 жылы) ие болды.
Жіктелуі мен номенклатурасы 1987 жылға дейін әртүрлі ғалымдармен өзгертіліп, қарастырылып келді.
Іш сүзегі мен А және В парасүзектері – сәйкесінше Salmonella typhi, Salmonella paratyphi, Salmonella schottmuelleri тудыратын жұқпалы аурулар, олардың патогенетикалық және клиникалық белгілері ұқсас, ішектің лимфа жүйесінің зақымдалуымен, айқын интоксикациямен сипатталады.