В) Энеолит 14 страница

Екінші мемелекеттік Думада өлкенің социал-демократиялық ұйымынан барған депутаттар қазақ кедейлерінің мүдделерін қорғап сөз сөйледі. Олар еңбекшілердің ауыр жағдайының себептерін, жер мәселесін шет аймақтарды отарлау саясатымен шешуге болмайтынын айтты. Мәселен, Б. Қаратаев өзінің мемлекеттік Думадағы сөзінде елдегі аграрлық қайшылықтарды өкімет шаруаларды далалық аймақтарға, соның ішінде Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарына көшіру арқылы шешкісі келеді деп көрсетті.

3. Қазақстандағы 1916 ж. қозғалыс

Патшалық Ресейдің XX ғасырдың басында Орта Азияның шығыс аудандарын отарлауы өте күшті қарқынмен жүргізілді. Тек 1907-1912 жылдары империяның Еуропалық бөліктерінен бұл жаққа 2 млн 400 мың адам келіп қоныстанды. Әсіресе, Қазақстанда отарлау кең ауқымда жүргізілді. Қазактардың жерлерінде патша өкіметі шаруаларды қоныстандыру үшін жер қорын жасап, 1916 жылға дейін олардың 45 млн. десятина ең шұрайлы жерлерін тартып алды, сөйтіп жергілікті халықтар таулар мен шөл далаларға ығысуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде не су, не мал жаятын жеткілікті шабындық болмады.

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында бұрынғы Түркістан аймағында (Хиуа мен Бұқараны қоспағанда) 941 жаңадан қоныстанған поселкелер пайда болды. Бұл кезде Түркістанда орыс поселкелерінің әрбір тұрғынына 3,17 десятина егін егетін жерден келсе, жергілікті тұрғындарға (қазақ, өзбек, қырғыз және т.б.) 0,21 десятинадан ғана жер келді. Сөйтіп, ешқандай жері жоқ қазақ - қырғыз тақыр кедейлерінің үлкен тобы құрылды. Жетісу губерниясында көшіп келген орыс кулак шаруашылықтарының 90 проценттен астамы қазақ кедейлерінің жалдамалы еңбегін пайдаланды. Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтар мен орыс - украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды шиеленістірді, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады.

1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл Бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Ол патша чиновниктері мен жергілікті әкімдердің және байлардың зорлық- зомбылығы мен озбырлығын күшейтті. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқты. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді.

Соғыс жылдары тек Түркістаннан майдандағы әскерлердің қажеті үшін 40.899.044 пұт мақта, 38 мың шаршы метр киіз, 3 млн. пұт мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473.928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12797 түйе күштеп алынып, майдан аймақтарына жіберілді. Қазақ шаруаларын кәсіпорындарға, кулак шаруашылықтарына жалдап жұмыс істеуді күшейді.

Дүниежүзілік империалистік соғыс елде өнеркәсіптің қирауына, ауыл шаруашылығының тоқырауына (дағдарысына), халық арасындағы аштыққа алып келді. Жергілікті жерлерде шенеуніктер мен әкімшіліктердің зорлап алым- салық жинауы өсті, халықтар арасындағы ұлттық бөлінушілік күшейді. Қазақ даласында жалпы ұлттық дағдарыс пісіп жетілді.

Соғыс ауыртпалығы Қазақстанда жұмысшылар мен шаруалар қозғалысының өсуіне түрткі болды. 1915 жылы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс кен руднигінде, Орынбор -Ташкент темір жолында жұмысшылардың қозғалысы бой көтерді.

Соғысқа қарсы, қымбатшылыққа және етек алып келе жатқан аштыққа қарсы қалалар мен деревняларда қала кедейлері мен майданға кеткен солдаттардың, әйелдері ереуілге шықты. 1916 жылы қаңтар айында мұндай толқулар Верный,Семей қалаларында болды. Орынбор облысы АқБұлақ поселкесінің, Жетісу облысы Лепсі уезінің бірқатар селоларының кедейлері мен майданға кеткен әскерлердің әйелдері жергілікті саудагерлер мен көпестердің дүкендерін талқандады. Сөйтіп, қоғамдағы қанаушы және қаналушы таптар арасындағы қарама - қарсылық, бір-біріне қарсы шығу жалпы бұқаралық сипат алды.

Кәсіпорын иелерінің, жергілікті буржуазия мен феодалдардың зорлық-зомбылығы 1916 жылы 25 маусымда патша өкіметінің "Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже" қабылдауына байланысты тіпті күшейе түсті. Жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға, немесе үш ай мерзімге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық-түліктің екі-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршіте түсті.

Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан - 100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қармастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын "қара тізімге қосты", ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты. Мәселен, 60 жастағы кедей шалдары 30 жаста болып, 25-30-жастағы бай балалары 50 жастағы болып жазылды.

Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды. Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатігез байларды өлтіру, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын т.б. жойып жіберу секілді ашу- ыза әрекеттері кең орын алды. Сойыл, кетпен, шалғы, мылтық, қылышпен қаруланған ел адамдары байлардың ауылдарын өртеп, малдарын әкетуі жиілей түсті.

Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніш болып отырған феодал - байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Мендешев, Әбдірахман Әйтиев, Маңғыстауда - Жалау Мыңбаев, Ақтөбе даласында - Әділбек Жетісуда - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т.б. басқарды.

Бұл арадағы тағы бір мәселенің бетін ашып кету қажет. Ол – 1916 жылы қазақ интеллигенциясының көсемдері, яғни ұлт - азаттық қозғалысты бастаушылар, халық көтерілісіне қалай қарады? Олар патшаға қарсы қарулы көтерілісті жақтаған жоқ. Өйткені құр қол халық патшаның талай жыл үйретілген, мұздай қаруланған әскеріне қарсылық көрсете алмай, тағыда қырғынға ұшырайтынын сезді. Бірақ оларға тасқыны тау суындай дүркіреген стихияны - халық көтерілісін тоқтату мүмкін болмады. "Қазақ" газетінің ашық көтерілу қауіпті, одан да мобилизацияны кешеуілдетуді жеңілдіктер сұрайық, ол екі ортада патша да бір жайлы болар деген сияқты шақырулары халықтың құлағына кіре қоймады.

Бір сөзбен айтқанда, стихиялық халық көтерілісінен ұлт - азаттық қозғалыстың көсемдері бөлініп қалды. Өмір олардың болжамы дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақ халқы тағы бір қырғынды басынан өткізді, ал 1917 жылы 27 ақпанда бас - аяғы бірнеше айдан кейін патша да тағынан құлады. Осындай жағдайды ескермей кейінгі зерттеушілер тарапынан болашақ "Алаш" партиясының өкілдері 1916 жылы патшаны жақтады, тіпті көтерілісті басып, жанышты деген ұшқары жалған сөздер айтылды. Алашордалықтардың көтеріліс кезіндегі тактикасын түсінбеді.

Ал көтеріліс басылып, қазақ жігіттері майдандарға окоп қазуға жіберіле бастаған кезде, оларға бас-көз болып, кейін аман - есен оларды ауылға жеткізу қажет болған жағдайда Бөкейхановтың өзі бастаған қазақ зиялылары (оқытушылар, заңгерлер т.б.) серіктерімен бірге майданға (реквизицияланғандармен) аттанды. Бұны нағыз патриотизм деп түсіну керек. Өйтпегенде сауатсыз, орыс тілін түсінбейтін көптеген қазақ жігіттерінің елге аман оралуы екі талай еді.

1916 жылғы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберді. Оның құрамында жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс шоғырлары кірді.

Көтерілісті басу үшін патша үкіметі өзінің ескі "бөліп ал да билей бер" деген тактикасында кеңінен қолданды. 1916 жылғы 23 тамызда Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің жарлығымен майдан жұмыстарына шақырылудан қанаушы таптардың бірқатар өкілдері босатылды. Олар: Басқару органдарының (облыстық, ауылдық) қызметкерлері, жергілікті (бұратана) халықтың төменгі полицияда істеп жүргендері, имамдар, молдалар, медреседе істейтіндер, мекемелерде қаражат мәселесімен айналысатын бухгалтерлер мен есепшілер, мемлекеттік және жекелеген жоғары және орта білім беретін оқу орындарында оқып жүргендер, мемлекеттік мекемелерде қызмет істеп жүрген бұратана халықтың өкілдері, дворян және құрметті азаматтар әулетінен шыққан бұратана халықтың өкілдері. Мұның өзі патша үкіметіне жалпы халықтық қозғалыстан бұратана әкімшілігінің, байлар мен мұсылман діні өкілдерінің аздаған тобын бөліп алуға мүмкіндік берді.

Көтерілістің Жетісу және Торғай облыстарындағы орталығы.

1916 жылғы қазақ халқы көтерілісінің басты аудандарының бірі - Жетісу еді. Мұнда ол 1916 жылғы шілденің алғашқы күндерінде Жаркент - Тараншы болысының Городское селосындағы тыл жұмыстарына жіберілетін жігіттердің тізімдерін жасауға қарсылық көрсетуімен басталды. Сол жылғы 7 және 8 шілдеде Верныйдан шамамен 40 шақырымдай Үшқоңыр деген жерде төңіректегі болыстардағы қазақ халкының өкілдері съезге жиналды. Онда жігіттер әскерге жіберілмесін, жұрт таудан түспесін, әкімшілік тарапынан күштеу шаралары қолданылған ретте телеграф бұзылсын, окоп қазу жұмыстарына шақырылатын адамдардың тізімі жойылсын деген шешім қабылданды.

10 шілдеде Ұзынағаш болысының Үлкенсаз деген жерінде де дәл осындай, бірақ құрамы жөнінен көп адам қатысқан съезд болып, оған Жетісудың он бір болысынан 5 мыңдай адам қатысты. Съезге қатысушылар да "оқтың астына барғанша осында өлген артық" деген қаулы қабылдады. Бұл кезде Верный және Жаркент уездерінің көптеген болыстарында жаппай бас көтерулер басталды. Лепсі және Қапал уезінің болыстарында 30 мыңға тарта жігіт жиналды.

1916 жылғы 7 тамызда Верный уезіндегі Ботпай, Шығыс және Батыс Қастек, Ырғайты және Тайторы болыстары қазақтарының Самса станицасы маңында біріккен бас көтеруі басталды. Көтеріліс бұл жерден Тоқмақ маңына ауысты. Верный -Қордай жолының бойындағы барлық пошта бекеттері өртелді. Ташкентпен, Пішпекпен және Пржевальскімен телеграф байланысы үзілді. Тамыздың орта шенінде Жетісу облысының барлық болыстары дерлік толқыды.

Жетісудағы көтеріліс басшыларының және қазақтың демократияшыл зиялыларының бірі - Тоқаш Бокин. Ол халықтар арасындағы үгіт жұмысына басшылық етті, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді, үстем феодал - байлар тобының сатқындық рөлін әшкерелеп, патша жарлығын орындамауға шақырды. 1916 жылғы тамыздың бас кезінде революциялық қызметі үшін ол қамауға алынды. Түрмеде Тоқаш Бокин Ақпан төңкерісінің жеңісіне дейін отырды. Жетісу жеріндегі отрядтарға, сонымен бірге, Бекболат Әшекеев, Нүрке Сатыбеков, Жәменке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов (Қарқара), Ақкөз Қосақов /Мерке/ және басқа да көптеген адамдар басшылық етті.

Жетісу облысындағы, сондай-ақ Қазақстан мен Орта Азияның басқа да облыстарындағы көтеріліс патша әкімшілігін қатты абыржытты. Түркістан өлкесі соғыс жағдайында деп жарияланды. Түркістанның генерал - губернаторы Куропаткин "ешқандай амалдардан тартынбай, көтерілісшілерді дереу тыштандыруды" талап етті. Жергілікті әкімшілікке көтерілісшілерге қарсы күресу үшін, тұрғылықты халық арасындағы рулық және тайпалық қайшылықтарды пайдалануды ұсынды.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші ұлттық шаруалардың қалың топтары, сондай-ақ жаңадан туындап келе жатқан жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілері еді.Оған қазақ халқының өзге топтарының, сонымен бірге демократиялық интеллигенцияның өкілдері де қатысты. Жалпы алғанда, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, дұнғандар және кейбір өзге халықтардың өкілдері қатысқан тұтас бір ұлттық сипатқа ие болды.

Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт - азаттық қозғалысы - Ресей империализмі дағдарысының бір көрінісі еді. Бұл қозғалыс Ресейдегі азаттық күресінің жалпы тасқынына ұласты.

Бақылау сұрақтары:

1. 1916ж. ұлт-азаттық қозғалыстың тарихи маңызы?

2. 1916ж. қазақ зиялыларының көзқарастары

3. Қазақ депутаттары: шаруалар және жұмысшылар.

4. Саяси партиялар.

11-лекция. Тақырыбы: 1917 ж. Қазақстан

Жоспары:

1. Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық революция, оның Қазақстанға ықпалы

2. 1917 ж. Қазан төңкерісі, оның алғышарттары

3. Азамат соғысы. (1918-1920 жж.) “Әскери коммунизм саясаты”.

Лекция мақсаты:

ХХғ. халқымыздың тарихында Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық төңкерістің қырлары мен сырларын таныту. Студенттердің ғылыми көзқарасы негізін қалыптастыру. Әр түрлі жүйелі білімдерді жинақтау бағыттарының белгісімен таныстыру. Оқу материалы негізінде топтастыру.

 

Лекция мәтіні

 

 

1. Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық революция, оның Қазақстанға ықпалы.

1917 жылы қазан айында Петроградта Уақытша өкімет құлатылып, мемлекет билігінің кеңестердің қолына көшкені тек Ресейді ғана емес, дүниежүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиға бүкіл елде, оның шет аймақтарында Кеңес өкіметін құру, нығайтумен ұштасты. Ол көп жерлерде орталық аудандардың ықпалымен қан төгіссіз іске асты.

Төңкерісбүкіл билікті жұмысышы, солдат, шаруа депутаттары кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әртүрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Ресейдің жұмысшы, шаруа, солдаттар бұқарасы елді соғыстан шығарып, халықтың бейбіт еңбекке оралуына, соғыстан бұрын, соғыс жылдарында жоқшылық пен мұқтаждық зардаптарын шегіп әбден қажыған жағдайын түзеуге айқын жол ашылады деп есептеді. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес халықтардың еңбекші бұқарасы Қазан төңкерісінен кейін экономикалық - әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Ал Ленин бастаған большевиктер зауыт, фабрикалар жұмысшыға, жер шаруаға, бейбітшілік – бүкіл халыққа берілсін - деген ұран көтере отырып, Ресейге тәуелді болып келген халықтар жөнінде өз бағыттарын белгіледі. Олар барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, олардың төңкеріс туының астынан кетпеуге шақырды.

Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей - ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Бұл тұста Қазақстанда Кеңес өкіметі орнап болған жоқ еді. Биліктің Кеңестердің қолына өтуі мұнда кейінірек жүзеге асты. Оның бір себебі, мұнда саналы, жақсы ұйымдасқан саны мол жұмысшы табы болған жоқ. Екіншіден, шет аймақтарда билікті кімнің алатыны жөнінде жұрт қолдайтын бірыңғай пікір де болмады. Кейбір жерлерде автономия жарияланып, олардың Ресей құрамында болатыны - болмайтыны жөніндегі мәселе ашық тұрды. Мәселен, осы тұста құрылған Башқұрт, Түркістан, "Оңтүстік шығыс одағы" деген атпен Сібірде пайда болған автономиялар қазақ зиялыларын ұлттық өз иелігін құруға құлшындырды. Сөйтіп, 1917 жылы желтоқсанда Алашорда үкіметі пайда болды Оның Батыс Қазақстандағы бөлігін Халел, Жанша Досмұхамедовтар, Шығыстағы бөлігін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, т.б. басқарды.

Сонымен бірге қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күресте жүріп жатты. Соның нәтижесінде 1917 жылы қазаннан 1918 жылғы наурызға дейін Қазақстаның көптеген аудандарында Кеңес өкіметі орнады.

Ресейдің орталық аудандарынан Қазақстанға көмек көрсету үшін Ә.Жанкелдин, В.Чекмарев, П.Кобезев және т б. төтенше комиссарлардың келуі қазақ халқының арасынан Әділбек Майкотов, Бекен Серікбаев, Сәкен Сейфуллин, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Амангелді Иманов, Әбдірахман Әйтиев сияқты көптеген күрескерлерді шығарды. Еңбекші халықтың жаңа өмір жолындағы күресіне басқа ұлт өкілдері К. Шугаев, П. Салов, П. Виноградов, С. Журавлев, Л. Емелев, Я. Ушанов, А. Розыбакиев, В. Зинченко, П. Басов, И. Дубынин, тағы басқа да ондаған азаматтардың ат салысуы төңкерістің Қазақстанда жеңуіне жол салды.

Төңкерісті қолдайтын күштер басым болған жерлерде жергілікті кеңестер большевиктер жағына түгелдей шықты Ал қызыл әскер жасақтары бар аудандарда өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына большевиктердің Кеңесте көпшілік орынға ие болуы арқылы жүзеге асты. Мұндай жағдай Қазақстанның солтүстік - шығыс облыстарының көптеген аудандарында, Сырдария және Бөкей ордасында орын алды. Бірақ төңкеріс қарсыластарының күштері көбірек шоғырланған Орынбор, Орал, Жетісу облыстарында өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына қарсылық көрсеткендерді талқандау арқылы, осы күресте жанын пида еткен құрбандықтар арқасында ғана тиді.

Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 жылғы 30 қазанда (12 қараша) өз қолына алды. Ол кезде бұл үлкен әскери гарнизон орналасқан ірі темір жол станциясы болатын.

Сырдария облысында Кеңес өкіметінің орнауы, оның саяси - экономикалық және әкімшілік орталығы Ташкент қаласында 1917 жылы 30 қазанда Кеңес өкіметі құрылғаннан кейін іске асты. 1917 жылы қараша айының орта кезінде Кеңес өкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша -желтоқсан айларында Кеңес өкіметі Әулиеатада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкесінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде қан төгіссіз бейбіт жолмен орнады. Петропавлда жұмысшы және шаруа депутаттары Кеңесінің темір жол жұмысшыларымен бірлескен қимылының арқасында 1917 жылы 12 қарашада төңкерістік уақытша комитет құрылды, оның құрамына Ғ. Ыдырысов, Я. Побелянский, К.Сүтішев, П. Рыжов және т. б. кірді. Бұл комитет кейінен Кеңесті басқаруды өз қолына алды. Дегенмен Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Семей, Өскемен уездерінде казак - орыс және офицер - старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан, Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 16 - нан 17 - не қараған түнде көшті. 1917 жылғы желтоқсан - 1918 жылғы наурыз аралығында Кеңес өкіметі Торғай облысының орталығы және Қостанай, Ақтөбе қалалары мен басқа да ірі елді мекендерде орнады. Торғай облысында Кеңес өкіметінің орнауына А. Иманов, К.Қойдасов, В. Чекмарев, В. Зинченко және т. б. күрескерлер елеулі үлес қосты.

Жетісуда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес, төңкеріс қарсыластары күштерінің басым болуына байланысты, 1918 жылдың көктеміне дейін созылды. Мұнда төңкеріс толқынының екпінді күш алуына 1917 жылдың күзінен бастап майданнан қайтқандармен және елдің басқа аудандарынан келген төңкеріс идеясын қолдаушылардың қосқан үлесі елеулі болды. Олардың арасында Т. Бокин, Т. Өтепов, Ж. Бабаев, А. Розыбакиев сияқты жергілікті халықтың өкілдері бар еді. Верный жұмысшылары қызыл гвардия жасақтарын ұйымдастырды, әскери-төңкеріс комитетін құрды. 1918 жылы наурыздың 2-нен 3-не қараған түні Верныйда Әскери-төңкеріс Комитеті басқарған жұмысшылардың Қызыл ұлан жасақтары мен екінші казак - орыс полкінің жауынгерлерінен ұйымдасқан күштер қала еңбекшілерінің қолдауына сүйеніп, "әскери өкіметтің" тірегі болған қамалды, қару-жарақ қоймасын, почта-телеграфты, т.б. маңызды мекемелерді басып алды да, Верный қаласында Кеңес өкіметін орнатты.

Кеңес өкіметі наурыз айында Жаркентте, Сергиопльда /Аягөз/, Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады. Сөйтіп, 1917 жылдың қазан айынан бастап 1918 жылдың наурыз айына дейін Кеңес өкіметі Қазақстанның көп жерінде жеңіске жетті.