Ауа микрофлорасы.

Ауа микрофлорасы топырақ және су микрофлорасымен өзара байланысты.

Адамдар мен жануарлардың сілекей тамшыларымен және тыныс жолдарынан микроорганизмдер ауаға түседі. Мұнда шартәрізді, және таяқша бактериялар, клостридиялар, актиномицеттер, саңырауқұлақтар мен вирустар табылады. Күн сәулесі және басқа факторлар ауа микрофлорасының жойылуына әкеледі. Үлкен қалаларда ауада микроорганизмдер мөлшері көп, ал ауылды жерлерде аз кездеседі. Әсіресе орман, тау, теңіз үстінің ауасында микроорганизмдер өте аз. Микроорганизмдердің көпшілігі жабық бөлмелер ауасында болады, ондағы микроб тығыздығы бөлменің уақтылы тазаланып жиналуына, жарықтану деңгейіне, бөлмедегі адамдар санына, желдету жиілігіне және т.б. байланысты болады.

Ауадағы микроб тығыздығын азайту мақсатында бөлменің ылғалды жиналуын желдетумен және түсетін ауаны тазалаумен (фильтрлеу) бірге жүргізеді. Сонымен бірге аэрозольді дезинфекция және УК сәулемен бөлмені өңдеу (мысалы микробиологиялық зертханаларда, операциялық блоктарда т.б.) қолданылады.

6.1.4. Тағам өнімдерінің микрофлорасы.

Тағам өнімдері әртүрлі микроорганизмдермен ластануы мүмкін. Жануар текті өнімдерде біріншілік ластану (өмір сүру барысында – жануардың өзінің микрофлорасымен) және екіншілік ластану (малды сою, сиыр сауу, балық аулау, өнімдерді сақтау мен өңдеу) кезінде микроорганизмдер түсу нәтижесінде дамиды.

Тірі кезінде жануардың органдары мен тіндерінің өзінің микрофлорасымен және патогенді микроорганизмдермен ластануы-сол жануардың жарақат алуы, ауырған немесе қолайсыз жағдайда ұстау организмнің қорғаныс күштерін бұзуға және микроорганизмдердің стерильді тіндер мен органдарға транслокациялануына (тасымалдануына) әкеледі. Нәтижесінде жаңа сойылған мал ұшасында стафилококтар, энтерококтар, ішек таяқшалары, протей, клостридиялар, сальмонеллалар және т.б. табылады. Осылай еттің сальмонеллалар және клостридиялармен т.б. бактериялармен ластануы болады, мастит кезінде сүтке стафилококтар мен стрептококтар түседі.

Тағам өнімдерінде микроорганизмдердің екіншілік таралу жағдайында ластану көзі болып қоршаған орта обьектілері (топырақ, су, транспорт және т.б.), науқас адамдар , бактерия тасымалдаушылар болады. Ет және ет өнімдерін төменгі температурада сақтағанның өзінде, тіптен мұздатылған етте де психрофильді жағдайда көбеюге қабілетті микробтар (псевдомонада, протей, аспергиллалар, пенициллалар және т.б.) кездеседі. Етте мекендейтін микробтар еттің шырыштануын (протей және т.б.), саңырауқұлақ, клостридии, протей, псевдомонадалар етте шіру, ашу процестерінің дамуына себепкер болады.

Микроорганизмдермен ластанған тағам өнімдері әртүрлі тағамдық токсикоинфекциялар және уланулар, сонымен қатар жұқпалы аурулар (күйдіргі, сарып, туберкулез және т.б.) туғызады.

Сальмонелла, шигелла, энтеропатогенді ішек таяқшасы, протей, стафилококтың энтеротоксигенді штамдары, энтерококтар, Cl.рerfringens және Bac.cereus сияқты микробтардың көбеюіне байланысты ет тағамдары (ет фаршынан дайындалған тағам, салаттар, сілікпелер) ауру себебі болуы мүмкін.

Сүт және сүт өнімдері- бруцеллез, туберкулез және шигеллез қоздырғыштарының берілу факторы бола алады. Сүт өнімдерінде сальмонелла, шигелла және стафилококтар көбеюі нәтижесінде тағамдық уланулар дамуы мүмкін.

Жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы және мелланж - жұмыртқаның (әсіресе үйрек жұмыртқасы) эндогенді біріншілік инфицирленуіне байланысты , сальмонеллезді токсикоинфекция қоздыруға себепекер болады.

Балық және балық өнімдері жиі тағамдық токсикоинфекция қоздырғыштарымен –Vibrio parahaemolyticus-пен, Clostriolium botulinum бактерияларымен ластанады. Балық өнімдері көп мөлшерде сальмонелла, протей, Bacillus cereus, Clostridium perfingens – пен ластанған кезде де осындай аурулар болады.

Көкөніс және жеміс- жидектер әдетте ішек таяқшасы, шигелла, стафилококтың энтеропатогенді штамдарымен ластанады. Тұздалған қияр - Vibrio parahaemolyticus қоздыратын токсикоинфекция себепкері болуы мүмкін.

Дәнді дақылдар, жаңғақтар жоғары ылғалдылықта саңырауқұлақтармен (аспергилла, пинициллиум, фузариум т.б. ) ластанып, тағамдық микотоксикоз дамуының себебі бола алады.

6.1.5. Өсімдіктекті дәрі-дәрмектік шикізат микрофлорасы, фитопатогенді микробтар.

Өсімдіктекті дәрілік шикізаттар өндіру барысында микроорганизмдермен ластануы мүмкін: су арқылы, стерильді емес дәріханалық ыдыс арқылы, өндірістік бөлмелердің ауасы және медициналық қызметкер қолы арқылы. Өсімдіктердің қалыпты микрофлорасы және өсімдіктер ауруларының қоздырғыштары – фитопатогенді микроорганизмдермен ластануы мүмкін. Фитопатогенді микроорганизмдер өсімдіктердің көпшілігін зақымдап, таралуға қабілетті.

Қалыпты жағдайда өсімдіктердің бетінде дамитын микроорганизмдер эпифиттерге (грек сөзінен ері- үстінде, phyton - өсімдік) жатады. Олар өсімдіктерге зияндылық көрсетпейді, кейбір фитопатогенді микроорганизмдердің антагонисі болып табылатын өсімдікткрдің әдеттегі бөлімдері және өсімдік беткейіндегі органикалық ластанулар есебінен өседі.Эпифитті микрофлора фитопатогенді микроорганизмдердің өсімдік тініне енуіне кедергі жасап өсімдік иммунитетін күшейтеді. Эпифитті микрофлораның көпшілігін Грам теріс таяқша тәрізді бактериялар Erwinia herbicola (1989ж ұсынылған жаңа аты - Pantoea agglomerans)құрайды, ЕПА-да алтынды-сарылы колониялар түзіп тұрады. Бұл бактериялар жемістердің жұмсақ щірінді қоздырғышының антагонисі болып табылады. Қалыпты жағдайда басқа да бактериялар Pseudomonas fluorecsens, Bacillus mesentericus сияқты бактериялар және саңырауқұлақтардың аздаған мөлшері сирек табылады.

Микроорганизмдер өсімдіктердің жапырақтары, сабақтарында ғана емес, тұқымдарында да кездеседі. Өсімдіктердің беткейі мен тұқымының бұзылуы, онда көп мөлшерде шаңдар мен микроорганизмдер жиналуы себепкер болады. Өсімдік микрофлорасының құрамы өсімдіктің түріне, жасына, топырақ типі мен қоршаған орта температурасына байланысты. Ылғалдылық жоғарылағанда эпифитті микроорганизмдер саны өседі, ылғалдылық төмендегенде – азаяды.

Топырақта, өсімдіктер тамырының маңайында микроорганизмдердің маңызды мөлшері орналасады. Бұл аймақ ризосфера (грек тілінен rhiza-тамыр, sphaira -шар)деп аталады. Ризосферада жиі спора түзбейтін бактериялар (псевдомонадалар, микобактериялар және т.б.)және де актиномицеттер, спора түзетін бактериялар мен саңырауқұлақтар кездеседі. Ризосфера микроорганизмдері әртүрлі субстраттарды өсімдіктерге тиімді қосындыларға айналдырады, биологиялық белсенді қосындылар (витаминдер, антибиотиктер т.б.) синтездеп, өсімдіктермен өзара симбионтты қатынасқа түседі және фитопатогенді бактерияларға қарсы антагонистік қасиетке ие болады.

Өсімдіктер тамырының беткейіндегі микроорганизмдер (ризоплан микрофлорасы) ризосфераға қарағанда , көп мөлшерде псевдомонадалар түрінде кездеседі. Жоғары сатылы өсімдіктер тамырының саңырауқұлақ мицелиімен симбиозы микориза , яғни саңырауқұлақты тамыр (грек тілінен mykes-саңырауқұлақ, rhiza-тамыр) деп аталады.

Орман өсімдіктеріне қарағанда, дақыл егілген топырақ өсімдіктері көп дәрежеде ластанған. Әсіресе өсімдіктердің төменгі тамыр маңайында микроорганизмдер көп болады, ол микроорганизмдердің топырақтан түсуіне байланысты. Көп мөлшерде микроорганизмдер суару алаңдарында, қоқыс тастайтын жерде, көң сақтау орнында, мал жаю орындарында өсетін өсімдіктерде табылады. Мұнда өсімдік патогенді микроорганизмдермен ластануы мүмкін, оны дұрыс өңдемегенде, ол микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы қоректік орта болады. Өсімдіктерді кептіру процесі-олардың өсуіне кедергі жасайды.

Фитопатогенді микроорганизмдерге: бактериялар, вирустар және саңырауқұлақтар жатады. Бактериялар қоздыратын ауруларды-бактериоз деп атайды. Бактериоз қоздырғыштарының арасында псевдомонадалар, микобактериялар, эрвиниилер, коринабактериялар,аргобактериялар және т.б.кездеседі. Бактериоздарға – шіріткіштердің түрлері, тіндер некроздары, өсімдіктердің солуы, ісік дамуы және т.б. жатады.

Бактериоздарды жалпы және жергілікті деп ажыратады.Жалпы бактериоздар өсімдіктің толық немесе оның жеке бөлімдерінің өлуін туғызады. Олар түптамырларында (тамырлық шірінді) немесе тамырлы жүйесінде көрініс беруі мүмкін. Жеке бактериоздар өсімдіктің жеке бөлімдерін зақымдаумен шектеліп, паренхималы тіндерде көрініс береді.

Erwinia туыстастығы күйік, солу, ылғалды немесе сулы шірінді типті ауру шақыратын түрлерден тұрады. Мысалы: E.аmylovora- алма мен алмұрт күйігінің қоздырғышы, E.сarotovora- ылғалды бактериалық шірінді қоздырғышы.

Pseudomonas туыстастығы бактериалды дақ шақырады ( P. syringae және т.б. ), бұл кезде жапырақтарда әртүрлі боялған, өсімдік түріне байланысты мөлшері әртүрлі түрлі-түсті дақтар түзіледі.

Xanthomonas туыстастығындағы бактериялар жапырақтарда дақ түзіп зақымдап, өсімдіктің тамырлы жүйесіне еніп, оның элементерін тығындап, өсімдік өлімін туғызады. Сондықтан, тамырлы бактериоз қоздырғышы - X. campestris болып табылады.

Агробактериялар өсімдіктерде әртүрлі ісіктер тудырады. Ісіктің дамуы онкогенді плазмидамен қоздырылады, ол агробактериямен өсімдік жасушасына беріледі. Бұл бактерияның гликопептидтері өсімдік тамырының жасушалық мембранасын зақымдау нәтижесінде өсімдік тамырын бітеп, оның жойылуына әкеледі.

Бактериоздар қоздырғыштары зақымдалған тұқым, ауру өсімдік қалдығы, топырақ, ауа, су, жәндік, моллюска, нематодалар арқылы беріледі. Бактерия өсімдік ішіне енгеннен соң, өсімдік жасушалары зақымдалып, бір- бірінен ажырайды. Бұлай ену интрацелюлярлы, жасушааралық, ауруы – паренхиматозды деп аталады.

Бактерия тамыр шоғырында өсіп- өніп көбейсе, тамыр қуысы бактериалық массамен бітеліп, нәтижесінде бактерия токсинінің әсерінен өсімдік солады.

Өсімдіктерде мозаика және сарғыштану ауруын шақыратын қоздырғыштар – вирустар. Мозаикалық ауруда өсімдік өсуі төмендеп, зақымдалған жапырақ пен өнімде дақты түс көрінеді. Сарғыштану өсімдіктің ергежейлігімен, көптеген бүйір өскіндерінің, гүлдерінің т. б.өзгерістерінен байқалады. Зақымдалған дәннен тағам дайындағанда, өсімдіктерді зақымдайтын саңырауқұлақтар тағамдық улану- микотоксикоз қоздырады. Микотоксикоз, мысалы, эрготизм ауруы – қастауышпен (Claviceps purpurea саңырауқұлағы) зақымдалғвн дәннен дайындалған азықты қолдағанда дамиды. Төменгі температурада, ылғалды жағдайда өсімдіктерде Fusarium, Penicillium, Aspergillus және т.б. саңырауқұлақтар дамып, адамдарда микотоксикоз қоздырады.

Фитопатогенді микроорганизмдермен күресу үшін келесі шаралар жүргізіледі: төзімді өсімдіктер өсіру, тұқымды тазалау және өңдеу, топырақты залалсыздандыру, зақымдалған өсімдіктерді алып тастау, ауру қоздырғышын тасымалдаушыларды жою.

6.1.6. Өндірістік, тұрмыстық және медициналық зерзаттардың микрофлорасы

Шикізатта, жартылай фабрикаттарда, өнімдерде, қондырғыларда, ауада және т.б.табылатын әртүрлі өндірістер (текстильді, биотехнологиялық, тағамдық, металл өңдеуші, химиялық кәсіпорындар және т.б. ) микроорганизмдері көптеген арнайы микробиоценоздар құрайды. Тұрмыстық зерзаттардың микрофлорасы- топырақ, су, ауа, өсімдіктер, адам және жануарлар бөлінділері микроорганизмдерінің өкілдері болуы мүмкін. Медициналық мекемелердің микрофлорасын – медициналық қызметкерлерден немесе науқас бөлінділерінен, таңу және басқа материалдардан, дәрілік препараттармен әкелінетін патогенді және шартты патогенді микрофлора құрайды.

Патогенді және шартты патогенді микроорганизмдермен ластанудың негізгі көзі –адам бөліндісі. Кейбір қоздырғыштар (легионелла, аэромонада, псевдомонада, клебсиеллалар , протейлер) ылғалды жерлерде (душ, ванна, су құбыры, қол жуатын жер т.б. ) көбейеді .

6.1.7. Табиғаттың заттар айналымындағы микробтар рөлі

Өсімдік текті және жануар текті органикалық қосылыстар микроорганизмдермен көміртегі, азот, күкірт, фосфор, темір және т.б. элементерге дейін минералданады.

Көміртегі айналымы. Көміртегі айналымына фотосинтез процесінде көмірқышқыл газын сіңіретін цианобактериялар, балдырлар және өсімдіктер белсенді қатысады. Сонымен бірге, өлі өсімдіктер мен жануарлардың органикалық затын көмірқышқыл газын бөліп ыдырататын микроорганизмдер қатысады.Органикалық заттар аэробты ыдырағанда көмірқышқыл газы және су түзілсе, анаэробты ашытуда- қышқылдар, спирттер, көмірқышқыл газы түзіледі. Спирттік ашытуда микроорганизмдер (ашытқылық және т.б. ) көмірсуларды этил спирті мен көміртегінің қос тотығына дейін ыдыратады. Сүт қышқылды ашыту- сүтқышқылды бактериялар сүт қышқылын, сірке қышқылын және көміртегінің қос тотығын бөлумен сипатталады.

Азот айналымы. Атмосфералық азотты түйнекті бактериялар мен топырақтың еркін тіршілік ететін микроорганизмдері байланыстырады. Өсімдік, жануар және микроб қалдықтарының органикалақ қосылыстары микроорганизмдермен топырақта аммонии қосылыстарына айналып минералданады. Микроорганизмдермен ақуыз ыдырау процесінде аммиактың түзілуі аммониификация немесе азоттың минералдануы деп аталады. Псевдомонадалар, протейлер, бациллалар және клостридиялар ақуызды бұзады. Ақуыз аэробты ыдырағанда: аммиак, сульфат, көміртегі диоксиді және су түзілсе, анаэробтыда – аммиак, аминдер, көміртегі қос тотығы, органикалық қышқылдар, индол, скатол, күкіртті сутек түзіледі. Уробактериялар зәрмен бөлінетін мочевинаны аммиак, көміртегінің қос тотығына және суға дейін ыдыратады. Бактерияның органикалық қосылыстарды ферменттеуінен түзілген аммонии тұздарын жасыл өсімдіктер пайдалануы мүмкін. Өсімдіктерге жақсы сіңірілетін нитраттар-азот қышқылды тұздар болып табылады. Бұл тұздар органикалық заттар ыдыраған кезде, аммиактың азотты, әрі қарай азот қышқылына дейін тотығу процесінде түзіледі. Бұл процесс-нитрификация, ал оны тудыратын микроорганизмдер –нитрифицирлеуші деп аталады. Нитрифицирлеуші бактерияларды орыс ғалымы С.Н. Виноградский (1890-1892) бөліп алып сипаттаған. Нитрификация 2 фазада жүреді: бірінші фаза-Nitrosomonas туыстастығының бактериялары арқылы атқарылады, бұл кезде аммиак азотты қышқылға дейін тотығып, нитриттер түзіледі. Екінші фазасында Nitrobacter туыстастығының бактериялары қатысады, бұл кезде азотты қышқыл тотығы нитратқа айналады.

Нитраттар топырақ өнімділігін арттырады, бірақ кері процесс- денитрификация процесі нәтижесінде нитраттар бос азотқа дейін қайта қалыптасып, топырақтағы оның тұз түріндегі қорын азайтып, топырақтың өнімділігін төмендетеді.

6.2. Адам организмінің микрофлорасы

Адам организмінде қалыпты микрофлора бірлестігі ретінде (микробиоценоз) микроорганизмдердің шамамен 500 түрі мекендейді.Олар бір-бірімен және адам организмімен тепе - тең(эубиоз) жағдайда болады. Ьұл микроорганизмдердің көпшілігі адамға зияны тимейтін комменсал болып табылады. Микрофлора адамның қоршаған ортамен байланысатын қуыстарында жайғасады. Қалыпты жағдайда өкпеде, жатырда және басқа да ішкі органдарда микроорганизмдер болмайды. Әртүрлі биотоптардың: тері, ауыздың шырыш қабығы, жоғарғы тыныс жолы, асқорыту және несеп- жыныс жүйесінің қалыпты микрофлорасын ажыратады. Адам организмде тұрақты және транзитті микрофлора болады.

Тұрақты (резидентті, индигенді, автохтонды) микрофлора –организмде тұрақты болатын микроорганизмдер. Транзиторлы (тұрақсыз немесе аллохтонды ) микрофлора – организмде ұзақ тіршілік етуге қабілетсіз.

Тұрақты микрофлораны облигатты және факультативті деп бөлуге болады. Облигатты микрофлора (бифидобактерия, лактобактерия, пептострептококк, ішек таяқшасы және т.б).-микробиоценоздың негізі болып, ал факультативті микрофлора (стафилококтар, стрептококтар, клебсиеллалар, клостридиялар, кейбір саңырауқұлақтар және т.б. ) – микробиоценоздың аздаған бөлігін құрайды.

Адам организмі және оның қалыпты микрофлорасы ортақ экологиялық жүйені (эндоэкология ) құрайды. Ересек адамда микроорганизм 1014 дара мөлшерін құрайды, оның көпшілігі облигатты анаэробтар. Қалыпты микрофлораны құрайтын микрорганизмдер әртүрлі әсерге төзімді биологиялық үлбір түзеді.

Тері микрофлорасы. Теріде, оның терең қабаттарында (шаш қалтасында, май және тер бездерінде), аэробтарға қарағанда анаэробтар 2-10 есе көп болады. Теріде грам оң бактериялар (пропионибактериялар, коринеформды бактериялар, эпидермалді стафилококтар және басқа да коагулаза - теріс стафилококтар, микрококтар , пептострептококтар, стрептококтар, Dermabacter hominis), Pityrosporum туыстастығының (жаңа аты-Malassezia) ашытқытәрізді саңырауқұлақтары, сирек жағдайда транзиторлы микрофлора ( Staphylococcus aureus, Streptococcus pyogenesжәне т.б.) колонияланады.Организм әлсірегенде теріде грам теріс бактериялар саны өседі.

Қалыпты жағдайда 1 см2 теріде 80000 микроорганизм болады, бұл сан бактерицидті стерильдеуші фактор әсер етуінен артпайды. Мысалы: терлегенде теріде Jg A және Jg G, трансферрин, лизоцим, органикалық қышқылдар және басқа микробқа қарсы заттар табылған. Терінің төменгі дейгейдегі рН-ы (5,5) және дене температурасы –микроорганизмдер көбеюін шектейді. Терінің өзін-өзі тазарту процесі, таза жуылған теріде күшейеді. Терінің ылғалдығы жоғары аймақтарында мысалы, шат қатпарында, саусақ аралығында, қолтықасты ойысында микроорганизмдер саны жоғары (1 см2-106) болады. Микроорганизмдердің көбеюі тері ластанғанда болады; организм әлсірегенде өсіп-өнетін микробтар адам денесінің иісін қалыптастырады Кір қол арқылы дәрілік заттар микроорганизмдермен ластанып, әрі қарай олардың бұзылуына әкеледі.

Ауада микроорганизмдердің таралуында тері микрофлорасының үлкен маңызы бар. Тері десквамациясы (түлеуі) нәтижесінде мыңдаған микроорганизмдер қоршаған ортаны ластайды.

Коньюнктива микрофлорасы. Көз коньюнктивасында аздаған коринеформды бактериялар мен стафилококтар бар. Коньюнктивада микроб санының аз болуы –көз жасындағы лизоцим және т.б. бактерицидті факторлардың әсерінен болады.

Жоғарғы тыныс жолының микрофлорасы. Жоғарғы тыныс жолына шаң бөлшектерімен бірге микробтар түсіп, оның көпшілігі мұрын және ауыз- жұтқыншақта өледі. Мұнда бактероидтар, коринеформды бактериялар, гемофилді таяқшалар, лактобактериялар, стафилококтар, стрептококтар, нейссериялар, пептококтар, пептострептококтар және т.б. өседі. Трахея, бронхтар және альвеолалар әдетте стерилді.

Асқазан-ішек жолының микрофлорасы. Ас қорыту жолының микрофлорасы өзінің сандық және сапалық құрамы бойынша көп өкілді болып табылады. Мұнда микробтар ас қорыту жолында еркін мекендеп, шырышты қабықта биологиялық үлбір күйінде колония түзеді.

Ауыз. Ауыз қуысында көптеген микроорганизмдер тіршілік етеді. 1мл сілекейде 108 бактерия мекендейді.Бұған ауызда тамақ қалдығының қалуы, қолайлы температура (37 С) және ортаның сілтілі реакциясы әсер етеді. Анаэробтар аэробтарға қарағанда 100 есе көп. Мұнда әртүрлі бактериялар мекендейді.: бактероидтар, превотеллалар, порфиромонадалар, бифидобактерия, эубактерия, фузобактерия, лактобактерия, актиномицет, нейссерия, спирохеталар, стафилококтар, т.б. Сонымен бірге Candida туыстастығының саңырауқұлақтары және қарапайымдылар ( Entamaeba gingivalis, Trichomonas tenax) табылады. Бактериялардың әрбір түрінің белгілі топографиялық таралуы бар. Стрептококтың әрбір түрі әр жерде орналасады: ұрт эпителиінде - S. мitior, тіл өзектері мен сілекейде – S. salivarius, тісте- S. мutans. Актиномицетттер тілде, иек қалтасында, тіс дақтары мен сілекейде көп мөлшерде кездеседі. Қалыпты микрофлора мен олардың тіршілік өнімдері тіс күсін түзеді.

Ауыз микрофлорасының құрамы тіл мен сілекейдің механикалық әсерімен реттеледі: микробтар шырыш қабаттар мен тістен сілекеймен шайылады ( адам күніне 1 литр сілекей жұтады). Сілекейдің антимикробтық құрамы, әсіресе лизоцим, антидене (секреторлы Jg А), бөгде микробтардың эпителиоцитке жабысуын тежейді. S. sanguis, S. mutans бактериялары сахарозаны жасушадан тыс полисахаридке (глюкондар, декстрандар) айналдырады, олар тіс беткейіне жабысуға қатысады. Шырышты қабықтың эпителиоцитін қаптап тұратын фибронектин микрофлораның тұрақты колонизациялануына ықпал етеді. Фибронектин аз болғанда, грам оң бактриялар грам теріске айналады.

Өңеште микрооргпнизмдер әдетте болмайды.

Асқазан. Асқазан микрофлорасы лактобациллалар, ашытқылар, бірен- саран кокктар мен грам теріс бактериялардан тұрады. Бактерия концентрациясы 1 мл –де 103 төмен. Ішек микрофлорасына қарағанда мұнда асқазан сөлінің рН – ы қышқылды болғандықтан микроорганизмдер аз болады. Қалыпты жағдайда асқазан –патогенді микробтарды тежейтін өзіндік залалсыздандырушы камера (тұз қышқылы, пепсин ізашары -пепсиноген және т.б.). Асқазанның ойық жарасы, гастрит ауруларында Helicobacter туыстастығына жататын иілген пішінді бактериялар анықталады, олар көптеген патологиялық прцестердің ( гастрит, ойық жара, ісік) этиологиялық факторы болып табылады.

Ащы ішек.Ащы ішектің 1 мл –де 105 - 108 микроорганизмдер болады. Олар – бифидобактериялар, лактобактериялар, клостридиялар, эубактериялар, энтерококтар, порфиромонадалар, превотеллалар және анаэробты коктар.

Тоқ ішек.Микроорганизмдердің көпшілігі тоқ ішекте жиналады. 1 грам нәжісте 1012 микроб жасушасы кездеседі. Барлық микробтардың 95%-ын анаэробты бактериялар құрайды.

Тоқ ішек микрофлорасының негізгі өкілдеріне (6.1 - кесте) жатады: грам оң анаэробты таяқшалар (бифидобактериялар, лактобациллалар, эубактериялар), грам оң спора түзетін анаэробты таяқшалар (перфрингенс клостридиясы және т.б.), грам теріс анаэробты таяқшалар (ішек тақшалары және оған ұқасас Enterobacteriaceae тұқымдасының бактериялары- цитробактер, энтеробактер, клебсиеллалар, протей және т.б.), анаэробты грам оң коктар (пептострептококтар, пептококтар, Gemella morbillorum ). Эпителиде спирохеталар жақсы өседі. Аз мөлшерде фузобактериялар, порфиолеонадалар, превотеллалар, пропионибактериялар, вейлонеллалар, стафилококтар, көкірің таяқшасы және Candida туыстастығының ашытқытәріздес саңырауқұлақтары кездеседі.

Қарапайымдылар мөлшері қалыпты жағдайда қоршаған орта факторларының әсері мен емдәмге байланысты өзгеріп отырады. Бөтен микрофлораның өсуі секреторлы Jg A –ның тежеуші әсері мен қалыпты микрофлораның антагонистік қасиеті нәтижесінде тежеледі. Нәрестелерде ана сүтімен берілетін лактоферрин тежеуші әсер етеді.

Кесте 6.1.

Дені сау адамдар мен бір жастағы балалардың нәжісіндегі әр түрлі бактериялардың құрамы

Бактериялар 1 гр нәжістегі бактериялар саны
Ересектерде Балаларда
Бифидобактериялар 108-109 109-1010
Бактероидтар 109-1010 108
Лактобациллалар 106-107 106-108
Сүтқышқылды стрептококк 106-108 107-108
Спора түзетін анаэробты клостридиялар 105 -
Эшерихиялар:    
- лактозаны ферменттеуші 107-108 107-108
- лактоза дефектілі 105-107 106-107
- лактозаны ыдыратпайтын 105-107 106-107
- гемолиздейтін 106 106
Proteus түрлері 104 103
Klebsiella түрлері 105 104
Т.б. шартты-патогенді энтеробактериялар 105 104
Басқа да грам теріс бактериялар 103 103
Алтынды стафилококк 103 103
Басқа да стафилококтар (эпидермалды, гемолиздеуші және гемолиздемейтін сапрофиттер) 104 104-106
Enterococcus түрлері 105-106 104-106
Ашытқы тәрізді саңырауқұлақтар 104 104
Көгерткіштер 104  

Несеп- жыныс жолының микрофлорасы.

Бүйректер, несепағарлар, қуық, жатыр, простата әдетте стерильді. Сыртқы жыныс жүйелерінің (гениталий) микрофлорасына эпидермалді стафилококтар, коринеформды бактериялар, көгерткіш стрептококтар, сапрофитті микобактериялар (Myc. smegmatis), кандида, энтеробактериялар жатады. Алдыңғы уретраның шырышты қабығында екі жыныста да қалыпты жағдайда стафилококтар, патогенсіз нейссериялар, коринеформды бактериялар, сапрофитті трепонемалар және т.б. кездеседі.

Қынаптың қалыпты микрофлорасын- лактобактериялар, бифидобактериялар, бактериодтар, пропионибактериялар, превотеллалар, пептострептококтар, коринеформды бактериялар және т.б. құрайды. Анаэробтар басымырақ болады: анаэробтар мен аэробтардың қатынасы 10:1. Репродуктивті кезеңде грам оң бактерия басым болса, менопауза кезеңінде ол грам теріс бактериялармен алмасады. Дені сау әйелдердің 5-60 %-ында-Gardnerella vaginalis; 15-30%-ында - Mycoplasma hominis; 5%-ында - Mobiluncus туыстастығының бактериялар табылады.

Микрофлора құрамы менструалды цикл, жүктілік және т.б. көптеген факторға байланысты болады. Қынаптың эпителиялық жасушасында гликоген жиналады, оны лактобактериялар сүт қышқылын түзе отырып ыдыратады. Түзілген органикалық қышқылдар ортаның рН-ын 4-4.6-ға дейін қышқылдандырады. Лактобактериялар өздерінің өнімдері, сутектік асқын тотық және бактериоциндерімен қынаптың секретін қышқылдандыру нәтижесінде, басқа микрофлора өсуі тежеледі.

Жатыр қуысы мен қуық қалыпты жағдайда стерилді.

Микрофлора құрамының адам жасына қарай өзгеруі.Нәресте стерильді болып туылады, бірақ туу жолдарынан өткенде ілеспелі микрофлораны жұқтырып алады. Микрофлораның қалыптасуы нәресте анасының организмінің микрофлорасымен және қоршаған орта микроорганизмдерімен қатынаста дамиды. Ең алғаш микробтар нәрестенің терісіне , шырышты қабығына түседі, әрі қарай микрофлораның қалыптасуы босану болған ортаның санитарлық жағдайы мен қоректендіру типіне байланысты. Нәрестенің үш айлығында қалыпты микрофлорасы ересектердің микрофлорасымен ұқсас және тұрақты болады. Туылған соң бастапқыда ауыз қуысында аэробтар болса, тіс шыққан соң анаэробтар болады. Емшекпен қоректендіргенде микрофлора негізі – бифидобактериялар (109-1011-1гр нәжісте) болады. Жасанды қоректендіргенде шала туылған және әлсіз балаларда бифидобактериялар көбеюі бұзылады, транзиторлы микрофлора саны, грам теріс бактериялар және коктар саны артады. Мұндай балаларда жиі ішек аурулары дамиды.

6.2.1. Адам организмінің микрофлорасының маңыздылығы.

Организмнің қалыпты микрофлорасы өзіндік «экстракорпоральді орган» ретінде,адам өмірінде маңызды рөль атқарады. Қалыпты микрофлораның қызметі мен маңыздылығы әрқилы болып келеді:

Организмнің бейспецификалық төзімділік (резистенттілік) факторы.

Қалыпты микрофлора патогенді және шіріткіш микрофлораға қарсы антагонистік қасиетке ие, ол сүт қышқылы, сірке қышқылы, антибиотиктер, бактериоциндер өндіріп әсер етеді; аса жоғары биологиялық потенциалы есебінен бөтен микрофлорамен бәсекелеседі.

Тұз-су алмасуына қатысады, ішектің газдық құрамын, ақуыз, көмірсу, май қышқылдары, холестерин, нуклеин қышқылының алмасуын реттеуге, сонымен бірге антибиотик, витамин (К,В тобы) т.б. сияқты биологиялық белсенді қосылыстарды өндіруге қатысады.

Экзогенді субстраттар мен метаболиттерді усыздандыру (детоксификациялау) мен қорытуға қатысады, оны бауыр қызметімен салыстыруға болады.

Стериодты гормондар мен өт тұздарының рециркуляциясына,бауырдан ішекке метаболиттерді экскрециялау және оған қайтару нәтижесінде қатысады.

Организмнің әртүрлі ағзалары мен жүйелері дамуында морфокинетикалық рөл атқарып, шырышты қабықтардың физиологиялық қабынуы мен эпителий алмасуына қатысады.

Ішекте канцерогенді заттарды бұзып, антимутагенді қызмет атқарады. Соған қарамастан кейбір бактериялар күшті мутагендер өндіруі мүмкін. Ішек бактерияларының ферменттері жасанды қанттаушы цикломатты қуық үшін белсенді канцерогенге (циклогексаминге ) айналдырады.

Биологиялық үлбір құрамына енетін микроорганизм экзополисахаридтері (гликокаликс) микроб жасушаларын әртүлі физикалық- химиялық әсерлерден қорғайды. Ішектің шырышты қабығы биологиялық үлбір астында орналасады деп есептеледі.

Иммунитетті құруға және демеуге маңызды. Ішекте 1,5 кг микроорганизмдер бар, олардың антигендері иммундық жүйені ынталандырады. Иммуногенездің жасанды бейспецификалық ынталандырушысы – мураминдипептит, ол ішектегі лизоцим және литикалық ферменттер әсерінен бактериялар пептидогликанынан түзіледі. Нәтижесінде ішек тіні лимфоциттермен, макрофактармен қанығады, яғни ішек қалыпты кезде созылмалы қабыну жағдайында болады.

Микроорганизмдер жоқ ортада өсірілген жануар гнотобионттар, әдеттегі жануарлардан лимфоидты тіні әлсіз дамуымен ерекшеленеді. Әсіресе жұқа пластинка-propria ерекшеленеді. Гнотобионттардың ішек тіні лимфоциттермен макрофагтармен әлсіз қаныққан, нәтижесінде бұндай жануарар жұқпаға төзімсіз келеді.

Колонизациялық резистенттілікке қатысу қалыпты микрофлораның маңызды функциясы.

Колонизациялық резистенттілікорганизімнің қорғаныс факторларының және ішектің қалыпты микрофлорасының бәсекелестік, антагонистік және тағы басқа қасиеттерінің жиынтығы. Олар микрофлораға тұрақтылық және шырышты қабықта бөгде микроорганизімдердің, сонымен бірге, потогенділердің колонизациялануына жол бермейді. Колонизациялық резистенттілік төмендегенде аэробты шартты – потогенді микробтардың саны мен спектрі артады. Олардың шырышты қабық арқылы жылжуы (трансиокациялануы) эндогенді іріңді – қабыну процесі дамуына әкеледі.

Организімнің қарсыласу күші төмендеп және аутоинфекция болу мүмкіндігі жоғарылағанда (жарақат, күйік, иммундыдепрессивті терапия, органдардың және тіндердің трансплантациясы және т.б.) инфекциялық асқынуларды болдырмау үшін, деконтаминация көмегімен селективті колонизациялық резистенттілікті қалпына келтіру немесе сақтау тиімді.

Селективті деконтаминация –инфекциялық агенттерге организмнің қарсы тұру қабілеттілігін жоғарылату үшін, асқорыту жолынан аэробты бактериялар мен саңырауқұлақтарды таңдамалы түрде жою. Селективті деконтаминацияны аз адсорбцияланатын химиопрепараттарды (мысалы: ванкомицинді, гентамицинді және нистатинді кешенді тағайындау) ішке қабылдау жолымен жүргізеді. Олар микрофлораның аэробты бөлігін тежеп анаэробтарға әсер етпейді.

Организмнің қарсыласу күші әлсірегенде, қалыпты микрофлора өкілдері іріңді – қабыну процестерін қоздырады, яғни, қалыпты микрофлора аутоинфекцияның немесе эндогенді инфекцияның көзі болуы мүмкін. Комменсал – микробтар үйреншікті емес мекен ортасына ауысып шоғырланғанда (транслокацияланғанда), олар әр түрлі бұзылыстар тудырады. Мысалы:қалыпты жағдайда ішекте мекендейтін бактероидтар хирургиялық операция немесе жарақат алу нәтижесінде әр түрлі тіндерге өте отырып, абсцесстер қоздыруы мүмкін. Қалыпты жағдайда теріде жиі кездесетін эпидермалды стафилококтың тамырішілік катетрлерде мекендеп жайылып, қан айналымын бұзуға бейімділігі бар.

Ішек таяқшасы сияқты, ішектің комменсалдары зәр шығару жүйесін зақымдайды (цистит және т.б). Микробтық липополисахаридтердің және декарбоксилазалардың әсерінен қосымша гистамин пайда болып аллергия тудыруы мүмкін. Қалыпты микрофлора хромосомалық және плазмидалық гендердің, соның ішінде антибиотиктерге дәрілік төзімділік гендерінің көзі және сақтаушы қоймасы болып табылады. Қалыпты микрофлораның жеке өкілдерін, қоршаған ортаның (су,топырақ, ауа, азық- түлік т.б) адам бөлінділерімен ластанғанын, олардың эпидемиологиялық қауіптілігін дәлелдейтін санитарлық- көрсеткіш микроорганизмдер ретінде пайдаланады.