Таксономиясы.
ТАРАУ. Жеке бактериология
Коктар
Коктар – морфологиясы ұқсас микробтардың өте үлкен тобын құрайды: коктардың пішіндері шар тәрізді болып келеді.
Коктарға қатаң анаэробтар (пептококтар, пептострептококтар, вейлонеллалар), факультативті анаэробтар, (стафилококтар, стрептококтар, нейссериялар) аэробтар және микроаэрофилдер жатады. Коктардың арасында грам оң және грам теріс бактериялар бар. Олардың барлығы адамда ауырлығымен және орналасуымен ерекшеленетін іріңді қабыну үрдістерін туғызады.
СтафилококтарStaphylocоccus туыстастығына жатады, оған медицинада маңызды үш түрін ажыратады: Staphylocоccus aureus, S.epidermidis және S.saprophyticus. Бұл грам оң факультативті - анаэробты коктар (14.1-кесте).
Стрептококтар Streptococcus туыстастығына жатады, маңызды жеті түрі бар: Streptococcus pyogenes, S.pneumoniae, S.sanguis, S.salivarius, S.mitis, S.mutans, S.agalactiae. Бұл грам оң факультативті-анаэробты коктар, таза дақылдан дайындаған жағындыда тізбектеліп орналасады.
Энтерококтар Enterococcus туыстастығына жатады, бірнеше түрден түрады: Enterococcus faecalis, E.durans, E.zigomenes, E.faecies. Олар грам оң факультативті-анаэробты коктар, таза дақылдан дайындаған жағындыда тізбектеліп орналасады. Энтерококтар жеке туыстастыққа Streptococcus туыстастығынан бөлінген, факультативті анаэробтар.
Пептококтар мен пептострептококтар Peptococcus және Peptostreptococcus туыстастықтарына жатады. Peptococcus туыстастығына бір ғана Peptococcus niger түрі кіреді, ал Peptostreptococcus туыстастық бірнеше түрден тұрады: Peptostreptococcus аnaerobius, P.magnus, P.micros, P.indolicus, P.asaccharolyticus, P.prevotii, P.tetradus, P.productus. Пептококтар стафилококтарға ұқсас, қатал анаэробты грам оң коктар. Пептострептококтар стрептококтарға ұқсас, қатал анаэробтар.
Аэробты грам теріс коктарға Neisseria туыстастығына кіретін нейссериялар жатады: Neisseria meningitidіs, N.gonorrhoeae, N.flava, N.subflava, N.perflava, N.sicca, N.mucosa, N.flavescens.
Коктар бір–біріне морфологиялық қасиеті бойынша ғана емес, адам патологиясында іріңді-қабыну процестерін тудыру қабілеттіліктері бойынша да ұқсас (25 – 50%).
Коктар арасында патогенді (менингококтар, гонококтар, пневмококтар), шартты-патогенді және сапрофитті түрлері кездеседі.
14.1.1. Аэробты грам оң коктар
Аэробты және факультативті грам оң коктар тобына екі қасиет тән: сфералық пішіні және грам оң боялуы. Олар спора түзбейді, қозғалмайды. Медицинада маңызды орынды екі тұқымдастық алады: Мicrococcacеae және Streptococcaceae. Олар бір-бірінен цитохром және каталазалық белсендігі бойынша ажыратылады.
14.1.1.1. Мicrococcacеae тұқымдастығы
Мicrococcacеae тұқымдастығы өкілдерінің арасында адамда ауру тудыратын қоздырғыштарға Staphyloccocus, Мicrococcus, Stomatococcus туыстастықтарының өкілдері кіреді (17- сурет).
14.1.1.1.1Стафилококтар (Staphylocоccus туыстастығы)
Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Мicrococcacеae.
Туыстастығы: Staphylocоccus.
Түрі: S.aureus, S.epidermidis, S.saprophyticus
СтафилококтардыЛ.Пастер және Огстен (1880 ж.) ашқан. 1884 жылы Розенбах стафилококтардың толық сипаттамасын берген. Байрд-Паркер жіктеуі бойынша
Кесте14.1.
Стафилококтардың медициналық маңызы бар негізгі дифференциациялық белгілері
Белгілері | S.aureus | S.epidermidis | Saprophiticus | |
Құрамында 10% NaCl ортада өсуі | + | +/- (әлсіз) | + | |
Анаэробты жағдайда өсу қабілеті (тиогликолді орта) | + | + | +/- | |
Кератиноидты пигменті бар | +/- | - | + | |
өсуі | 15 0С | + | - (әлсіз) | + |
45 0С | + | + | +/- | |
Аэробты жағдайда көмірсуларды қышқылға дейін ыдыратуы | - ксилоза | - | - | - |
- арабиноза | - | - | - | |
- раффиноза | - | - | - | |
- сахароза | + | + | + | |
- маннит | + | - | +/- | |
- манноза | + | +/- | - | |
- трегалоза | + | - | + | |
- лактоза | + | +/- | +/- | |
- галактоза | + | +/- | - | |
- фруктоза | + | + | + | |
- ксилит | - | - | +/- | |
Нитратты қалпына келтіруі | + | + (әлсіз) | - | |
Гиалуронидаза | + | +/- | ? | |
Сілтілі фосфатаза | + | + | - | |
Уреаза | +/- | + | + | |
Коагулаза (орқоянның сарысуымен) | + | - | - | |
Фибринолизин | +/- | +/- | ? | |
ДНҚ-аза | + | - (әлсіз) | - | |
Гемолитикалық белсендігі | + | - (әлсіз) | - | |
Новобиоцинге сезімталдығы (минималды тежеу мөлшері- >1.6 мкг/мл) | + | + | - |
Staphylocоccus туыстастығының 3 түрі кездеседі. S.aureus, S.epidermidis, S.saprophyticus.Соңғы кезде ұсынылған жіктеуде стафилококтардың көптеген түрлері бар - S.hаemolyticus, S.hominis, S.warneri, S.capitis, S.saccharolyticus, S.pasteuri, алайда олар тек ғылыми зерттеулерде ғана қолданылады.
Морфологиясы.Стафилококтардың барлық түрлері шар тәрізді, дұрыс пішінді диаметрі 0,5 – 1,5 мкм жасушалар, грам оң боялады, кеңістікте дұрыс емес бөлініп жүзім шоғырына ұқсас шоқтық түзеді (18,19,20- сурет). Жалғыз және қосақталған жасушалар да кездеседі. Спора түзбейді, талшықтары жоқ. Кейбір штамдары капсула түзеді. L-пішін түзуі мүмкін. Жасуша қабырғасында рибитолтейхой және глицеролтейхой қышқылдары және А протейінімен байланысқан жасуша қабырғасында көптеген пептидогликандар кездеседі. S.aureus–тің А ақуызы адамның және көптеген сүтқоректі жануарлардың IgG Fc-фрагментімен байланысады. Көптеген стафилококтар беткей орналасқан капсула түзеді.
Дақылдандыру.Стафилококтар қарапайым ортада (рН 7,0-7,5) өседі және факультативті анаэробтар, хемоорганотрофтар. Каталазасы бар, оксидазасы жоқ. Аэробты жағдайда өсіргенде амин қышқылдар және витаминдерді, анаэробты жағдайда - қосымша урацил және көмірсуларды қажет етеді. Жоғары осмостық қысымға төзімді, соған байланысты стафилококтар құрамында тұздың жоғары концентрациясы бар элективті қоректік орта – сарыуызды - тұзды агар немесе сүтті -тұзды агарда өсе алады. (18,19,20- сурет). Сарыуызды - тұзды агарда бұлыңғыр, айнала – шеті тегіс, домалақ пішінді әртүрлі пигменттелген (сарғыш, сары, қызыл - сары түсті) колониялар түзеді. Колониялардың түсі липохромды пигментпен байланысты, оттегі бар жағдайда түзіледі, қан, көмірсулар немесе сүт қосылған қорекітік орталарда айқын белгіленеді. Пигменттің таксономиялық маңызы жоқ. Құрамында 8-10% NaCI бар ортада жақсы өседі. Сондықтан сарыуызды - тұзды агарда лецитовителлаза ферменттің түзілуіне байланысты колониялар айналасында тәж тәрізді сақина орналасады. Қанды агарда колониялар айналасында гемолиз аймағы пайда болады. Сұйық қоректік ортаны стафилококтар біркелкі лайландырады, кейін кілегейлі тұнба пайда болады.
Ферменттік қасиеті. Биохимиялық белсенділігі жоғары: көптеген штамдары глюкозасы бар ортада ацетоин түзеді (Фогес-Проскауэр реакциясы оң), аммиак бөледі, нитраттарды нитритке немесе азотқа дейін қалыпқа келтіреді, ақуыздарды, гиппуратты, майларды және твиндерді гидролиздейді. Тек Staphyloccocus туыстастығына тән қасиет – анаэробты жағдайда глюкозаны қышқылға дейін ыдыратуы, стафилококтардың микрококтардан айырмашылығы болып келеді.
Антигендік қасиеті. Стафилококтардың антигендік құрылымы өте күрделі және құбылмалы. Ақуыз, пептидогликан, тейхой қышқылынан, капсуласынан тұратын антигендері белгілі. Түрлік арнайы антигені тейхой қышқылдарымен байланысты: S.aureus–те – рибитолтейхой қышқылы, S.epidermidis–те – глицеролтейхой қышқылы, S.saprophyticus-та тейхой қышқылының екі түрі де анықталады. А протейін IgG молекуласының Fc фрагментімен тығыз байланысады. Иммундыглобулиннің Fab фрагменті бос болып келеді және спецификалық антигенмен байланысуы мүмкін. Осыған байланысты А протеин диагностикалық әдісте (коаглютинация) қолданылады.
Бактериофагтарға сезімталдығы (фаготип) тұрақты генетикалық сипаттамасына жатады, олар беткейлі рецепторларға негізделеді. Стафилококтардың көп штамдары лизогенді болып келеді. Экзотоксиннен анатоксин дайындалады.
Патогенділік факторлары микрокапсула, жасуша қабығының компоненттері, агрессия ферменттері (каталаза, гиалуронидаза, липаза, плазмокоагулаза, лецетиназа, фибринолоизин, β лактамаза, гемолизин- α, β, γ, ө) мен токсиндері (лейкоцидин, эксфолиатин, токсикалық шок синдромының токсині, энтеротоксиндер A, B, C, D, E, F) (14.2.-кесте). Стафилококтар өте бейімделгіш болып келеді: антибактериалды препараттарға тұрақтылығы жылдам пайда болады. Трансдукцияланатын фаг көмегімен бір жасушадан басқа жасушаға берілетін плазмидалар өте маңызды рөл атқарады. R-плазмидалар бір немесе бірнеше антибиотиктерге тұрақтылығын қадағалайды, сонымен қатар жасушадан тыс бетта-лактамаза ферментін бөліп бетта-лактамды қатарға жататын антибиотиктерді бұзады.
Резистенттілігі.Стафилококтар қоршаған ортаға тұрақты болғандықтан, санитарлық микробиологияда олар ауаның санитарлық көрсеткіш микроорганизмі болып табылады. Стафилококтаркептіруге тұрақты, осы жағдайда вируленттілік қасиеттерін жоймайды, құрғақ ыстық әсерінен екі сағаттан соң жойылады, таза этанолға да тұрақты. Басқа антисептиктер және дезинфекциялық ерітінділердің әсеріне сезімтал келеді. Стафилококтар көптеген антибиотиктерге тұрақты болып келеді. Олардың негізгі себептері плазмидалар қадағалайтын бетта-лактамазаның түзілуі.
Эпидемиологиясы.Стафилококтар адамның және жануарлардың қалыпты микрофлора өкілдері болып келеді. Соған байланысты ағзаның әртүрлі биотоптарында орналасады, көп мөлшерде теріде мекендейді (S.epidermidis).
Таралу көзі – науқас және тасымалдаушылар. Аса эпидемиологиялық қауіп төндіретіндер – медицина қызметкерлері, олар госпиталды стафилококк штамдарының тасымалдаушылары. Халықаралық жіктелуі бойынша тасымалдаушыларды екі топқа бөледі: тұрақтылар – мұрын қуысынан барлық уақытта алтын түсті стафилококтар табылады, тұрақсыз тасымалдаушылар – стафилококтар бір мезгілде табылады немесе анықталмайды.
Басқа ШПМ тәрізді стафилококтардың ағзалар мен тіндерге троптылығы болмағандықтан, олардың жұғуы мен зақымдау механизмдері көп және әртүрлі. Сондықтан, олар стерилді емес медициналық құрал-жабдықтар, қызметкерлердің қолдары арқылы, алиментарлы (сүт және кондитер тағамдары арқылы), аэрогенді, парентералді жолмен жұғуы мүмкін.
Кесте 14.2.
Staphylocоccus aureus-тің вируленттік факторлары
Вируленттік факторлары | Биологиялық әсері |
Құрылымы: Капсула А ақуызы Пептидогликан Тейхой қышқылы | Фагоцитпен қарым-қатынасты басу. Антиденелердің Fc–фрагментімен байланысуы. Эндогенді пирогендердің өнімін (эндотоксин тәрізді әсер), лейкоциттердің хемоатрактантын (абсцестердің қалыптасуы) күшейту. Жасуша мембранасында катиондардың мөлшерін реттейді, фибронектинді байланыстырады |
Токсиндері: Мембрандық токсиндер немесе гемолизиндер (альфа-, бета-, гамма-, дельта токсиндер), лейкоцидин Эксфолиатинді токсин Токсикалық шок синдромының токсині Энтеротоксиндер (А-Е) | Көптеген жасушаларға, соның ішінде лейкоциттерге, эритроциттерге, макрофагтарға, фибробластарға улы. Эпидермистің гранулярлы қабатында десмосомаларды – жасуша аралық байланыстарды бұза отырып «күйген тері» синдромын тудырады. Суперантиген (Т-лимфоциттердің поликлоналды белсенділігін, цитокиндердің өнуін күшейтеді). Нейротропты, вазотропты әсері бар. Суперантиген. Нейротропты әсері бар, энтероциттерге әсер етеді (стафилококтық тағамдық интоксикациясы). Суперантиген. |
Ферменттері: Плазмокоагулаза (коагулаза) Гиалуронидаза Липаза, лецитовителлаза Стафилокиназа (фибринолизин) Дезоксирибонуклеаза | Фибриногеннің фибринге конверсиялану, олар фагоцитпен («псевдокапсула») байлануына кедергі келтіреді. Дәнекер тінді бұзу Липидтерді ыдырату Фибринді ұйындыларды бұзу Іріңді сұйылту ДНҚ ыдырату |
Басқа компоненттері: Каратиноидты пигменттер | Оттегінің бактерицидтік қасиетін инактивациялау Тер және май бездерінде көбею NaCl мен май қышқылдарына тұрақтылық |
Стафилококтар иммунды компромисті адамдар мен иммунитет тапшылығы бар науқастарда жиі ауыр түрде өтетін стафилококтық инфекциялар тудырады.
Патогенезі және клиникасы.Стафилококтар басқа ШПМ секілді оппортунисттік аурулар тудырады. Стафилококтар этиологиялық фактор ретінде келесі нозологиялық аурулар тудырады: тері және теріасты жасушаларының аурулары (пиодермия, везикуло-пустулез, пемфигус, абсцесс, фурункул, карбункул, гидроадениттер); тыныс алу мушелерінің аурулары (баспа, плеврит, пневмония); жүйке жүйесі және сезіну мүшелерінің аурулары (менингит, отит, конъюнктивит ж.т.б.); ауыз қуысы және асқорыту ағзаларының аурулары (стоматит, перитонит, парапроктит, энтерит, энтероколит, астан улану); сүйек-бұлшық ет жүйесі мен дәнекер тіннің аурулары (артриттер, периоститтер, остеомиелиттер ж.т.б.); қан айналымы жүйесінің аурулары (эндокардит, перикардит, флебит ж.т.б.); зәр шығару-жыныс мүшелерінің аурулары (пиелит, цистит, уретрит, мастит, эндометрит, орхит ж.т.б.); стафилококтық сепсис.
Иммунитеті. Стафилококтық инфекциялардан кейін барлық оппортунистік ауруларға тән жасушалық және гуморалды тұрақсыз қарқынды емес иммунитет қалыптасады.
Микробиологиялық диагноз қою. Жеделдетілген әдіс: ИФА, КоАР, ПЦР.
Бактериологиялық әдіс: зерттеу материалы ретінде қан, ірің, қақырық, несеп, мұрын – жұтқыншақтың шырышты қабығынан жағынды, құсық массасы, нәжіс.
Зерттелетін материалды тығыз элективті орта сары - уызды- тұзды агарға себеді. Қанды алдын ала қантты сорпаға және т.б. себеді, өсінді болса сары - уызды- тұзды агарға себеді. Түрге дейін идентификациялау үшін 3-4 негізгі тесттерді қолданады: плазмокоагулазаны, лецитовителлазаны бөлу, маннитті және глюкозаны анаэробты жағдайда ыдыратуы. Күдікті жағдайда ДНҚ-аза және экзотоксин түзілуін анықтайтын тест жүргізіледі.
Астан улануларда S.aureus бөлінген болса, оның энтеротоксин түзуін биологиялық сынама арқылы анықтайды немесе гелдегі преципитациялық реакция арқылы анықтауға болады.
Стафилококтық эпидемия ошақтарында инфекция көзін анықтау мақсатында адамнан бөлінген дақылдардың халықаралық 22 стафилококтық типтік бактериофагтар жинағы көмегімен фаготиптеу жүргізеді.
Серологиялық әдіс тек созылмалы инфекцияларда қолданады, онда анти-альфа-токсин және рибитолтейхой қышқылына антиденелер титры анықталады.
Микроскопиялық зерттеу көбінесе жүргізілмейді, себебі жағындыда стафилококтар жалғыздан, жұптан, төрттен орналасады. Стафилококтар туыстастығына жатқызу олардың типті морфологиясына, жасушалардың боялуы, олардың кеңістікте орналасуы және глюкозаны анаэробты жағдайда ыдыратуына негізделген.
Емдеуі. Стафилококтық инфекцияларды антибиотиктер және сульфаниламидті препараттармен емдейді. Соңғы жылдары науқастардан бөлінген стафилококтар көптеген химиотерапиялық препараттарға тұрақты екені белгілі болды. Бұндай жағдайда емдеу үшін стафилококтық анатоксинімен иммунизацияланған донор қанынан алынған стафилококтарға қарсы антитоксикалық плазма немесе иммундыглобулинді қолданады. Белсенді иммунитет қалыптастыру үшін (жоспарлы хирургиялық науқастар, жүкті әйелдер) адсорбцияланған стафилококк анатоксинін қолдану мүмкін.
Көбінесе стафилококтық инфекциялармен иммунды компромисты науқастар ауыратындықтан, иммунитетті белсендіретін препараттар қолдануға болады.
Алдын алуы. Жалпы сақтандыру кешендері бірнеше бағыттардан тұрады: науқастар мен тасымалдаушыларды анықтап, емдеу; медицина қызметкерлерін тексеру (әсіресе, перзентхана, реанимациялық, хирургиялық бөлімдердің); жоспарлы түрде медицина қызметкерлері арасында стафилококк тасымалдаушыларының резиденттік түрлерін анықтау және оларды емдеу (стафилококтық бактериофаг, хлорфиллит, эктерицид, лизоцим); ауруханаларда, емханаларда санитариялық-гигиеналық ережелерді қатал қадағалау (асептика, антисептика, дезинфекция, стерилизация); жүре пайда болған белсенді иммунитет қалыптастыру үшін стафилококтық анатоксин қолдану; пассивті иммунитет қалыптастыру үшін стафилококтық иммунды глобулин немесе стафилококқа қарсы донорлық гипериммунды плазма қолдану.
14.1.1.2. Streptococcaceae тұқымдастығы
Streptococcaceae тұқымдастығына 7 туыстастық кіреді, оның ішінде адамға патогендісі – 6: Streptococcus, Enterococcus, Aerococcus, Pediococcus, Lactococcus, Leiconostoc. Клиникалық мағынасы бар - Streptococcus, Enterococcus.
Streptococcaceae тұқымдастығының өкілдері әртүрлі жүйелер мен ағзаларда іріңді-қабыну ауруларын тудырады, және де әрбір өкілі өзіне тән үрдіс тудырады.