ТАРАУ. Инфекция туралы ілім 1 страница

Инфекция туралы ілім – бұл макроорганизмдерде тіршілік етуге және оған патогенді әсер етуге мүмкіндік беретін микробтардың қасиеті туралы, және де микроорганизмнің ауру тудырушылық әсеріне қарсы тұратын макроорганизмнің қорғаныс-бейімделу реакциялары туралы ілім. Инфекция туралы ілім маңызды роль атқарады, өйткені инфекциялық процесс қоздыратын микробтардың патогенсіз микробтардан ерекшелігін, және де қоздырғыштарды қабылдаушылық және қабылдамаушылық қасиеті бар макроорганизмнің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар екенін түсінуге мүмкіндік береді. Ол жұқпалы ауруларды емдеу және алдын алу үшін қажетті препараттар жасауда, және де диагноз қою әдістерін жетілдіруге шешуші рөл атқарады. Инфекциялық процестердің дамуын және оның барысын молекулалық деңгейде ғана емес одан да жоғары деңгейде сауатты бақылауға мүмкіндік береді.

“Инфекция” (лат. inficio – жұқтыру, зиянды нәрсені енгіземін) немесе оның синонимі “инфекциялық процесс” термині қоршаған ортаның тиісті жағдайында қабылдаушы макроорганизммен оған, көбейген патогенді немесе шартты-патогенді микроорганизмнің өзара әсері +нәтижесінде пайда болатын және макроорганизмнің ішкі ортасының тұрақтылығын(гомеостазын) сақтауға бағытталған физиологиялық қалпына келу – бейімделу реакцияларының жиынтығын білдіреді. Қарапайымдылар, гельминттер, жәндіктер – Animalia әлемінің өкілдері қоздыратын осындай ұқсас процесті инвазия (лат. invazio – шабуыл, басып кіру) деп аталады.

Инфекциялық процестің негізінде паразитизм феномені жатыр, өйткені паразит деп аталатын біреуі, ие деп аталатын екіншісін қоректік көзі және тұрақты немесе уақытша мекендейтін орны ретінде пайдаланады. Бұл кезде аталған екі организм де бір-бірімен қарама-қарсы (антагонистік) жағдайда болады. Сапрофиттік тіршілік етуге қарағанда паразитизм – ол тірі ортада өмір сүру. Паразиттің ие организміне патогендік әсер етуі және ие организмі жағынан оған жауап беретін қорғаныс реакциясы паразитизмнің ажыратылмайтын бөлігі болып табылады. Паразитизм – түрге тән және тұқым қуалайтын қасиет. Адамдардың, жануарлардың және өсімдіктердің инфекциялық және инвазиялық ауруларының қоздырғыштары паразиттерге жатады, яғни олар тірі жүйе ортасында паразиттік тіршілік етуге қабілетті. Ие организмнің тіршілік етуі мәңгілік емес, уақыт мерзімі бойынша шектелген. Сондықтан, паразиттер үшін мекендейтін ортасын ауыстыру қажет. Олардың екі тіршілік циклі болады: тірі организмдегі – паразиттік және одан тыс жердегі паразиттік емес тіршілік ету фазалары. Паразиттік емес тіршілік ету деп, кең мағынада сапрофиттік тіршілік ету жағдайын және де шартты-патогенді бактерияларға тән паразитизмнен өзгеше түрлерін (мутуализм, комменсализм, метабиоз т.б.) түсіну керек. Микроб биологиялық түр ретінде тіршілік сақтай алатын ортаның маңызы зор. Оны ең басты спецификалық тіршілік ортасы дейді. Өйткені “паразитизм” термині – бұл ерекше түсінік және паразит популяциясы гетерогенді. Микроб популяциясының паразитизмдік дәрежесі ең алдымен мекендейтін ортамен байланысты, сондықтан популяциялық-экологиялық тұрғыдан паразитизмді үш категорияға бөледі: облигаттылар, факультативтілер және кездейсоқтылар.

Облигатты (нағыз) паразиттер популяциялық циклдің барлық сатысында ие организмімен тығыз байланысты. Оларға паразиттік тіршілік ету фазасы ғана тән, олар сыртқы ортаға түспейді, өйткені сыртқы ортада тіршілік етуі мүмкін емес. Олар трансмиссивті, трансплацентарлы және жанасу-жыныстық жолымен беріледі. Егерде паразиттің екі иесі болса (жылықандылар және буынақаяқтылар), онда оның популяциясы кез келген уақытта екі бөліктен тұрады: гостальдық (организмдік) және векторлық (тасымалдаушыда). Басқа жағдайларда популяциясы гостальдық бөлім ретінде белгілі. Олар тұйықталған паразиттік жүйе құрайды.

Факультативті (салыстырмалы) паразиттер табиғи айналым кезінде ие организмімен қатар сыртқы ортаны да пайдалана алады, бірақ олар үшін паразиттік фазаның маңызы басым. Мұндай микроорганизмдер жоғарыда аталған жұғу жолдарынан басқа да жолдармен беріле алады. Бұл категориядағы паразиттер көбінесе біркелкі болмайды, олардың популяциясы үш бөлімнен (гостальды, векторлы, сапрофитті-организмнен тыс) немесе екі бөлімнен (гостальды және организмнен тыс) тұрады. Олар тіршілік етудің сапрофиттік фазасына қарағанда паразиттік фазасы басымырақ болатын жартылай тұйық паразиттік жүйе түзеді.

Кездейсоқ паразиттергеавтономды түрде тіршілік етуге сыртқы орта (су, топырақ, өсімдіктер, және де басқа органикалық субстраттар) қалыпты орта болып табылатын паразиттер жатады. Олар сапрофиттік типімен қоректену қабілеттілігін сақтайды. Тіршілік етудің сапрофиттік фазасы олар үшін ең негізгі және сөзсіз қажет, ал паразиттік фаза ауық-ауық қана қажет. Осыған орай, мекендейтін екі ортаға байланысты паразит популяциясы екі бөліктен тұрады: организмнен тыс (сапрофиттік) – ол негізгісі, және де организмдік (гостальдық) – ол кездейсоқ болып табылады. Оларда трансмиссивтік берілу жолы болмайды. Олар ашық паразиттік жүйе құрайды. Оларға нағыз сапроноздардың қоздырғыштары жатады. Кездейсоқ және факультативті паразиттер сапрофиттен облигатты паразитке өтудің ауыспалы кезеңдік түрі болып табылады. Сонымен, олардың организммен байланыс тығыздығы облигатты паразиттен кездейсоқ паразиттерге қарай азая бастайды, соңғылар үшін тіршілік етуге сыртқы ортаның ролі арта бастайды. Микробтың қоректік қажеттілігі ие жасушасымен байланысы тығыз болған сайын оның паразиттік қасиеті жоғарылай береді. Осының негізінде микробтардың мутантты түрлері іріктелген. Эволюциялық даму барысында сапрофиттер өзіне қажет емес ферменттерді және басқа биологиялық жүйелерді жоғалтқан. Себебі олар өзіне керекті заттектерді дайын түрде ие организмінің жасушасынан алады. Мысалы, риккетсияларда гликолиттік циклге қатысатын ферменттер жоқ, хламидияларда АТФ синтезі жүрмейді, ал вирустардың ақуыз синтездейтін меншікті жүйесі жоқ.

7.1. Инфекциялық процесс және жұқпалы ауру

Инфекциялық процестің пайда болуы, дамуы және аяқталуы үш топ факторлармен анықталады: 1) инфекциялық процесс қоздырғышы – микробтардың сандық және сапалық сипаты; 2) макроорганизм жағдайы, оның микробты қабылдаушылық дәрежесі; 3) микроб пен макроорганизмді қоршаған ортаның физикалық, химиялық, биологиялық факторларының әсері, олар өз кезегінде бірнеше түрлер өкілдерінің арасында жанасу мүмкіндігіне, бір түрдің мекендейтін аумағының бірлігіне, қоректік қатынастарына, популяция тығыздылығы мен санына, генетикалық ақпарат беру және миграциялану ерекшеліктеріне т.б. өз әсерін тигізеді. Адамдарға қатысты сыртқы орта жағдайы деп оның тіршілігіндегі әлеуметтік жағдайларды қабылдау керек. Макроорганизмдегі микробтардың әсерінен дамитын алғашқы екі биологиялық фактордың – инфекциялық процеске тікелей қатынасатындар. Бұл кезде инфекциялық процестің спецификалығын микроб анықтайды, ал инфекциялық процестің байқалу және оның үдеу барысындағы ауырлығына, ұзақтығына және індет аяқталуына макроорганизм интегралды шешуші үлес қосады, ол ең алдымен бейспецификалық резистенттілікпен және оған көмекші жүре пайда болатын спецификалық иммунитет факторларымен байланысты. Үшінші, экологиялық фактор, макроорганизмнің қабылдаушылығын, қоздырғыштың жұқтырғыш мөлшерін және вируленттілігін төмендетіп немесе күшейтіп, жұғу механизмін және инфекциялық берілу жолдарын т.б. белсендіре отырып, инфекциялық процеске жанама әсер етеді.

Жұқпалы ауруларды тудыратын микроорганизмдерді жұқпалы аурулар қоздырғыштары деп атау жалпы қабылданған термин. Инфекциялық жағдайдағы адамдардың немесе жануарлардың организмін, яғни онда қоздырғыштың паразиттік тіршілік етуін – инфицирленген, ал қоздырғыштар түскен сыртқы орта заттарын – ластанған деп атайды. Макроорганизмнің қабылдаушылығы деп, микробтар енгенде макроорганизмнің көптеген көріністермен (тасымалдаушылықтан жұқпалы ауруға дейін) реакция беру қабілеттігін айтады.

7.1.2. Инфекциялық процестің сатылары мен деңгейлері

Инфекциялық процесс – ол эволюция барысында қалыптасқан микробтар мен макроорганизм арасындағы өзара әсерінің ең өзгермелі түрлерінің бірі. Процесс өзара қатынастың себеп-салдарының тұрақты түрде ауысып отыруымен жүреді. Шартты түрде оны бірнеше сатыға бөлуге болады. Бірінші саты – микробтардың макроорганизмге енуі. Микробтың енуі және инфекцияның кіру есігінің аумағында адаптациялануы (лат. аdaptatio - бейімделу), яғни жұғуы (инфицирленуі), және де микробтардың макроорганизм жасушасына жабысуы (адгезиялануы) инфекциялық процестің басталу сәті болып табылады. Кіру есігі – организмге микробтар түсетін ағзалар мен тіндер. Микробтар макроорганизмге көбінесе зақымдалған тері жабындылары және зақымданбаған шырышты қабықтар арқылы енеді. Екінші саты - колонизациялау (лат. colonia - қоныстану) – кіру есігі аумағындағы тері жабындылары мен шырышты қабықтарда горизонтальды бағытта микробтардың жайылып қоныстануы. Инфекциялық процесс кезінде микробтар жасуша беткейімен горизонтальды бағытта таралуымен қатар макроорганизмнің жасушалары мен тіндерінің ішіне қарай тереңдеп ене бастайды. Микробтардың макроорганизм жасушысының ішіне ену қабілеттілігін пенентрация деп атайды. Бұл кезде қолайлы жағдай туындаса, және де микроб метаболизмінің өнімдері, олардың ферменттері және токсиндері шығып жиналса, микробтар көбейіп, қоздырғыштың жаңа буындары пайда болады. Сонымен қатар макроорганизм жасушасының ыдырауы нәтижесінде пайда болған уытты өнімдері микроб енген және одан алшақтау жерлердегі ағзалар мен тіндерге зақымдаушы әсер етеді. Үшінші саты -диссеминациялану (лат. disseminaze – шашылу, таралу), яғни микробтардың бірінші енген жерден айналасына, басқа аумақтарға таралуы және лимфа-гематогенді, бронхогенді, периневральді (жүйке бағаналары бойымен) жолмен жаңа жерге қоныстануы. Ол өз кезегінде инфекциялық процестің генерализациялануына, яғни организмде жалпы жайылуына әкеп соғады. Төртінші саты – макроорганизмнің қорғаныс факторларын жұмылдыру (мобилизациялау). Микробтардың енгеніне және олардың ауру қоздырушылық әсеріне қарсы жауап ретінде макроорганизм алғашқыда өзінің бейспецификалық, ал кейіннен спецификалық қорғаныс факторларының барлығын жұмылдырады. Бұл факторлардың әсері микробтардың өзімен қатар олардың токсиндерін бейтараптауға және макроорганизмнің бұзылған гомеостазын қалпына келтіруге бағытталған. Бесінші саты – инфекциялық процестің аяқталуы және ақыры. Көбінесе макроорганизмнің санациялануы (ағылшынша: sanative – емдік, сауықтырушы), яғни организм микробтардан толық босанады және жаңа сапаға ие болып – иммунитет қалыптасады. Кейбір жағдайда инфекциялық процесс өліммен аяқталады. Микробпен макроорганизм арасында тепе-теңдік жағдай орнықса микробтасымалдаушылыққалыптасады.

Көптеген факторлардың әсерінен инфекциялық процесс оған тән барлық сатыларынан өтпей-ақ алғашқы кезеңдерінде тоқтауы мүмкін. Мысалы, осы инфекцияға қарсы егілген немесе сол кеселмен ауырып тұрған адамдарда жұқпалы ауру абортивті (түсікті) түрде өтеді. Басқа мысалдар да жеткілікті: соз (гонорея) ауруы кезінде жыныс-несеп жолдарының шырышты қабығы зақымданғанына немесе кейбір ішек инфекциялары кезінде шырышты қабықтарының микроколонизациялануына қарамастан инфекцияның генерализациялануы байқалмайды. Күл (дифтерия) ауруы кезінде де инфекциялық процесс адгезияланумен, колонизацияланумен және экзотоксин (гистотоксин) өндірілуімен шектеледі. Бактерияның қанға енуі болмайды. Егерде жасушадан тыстық паразиттер үшін процесс адгезия және колонизациялаумен шектелсе, жасушаішілік паразиттер үшін олардың жасуша ішіне еніп, оның ішінде көбеюі маңызды шарт болып табылады.

Инфекциялық процесс макроорганизмнің биологиялық жүйесінің барлық деңгейлерінде байқалуы мүмкін. Бұл кезде әрбір жоғарғы деңгей төменгі деңгейлерді өзіне біріктіреді. Инфекциялық процестің көп деңгейлі жүйесі ең алдымен өзіне организмдік деңгейді немесе меншікті инфекциялық процесті қамтиды, өйткені инфекция – ол қабылдаушы макроорганизмде туындайтын реакциялар жүйесі. Тіндік-ағзалық, жасушалық (микроб жасушасы мен ие организмі жасушасының өзара әсері) және субжасушалық немесе молекулалық деңгей төменгі деңгейлер болып табылады, олар микробпен макроорганизмнің биологиялық молекулаларының өзара әсеріне негізделген.

Микробтың макроорганизммен өзара әсерінің нәтижесінде бірінші кезекте жасуша зардаптанады, сол жерде микроб тесік тауып, ол кейіннен макроорганизмге енеді. Өзара әсерлесу процесі микробтың микромолекулаларының комплементарлық құрылымы мен макроорганизмнің эукариоттық жасушасының деңгейінде жүреді. Молекулалық және жасушалық деңгейлерде жүретін процестер, дәлірек айтқанда микробтардың патогенділік факторлары мен макроорганизмнің жасушалық және гуморальдық қорғаныс факторларының өзара әсерлесуі тіндік-ағзалық деңгейде білінеді. Ие жасушасының тіндік дифференциациялануы инфекциялық процестің спецификалығын ерекшелейді және микробтардың көбею аумағын шектей отырып, қорғаныс рөлін атқарады. Сондықтан инфекциялық процесс патогенезінің негізгі сипаты тіндік-ағзалық деңгейде қалыптасады, ол кейіннен инфекциялық процестің айқын (манифестік) байқалуын организмдік деңгейде қамтып көрсетеді. Организм деңгейдегі инфекциялық процестің клиникасы мен патогенезінің ерекшеліктері қоздырғыштың берілу механизмі мен интенсивтілігіне ықпал ете отырып, эпидемиялық процестің экожүйелік деңгейіндегі ағымына әсер етеді. Сонымен, инфекциялық процесс әрбір жүйе деңгейінің, және де осы деңгейлердің өзара әсерінің көп жақтылығымен және күрделілігімен сипатталады.

7.1.3. Жұқпалы ауру туралы түсінік

“Инфекция” және “жұпалы ауру” терминдерінің мәнісі бірдей емес. Инфекциялық процесс жұқпалы аурулардың негізін құрайды. Инфекциялық процестен айырмашылығы сол, жұқпалы ауруды, әр кезде зертханалық әдіспен анықталатын және/немесе микробтардың, олардың токсиндерінің әсерінен әр түрлі дәрежеде гомеостаздың бұзылуымен сипатталатын осы макроорганизмнің айқын клиникалық көрініс беретін жағдайы деп түсіну қажет. Бұл әрбір нақты дарада (индивидумда) инфекциялық процесс байқалатын жеке жағдай. Ауру кезінде патологиялық, морфологиялық субстрат қалыптасып, макроорганизмнің функциясы бұзылған жағдайда ғана жұқпалы ауру туралы сөз айтылады

Микробтардың қасиеттерімен және де макроорганизмнің жеке даралық ерекшелігіне байланысты жұқпалы аурулардың қалыпты ағымынан басқа кең спектрлі ауытқулар болуы мүмкін. Егер жұқпалы ауру айқын клиникалық жағдайда өтсе, инфекциялық процестің ең жоғарғы дәрежеде көрінгені туралы сөз айтуға болады. Инфекциялық процесс әрқашанда ауру дамуымен аяқталмайды. Қалдық иммунитеті немесе туа біткен табиғи қабылдамаушылығы бар адамдар микробпен кездескенде патологиялық, морфологиялық субстрат қалыптасуы және макроорганизм функциясының өзгеруі байқалмайтын дені сау организмде микробтасымалдаушылық қалыптасуымен аяқталады. Аттенуацияланған штамдардан дайындалған тірі вакциналар қолданғанда симптомсыз вакциналық инфекция қалыптасуы осындай жағдайға мысал бола алады.

Жұқпалы ауру жеке нозологиялық бірлік (аурудың абстракты аты) ретінде түрлік, ал кейде типтік тұрғыдан өз алдына бөлек жекеленген қоздырғышпен зардаптануынан туындайды. Инфекциялық (инвазиялық) аурулардың саны қазіргі кезде ғылымға белгілі болған, макроорганизмге жұғу қабілеті бар, қоздырғыштар түрінің санына сай келеді.

7.2. Инфекциялық процесс қоздырғыштары – микробтардың қасиеттері

7.2.1. Патогенді, сапрофитті және шартты-патогенді микробтар туралы түсінік

Адамдардың, жануарлардың немесе өсімдіктердің макроорганизмі үшін патогенділік (син.: ауру қоздырғыштық) дәрежесіне қарай барлық микробтарды үш топқа бөледі: патогенді, сапрофитті және шартты-патогенділер.

Патогенділер (грек: pathos азап шегу, зиян шегу; genis - туылу) – бұл адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің жұқпалы ауруларының қоздырғыштары. Эволюция барысында патогенді микробтардың адаптациялануының тереңдегені сонша, олар белгілі бір уақытта макроорганизмнен тыс жағдайда бола алатынына қарамастан, макроорганизмде тіршілік етуі микробтың биологиялық түр ретінде сақталуына қажетті шарт болып табылады. Осыған орай, олар үшін ауру – бұл эволюция барысында макроорганизммен симбионттық қатынас қалыптасуының нәтижесі болып табылады.

Сапрофиттер(грек: sapros – шіріген, phyton - өсімдік) немесе патогенсіздер – бұл өсімдіктердің және жануарлардың өлі тіндерімен немесе олардың тіршілік ету кезіндегі өнімдерімен қоректенетін микробтар. Әрбір түрлердің қоректік субстраттарға талғамдылық дәрежесі әртүрлі болады. Олар макроорганизмге байланысты емес, оларға тек қана дайын органикалық заттар қажет.

Кейбір микробтар, мысалы, күйдіргі және сіреспе қоздырғыштары топырақта сапрофиттер ретінде тіршілік етеді. Метаболиттер көзі және тіршілік ету ортасы ретінде пайдалану үшін макроорганизмге енгеннен кейін олардың патогенділігі көріне бастайды.

шартты-патогенділер (син. : потенциалды патогенділер немесе оппортунистік инфекциялардың қоздырғыштары) – бұл макроорганизмге тиісті жағдайда, яғни макроорганизмнің резистенттілігі күрт төмендеп, көп мөлшерде макроорганизмнің ішкі ортасына түскенде (пассивті енгенде) ауру туғызушылық әсер ететін микробтар. Олар патогенді микробтар мен сапрофиттердің аралық жағдайында орын алады. Шартты-патогенді микробтарға адамдардың қалыпты микрофлорасының өкілдері немесе жұқпалы аурулар тудыра алатын еркін өмір сүруші микробтар жатады. Өйткені олар эволюциялық даму барысында сапрофиттік, әрі паразиттік өмір сүру қабілеттілігін сақтаған. Патогенді микробтардың ерекшелігі сол макроорганизмнің ауруы олар үшін биологиялық түр ретінде тіршілік етуге қажетті шарт емес, тек қана симбионттық қатынастардың бұзылуының нәтижесі болып табылады. Патогенді және шартты-патогенді микробтардың арасындағы түпкі айырмашылығы осында.

Қазіргі кезде микробтарды патогенді және шартты-патогенді деп бөлудің салыстырмалы екендігі жалпы танылған түсінік.

7.3. Патогенді микробтардың қасиеттері

Патогенді микробтар – ұзақ мерзімді қатал эволюциялық даму барысында сапрофиттерден пайда болған паразиттер. Бұл кезде олар ферменттік жүйелерінің бірқатарын жоғалтқан. Өйткені көптеген заттарды дайын түрінде оларға макроорганизм береді. Олар әртүрлі органдарда, тіндерде және жасушаларда гетеротрофты паразиттік қоректену типіне бейімделген. Жасушаішілік паразиттік тіршілік ету қабілеттілігіне қарай осындай микробтарды үш топқа бөлуге болады: жасушаішілік облигатты(нағыз) паразиттер, жасушаішілік факультативті (салыстырмалы) паразиттер және жасушадантыстық облигатты паразиттер.

Облигатты жасушаішілік паразиттер өзінің қоректік қажеттілігін тек қана жасушаішілік тіршілік ету жағдайында қанағаттандырады. Әрине, жасушаішілік ортаның жасушадан тыс ортадан көптеген физикалық-химиялық қасиеттері бойынша айырмашылығы бар екенін, бұл орта жасушадан тыс жағдайда тіптен болмайтын органикалық заттарға, АТФ-ға бай екенін атап айтқан жөн. Мұндай ортада тіршілік етуге қажетті дайын заттар көп, ақуыз синтездеуші жүйе бар. Жасуша микробтардың метаболизмдік, энергетикалық, генетикалық және ақуызсинтездеушілік қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар, оларды жасуша мембранасы арқылы өтпейтін, антиденелердің, фагоциттердің, бактериофагтардың және антибиотиктердің әсерінен қорғайды. Жасуша -ішілік паразиттер жасуша ішінде сақталуға және өсіп-өнуге жақсы бейімделген. Жасушаішілік инфекция дамуында нысана-жасуша макрофагтар болып табылады, мұндай рөлді жасушалар атқаруы мүмкін. Бұл макрофагтардың микробтарды белсенді түрде жұтып-сіңіру қабілеттілігімен байланысты, ал микробтар өз кезегінде аяқталған фагоцитоздан қорғайтын механизмге ие болған. Облигатты жасушаішілік паразиттерге вирустар, риккетсиялар, хламидиялар, алапес, безгек, токсаплазмоз қоздырғыштары жатады. Аталған микроорганизмдердің өсіп-өнуі жасушаның цитоплазмасында да және ядросында да атқарылуы мүмкін. Жасанды қоректік орталарда олар өсіп-өнбейді.

Факультативті жасушаішілік паразиттер жасуша ішінде де және жасушадан тыс жағдайда да тіршілік ете алады. Ие организмінде жасушаішілік өсіп-өну олар үшін басымырақ болады, әйтсе де олар жасушадан тыс жағдайда да өсіп-өніп көбейе алады. Өйткені организм жағдайындағы жасушаішілік орта инфекциялық процесс дамуында негізгі орын болып табылады. Жасушаішілік паразиттік осындай қабілеттілік инфекциялық процестің созылмалы түрге айналуында маңызы бар, өйткені макроорганизмде микробтардың тірі қалуын және сақталуын жеңілдетеді. Мұндай микробтар жасанды қоректік орталарда өсіп-өне алады. Оларға туберкулез, туляремия, соз, менингококты инфекция қоздырғыштыры, салмонеллалар, шигеллалар және басқа микробтар жатады. Облигатты жасушадан тыс паразиттер – жасуша ішіне кірмейтін, бірақ жасушалар бетіне жабысып, жасушааралық қуыстармен, таралатын микробтар. Мысалы, мұндай микробтарға тырысқақ қоздырғышы, лептоспиралар, микоплазмалар т.б. микробтар жатады. Жасушадан тыстық паразиттердің агрессиялық және инвазиялық (нейраминидаза, гиалуронидаза т.б.) экзоферменттер өндіру қабілеттілігі болады.

Микробтардың жасушаішілік және жасушадан тыс тіршілік етуге осындай бйімделуі қатал эволюциялық даму барысында макроорганизмнің иммундық жүйесінің дуалистік қалыптасуына және оның жұмысына әсер етеді. Ол макроорганизмді бірінші кезекте жасушаішілік паразиттерден қорғайтын Т – жүйеден және жасушадан тыс орналасқан микробтар мен олардың токсиндерін бейтараптайтын антиденелер өндіруге жауапты В – жүйеден тұрады.

Патогенді микробтардың бірқатар қасиеттері соның ішінде ең алдымен патогенділігі болуы керек.

Патогенділік (син.: аурутуғызушылық) – ол микробтардың инфекциялық процесс қоздырушы потенциалдық қабілеттілігі, яғни осы микроб үшін табиғи жұғу жағдайында тиісті ие организміне ену, онда өсіп-өніп көбею, гомеостаздың әртүрлі бұзылыстарын туғызу және макроорганизм жағынан жауап ретінде қарсы реакциялар қоздыру қабілеттілігі. Патогендлікті ие макроорганизміне микробтың бейімделу функциясы деп қарастыру ұсынылған, оның негізінде жаңа жағдайда адекватты тіршілік етуі үшін микроб метаболизмінің қайтадан икемделуі жатыр. Тәжірибелік жағдайда жоғарғы вирулентті микробтардың тиісті дозасын пайдаланғанда кез келген микроб кез келген тәсілмен жұқтырғанда инфекциялық процесс қоздыра алады. Сондықтан патогенділік деген ұғым ие түрін және жұғу жолдарын қамтуы керек. Бұл тұқымқуалайтын түрлік, генетикалық детерминантталған белгі. Ол микробтың тек қана потенциалды инфекциялық процесс қодыру қабілеттілігін көрсетеді. Генотиптің фенотиптік іске асуы тиісті жағдайларда ғана жүреді. Мұндай жағдайлар кейбір микробтарға көбірек, ал басқаларына аз ғана қажет болуы мүмкін. Қабылдамаушы макроорганизмде микроб патогенділігі іске аспай қалады, өйткені ол үшін жағдай жоқ, адгезиялану және колонизациялану болмайды, микроб өзінің тіршілік ету қабілеттілігін жоғалтады және өледі. Қабылдаушы организмде олардың көбеюі белсенді түрде жүреді.