В) Энеолит 10 страница

Сонымен қатар басқа да мал түрлері көптеп өсірілді. Халықтың негізгі азық өнімдері - етті, сүтті, майды, қымызды мал шаруашылығынан алып отырды. Сондай-ақ киім-кешек, ер түрман, үй заттары, киіз, текемет, қайыс, ыдыс-аяқ (саба, мес) дайындалатын шикізат тері, жүн, сүйектен алынған. ХІҮ-ХҮ ғ.ғ. мал шаруашылығымен бірге егіншілікпен айналысу да барған сайын дами түсті. XIV ғасырда Сырдарияның Орта ағысындағы Сығанақтың төңірегіндегі қыстақтардың халқы суармалы егіншілікпен айналысты. Суармалы жерде бау-бақша, жеміс-жидек, көптеген дәнді дақылдар егілді. Суармалы жерді сумен қамтамасыз етіп отыру үшін каналдар пайдаланды. Мысалы, осы кезде Сығанақ қаласын сумен қамтамасыз еткен төменарық каналын айтуға болады. Осы кездегі егіншіліктің үлкен бір орталығы Яссы қаласының маңы болған. Бұл өңірде астық пен ауылшаруашылығының басқа өнімдерімен тек өздерін ғана қамтамасыз етіп қоймай,
басы артық өнімдерін базарға шығарып сататын болған. Отырар, Сайран, Сауран
қалаларының маңында да егіншіліктің ірі орталықтары болды. Сонымен қатар астық
өндіру, жер шаруашылығының басқа да өнімдері Жетісу өңірінде де жақсы дами бастады.
Ірі егіншіліктің дамыған жері Тараз, Аспара, маңында және Талас, Шу, Іле, Лепсі т.б.
жерлерде бидай, арпа басқа да дәнді-дақылдар егілгендігі, бау-бақша, жеміс-жидектер
өндірілгендігі белгілі. XV ғасырда қазба жұмыстарының көрсеткеніндей Қазақстанда
жоғарыда атап өткен аймақтарында қоймасы, ұрасы бар тұрғын үйлердің болғаны
егіншілікпен мал шаруашылығының жақсы жолға қойылғандығын растайды.

 

5. ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Ресейдің Қазақстандағы әкімшілік реформалары.

1822 жылы орыстың белгілі мемлекет қайраткері М. М. Сперанскийдің басшылығымен "Сібір қырғыздары туралы жарғы", 1824 жылы "Орынбор қырғыздары жөніндегі жарғы"- деген құжат негізінде патша үкіметі қазақ жерін басқару тәртібі жөніндегі заң шығарды. Осы заң бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде (соңғы хан Шерғазы Айшуақов) хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімшіліксаяси басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде "аға сұлтан" деген басқарушы қызмет енгізілді. Орта жүз жекелеген әкімшіліктерге бөлініп, Омбы қаласының ішкі округтері деп саналды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Болысқа бөлудің негізіне рулық емес, территориялық бөліну принципі алынды. Сондықтан жаңа занды іске асыру барысында рушылдықтың іргесі сөгіліп, айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Қазақтардың белгілі бір әкімшілік шеңберден екінші әкімшіліктің жеріне ауысуы шектеліп, бұрынғы көшіп-қонудың рулық тәртібі бұзылды.

Ауыл старшындары қазақтардан сайланды. Болыстыққа сұлтандар тағайындалып, бұл қызмет шын мәнісінде атадан балаға мирас болып қалдырылып отырды.

Полиция мен сот өкіметі органдарын округтік приказ басқарды, ол оны бұрын сұлтандардан үш жылға сайланған аға сұлтандар басқаратын. Онда патша әкімшілігі белгілеген екі орыс заседателі тағайындалды. Сонымен бірге қазақ зиялыларынан сұлтандар мен билердің сайлауы арқылы қойылған екі заседатель отырды. "Сібір қырғыздары туралы Жарғы" бойынша осы кезге дейін жүргізіліп келген қазақ билерінің билік айту құқығын патшаның отаршылдық саясатын жүргізушілер өз қолдарына алып алды.

XIX ғасырдың басында Қазақстанның Ресейге бірігуінің аяқталуы жақын болатын. Осымен байланысты қазақ елі жалпы ресейлік қоғамдық еңбек бөлінісіне ене бастады. Пошта, жол қатынасының дамуы, сауданың, экономикалық байланыстың орнығуы іске асты.

Қазақ елі негізінен мал өсіруші өлке еді. Егіншілік шаруашылық айналымына енді-енді еніп келе жатты. XIX ғасырдың 30-60-шы жылдарында Қазақстанда небәрі 29 мың десятин егін егілді. Оның 14 мыңы Батыс Қазақстан аймағында, қалғаны елдің басқа аудандарында орналасты. Егіншілік халықтың аралас шаруашылық жүргізуі есебінен дамыды. Жартылай көшпелі өмір сүріп, мал өсіретін шаруалардың бір бөлігі көктем шыға жер жыртып, тұқым сеуіп, тырмалап егінді қарайтын адам қалдырып, жайлауға көшетін, сонан соң егін жинауға оралатын.

Егінші қазақтарды жатақтар деп атады. Жатақтардың көбінде көлігі, құрал-саймандары болмады. Сондықтан олар жинаған өнімнің тең жартысына дейін беріп, көлікті, күрделі құрал-сайманды байлардан, ауқатты шаруалардан жалға алатын. Қазақтар балық аулау, тұз өндіру, аңшылық істермен де айналысты. Мал, аң терілерін, құс мамығын өңдеп сатуды жолға қойып, ұста-зергерлік кәсіп ететін қазақтар аз болған жоқ. Ресейден шығысқа қарай өтетін сауда жолындағы қазақ шаруалары керуеншілерге көлік жалдап та пайда түсірді.

Қазақстанда табиғаттың мол қоры болды. XIX ғасырдың ортасына қарай көптеген кен орындары ашылып, мыс, қорғасын, күміс, көмір өндіру қолға алынды. Кен балқытатын, өндіретін, өңдейтін кәсіпорындар салына бастады.

Қазақ жерінде тауар-ақша қатынастары бірден-бірге дами берді. Оған жәрмеңкелік сауда жасаудың зор ықпалы тиді. Қазақстандағы Қызылжар, Семей, Ақтөбе, Көкшетау, Гурьев, Орал, сондай-ақ, көрші Ресей губернияларындағы Омбы, Қорған, Түмен, Орынбор, Ірбіт, Төменгі Новгород қалалары ірі сауда орталықтарына айналды, оларда жазғы және күзгі кездерде жәрмеңкелер жұмыс істеді. Қазақстан орыс кәсіпшілігі үшін мал, шикізат жеткізуші әрі өндіріс өнімдерінін тұтынушысы болды. Қазақтар жәрмең келер мен айырбас пункттеріне қой, жылқы, ұсақ және ірі қара малдары мен май, былғары, тері, елтірі, ешкі түбітін, арқан жеткізді.

XVIII ғасырдың соңы — XIX ғасырдың басында Ресеймен шекаралық сауда орталықтарында Қазақстаннан тек бір жыл ішінде 1,5 миллионнан астам мүйізді ірі қара мал және 100 мыңнан аса жылқы сатылған. XIX ғасырдың ортасында Ертіс шекаралық ауданында жыл сайын 150 мындай жылқы, 3 млн. қой-ешкі және 100 мың өгіз бен сиыр - барлығы 8 млн. сомға дейін қаржыға мал түсіп отырған.

Бұл кезде Қазақстан Ресей астығының негізгі тұтынушысына айналды. Барлық шекаралық сауда орындары арқылы мұнда жыл сайын 400-500 мың сомға астық жеткізілді. Ресейден шұға, қағаз, қант, бояулар, жабайы аңдардын қымбат терілері, өңделген былғары, темір, болат, шойын, ине, алтын және күміс теңгелер алды. Сауда негізінен айырбас ретінде жүрді. Баға өлшемі жұрттың бәріне бірдей үш жасар қойдын құны 1 сом күміске теңеліп, сол бойынша басқа тауарларға тиісті баға қойылды.

Халықтың бай, кедей болып жіктелуінің күшеюі, жартылай көшпелі елге ақша-тауар қатынастарының барған сайын батыл енуі коғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын өзгертіп, әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді және қауымдық-рулық қалдықтарының күйреуіне себебін тигізді.

Бұл өзгерістер бірден бола қалған жоқ. Елде тап тартысының, яғни кедей шаруалар мен ауқатты қанаушы топтардың арасындағы қайшылықтың күшеюі, қазақ шаруаларының отаршылдық саясатқа қарсы күресі барысында іске асты. Орыс мемлекетінің отарлау саясаты қазақтың ел басқару ісіне қойған адамдарының небір өрескелдіктерді істеуіне жол ашты. Олар алым-салықты көбейтіп, патша әкімшілігінің, жергілікті әкімдердің пайдасына халықтың малын, қаржысын алып, өздерін бет қаратпай бағынышты етіп ұстағысы келді. Ал, қазақ шаруалары өздерінің адамдық құқын пайдаланып, біз де бір атаның ұрпағымыз деп зорлық - зомбылыққа көнгісі келмеді, әділдік пен адалдықты көргісі келді. Міне, осыдан келіп, қазақ халқының ұлт - азаттық қозғалысы басталды.

Сонымен бір жарым ғасырға дерлік созылған Қазақстанның Ресеймен бірігу процесі негізінен XIX э. 60-жылдары аяқталды. Осы кезден Ресей империясының қазақ жерін отарлаудың үшінші кезеңі басталды. Бірақ оның көптеген өзіндік күрделі әрі қайшылықтарға толы ерекшеліктері бар еді.

Бақылау сұрақтары:

1. Абылай ханның ішкі саясаты.

2. Абылай ханның сыртқы саясаты.

3. Қазақ қоғамы: ақ сүйек, қара сүйек, билік басқару жүйесі.

4. Қазақстандың Ресей құрамына өтуінің саяси және экономикалық жағы.

 

7-лекция. Тақырыбы: Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының бірінші кезеңі (1731-1837 жж.)

Жоспары:

1. Қазақтардың Ресейдегі азаттық қозғалыстарға қатысуы.

2. Сырым Датұлы бастаған көтеріліс.

3. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы көтерілісі

4. Қасым Абылайханұлы, Саржан Қасымұлы, Жоламан Тіленшіұлы бастаған
көтерілістер

Лекция мақсаты:

Бөкей ордасындағы шаруалар көтерілісінің басталу себебін, әлеуметтік қайшылықтар туралы түсіндіру. Исатай мен Махамбет, С.Датұлы сияқты халықтың қамын жеген қас батырлар екендігіне студенттердің көзін жеткізу, дәріптеу. Студенттерді қосымша деректермен, ақпарат құралдарымен таныстыру.

 

Лекция мәтіні

1. Қазақтардың Ресейдегі азаттық қозғалыстарға қатысуы.

Қазақ даласында патша өкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: біріншіден, гарнизондар мен күшейтілген бекіністі әскери шептер құрылысын тездетіп салу және тұрақты казак - орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сібір, кейін Жетісу) мекендерін құру жолымен, екіншіден, саяси әкімшілік реформалар жасау, сыртқы округтер мен приказдарды одан әрі құру, басқарудың дистанциялық жұмыс түрін енгізу жолымен, үшіншіден, қазақ даласын өзіне қосу, ал Орта Азия мемлекеттерімен сауда - саттықты кеңейту жолымен жүргізілді. Түгелдей барлық билікті ресейлік әкімшіліктің қолына шоғырландыру саясатын жүзеге асыру сұлтандардың, ру шонжарларының, билердің наразылығын тудырды. Өйткені оларды патша өкіметі орындары сот- әкімшілік қызметіне қатыстырмауға тырысты.

Осымен қатар Ресей XIX ғасырдың 40-шы жылдары Хиуа хандығына шабуыл жасады. Хиуа хандығы бұл кезде Мервті басып алып, өзінің билігін Атырау бойындағы түркімендердің бір бөлігіне, Үстірт пен Сырдария қазақтарына жүргізіп тұрған болатын. Бірақ, В. А. Перовский басшылық еткен 1839-1840 жылдардағы Хиуаға қарсы жорық сәтсіз аяқталды. Бұл кезде Ауғанстанда, Иранда, Қытайдың батыс провинцияларында, Бұқарада, Хиуада, Қоқанда, Қазақстанның оңтүстік аудандарында өзінің ықпал өрісін нығайтуга тырысқан ағылшын өкіметінің әрекеттері күшейе түсті. Атап айтқанда, 1839 жылы ағылшын әскерлері Ауғанстанға басып кірді.

Хиуа мен Қоқан қол астындағы қазақ шаруалары бұл елдердің феодалдарына қарсы күреске талай рет көтерілді. Олармен бірге еңбекші қырғыздар, өзбектер, қарақалпақтар және басқа да халықтар ұзаққа созылған ұлт-азаттық күресін жүргізді. Соның ішінде 1821 жылғы көтеріліс айрықша тегеурінді болды, оған Түркістан, Шымкент, Әулие-ата маңындағы қазақ шаруалары қатысты. Көтерілісті Тентектөре басқарды, оның басшылығымен 12 мыңға жуық көтерілісші шайқасты. Көтерілісшілер Сайрам қаласын шабуылмен алып, оны өздерінің әскери-стратегиялық тірегіне айналдырды.

XIX ғасырдың басында Хиуа мен Қоқан хандары өздерінің қол астына кірмейтін қазақ және қырғыз жерлеріне олжа салу үшін жорықтар жасаса, енді олар Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстан жерін өзіне қаратуды көздеді. Ал оңтүстік қазақтары Қазақ- станның басқа жүздерімен бірге біртұтас елдікті сақтап, Ресеймен бірігуге ұмтылды. 1818 жылы Ұлы жүз қазақтары өздерін Ресей қол астына қабылдауын сұрап, патша өкіметімен келіссөз жүргізіп, 1819 жылдың 18 қаңтарында Сүйін Абылайханов сұлтан өзіне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны жөнінде ант берді. 1824 жылы I Александр Ұлы жүздің Жетісуда көшіп - қонып жүрген 14 сұлтанын (165 мың ер адамы бар) Ресейдің қол астына қабылдауы туралы куәлікке қол қойды. 1830 жылы патша өкіметі Орта жүздің бірқатар облыстарының халқынан (25400 үй, 80481 ер адам) ант қабылдады. 1845-1847 жылдары Ұлы жүздің барлық рулары дерлік (оңтүстікте көшіп - қонып жүрген, әлі де Қоқан хандығының қол астындағылардан басқалары) Ресейге қарады. Сөйтіп, XIX ғасырдың алғашқы жартысының аяғына таман, атап айтқанда, 1847 жылы Орта жүз қазақтарының басым көпшілігі орыс бодандығына көшті де, Қазақстанның Ресеймен бірігу процесі аяқталу сатысына қадам басты.

Орта және Ұлы жүздердің қосылған территорияларында Ақтау, Алатау, Қапал, Сергиополь (Аягөз), Лепсі, Верный бекіністері салынды. Бұл бекіністер Ресейдің Іле өзенінің арғы бетіндегі (Заилийск) билігін нығайтуға арналған тірек пункттеріне айналды. 20 - 40-шы жылдарда Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай округтерін құру аяқталды. Ұлы жүздің қосылған аудандарын басқару үшін 1848 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын үлкен Орданың приставы лауазымы белгіленді.

Патша өкіметі қазақ даласын түпкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жүргізіп, қазақтын елдік-этникалық ұйытқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектеп, оларды губернияларға, округтерге теліп, ұлтанды елді тұтастықтан айырды. Рас, олар мұның бәрін бірден жүзеге асыра қойған жоқ. Бұқпантайлап, торғай ұстаған мысықтай, жақыннан қармау үшін алыстан арбап, зымияндық саясат жүргізді. Патша өкіметі оны кезең-кезеңімен іске асырды.

Оның алғашқысы — 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған ел билеу жүйесіндегі протектораттық дәуір, яғни күшті мемлекеттің әлсіз мемлекетке формальды түрде болса да қамқорлық жасау саясатын жүргізу еді. Бұл кезде патша өкіметі ел билеудің бұрынғы хандық жүйесін сақтап, оның ішкі тірлігіне араласпай, тұзақты алыстан құрып, сырт иелігін жасады, яғни қазақ елін өзіне жағынып, бас шұлғып, бағынышты болған хандар арқылы басқарды. Сөйте тұра, қазақ жұртының арасына өз білімдар адамдарын қаптатып, ғылымды бет перде етіп алға ұстап, соның тасасында тұрып, елдің әдет - ғұрпын, салт-дәстүрін, мінез-құлқын жан - жақты зерттеп, қазақ халқының осал тұстарын пайдалануға тырысты. Оны меңгергеннен кейін хан тағына үміткер ханзадалар мен сұлтандар арасында ши жүгіртіп, оларды тақ таласына итермеледі. Солардың ішінде шенге құмар, атаққұмарлары ерекше бағаланып, бұлардан патша өкіметі ештемені де аяған жоқ. Патша отаршылары қазақ жұртшылығының арасына алауыздық ұрығын осылайша енгізе бастады.

Патша үкіметінің қазақ елінің басына тәуелділік ноқтасын біржола кигізуі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Сөйтіп, патша үкіметінің отаршылдық саясатының екінші кезеңі басталды. Бұл кезде ол әскер күші арқылы елдің ішкі тірлігіне араласьш, жергілікті қазақ шаруаларын қонысынан қуа бастады. Олардың орнына ішкі Ресейде жоқшылыққа ұшыраған орыс босқындарын әкеп орналастырды.

Отарлаудың осы әскери - әкімшілік кезеңінде патша өкіметінің тірек пункттері ретінде әскери бекіністердің іргесі қалана бастады. Оларды тұрақтандыру үшін шекаралық белгілермен бөлді. Біртіндеп бекіністер Қазақстанның ішкі аймақтарына тамыр жайды. Бастапқы кезде бұл бекіністер Орал, Ертіс сияқты өзен-арналарына орналасты. Мәселен, бекініс есебінде 1716 жылы Омбы қаласы, 1718 жылы Семей қаласы, 1720 жылы Өскемен қаласы, 1744 жылы Орынбор қаласы, 1752 жылы Петропавл қаласы салынды. Сонымен бірге Омбыдан Орынборға дейін казак-орыс бекеттерінің тұрағы қалыптасты. Содан кейін өлкенің ішкі аудандарында тұрақты бекініс құрылыстары бой көтерді.

Әскери - әкімшілік отарлау XIX ғасырдың екінші жартысына дейін жалғасты. 1831 жылы Аягөз өзенінің жағасында Аягөз бекінісі салынып, 1847 жылы Қапал бекінісінің іргетасы қаланды. 1854 жылы Алатау бауырында Верный әскери бекінісі орнатылды. 1855 жылы Лепсі, Үржар станциялары бой көтерді. Жетісу өлкесінде 1847 жыл мен 1867 жыл аралығында казак-орыстар тұратын 14 станция бекіністері салынды. Бұл Ресей империясы отарлаушы әкімшілігінің өкіметін нығайтуға көмектесті.

Қазақстанды отарлаудың және Шу мен Талас аймақтарының қазақтарына ресейлік ықпалды таратудың басты тірегі Верный бекінісі болды. Осы жерден орыс әскерлерінің Шу аңғары арқылы Қоқандық бекіністер - Әулиеатаға, Шымкент пен Ташкентке қарай шабуылы басталды. 1863-1864 жылдары полковник Черняевтің жасақтары қоқандық бекіністер - Созақты, Шолаққорғанды, Әулиеата және Шымкентті, ал патша офицері Веревкиннің жасақтары Түркістанды алды. Сөйтіп, Шығыс - Сібір мен Сырдария шептері қосылды. Ұлы жүзді Ресейдің жаулап алуы, жалпы Қазақстанды қосып алу осылай аяқталды.

Өзінің отарлау саясаты барысында патша өкіметі ең әуелі Қазақстан жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. Хан билігі орыс шенеунігі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Осындай кеңес құру арқылы Кіші жүз бен Орта жүз хандықтарының саяси дербестігін түпкілікті жою мақсатын көздеді. Патша өкіметі бұл мақсатты іске асыруды Орта жүз хандығынан бастаған болатын. Мұнда 1815 жылы Орта жүз ішіндегі Уәлидің билігін әлсіретуге тырысып,екінші хан етіп Бөкейді тағайындады. Орта жүздің хандары Бөкей 1817 жылы, Уәлихан 1819 жылы қайтыс болған соң, патша өкіметі жаңа хан сайлатпай, Орта жүзді бірнеше әкімшілікке бөліп, оларды басқарып- бақылауға патша әкімдерін қойды.

 

 

2. Сырым Датұлы бастаған көтеріліс.

XVIII ғасырдың 30-шы жылдарында, Кіші жүз Ресейге қосылғаннан кейін, патша өкіметі қазақ жерін игеру үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу, қазақ даласы арқылы Орта Азияға өтетін сауда жолдарын ашу, бұл жолдардың қазақ жерін басып өтетін аймағында балығы, шабындығы, егіске қолайлы жерлері мол өзендер бойынан бекіністер салу сияқты шараларды жүзеге асыра бастады.

Көтерілістің басты қозғаушы күші - қарапайым көшпенділер болды. Сонымен қатар азаттық қозғалысқа патша өкіметінің қысымына шыдамаған би, старшын және батырлар қатынасты.

Көтерілістің басты мақсаты - ғасырлар бойы Кіші жүз жерінде қалыптасқан жерді пайдалану жүйесін қалпына келтіру, Орал казак-орыс әскерінің қазақ жерлерін басып алуын тоқтату, Нұралы хан мен оның сарайындағы ақсүйектердің озбырлығына шек қою.

Көтеріліс басында Кіші жүздің Байбақты руынан шыққан Сырым батыр /1742-1802 ж.ж./ тұрды. 1783 жылы бұл көтеріліс басталғанда - Сырым ақыл тоқтатқан, орнықты, елге өзін танытқан, сөзін тыңдатқан беделі зор адам болған. 1773-1775 жылдардағы Е. Пугачев көтерілісі кезінде орыс шаруаларының азаттық идеясын қолдап, оған қатысқан қазақтардын арасында Сырымның болғаны туралы да үзік-үзік деректер бар. Соның бірі шаруалар көтерілісін басуға басшылық еткен орыс әскерлерінің даңқты қолбасшысы Суворовтың граф Панинге жазған хатында /1775 ж. 22 маусым/: "Сырым бастаған қарулы топтар тосыннан келіп шабуыл жасайды, тез арада жоқ болады. Оның артынан қуғанмен ешкім жете алмайды", - деген анықтама келтірілген. Бұдан әрі қолбасшы: "әскерлерге мынадай бұйрық бердім: реті келген бірде-бір қолайлы сәтті құр жібермей, бүгіннен бастап Сырым батыр бастаған өз беттерімен кеткен ұры-қары қырғыздарды қай жерде кездессе де, қандайлық алысқа қууға тура келсе де, оның өзін ұстап альш, тамырына балта шауып немесе сол жерде өлтіріндер дедім"- дейді.

Батыс Қазақстанда ұлт-азаттық көтерілісі басталған кезде Сырым Байбақты руының старшыны болатын. От тілді, орақ ауызды, болмысында батыл да батыр, шешендігімен аты шығып дүрілдеп тұрған кісі екен. Кіші жүзде ол айтты деген ұшқыр да ұтымды сөздер аз болмаған. Сырым қазақтың небір кемеңгер, дана адамдарымен жақын болып, олардың ақылын тыңдаған. Солардың бірі Тама руынан шыққан Малайсары би Сырымға: дүниеде адамды адам ететін үш қасиет бар, соны бойыңа дарытсаң, халық алдында сыйлы боласың - депті. Ол қандай қасиеттер? - деп сұрағанда, би:

1783 жылдың көктемінде қазақтардың Орал бекінісі желісіне шабуылы басталды. Атамандар Тасболат пен Ерболат бастаған қазақ жасақтары Гирьяль бекінісіне шабуыл жасап, ондағы солдаттарды тұтқынға алды, малдарын айдап кетті. Орынбор коменданты Ладыменский далаға орынборлық казактардан құралған жазалау отрядтары мен жүзбасы С. Харитонов басқарған башқұрттардың 1500 адамдық отрядын жіберді. Қазақ жасақтары Харитоновтың отрядына табанды қарсылық көрсетті, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

1783 жылғы тамыз айында әскери шайқастардың бірінде Сырым Орал қазақ-орыс жазалаушы отрядтың қолына түседі. Бірақ 1784 ж. көктемде оны Нұралы хан 70 жылқы, 350 сом күміс ақша беріп, босатып алуға мәжбүр болады.

1784 жылы мамыр айында Сырым Датов орал казактарымен кескілескен ұрыстар жүргізді. Қазақ жасақтары Нижнеуральск желісі ауданында, Орск бекінісі маңында әрекет жасады. Қараша айында С. Датовтың жасағында 1000 дай адам болды.

1785 жылы көктемде қазақ даласына патша үкіметінің жазалаушы әскерлерінің шыққанын естіп, Сырым оларға тойтарыс беру үшін 2700 адамнан жасақ құрады. Оған 3,5 мың адамы бар Барақ пен Тіленшінің /Жоңғарларға қарсы соғыста аты шыққан табын Бөкенбайдың баласы/ шоғыры қосылады. Оларды шекара бойына қалдырып, Сырым бес жүз жігітімен Сахарный бекінісіне шабуыл жасады. Бірақ оның жақындап келгенін білген казактар алдын-ала зең- біректен оқ атып қарсы алды. Тұтқиылдан тиісемін деп келген Сырым бекіністі ала алмады. Дегенмен, ол жазалаушы шоғырлардың қимыл - қозғалысын бағып, жақын жердегі казактардың бекінісі мен шағын топтарына шабуыл жасап, берекетін кетіреді. 1785 жылдың жазында оның жасақтары жаңа адамдармен толығып, көтеріліс бұқаралық сипатқа айналды. Осы тұста Тама руының старшыны Қадыр және Садыр деген батырлардың бастауымен Нарын кұмының жігіттері Сырымды қолдап, патша әскерлеріне қарсы күрес жүргізді. Бұл кезде Кіші жүзді кең қамтыған көтерілісшілердің тек Жем өзені бойында шоғырланған тобының қатары жеті мыңға дейін жеткен еді.