ТАРАУ. Инфекция туралы ілім 2 страница

Мысал ретінде T.pallidum немесе S.typhi-ді келтіруге болады, олар табиғи жағдайда адамдарда ғана ауру қоздырады. Микробтың ие жасушасына қоректік тәуелділігі жоғары болған сайын оның паразиттік қасиеті және де патогенділігі жоғарылай береді. Микробтардың патогенділігі кез келген басқа табиғатты патогенділік факторлардан өзінің биологиялық мәнісі бойынша ерекшеленеді.

Патогенді микробтарға нозологиялық спецификалық (грек: nosos – ауру, logos - ілім) және органотроптылық тән. Нозологиялық тәнділік – ол қабылдаушы организмнің қайсысына түскеніне қарамастан патогенді микробтардың әрбір түрі тек қана соған сәйкес инфекциялық процесс және де патологиялық реакциялардың кешенді симптомдарын қоздыру қабілеттілігі. Сонымен, S.typhi тек қана – іш сүзегін, ал N. meningitidis – менингококты инфекция қоздырады. Қоздырғыштардың осындай спецификалығы өздігінше нозологиялық түр ретінде жекеленген жұқпалы ауруларға клиникалық диагноз қоюға мүмкіндік береді. Шартты-патогенді бактерияларда осындай нозологиялық тәнділік болмайды. Орган-троптылық – ол биохимиялық қасиеттері бойынша микробтардың тіршілігі үшін ең қолайлы жасушаларда, тіндерде, және ағзаларда қоныстану және оны зақымдау қабілеттігі. Мысалы, ауалы-тамшылы инфекциялардың қоздырғыштары тыныс алу жолдарын, ал ішек инфекцияларының қоздырғыштары – асқазан-ішек жолдарын зақымдайды.

Спецификалық және орган-троптылықтың негізінде лиганд жатыр – ол макроорганизмнің эукариоттық жасушалары мен микробтардың рецепторлық өзара әсерлесуі. Спецификалық және орган-троптылық көптеген микробтардың ие бейімділігін түсіндіреді. Бұл заңдылықтан өзгешеліктер де болады. Мысалы, зоонозды инфекциялардың қоздырғыштары (сарып, оба, күйдіргі, туляремия т.б.) үшін полигоспитальдылық (иелері көп) және панитропизм (көптеген органдар мен тіндерде орналасқан макрофагтарда жасуша ішілік тіршілік ету қабілеттілігі) тән. Бұл микробтар үшін спецификалық иесі болып табылмайтын адамдарың организміндегі инфекциялық процесс аса маңызды бейімділік рөл атқармайды. Егер микробтар олар бейімделмеген ортаға түссе, онда инфекциялық процесс дамымайды, дами қалған жағдайдың өзінде процесс атипті түрде өтеді.

Микробтардың паразиттік қасиетінің айқындылығы азайған сайын олардың спецификалығы мен орган-троптылығы да азаяды, мұндай қасиет шартты-патогенді микробтарға тән. Микробтың органспецификалық бейімділігі күшейген және метаболиттік ерекшелігі айқын болған сайын оның патогенділігі артады және оларсыз тіршілік ете алмайтын биологиялық иелерінің диапазоны тарыла бастайды. Осындай күрделі метаболиттік қажеттілігі бар микроб ретінде мерез қоздырғышын мысалға келтіруге болады.

Патогенді микробтар макроорганизмге сынақшы немесе инфицирлеуші дозада (син. патогендік доза) енуі керек. Микробтар макроорганизмге инфицирлеуші дозадан аз мөлшерде түссе инфекциялық процесс дамымайды. Инфицирлеуші доза микробтардың тіндерге тұрақты адгезиялануы, колонизациялануы және инвазиялануы үшін қажет. Егер инфицирлеуші доза аз болса микроб макроорганизмге түскен кезде бейспецификалық қорғаныс факторлардың (асқазанның қышқылдылығы, ферменттер т.б.) әсерінен қырылады, себебі адгезиялану және колонизациялану тежеледі. Инфицирлеуші доза салыстырмалы шама болып табылады. Микробтардың әрбір түріне тән инфицирлеуші дозасы болады. Мұндай доза жұқпалы ауру ағымының ерекшелігі мен байқалуына (жасырын кезеңнің ұзақтылығы, ауру барысы т.б.) ғана емес, сонымен қатар инфекция қоздырғыштарының ең тиімді және мүмкін болатын берілу факторларына әсер етеді. Инфицирлеуші доза көрініс беруі үшін макроорганизмге түскен микробтар санымен қатар, олардың жасуша қабығының бетіндегі (беткейлік бірлігінің) тығыздығы және эукариоттық жасушаларда тиісті рецепторлар болуының маңызы күшті. Бір қатар жұқпалы аурулар пайда болуы үшін жұқпалы дозаның аз болатыны осымен түсіндіріледі. Инфекциялық процестің дамуы мен байқалуында инфицирлеуші дозадан басқа микробтардың репродукциялану жылдамдығы да маңызды рөл атқарады, ол макроорганизмге түскен микроб популяциясының көбею мүмкіндігін анықтайды.

Мысалы, барлық бактериялар арасында ең патогенді деп есептелетін оба қоздырғышының (Y.pestis) өсу және көбею жылдамдығы өте жоғары. Бұл індеттің жасырын кезеңі өте қысқа (бірнеше сағаттан 9 күнге дейін) және кесел өте ауыр түрде өтіп, аса жоғарғы деңгейде өлім-жітім туғызады. Ал туберкулез және алапес қоздырғыштары өте баяу өсіп-өнеді. Олар қоздыратын аурулардың жасырын кезеңі ұзақ және кесел көбінесе созылмалы түрде дамиды. Осы бактериялардың L – пішінді түрлерінің метаболиттік белсенділігі және көбею жылдамдығы төмен. Олар жұқпалы аурулардың типтік түрде дамуын қоздыра алатын мөлшерде жинала алмайды. Көбею жылдамдығының және популяция тығыздылығының жоғары болуы мутацияның артуына және макроорганизмге ең бейімделген мутанттардың іріктелуіне ықпалын тигізеді.

Патогенді микробтар тыбиғи жағдайда макроорганизмге тиісті инфекцияның кіруесігі арқылы енуі қажет. Мысалы, N. gonorrhoeae макроорганизмге несепағардың, жатыр мойны арнасының, тік ішектің дистальді бөлімінің және көз конъюнтивасының шырышты қабатындағы бір қабатты цилиндрлік эпителиясы арқылы енеді. Ішек инфекцияларының қоздырғыштары макроорганизмге ішек жолының шырышты қабықтары, ал ауалы-тамшылы инфекциялардың қоздырғыштары – тыныс алу жолдарының шырышты қабықтары арқылы енеді. Сонымен қатар макроорганизмге әр түрлі кіру есіктері арқылы енетін патогенді микробтар бар, мысалы, пантропизмдік қабілеттілігі бар зооноздардың қоздырғыштары. Микробтар дозасы, олардың берілу жолдары, инфекцияның кіру есігі және жұқпалы аурулардың клиникалық көріністерінің неше түрлі болуының арасындағы байланыс дер кезінде диагноз қоюды қиындататындығы анықталған. Жұғу механизмі және оған тиісті берілу жолдары микробтардың макроорганизмде орналасуына әсер етеді.

Берілу механизміне және инфекция таралуына әсер ететін микробтардың организмнен бөлініп шығу жолдары мен тәсілдерінің де макроорганизмге микробтардың ену жолдары сияқты спецификалығы болады. Мысалы, ауалы-тамшылы инфекцияларда – тыныс алу ауасымен, ішек инфекцияларында – нәжіспен микробтар сыртқа шығады. Генерализацияланған инфекциялар кезінде мұндай заңдылық болмайды, өйткені қоздырғыш қанмен әр түрлі ағзалар мен тіндерге түседі. Сондықтан микроб барлық мүмкіндік жолдармен (нәжіспен, несеппен, өтпен, қақырықпен т.б.) шыға алады, және де қансорғыш буынаяқтық жәндіктер арқылы берілуі мүмкін. Бұл кезде жоғарыда айтылғандай, микробтың қабылдаушы бар адамнан басқаларға берілуінде экскреттегі микроб санының маңызы үлкен.

Паразиттер популяциясы гетерогенді. Бір түрге жататын микробтардың генотиптік және фенотиптік гетерогенділігі болады. Гетерогенділік – ол барлық тірі организмдерге тән әмбебап (универсалды) қасиет.

Патогенділік факторлары генотиптік түрлік белгі бола тұрғанмен фенотиптік өзгергіштікке ұшырауына байланысты патогенділік дәрежесін белгілеу үшін «вируленттілік»(лат.: virulentis - улы) деген түсінік енгізілген. Патогенділік – ол осы микроб түрінің инфекциялық процесс қоздырушы потенциалды қабілеттілігі, ал вируленттілік – инфекциялық процесс дамуын қоздыра алатын тек қана осы микроб штамына тән өзгермелі индивидуалдық қасиет. Ол патогенділіктің өлшемі, оның сапалық сипаттамасы немесе генотиптің фенотиптік көрінісі.

Осындай белгісіне қарай микробтың нақты түрінің барлық штамдарын бірнеше топқа бөлуге болады: жоғарғы-, шамалы-, әлсіз вируленттілер және вирулентсіздер (авируленттілер). Шамалы вирулентті және әлсіз вируленттілерге қарағанда жоғары вирулентті штамдар әдетте өте ауыр түрде өтетін кесел қоздырады. Осыған қарамастан авирулентті штамдар конвенциялық және аса қатерлі инфекциялар қоздырғыштарының арасында да кездеседі.

Вирусологияда «вируленттілік» терминінің орнына «инфекциондық» немесе «инфекциялаушы» атауы қолданылады. Зертханалық жағдайда микробтардың вируленттілігін және олардың токсиндерінің күшін летальдық (LD) және инфицирлеуші (ID) дозалары бойынша анықтайды. Мұндай өлшем шамаларын шартты қабылданған бірліктермен белгілейді. Летальдық (өлім туғызушылық) доза – ол тәжірибеге алынған жануарлардың нақты санын (%) тиісті мезгілде өлім туғызатын тірі қоздырғыштың немесе токсиннің ең аз мөлшері. Инфицирлеуші доза - ол тәжірибеге алынған жануарлардың тиісті санында (%) жұқпалы ауру қоздыра алатын тірі микробтардың ең аз мөлшері.

Өлшем шамаларының басқа да түрлерін ажыратады:

Dcl (dosis certa letalis) – ол тиісті мерзім уақытында тәжірибеге алынған жануарлардың 100% өлімге әкелетін тірі микробтың немесе оның токсинінің ең аз мөлшері. Бұл – сөзсіз өлім туғызатын доза.

Dlm (dosis letalis minima) – ол тиісті мерзім уақытында тәжірибеге алынған жануарлардың 95% өлімге әкелетін тірі микробтың немесе оның токсинінің ең аз мөлшері.

ID 100 - ол тәжірибеге алынған жұқтырылған эксперименттік жануарлардың 100% жұқпалы ауру қоздыра алатын тірі микробтың ең аз мөлшері.

LD 50 көрсеткіші жиі қолданылады – ол тәжірибеге алынған жануарлардың 50% тиісті мерзім уақытында өлімге әкелетін тірі микробтың немесе оның токсинінің ең аз мөлшері.

ID 50 – ол тәжірибеге алынған жұқтырылған эксперименттік жануарлардың 50% жұқпалы ауру қоздыра алатын тірі микробтың ең аз мөлшері.

Тәжірибе қойғанда эксперименнтік жануарлардың түрі, жынысы, жасы, салмағы, күтім жағдайы және толыққұнды қоректенуі ескерілуі қажет, өйткені аталған жағдайлар оларда иммундық жүйенің қалыптасуымен және белсенділігімен байланысты. Тәжірибе мақсатына қарай әр түрлі жұқтыру жолдарын қолданады (ауыз арқылы, интраназальды, тамыр ішіне, бұлшық етке, құрсақ ішіне, интрацеребральды т.б.). Мысалы, басқа зертханалық жануарларға қарағанда M.tuberculosis-ке ең сезімтал теңіз шошқаларына өлім туғызатын ауру қоздыру үшін тыныс алу жолдары арқылы микробтың 1-2 жасушасын енгізу жеткілікті болса, ауыз арқылы (пероральды) жұқтырғанда летальдық дозасын бірнеше мың жасушаға арттыру қажет болады. Тіптен микробтардың бір түрінің арасында түраралық генетикалық ерекшеліктері болады. Мысалы, вирустарға сезімталдығы өте жоғары, бірақ бактерияларға төзімді тышқандар қатары бар, керісінше де болуы мүмкін. Тәжірибе нәтижесі дәлірек болуы үшін экспериментке жануарлар санын көбірек алған жөн. Генетикалық жолмен алынған, мысалы, инбредті жануарларда тәжірибе жүргізгенде ең сенімді біркелкі нәтижелер алады. Инбредті (ағыл.: in- ішінде, breeding- көбейту) жануарлар – ол, жақын туыстас ата-аналықтарды 20 жыл және одан да көп уақыт бойы бір-бірімен шағылыстыру арқылы алынған туыстас гомозиготты жануарлардың ұрпағы. Мұндай жануарлар генетикалық жағынан біркелкі, өйткені гомозиготтылық 100%-ға жеткізіледі.

Физикалық, химиялық және биологиялық факторлардың әсерінен генотиптің фенотиптік көрінісі ретінде вируленттілік қасиет жоғарылауы да және төмендеуі де мүмкін. Ұзақ уақыт бойы бактерияларды жасанды қоректік орталарда дақылдандырғанда немесе микробтарды сезімталдығы төмен жануарлар организмі арқылы қайта-қайта жұқтырып (пассаж) өткізгенде вируленттілік қасиеті төмендеуі мүмкін. Вируленттілігін толық жоғалту генотипінің өзгеруімен байланысты. Керісінше, микробтарды ұзақ мерзімде сезімталдығы жоғары жануарлар организмінен қайта-қайта жұқтырып өткізгенде, лизогенизациялану кезінде, және де мутациялану, рекомбинациялар нәтижесінде вируленттіліктің жоғарылауы байқалады. Вируленттіліктің осылай өзгеруі вакциналық штамдар алғанда ескеріледі.

Микробтардың вируленттілігін және қауіптілік дәрежесін ескере отырып барлық патогенді микробтарды 4 топқа бөледі, оларпмен жұмыс атқару тәртібі Денсаулық сақтау Министрлігінің тиісті бұйрықтары және нұсқаулықтарымен регламенттелген. Вируленттіліктің өзгеретіні туралы мысал ретінде бактериялардың L –трансформациялануын, спирохеталарда цисталар түзілуін, макроорганизмге түскенде бактерияларда капсула синтезделуін, иерсенияларда температураға тәуелді инвазиялық ақуыздардың синтезделуін, іш сүзек таяқшасында антиген түзілуін, индуцибельдік экзоферменттер пайда болуын және т.б. келтіруге болады.

7.3.1. Микробтардың патогенділік факторлары

Патогенділік факторлар – ол микробтардың инфекциялық процесс қоздыру қабілеттілігін қамтамасыз ететін материалдық заттектер. Патогенділік факторларды зерделеу патогенді микробтардың патогенсіздерден және қабылдағыш макроорганизмнің қабылдамайтыннан қандай айырмашылықтары бар екенін түсінуге мүмкіндік береді. Сапрофиттерге қарағанда патогенді микробтар макроорганизмнің табиғи тосқауылдарын жеңуі және сол организмде тіршілік етуі үшін адгезиялық , колонизациялық және инвазиялыққасиетке ие болуы керек, яғни макроорганизмнің қорғаныс тосқауылдарын бұзып өту, инфекцияның кіру есігінен тысқары жерде макроорганизмнің ішкі ортасына ену және тіндерде таралу, макроорганизмнің жасушасы ішіне ену (пенетрация) қабілеттілігі болу керек. Сонымен қатар агрессивтік, яғни макроорганизмнің қорғаныс факторларымен интерференцияланатын агрессиндердің көмегімен организмнің бейспецификалық және спецификалық реактивтілігін басып тастайтын, соның ішінде фагоцитозға қарсы тұру, қабілеттілігі болу керек.

Макроорганизмде сақталу және өсіп-өніп көбею мағынасын қамтитын «инвазивтік» терминді қазіргі кезде стафилококтар, стрептококтар, псевдомонадалар т.б. жасушадан тыстық паразиттер үшін қолданады. Патогенді микробтар макроорганизмге улық әсер етуі керек. Патогенді микробтар осы функциялардың әр қайсысын, макромолекулалардан тұратын, инфекциялық процестің спецификалығын қамтамасыз ететін патогенділік факторларды сақтаушы арнайы құрылымдардың көмегімен іске асырады. Спецификалық қасиет әсер етуші құрылымдардың өзара комплементарлық принципі бойынша биологиялық тану механизміне негізделген. Адгезиялануды, колонизациялануды және фагоцитоздан қорғануды негізінде микробтардың беткейлік морфологиялық құрылымының құрамына кіретін макромолекулалар іске асырады. Инвазиялық және агрессиялық қасиет негізінде экзоферменттердің, ал улық әсер ету – жұқпалы аурулар кезіндегі спецификалық симптомдардың дамуында жетекші рөл атқаратын, токсиндердің әсер етуімен байланысты. Инфекциялық процестің тиісті сатыларының дамуында бірден бірнеше патогенділік факторлары қатысады.

Адгезиялануды және колонизациялануды қамтамасыз ететін патогенділік факторлар.Патогенді микробтар тері және шырышты қабықтардың бетінде орнығып қалуы үшін макроорганизмнің табиғи қорғаныс тосқауылдарын белсенді түрде жеңіп алуға тырысады. Сондықтан адгезия және колонизациялану – ол инфекциялық процестің алғашқы іске қосылу механизмі. Осындай тосқауылдан (барьерден) өте алмайтын микробтар макроорганизмге парэнтеральды жолмен ену қабілеттігіне ие болған, ол үшін зақымданған эпидермисті немесе қансорғыш бунақаяқты жәндіктердің көмегін пайдаланады. Адгезия спецификалығымен сипатталады, ол микробтардың белгілі ие түрлерінің және макроорганизмнің белгілі жүйелері мен органдарының (органтроптылық) эпителиялық жасушыларына таңдап жабысу қабілеттігімен көрінеді. Тіптен бір органның немесе жүйенің (тыныс алу, ас қорыту, жүйке т.б.) шегінде зақымданудың әр түрлігі (мозаикалығы) байқалады. Адгезияның спецификалығын микробтарда комплементарлық құрылым және макроорганизмде оған сезімтал эукариоттық жасушалардың болуымен байланысты. Жабысуға жауапты микроб құрылымы адгезиндер, немесе лигандтар, ал иенің эукариоттық жасушалардағы құрылымдары – рецепторлар деп аталады. Олардың арасында комплементарлық принцип бойынша лиганд - рецепторлық өзара әсерлесу жүреді. Грам-теріс бактериялардың әр түрлі органеллалары – түктер, қылқыштар, кірпікшелер(фимбриялар) немесе I-типті пилилер адгезиндер түзеді, және де адгезиндер рөлін олардың сыртқы мембранасының негізгі ақуыздары мен полисахаридтері атқарады. Грам-оң бактериялардың кірпікшелері(фимбриялары) жоқ, адгезиндер рөлін олардың беткейлік ақуыздары мен тейхой қышқылдары атқарады. Капсулалы бактерияларда адгезияларға капсулалық полисахаридтер мен полипептидтер қатысады. Микоплазмаларда адгезиндер цитоплазмалық мембрананың бүртікшелерінің құрамына кіреді. (М. Pрneumowiae-ның Р1 белогы), ал вирустарда капсид ақуыздары мен суперкапсид гликопротеиндерінің есебінен іске асады. Шырышты қабықтардың бактериялармен колонизациялануы кезінде адгезиндермен қатар V.cholerae-ның холерогенінің А1 фрагменті, C.diphtheriae-ның дифтериялық токсині, B.pertussis-тің пертуссин токсині және т.б. белгілі рөл атқарады. Терідегі және шырышты қабықтардағы бірігіп әсер ететін әр түрлі биоцидтық және биостатикалық факторларға микробтар қарсы тұра алатын жағдайда ғана адгезиялану және колонизациялану тұрақты болуы мүмкін. Сондықтан шырышты қабықтардың колонизациялану процесінде IgA-протеазалар және бактериялардың антилимфоцитты факторы, бактериоциндер өндірілуі, антиоксиданттар, темір иондары үшін бәсекелестін сидерофорлар маңызды рөл атқарады. Инфекция кіру есігі айналасындағы тері жабындылары мен шырышты қабықтардың колонизациялануы микробтардың дозасымен ғана емес, эпителиялық жасушалар бетіндегі рецепторлардың санымен де байланысты болады. Эпителиялық жасушаларда рецепторлардың саны және құрылысы бір түрдің шегінде де ауытқып отырады, ал кейбір түрлердің өкілдерінде тіптен болмауы мүмкін. Популяциялық деңгейде де, жасушалық-тіндік және ағзалық деңгейлерде де зақымданудың санқилығы (мозаичность) осымен түсіндіріледі. Макроорганизм жасушаларының беткейлік табиғи құрылымдарынан басқа вирустармен индуцирленген антигендер мен жүре пайда пайда болатын рецепторлар-көпіршелер де (альбуминдер, иммундыглобулиндер, фибронектин, комплементтің бірқатар компоненттері және басқа молекулалар) рецептор рөлін атқаруы мүмкін. Олар макроорганизм жасушаларының табиғи рецепторларымен және микробтардың адгезиндерімен өзара әсерлесе алады. Егерде бір жағынан рецепторлар жоқ болса, инфекциялық процесс дамымайды. Бұл қабылдаушы макроорганизмнің қабылдамаушы макроорганизмнен макромолекулалық деңгейде айрықша болатынын көрсетеді. Генетикалық детерминделген рецепторлардың жоқ болуы кейбір микробтарға қарсы табиғи, түрлік (конституционалдық) туа біткен иммунитеттің болуымен байланысты. Екінші жағынан, патогенді микробтардың да патогенсіздерден макромолекулалық деңгейде ерекше болатынын көрсетеді, өйткені рецепторлар бар болғанымен адгезиндері жоқ мутант-микробтар инфекциялық процесс қоздыру қабілеттілігінен айырылады.

Макроорганизмнің жасушаларымен адгезиялану (1-сурет) – таза механикалық өзара әсерлесу емес. Жасуша рецепторларымен адгезиндердің және де секреторлық ақуыздардың тікелей өзара әсерлесуі жасушаның сигналдық жүйесінің белсенділігін арттырады және қабыну цитокиндерінің пайда болуына әкеледі, олар макроорганизмнің жасушасы ішіне сигнал өткізетін интегриндердің жасуша беткейлерінде синтезделуін күшейтеді. Сөйтіп, жасуша ішіне микробтардың енуін қамтамасыз ететін механизм қосылады. Грам-теріс бактериялардың сыртқы мембраналық молекулалары және жасуша ішіне енуге пайдаланылатын басқа адгезиялық молекулалар инвазиндер деп аталады. Фагоциттеуші және де фагоциттемеуші жасушаларға бактериялардың белсенді түрде ену механизмдері бірдей. Олар дәстурлі фагоцитозға шалдыққан микробтарға фагосомалардың антибактериялық белсенділігінен құтылуға мүмкіндік береді.

Микробтардың адгезиялық және колонизациялық факторлары жұқпалы аурулар патогенезінің ең алғашқы басталу сатыларында шешуші рөл атқарады, оны осы ауруларға қарсы профилактикалық препараттар жасау кезінде ескеру қажет.

Инвазивтілікті және агрессивтілікті қамтамасыз ететін патогенділік факторлар(16 - сурет).

Микробтардың макроорганизмде жайылып таралу және оның қорғаныс факторларына қарсы тұру қабілеттілігі микробтар түзетін ферменттермен байланысты, ол әсіресе жасушадан тыстық облигатты паразиттерге тән. Ферменттер әрі жеткілікті, әрі кең жайылып (генерализованно) әсер ете алады. Олар токсиндердің әсерін күшейтіп және де протоксиндерді токсинге айналдырып жасушаларды және тіндердің талшықтарын бұзады. (нейраминидаза және гиалуронидаза) немесе макроорганизм үшін үлы заттар пайда болуы нәтижесінде өздері токсин ретінде әсер етеді. Мысалы, уреаза ферменті мочевинаны аммиак пен көміртек диоксидіне (көмірқышқыл газы) дейін гидролиздейді, немесе ішекте бактериялар түзейтін аминқышқылдарды ыдырататын декарбоксилазалар биогенді улы аминдардың пайда болуына әкеп соғады. Легионеллалардың протеазалары, көкжөтел қоздырғышының аденилатциклазасы т.б. макроорганизмге улық әсер етеді. Бір қатар микробтар эритроциттерді және лейкоциттерді бұзатын ферменттер (гемолизиндер және лейкоцидиндер) өндіреді. Бәлкім, кейбір жағдайларда ферменттер мен токсиндердің айырмашылығы шартты түрде болуы мүмкін, өйткені қазіргі кезде кейбір токсиндердің ферменттік белсенділігі анықталған.

Микробтардың макроорганизмге инвазиялануын және онда сақталуын қамтамасыз ететін ферменттерге жатады:

6. гиалуронидаза, бөтен заттардың енуіне кедергі жасайтын денелер тіннің негізгі кампоненті – гиалурон қышқылын ыдыратады;

7. нейраминидаза (син.: сиалидаза), жасушалардың беткейлік рецепторларының құрамына кіретін сиал қышқылын ыдыратады, соның нәтижесінде жасуша рецепторы микробтардың адгезиндерімен немесе олардың токсиндерімен өзара әсерлесу қабілеттілігіне ие болады. Осы ферменттің көмегімен микробтар макроорганизмнің бірінші тосқауылынан (барьерінен) өтеді. Бұл тосқауыл – шырышты қабықтардың бетін жауып тұратын және құрамында көп мөлшерде сиал қышқылы бар муциндік қабат. Кілегей каллоидтық қасиетін жоғалтады және толық бұзылады, ал шырышты қабықтың эпителиялық жасушалары (қалыпты жағдайда кілегеймен жабылған) колонизациялау үшін қолайлы жағдайға айналады. Бұл фермент микробтардың жасуша ішіне енуіне және олардың жасушааралық кеңістікпен таралуына әсер етеді. Өйткені сиал қышқылы әр түрлі тіндер мен ағзалардың құрамына кіреді. Сонымен, нейраминидаза кең спектрлі әсер етеді;

8. фибринолизин, қабыну процесі кезінде тіндерде пайда болатын фибрин ұйындысын ерітеді. Фибрин ұйындысы қабыну ошағын шектейді және макроорганизмде микробтардың жайылып таралуына кедергі жасайды. Фибриннің еріп кетуі (лизистенуі) микробтардың макроорганизмде инвазиялануына әкеледі;