В) Энеолит 12 страница

1843 жылы Орынбор генерал - губернаторы Перовский кетіп, оның орнына Обручев келді. Кенесары мен Перовский бір - біріне сыйластықпен қарайтын. Сондықтан көп мәселелер әділдікпен шешілетін. Енді Орынбор әкімшілігіне орыс патшасының Кенесарыға қаны қас тағы бір ұлығының келуі оны Горчаковпен бірігіп, Кенесарыны қуғындауына кең мүмкіндік жасады. Сөйтіп, Горчаков пен Обручев Кенесары бастаған ұлт - азаттық көтерілісін тұншықтыруға, Кенесарының көзін жоюға 1843 жылы 23 маусымда патша Николай Біріншіден рұқсат алды. Соғыс шығынын өтеу үшін 14 мың сом, Кенесарының басын кесіп әкелген адамға сыйға беру үшін түтін салығы есебінен үш мың сом қаржы бөлінді. Әскерлер соғысқа әзірлік жағдайына келтірілді.

Кенесарыға қарсы орыс әскерлерінің жорығы 1843ж. 27 маусымда басталды. Ырғыз өзенінің бойында патша әскерінің бір тобымен кездескенде Кенесары өзінің патша өкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын айтып шайқасты болдырмады. Бұл тұста екі жақта әскери дайындығын мұқияттап жатты. Тамыз айында Кенесарыға қарсы сұлтандар Жантөрин, Айшуақов, полковник Генс және Бизянов бастаған бес мың әскер жіберілді. Омбы, Петропавл, Қарқаралыдағы әскер күштері де Кенесарыға қарсы жорыққа аттанды. 1- ші және 7- ші қыркүйекте Кенесары жасақтары мен патша әскерлерінің арасында күшті шайқастар жүрді. Көп адам шығынға ұшырады. Бірақ екі жеңіске жете алмай, майдан шебінен кері шегінді. Кенесары жасақтары енді ашық соғысқа бармай, байтақ даланың әр тұсынан көрініп, тұтқиылдан тиісіп, жау әскерін мазалап берекетін кетірді. Тынымсыз жорықтан шаршаған, үнемі қауіп-қатердің өтінде жүрген патша әскерлері түні салқын, жауын - шашынды күз түсе бере ешбір нәтиже шығара алмай бұрынғы тұрақтары Ор бекінісіне қайта оралды.

 

2. Жанқожа Нұрмұхамедов және Есет Көтібаров көтерілістері

XIX ғасырдың екінші жартысында Сырдария бойындағы қазақтардын әлеуметгік-экономикалық жағдайы өте ауыр болды. Мұндағы шекті, төртқара, шөмекей және т.б. рулар қысты Сырдарияның төменгі жағында өткізді. Көктем бастала олар малдарын солтүстікке қарай, Үлкен және Кіші Борсыққа, Қарақұмға, сондай - ақ Ырғыз және Торғай өзендеріне қарай айдады. Сырдарияның жағасында тек малшы көшпенділер ғана емес, сонымен қатар егіншілікпен айналысатын отырықшы қазақтар да тұрды. Бұлардың көпшілігі кедей - жатақтар, олардың негізгі кәсібі суармалы егін шаруашылығы еді.

Хиуа және Қоқан хандықтарының үстемдігіне қарсы Сырдария қазақтары көтеріліске шыға бастады. Мұндағы қазақтардың көтерілісін Әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы /1780-1860 жж./ басқарды. Шекті руы басшыларының бірі - Жанқожа жай қарапайым халық арасында беделді әрі мақсаткер батыр ретінде даңққа бөленді. Жанқожа Сырдария бойы қазақтарының, әсіресе, соның ішіндегі егінші- бұқараның өте күшті отаршылдық езгіге түскендігін түсінді. Сондықтан Сыр бойы қазақтарының бостандығы және хиуалықтардың озбырлығына қарсы күресте батыр өзінің жасақтарын құрды. Оның жасақтары бұған дейін 1838 жылы Кенесары сарбаздарымен бірге Созақ қамалын қамауға қатынасқан болатын. 1843 жылы Жанқожа батырдың жасақтары Қуандария бойындағы хиуалықтар тұрғызған қамалды талқандады, ал 1845 жылы осы қамалды қайтадан қалпына келтіру үшін жіберілген 2000 хиуа шоғырларын талқандап жеңді. Бұл жылдары хиуалықтардын екінші бір қамалы - Бесқала жермен жексен етілді. Осыдан кейін Сырдария қазақтарымен Хиуа билеушілерінің арасындағы күрес күшейе түсті. 1847 жылы Хиуа хандығының әскерлері өзен бойындағы қазақтарды егістікпен және пайдалы мал жайылымынан айыру үшін Қуандария өзенін бөгеп тастады, сөйтіп олардың қазақ жеріндегі озбырлығы одан әрі қарай жалғасты. Бұл кезде Сырдария қазақтары солтүстік - батыс жақтан өз мекендеріне басып алу қаупін туғызған орыс отарлаушылығына қарсы күреске шыға бастады. Өйткені, 1849жылы Райым бекінісіне Орынбор казак - орыстарының алғашқы жиырма алты отбасы қоныстандырылды. Олар бірте - бірте қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырды. 1853 ж. орыс әскерлері Ақмешітті басып алып, жаңадан Сырдария әскери желісі пайда болды. Оған Райым бекінісінен Ақмешітке дейінгі жерлер кірді. Бұл жерде патша өкіметінің әкімшілігі өте қатты отарлық тәртіп орнатты. Осының нәтижесінде 1857 жылға дейін үш мың қазақ отбасылары өздерінің бұрынғы тұрған құнарлы егістік жерлерінен айырылды. Олар егін салуға жарамайтын, егінді суару үшін ағын суы жоқ жерлерге қуылды.

Қазақ жерлерінде казак-орыс қоныстанушылары үлкен артықшылықтарымен пайдаланды, мұның өзі қазақ халқын аяусыз қанауға әкеп соқты. Қазақтардан жиналатын салықтың көлемі өсті. Бұған қоса олардың мойнына көптеген міндеттер жүктелді. Олар жолдарды дұрыстап ұстау, көпірлер салу, су жүретін арықтарды тазалау сияқты істер болатын. Ал мұндай жұмыстарды орындау көп жағдайда науқанды істермен қабаттаса келіп, егіншілерге өте ауыр болып тиетін.

Патша өкіметінің жергілікті әкімшілігі тек әрбір үйден түтін салығы емес, сондай - ақ жер кепелерді, қамыстан салынған күркелерді пайдаланғаны үшін де халықтың кедей топтарынан алым-салық жинады. Сырдария бойындағы шекаралық өкімет Райым және Қазалы әскери қамалдарын салу үшін мыңдаған қазақ шаруаларын айдап келіп, еріксіз жұмыс істетті. Әскери қару-жарақтар және азық-түлік тасу үшін де, қазақтарды күштеп қызметке тартты. Сыр бойындағы жақсы жайылым жерлерді тартып алу, ол жерлерге орыс қоныстанушыларын орналастыру, алым-салықтың көбеюі қазак кедей шаруаларына өте ауыр тиді. Орыс отаршыларының қанауы бұрынғы Хиуа билеушілерінің тепкісінен әлде қайда асып түсті. Қазақ еңбекшілері екі түрлі қанаудың - патша өкіметі және жергілікті өз феодалдарының тепкісін бастан кешірді.

1856 жылы 19-23 желтоқсан аралығында көтерілісшілер тобы патша әскерлерінің майоры Булатов қолбасшылық еткен екінші бір отрядпен шайқасты. Бұл соғыс қимылдары желтоқсан айының аяғына дейін алма - кезек басымдықтармен жүрді. Көтерілісшілер фортқа жақын жердегі дайындалған 150 шөмеле шөпті өртеп жіберді. Көтерілісшілердің басты орталығы бұл кезде Сырдарияның жағасына орналасқан Жаңақала қамалы болды.

Көтерілістің кеңінен таралуы Орынбор генерал- губернаторы әкімшілігін қатты састырды. Оның бұйрығымен көтерілісті басу үшін Ақмешіттен генерал - майор Фитингоф бастаған әскери топ жіберілді. Оның құрамында 300 казак - орыс, 320 жаяу әскер, үш зеңбірек және екі ракеталық /зеңбірек орнататын/ қондырғы кірді. Көтерілісшілермен шешуші шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Қазалыға жақын жердегі Арықбалық мекенінде жүрді. Зеңбірек, мылтықпен жақсы қаруланған Фитингофтың әскерлеріне қарсы Жанқожаның ақ туын көтерген көтерілісшілер бірнеше рет шабуыл жасады. Бірақ Жанқожа сарбаздарының шабуылы сәтсіздікпен аяқталып, аман қалғандары бытырап тарап кетті. Ауыр жараланған Жанқожаны сарбаздар шайқас болған жерден алып шығып, қауіпсіз жерге жасырды. Көтерілісшілерді жеңген Фитингоф әскерлері енді олардың, ізіне түсіп, жазалауға кірісті. Олар қазақтардың 212 үйін өртеп, көптеген малдарын, соның ішінде 20 мыңнан аса ірі қара малдарын тартып алды.

Жанқожа бастаған көтерілісшілер Сырдарияның оң жағалауына, ондағы Хиуа хандығының жеріне өтуге мәжбүр болды. Жанқожамен бірге 20 шақты қазақ ауылдары көшіп кетті. Жанқожа мұнда Хиуа, Бұқара немесе Қоқан хандары тарапынан өзіне одақтастар табуға әрекеттенді, бірақ оның бұл саясатынан ештеме шықпады. Қазақтардың Жанқожа Нұрмұхамедов қолбасшылық еткен көтерілісі осылай аяқтылды.

Көтерілістің жеңілуінің басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде күшті қаруланған патша әскерлеріне, ешқандай зеңбірегі, ататын мылтығы да жоқ, қазақ жасақтарының қарсы тұруы мүмкін емес еді. Көтеріліс Сыр бойы шеңберінен аспады. Соғыс қимылдары барысында ескі мешеу әскери тактика қолдану, ортағасырлық тәртіптерге сүйену көтерілістің жеңілуіне әкелді. Бұдан басқа бай феодалдарының сатқындығы да өз әсерін тигізді.

Көтерілісті басқаннан кейін патша әскерлері бұқара халықты тонауға кірісті. Тек бір ғана Кузьминский басқарған әскери топ қазақ ауылдарын талқандап, ондағы малдардың барлығын айдап әкетті. Көптеген адамдар қырғынға ұшырады, жазалаушылар қарттарды да, әйелдерді де, балаларды да аямады.

Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бас көтерулердің бірі - Есет Көтібарұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі. Бұл көтеріліс 1853 - 1858 жылдар арасын қамтыды. Көтерілістің шығуының басты себебі - Арал теңізінің батыс жағындағы Үлкен және Күші Борсықты, Сам құмын, Сағыз және Жем өзендерінің бойын мекендеген Шекті руы қазақтарына түтін салығының салынуы және жылдан - жылға патша үкіметінің қысымының күшеюімен байланысты еді. Кіші жүз халқына, әсіресе, патша үкіметінің қазақ жерінде әскери бекіністер мен экспедициялар үшін жүк таситын күш - көлік беруі қиынға түсті. Көтерілістің басталуының тағы бір себебі, патша үкіметінің Ембі өзені, Арал теңізі жағалауында әскери бекіністер салуы бұл жерлерді мекендеген Кіші жүз руларының қыстау мен жазғы жайылымдарының өрісін тарылтты. Міне, мұның барлығы халықтын наразылығын күшейтіп, аяғында Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліске алып келді.

1855 жылдың жазында көтерілісті басу үшін Орынбордағы патша әкімшілігі сұлтан Арыстан Жантөрин басқарған қазақ жасақтарын жіберді. Оған сұлтан Таукин, ал Орал бекінісінен майор Михайлов казак - орыс әскерлерімен аттанды. Көтерілісшілер мен патша әскерлері арасында қырғын шайқастар жүрді. Сол жылдың 8 шілде күні Есеттің жасақтары күтпеген жерден А. Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, сұлтанды және оншақты би-старшындарды өлтірді. Алайда, оқ - дәрісі мол мылтықтармен қаруланған патша әскерлерінен көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды. Қақтығыс барысында қолға түскен Есеттің 18 адамын патша әкімшілігі Сібірге айдап, үш адамын атуа жарлық берді. Көтібарұлы өзінің қалған жасақтарымен Үлкен және Кіші Борсық құмына, Үстіртке өтіп патша әскерлеріне қарсы күтпеген жерден шабуылдар жүргізді.

1858 жылы қыркүйекте Бородин басқарған патша әскерлері Есет батыр бастаған көтерілісшілерді Сам құмында біржолата талқандады. Осыдан кейін Есет Көтібарұлы патша әкімшілігінің Ұсыныстарын қабылдап, келісімге келуге көнді. Ол көтерілістен бас тартып, патша өкіметіне адал қызмет жасауға уәде берді. Кейін бидің қызметін атқарды.

Сөйтіп, патша үкіметінің отарлау саясатына және жергілікті бай - шонжарларға қарсы бағытталған Кіші жүз қазақтарының Есет батыр бастаған тағы бір көтерілісі сәтсіздікпен аяқталды.

3. Маңғыстаудағы қарсылық қозғалысы.

XIX ғасырдың екінші жартысында Кіші жүз қазақтары арасында көшіп - қонатын жер және патша өкметінің реформаларына қарсылық күшейе түсті. Нәтижесінде Торғай мен Орал облыстарының қазақтары стихиялы көтеріліске шығып, ол 1868 жылы желтоқсаннан 1869 жылы қазан айына| дейін созылды. 1869 жылдың наурызынан маусым айына дейін билердің, сұлтандардың, болыс басқарушыларының старшындардың ауылдарына 41 рет шабуыл ұйымдастырылды. Оған 3 мың адам қатынасты. 1869 жылдың наурызынан бастап 1870 жылдың орта кезіне дейін Маңғыстау жарты аралындағы көтеріліс болып өтті. Оның басында Бозашы шаруалары Досан Тәжиев, Иса Тіленбаев тұрды. Көтеріліс бүкіл жарты аралға жайылды. 1869 жылдың күзінде көтеріліске қатынасқандардың саны 10 мың адамға жетті. 1870 жылы 5 сәуірде көтерілісшілер Александровск фортына, Николаевск станицасына шабуыл жасады. Форт маңындағы маяктарды өртеді. Патша әскерлері Маңғыстаудағы көтерілісті тек зенбіректің, қару - жарақтың күшімен басты.

Ресейдегі крепостниктік құқықты жоюмен байланысты патша өкіметі Қазақстанға қоныс аудару саясатын жандандыра түсті. ХІХ ғасырдың 60 - шы жылдарында әйел - еркегі бар 81247 адам Жайық казак - орыстары 6235335 десятина құнарлы жерге /егістік, шабындық, жайылым жерлер, мол су көзіне/ ие болды. 1865 жылы Орынбор казак әскерінде әртүрлі шені бар 7567 адамға 7509632 десятина жер берілген. Ал жергілікті қазақтар өздерінің ата мекеніне көшіп келгені, сол жерді пайдаланғаны үшін атаманның пайдасына мөлшерсіз салық төлеуге мәжбүр болды. Оның басты себебі Кіші жүз қазақтарының бұдан былай табиғат байлықтарын: жерді, ормандарды, балығы мол, әрі отын, әрі малға азық болып келген көптеген өзен - көлдерді пайдалану мүмкіндігінен айырылуы еді. Тұз кендері, аң аулайтын жерлер патша өкіметінің бұйрығымен Орал және Орынбор казак әскері мен генерал -губернатордың меншігіне берілді.

Сонымен бірге ауылдардың еңбекші халқы түрлі алым - салықтардан, міндеткерліктерден мүлдем титықтады. Патша әкімшілігі әрбір рудың төлейтін салығының жалпы мөлшерін белгіледі де, кімнің қанша төлейтінін басқарушы феодалдар шешті. Сөйтіп, үй басынан салық жинаған кезде наразылық күшейді. Мұның бәрі халықты ашындырмай қойған жоқ. Егер ХІХ ғасырдың 40 - 50 жылдарында тек жекелеген адамдар ғана алым төлеуден бас тартса, енді тұтас ауылдар салық жинауға қарсы көтерілді. Қатал қанаушылық еңбекші көшпенділер мен жартылай көшпенділерді жоқшылыққа ұшыратты. Қазақ кедейлері станицалардан жұмыс іздеп топ - тобымен шұбырды. 40 – 50 жылдары Орал және Орынбор казак - орыс шептерінде, балық және тұз кәсіпшіліктерінде жалданып жұмыс істеуші қазақ жұмысшыларының саны 40 мыңнан асты.

Патша өкіметінің аграрлық саясатының ажырамас бөлігі - қоныстандыру саясаты. Помещиктер мен империалстік буржуазияның мүдделеріне сай келген қоныс аудару мәселесіне патша өкіметі XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қатты назар аударды. Өйткені Ресейде крепостниктік хұқықтың жойылуы және әлеуметтік - әкімшілік жөніндегі реформалар аграрлық мәселені толық шешкен жоқ. Ресейдің орталық аудандарында шаруалар толқулары тоқтамады. Осындай жағдайда патша өкіметі шаруалардың назарын революциялық қозғалыстан аудару үшін бірқатар шаралар қолданды. Қоныс аудару шаралары сол саясаттың бірі еді. Сібірді, Қазақстанның солтүстік, батыс, орталық және оңтүстік шығыс аудандарын отарлау арқылы патша өкіметі Орталық Ресейден шаруаларды қоныс аудартып, жаңа жерлерде солар арқылы өзіне тірек жасамақ болды.

Әскери - әкімшілік отарлау саясаты Ресейден шаруалардың қазақ жеріне ағылып келуіне жол ашты. Қазақ даласын отарлау саясатын іске асыру жолында Жетісудың бірінші - әскери губернаторы Колпаковскийдің бастауымен 1868 жылы "Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы ережелер" бекітілді. Осы ереже бойынша қоныстанушы әр жанға 30 десятина жер бөлінді. Қоныс аударушылар 15 жыл мерзімге алым - салықтан, рекруттык /әскери міндет/ міндеткерліктен босатылды. Мұқтаж отбасыларға "керек - жарақтар алу үшін" ақшалай көмек берілді. Патша өкіметі 1889 жылы 13 шілдеде "Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы" арнаулы ереже бекітті. Бұл ережеде жерді бекітіп берудің тиянақты мөлшері белгіленген жоқ, жергілікті өкімет орындарына оның өз қалауынша белгілеуге ерік берілді.

Бақылау сұрақтары:

1. К.Қасымұлының бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың ерекшелігі?

2. Жанқожа Нұрмұхамедов және Есет Көтібаров көтерілістерінің ерекшеліктері?

3. Маңғыстаудағы қарсылық көтерілісінің себептері?

4. Кенесары құрған хандықтың ерешеліктері?

9-лекция. Тақырыбы: Қазақстанның Ресей империясына біржола бағынуы

Жоспары:

1. 1867-1868 жж. Қазақстандағы реформалар

2. ХІХ ғ. және ХХ ғ. бас кезіндегі Қазақстандағы қоңыс аудару саясаты.

3. Түркістан өлкесін және Далалық облыстарды басқару туралы Ереже.

Лекция мақсаты:

Студенттерге 1867-68жж. Қазақстанда жүргізілген реформаларды даму тарихынан жүйелі білім негіздерін қалыптастыру, бүкіл адамзат жасаған құндылықтарды, мәдени-тарихи тәжірибенің негізін оқытып үйрету. Студенттердің дүниеге көзқарасын қалыптастыру. Қазақстан азаматтар ретінде тәрбиелеу және оқыту.

Лекция мәтіні

1. 1867-1868 жж. Қазақстандағы реформалар

Ресей империясы Қазақстанды өзіне қосып алғаннан кейін, мұнда отаршылдық тәртіпті күшейтуге бағыт алды. Ол үшін патша өкіметі осы кезге дейін өлкеде жүзеге асырылып келген округтік басқару жүйесін түбірімен өзгерту міндетін қойды, оның орнына сатылап бағындыру жүйесіне негізделген мемлекет аппаратын құруға кірісті. 1867 жылы 11 шілдеде патша Александр II - Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына, 1868 жылы 21 қазанда - Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына қол қойды. Сөйтіп, 1868 жылдан бастап жаңа тәртіп бойынша қазақ даласын облыстарға, облыстарды уездерге, уездерді болыстарға, болыстарды ауылдарға бөлді де, ел арасында съезд өткізіп, болыс, старшын сайлау дегенді шығарды. Соның салдарынан шен- шекпен үшін болатын ру тайпалар арасындағы бұрынғы алауыздық оты өршіп, енді ол рулас, аталас адамдар арасында лаулады. Жемсауын парамен толтырған патша әкімдері бұл мүмкіндікті өз пайдасына шебер пайдаланды.

Жаңа реформа бойынша Қазақстан жері үш генерал - губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс - Сібір генерал - губернаторлықтарына бөлінді. Бүкіл әскери және азаматтық өкімет билігі түгелдей генерал - губернатордың басшылығына бағындырылды. Орынбор генерал - губернаторлығына - Орал /1868/ және Торғай /1868/ облыстары, Батыс - сібір генерал - губернаторлығына - Ақмола /1854/ және Семей /1854/ облыстары, Түркістан генерал - губернаторлығына - Жетісу /1866/ және Сырдария /1867/ облыстары енді. Бұрынғы Бөкей хандығының жері 1872 жылы Астрахань губерниясына қосылды. Маңғышылақ пристав-тығы 1870 жылы Кавказ әскери округінің қарауына берілді, ал кейініректе Закаспий облысына енді. Әскери губернаторлар жанынан жарлықшы шаруашылық және сот бөлімдерінен тұратын облыстық басқармалар құрылды, оларды вице - губернаторлар басқарды.

Уезд бастықтарын облыстардың әскери губернаторларының ұсынуы бойынша офицерлерден генерал – губернаторлар тағайындап отырды. Әрбір уезд бастығының екі аға және кіші көмекшісі болды. Кіші көмекші феодалдық - рулық жоғарғы топтан және ақсүйек сұлтандардан шыққан адамдардан тағайындалды. Бүкіл өкімет билігі түгелдей уезд бастығының қолына шоғырланды, полициялық өкімет орындарын да оның өзі басқарды. Уезде орналасқан әскери бөлімдер, мекемелер мен бекіністер де уезд бастықтарына қарады.

Әрбір уезд рулық негіз емес, жер аумақтық негіз бойынша құралған болыстардан тұрды. 100 - 200 шаңырақтан құралған әкімшілік ауылдар болды. Ал болыстар 1000 шаңырақтан 3000 шаңыраққа дейінгі ауылдарды қамтыды.

Феодалдық жоғарғы топтар қойған адамдар ғана болыс басқарушысы және ауыл старшыны болып сайлана алатын еді. Болыстық съездер мен ауыл жиындарында болыс басқарушыларын, ауыл старшындарын сайлау әрбір үш жыл сайын өткізіліп тұрды.Сайланғандар әскери губернаторлардың облыс және уезд бастықтарының бекітуінен кейін тағайындалып отырды.

1867-1868 жылдардағы реформалар бойынша әскери – сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды, олар жалпы империялық заңдар негізінде жұмыс істеді. Бұл "Ережелер" екі жыл мерізімге тәжірибе түрінде уақытша енгізілген болатын. Алайда, бұл "тәжірибе" жергілікті халыққа теріс әсер етуі ықтимал деген қауіппен 20 жылдан астам уақытқа созылды.

2. ХІХ ғ. және ХХ ғ. бас кезіндегі Қазақстандағы қоңыс аудару саясаты.

ХIX ғасырдың екінші жартысында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де тауар айналысының өсуін шапшаңдатты. Өлкеде үстем болған натуралды шаруашылық біртіндеп ыдырай бастады.

Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының ұлғаюына патша өкіметінің салық саясаты үлкен ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы, олардың өнімдерінің бір бөлігін рыноктар арқылы саудаға салуға мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айналды.

Бұл кезде Қазақстан экономикасында натуралды шаруашылықтың көлемі қысқарды, өлке өнеркәсіп тауарларын өткізу рыногы және бағалы ауыл шаруашылығы шикізатының қайнар көзі ретінде капиталистік Ресейге барынша тәуелді болып шықты.

70-80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан базарларына Ресейден мата көп келетін болды. Фабрикаларда өндірілген арзан мақта - мата бірқатар шығыс елдерінің майдагерлік бұйымдарын шапшаң ығыстырды. Сонымен бірге күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар /самауыр, қазан, шалғы, | орақ, кетпен, ошақ, балта, пышақ, т.с.с/ көтеріңкі бағамен сатылды. Қазақстан бұл тауарларға айырбасқа мал мен мал шаруашылығында өндірілетін шикізат берді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейге мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу шапшаң өсті. Көптеген мал мен шикізат Семейдің, Петропавлдың, Оралдың, Орынбордың қасапханаларында былғары, тоң май, тері илеу, сабын қайнату зауыттарында өңделіп, қырға тон, аяқкиім ретінде қайтьш оралып отырды.