В) Энеолит 8 страница

2. Қасым хан тұсында хандықтың ұлғаюы

ХVІ-ХVІІ ғасырларда қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында "жерді біріктіру" процесін жедел жүзеге асырып, неғұрлым көзге түскен қазақ хандарының бірі — Жәнібек ханның ұлы Қасым. Туған жылы 1445 ж. Қасым ханның тұсында /1511-1523 жж. билік құрған/ қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жан-жақты нығая түсті. Ол феодал ақсүйектердің қарсылығына тойтарыс беріп, әскери күштерді нығайтты, өз билігіндегі жерлерді кеңейтті. Қасым хан билік құрған кезде қазақ халқы өзінің осы күнгі мекен тұрағының негізгі аймақтарын біріктірді. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, оңтүстік-батыста Сырдың оң бойындағы бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлау қоныстары Ұлытаудан асты. Оңтүстік - шығыста оған Жетісудың көп бөлігі /Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері/ қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалып, Орыс мемлекетімен қатынас қалыптасты. Қазақ хандығымен елшілік байланыс орнаткан алғашқы мемлекеттердің бірі — ұлы князь III Василий /1505-1533 жж./ билік жүргізген кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Осы тұста қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Батыс Еуропаға мәлім болды.

Қасым хан алғашқы қазақ заңы — "Қасқа жолды" жарыққа шығарады. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет - ғұрып ережелері негізінде жасалды. Заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданып жүрген ислам дінінің /шариғат/ заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Соның үшін ол Қасым ханның атымен байланыстырылып «Қасым ханның Қасқа жолы» деп аталды.

Қасым хан тұсында Қазақ хандығының дәрежесі ұлғайғанына қарамастан, ол бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Мұның өзі Қасым хан өлгеннен кейін бірден байқалды, сұлтандар мен басқа да феодалдардың өзара бақталасы, қырқысы күшейді. Сыртқы саяси жағдай қолайсыз болып тұрған кезде, өзара қырқысудың зиянды зардаптары хандықты әлсіретуге әкеп соқты. Қазақ билеушілеріне қарсы моңғол және өзбек хандарының одағы қалыптасты.

Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы әрі мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Тахир (1523-1532 жж.) хан болды. Бірақ оның айрықша елшілік және әскери қабілеті жоқ еді. Тахирдың тұсында өзбектермен арадағы соғыс жалғастырылды, Маңғыт және Моғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болған жоқ. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. Тахир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534 жж.) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар оқталған жоқ.

3. ХVІ ғ. екінші ширегіндегі Қазақ хандығы

ХVІ ғ. екінші жартысындағы Қазақ хандығы (Қасым хан)

XVI ғасырдың екінші жартысында әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Ақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы феодалдық топтардың күресін өз мүддесіне пайдаланған ол ноғай мырзаларының көбін өз жағына тартып, Жайық өзенінің сол жағасындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд-ар-Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Өзара тартыстың бәсеңдеуі, ішкі саяси өмірдің нығаюы, мал және егін шаруашылығының, сауда қатынастарының дамуына көмектесті. Ресеймен саяси және экономикалық байланыстар барған сайын ұлғайды. ХVІ ғасырдың 60-70 жылдарында қазақтардың Орта Азия халықтарымен бейбіт сауда, экономикалық байланысы жанданды. Ақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сырдария бойындағы бірсыпыра қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у беріп өлтірді.

Ақназардың мұрагері - Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайып қалған Шығай (1580-1582 жж.) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 жылдары хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде, Бұқар ханы Абдоллаға келіп, онымен күш біріктірмекші болды. Абдолла Шығайға Ходжент қаласын сыйға тартып, онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді.

Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін белсене күресті. 1583 жылы ол бұрынырақ Бұқарамен жасалған шартты бұзып, Сырдария бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Андижан, Аксу, Самарқанд сияқты қала-ларды қазақ хандығына қаратты. Бұқар қаласын қоршауға алған кезде Тәуекел хан жараланып, қайтыс болды.

XVI ғ. аяғында Қазақстан аймағында бірнеше феодалдық мемлекет, яғни хандықтар құрылды. Олардың әрқайсысы сұлтандардың, жеке ірі феодалдардың иеліктеріне бөлінді. Қазақ хандықтарының күрделі мемлекеттік аппараты болған емес. Басқару мақсатында феодалдық қатынастарға бейімделген патриархалдық институттар пайдаланылды.

Сыртынан қарағанда хан шексіз билік жүргізді. Хан мемлекет басқарушысы, қарулы күштердің басшысы және жоғарғы төре саналды. Ол сұлтандарға тәуелсіз, әрбір сұлтан оған тәуелдікте болды. Сұлтандар мен билер ханға жүгінді. Хандықтың құрамына кіретін бірнеше руды сұлтандар биледі.

Қазақ хандықтарында әскери ұйым күрделі емес еді. Тұрақты әскер болған жоқ. Оған әрбір азамат-жауынгер өз атымен, қару-жарағымен келуге тиіс болды. Жеке әскер шоғырларын сұлтандар, билер және батырлар басқарды. Оның шығынын халық көтерді.

Қазақ қоғамында да материалдық байлықты өндірушілер халықтың көпшілігін құраған қазақ шаруалары еді. ІІІаруалардың экономикалық жағдайы бірдей болған жоқ, сондықтан феодалға тәуелділік дәрежесі де әр түрлі болды. Олардың біраз бөлігі экономикалық жағынан азды-көпті қамтамасыз етілген жай шаруа еді. Халықтың көпшілік бөлігін кедей шаруалар құрады. Кедейлердің біразы көшпелі тұрмыс құруға мүмкіндіктері болмағандықтан отырықшы тұрмысқа ауысты. Олар жатақтар деп аталды. Ішінара құлдар да кездесті. Олар жат жұртпен қиян-кескі соғыста қолға түскен тұтқындар есебінен ұсталды.

Феодалдық қанау көптеген салық салуды әдетке енгізді. Олардың негізгілері: малшылардан - зекет, егіншілерден — ұшыр жинау, бұған қосымша шаруалар үстем таптың пайдасына жұмыс істеуге және борышын еңбекпен өтеуге тиісті болды. Осындай әлеуметтік теңсіздіктің салдарынан шаруалардың көбі, әсіресе, ең кедей бөліктері феодалдарға кіріптар болып, бай туыстарының "көмегіне" сүйенуге мәжбүрлікке түсті.

Қазақтың хандық мемлекетінің қажетіне керекті шығындар халықтан жиналатын феодалдық салықтардан басқа, соғыстан түсетін олжадан, сот алымынан және "ықтиярлы" қайырымдылық қорынан құралып отырды. Әрине, негізгі ауыртпалық еңбекші бұқараның мойнына түсті.

ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақтардың қоғамдық қатынасын зерттеушілердің көпшілігі оны патриархалдық қарым-қатынас деп санайды. Әсіресе, ол көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы аймақтарында басым болған. Ал, экономикалық жағынан неғұрлым дамыған Қазақстанның Оңтүстік аудандарында феодалдық қарым-қатынастардың көбірек қанат жайғандығы атап көрсетіледі. Іс жүзінде қазақ қоғамы мен қазақ мемлекеттігі екі әлеуметтік-экономикалық құрылысқа негізделді. Моңғол үстемдігі кезінде қала мәдениеті кері кетіп, егіншіліктің құлдырауы, көшпелі мал шаруашылығының артуы патриархалдық қоғамдық қатынастарға қарай ойысуына әсер етті.

Қазақтың далалық аудандарында жерді пайдаланудың қоғамдық түрі үстемдік етті. Жайылымдарды пайдалану құқына көшпелі рулар мен қауымдардың барлық мүшелері ие деп саналды. Бірақ соның өзінде ру-тайпа ақсүйектері мен қатардағы көшпенділердің арасында жерді, жайылымды пайдалануға іс жүзінде тепе-тең қатысы болмады. Ақсүйек феодалдардың қоныстарға иелік ету, өзінің отарлары мен жылқы үйірлері және өз жақын-жұрағаттары үшін жақсы жайылымдарды, аңшылық құратын жақсы өңірлерді пайдаланатын құқы болды. Жалпы алғанда, мал жеке адамның және отбасының меншігіне тиді. Өз малдарын өсірумен жоғарғы ақсүйектер тобы да, тайпалар мен рулардың көсемдері де және рудың қатардағы мүшелері де шүғылданды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болып саналды. Малдың басым көпшілігі байлардың қолында жинақталды, олар мыңғыраған малды бағатын жайылымдарға іс жүзінде өздерінің билеп-төстеу құқығын жүргізді.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ хандығының құрылуы тарихи алғышарттары

2. Қасым хан тұсында хандықтың ұлғаюына қандай себептер бар?

3. ХVІ ғ. екінші ширегіндегі Қазақ хандығы жағдайы

4. ХVІ ғ. екінші жартысындағы Қасым ханның ішкі және сыртқы саясаты

 

5-лекция. Тақырыбы: ХVІІ ғ. және ХVІІІ ғ. басындағы Қазақ хандығы

Жоспары:

1. ХVІІғ. Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы. Есім хан.

2. Қазақ-жоңғар қатынастары

3. Тәуке ханның басқаруы.

Лекция мақсаты:

Студенттерге қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық құрылымы мен қоғамның таптарға бөлінуі неден болатынын ашып көрсету. Студенттерге сол кездегі қоғамның ерекшеліктері мен хандардың өмірі туралы мәліметтерді білдірте отырып, оларды сол кездегі басқарудың дәстүрін түсіну мен сыйлай білуге, құрметпен қарауға тәрбиелеу. Есім ханның феодалдық талас-тартыстарды тоқтатып, сырттағы көршілермен қарым-қатынасты күшпен де, бейбіт жолмен де реттеудегі басқару жүйесін таныстыру.

Лекция мәтіні

1. ХVІІғ. Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы. Есім хан.

Хандыққа Eciм хан Шығайұлы (1598-1628 жж.) билік eттi. Ол 1598 жылы Бұқарамен бітім шартын жасасты, шарт бойынша өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойындағы қалалар мен Ташкент қазақ хандығына бекітіп берді. Сөйтіп, Сыр бойындағы қалалар және Оңтүстік Қазақстанның жерін кеңейту үшін бip жарым ғасырға созылған күрес бipaз бәсеңдеді.

Eciм хан елді жуасытып бағындыру саясатын жүpгiздi. Сондықтан ол қанға-қан, кек алу, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, дүре соғу, көп әйел алу, қалың мал төлеу,әмеңгерлікті сақтау, зекет, ұшыр жинау, айып салу, діни патриархалдық ecкi салтқа арқа тipey және т.б. уағыздады. Халық Eciм хан заңдарын "Eciм хан салған ecкi жол" - деп атады. салды.

Қазақтың жаңа ханы, Шығай ханның ұлы Есімнің Аштарханилер өкілдерімен жасасқан келісімі бойынша Қазақ хандығының құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, сондай-ақ уәлаятымен қоса Ташкент, бірсыпыра уақытқа Ферғана кірді. Бірақ Ташкентке Аштарханиліктердің тәуелсіздігі қолданылды (бұл әулет ханының есімін хутбада және Ташкентте соғылған тиындарда еске салу, уәлаятта жиналған салықтардың бір бөлігін оған жіберу және т.б.). Қазақ әкімдері келісімнің бұл шарттарын бұзып отырды, мұның өзі ХVІІ ғ. Басында қазақ және өзбек хандарының арасындағы ұзаққа созылған талас-тартысқа әкеп соқты.

Оңтүстік Қазақстанның отырықшылықты-егіншілік аудандары үшін, Сырдарияның орта сағасындағы қалалар үшін қазақ хандарының көп жылға созылған күресі осылай аяқталды. Сол уақыттан бастап қазақ мемлекетінің құрамына бұл аймақ және екі жүз жылға Ташкент түпкілікті енді.

Сырдария бойындағы қалалар аймағында болған ұзақ мерзімді соғыстар тұрғылықты халықтарды кедейлендіріп, қала шаруашылығының құлдырауына, суландыру жүйелерінің қиратылуына, егіншілік көлемінің кемуіне әкеліп соқты. Соғыс қимылдары, жауластардың тонаушылық шапқыншылықтары сауда жасауға кесірін тигізді және мал шаруашылығымен айналысатын далалық аудандардың экономикалық жағдайына кері әсер етті. Шаруашылығы мен мәдениеті дамыған аймақ ретінде Оңтүстік Қазақстан біртұтас мемлекет құрамына кіргеннен кейін мұндай теріс құбылыстарды жеңудің мүмкіндігі туды.

ХVІІ ғ. Қазақстандағы ішкі саяси өмір тұрақтылығымен ерекшелене қойған жоқ. Қазақ хандығы барған сайын бөлшектене түсті, феодалдық ала ауыздықтар күшейді. Көшпелі ақсүйектердің әр түрлі топтары өзара бақталастыққа берілді. Оңтүстікте іс жүзінде екі хан бекіді. Табаққұлдың мирасқоры Есім хан Түркістан қаласын өзінің астанасы етіп алды. Ташкентте Жәлім сұлтанның (шыққан тегі белгісіз) ұлы Тұрсын-Мұхаммед өзін тәуелсіз ханмын деп жариялады. Бірте-бірте үш жүздің әр қайсысында өз алдына жеке хандар пайда болды. Қазақ хандығының барлық, әсіресе, оңтүстік және шығыс шептеріндегі сыртқы жағдай қиындай түсті. Бұхар ханы Иманқұл Ташкентті тартып алуға тырысты, кейбір сұлтандардың бөлініп шығу ниеттерін қолдап отырды. 1612 ж. Қазақ әскерлерінің Бұхара төңірегіне шапқыншылық жасағанына жауап ретінде Иманқұл хан қазақ жерлеріне жорық ұйымдастырып, Түркістан аймағын Ашпара мен Қаратаудың шеткергі шегіне дейін басып өтті, сөйтіп оның бірнеше қалалары мен елді мекендерін тонады. Ташкентте өзінің ұлын уәли етіп қойды. Көп кешікпей ол орнынан түсіріліп, өлтірілді. Бұған жауап ретінде Иманқұл қалада қанды қырғын жасады. ¤зінің Ташкентке дәмеленуіне ол қазақтың екі ханының өзара жауластығын пайдаланды. 1627 ж. Есім хан Тұрсын-Мұхаммедті өлтірді. Бір жылдан соң Есімнің өзі де қайтыс болды. Бұхар әскерлері Ташкентті қайтадан басып алды. Алайда, Есім ханның мұрагері, оның ұлы Жәңгір Бұхар билеушісін шығыстан келетін ортақ қатер-ойраттар шапқыншылығын тойтару үшін әскери одақ құру қажеттігіне көндіре алды.

 

2. Қазақ-жоңғар қатынастары

1635 ж. Жоңғар хандығының құрылуына байланысты ойраттардың Ертіс маңындағы және Жетісудағы қазақ жерлерін басып алу қаупі арта түсті. Цин империясының ығыстыруынан жаңа жайылымдар және Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияның сауда қол өнері орталықтарына шығу жолдарын іздеген олар қазақ жерлеріне зорлық жасауын бәсеңдетпеді. ХVІІ ғ. 20-жылдары-ақ ойраттардың үлкен тобы Ом, Тобыл, Есіл, Ертіс бойында көшіп-қонып жүрді. Іле мен Талас бойында ойраттар малдарын қыстатуға қалып отырды. Қазақтар оңтүстік және батыс бағытына қарай ығыстырылды, мұнда олар өз жерлерінде тіршілік етіп жатқан өзбектермен, қарақалпақтармен, ноғайлықтармен, башқұрттармен қықтығысқа килікті. 1644 ж. Жалаңтөс батыр басқарған самарқандтық әскерлермен бірге жауға аттанған Жәңгір хан жоңғар қолдарының бірін тас-талқан етіп жеңді. ХVІІ ғ. 30-жылдары қонтайшы Қалданның қолбасшылығымен жоңғар әскерлері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Бірнеше қазақ ұлыстары талқандалды, тоғыз қала жаулап алынды; түпкі жазба материалдар солардың арасынан Сайрам, Манкент, Қарааспан, Шымкент, Ташкент және басқа қалаларды атайды. Сайрам тұрғындар ы жауға табанды қарсылық көрсете білді; Қалдан қалдырған уәли өлтірілді, мұның өзі ойраттар әскерінің Оңтүстік Қазақстанға қайтадан басып кіруіне әкеп соқты. Сайрам күшпен алынып, талқандалды; тұрғындарының бір бөлігі Жоңғария мен Шығыс Түркістанға зорлап әкетілді.

XVIII ғасырда Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы алып жатқан қазақ халқы жерінің жағрафиялық жағдайына қарай үш жүзге бөлініп өмір сүрді. Оның әрбір Жүзінің өзі Еуропадағы әлденеше шағын елдер мен мемлекеттерді сыйдырарлық көлемдегі жерлерді жайлады. Қазіргі Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарын мекен еткен Кіші жүз, Орталық Қазақстанға жататын облыстарда мекендеген Орта жүз, елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысын қоныс еткен Ұлы жүздің әрқайсысының өз хандары болды. Кіші жүзде - Әбілхайыр, Орта жүзде — Сәмеке /Шахмұхамбет/, Ұлы жүзде — Жолбарыс, Түркістан қаласын астана еткен Үлкен Орданың ханы Тәуке еді. Бұл хандардың ақылшысы болған, Үш жүздің басын біріктіріп, даулы істеріне билік айтып, береке бастаушы болған Кіші жүздегі Әлім руынан шыққан Әйтеке биді, Орта жүздің биі арғын, Қаракесек руынан шыкқан Қаз дауысты Қазыбек биді, Ұлы жүздің биі үйсін Жаныс руынан шыққан атақты шешен Төле биді, Үлкен Орданың сарай ақыны Бұқар жырауды бүкіл қазақ жұрты, алты алаштың адамдары жақсы білді.

Үш жүздің билеушілері әдетте бас қосып, оқтын - оқтын мәслихат-мәжіліс өткізетін. Ондай мәжілістер Сайрам маңындағы тауларда, Мәртөбе жотасында өтетін. Оларда қыстау жағдайы, қауіп - қатерден сақтану мен қауіпсіздік мәселесі талқыланатын. Бірақ, қазақ жерінде біртұтас бір иелікке бағынған, басқару жүйесі орталықтанған ірі мемлекеттің жоқтығы ылғи да сезіліп тұрды. Мұны қазақ жеріне ертеден көз алартып келе жатқан Қазақстанмен жапсарлас, жерлері шектесіп жатқан елдердің билеушілері пайдаланып қалуға тырысты. Оңтүстік-батыстан Жайық казактарының қолдап-қолпаштауымен Еділ өзенінің бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүздің халқына тынымсыз шабуыл жасады. Қазақ жеріне солтүстіктен Сібір казактары килікті. Орта Азиядағы Бұқара мен Хиуа хандықтары да қазақ жерінен дәмелі болды. Оларға қазақ жасақтары табандылықпен тойтарыс беріп отырды. Осылардың бәрінен де асып түскен, қазақ халқына мәңгі жойылып, құрып кету қаупін төндірген жау - жоңғарлар еді.

XVII ғасырдың бірінші жартысында ойраттар мен қазақтардың арасындағы әскери қақтығыстар жиілей түсті. Ойрат феодалдарының Шығыс Моңғолияға қарсы ойдағыдай жүргізген соғыстары олардың күшін нығайтты. XVI ғасырдың аяқ шенінде ойраттар басты-басты төрт тайпалық бірлестіктен құралды. Олар: Тарбағатайдан Шығысқа қарай өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғарғы ағысын бойлай қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының төңірегіндегі хошоуыттар және Іле өзенінің жоғарғы жағындағы шоростар еді.

Қазақ және ойрат әміршілерінің арасында жайылымдық жерлер үшін ірі қақтығыстар XV ғасырдың өзінде басталған болатын. XVI ғасырдың аяғында ойраттардың шағын бір бөлігі сәтсіз шабуылдан кейін қазақ ханы Тәуекелге бағынышты болып шықты. 1635 жылы қоңтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Осыдан соң, егер XVI ғасырдың аяғында XVII ғасырдың басында қазақ хандығына бытыраңқы ойрат тайпалары қарсы болса, XVII ғасырдың екінші ширегінде күштердің ара салмағы жоңғар тайпаларының пайдасына өзгере бастады. Қазақ - жоңғар қатынастары, әсіресе, Батур-қоңтайшы /1634-1654 ж.ж./ билік құрған кезде ерекше шиеленісе түсті. Одан кейін болған жоңғар хандары /Сенге, Ғалдан/ Оңтүстік Қазақстанды, маңызды сауда жолдары өтетін және сауда орталықтары болған қалаларды өздеріне қаратып алуға тырысты.

3.Тәуке ханның басқаруы.

1680 жылы Қазақстан жеріндегі хандықтардың билігі Жәңгірдің баласы Тәуке ханға (1680-1717 жж.) көшті. Ол өзін жақтайтын феодалдардың, ел силаған билердің қолдауына сүйене отырып, халықтың, елдің бірлігінің туын жоғары ұстады. Тәуке хан 1687-1688 жж. Бұхара ханы Сұбхан- Кулимен Ташкент туралы келіссөз жүргізген, тіпті қаланы алуға әрекеттенген. Сырдария бойындағы Тәукенің хандық өкіметі нығайып, Түркістан қаласы оның астанасы болған. XVII ғ. 90-шы жылдарында, яғни Тәуке ханның тұсында жоңғар феодалдарының қазақтардың жеріне қысымы босаңсыды. Өйткені бұл кезде қазақ, қырғыз, оған қарақалпақтардың бір бөлігі бірігіп қимыл жасады. Тәуке хан феодалдық өзара тартыстарды уақытша тыйып, үш жүздің үшеуінде де тыныштықты қалпына келтіруге тырысты. Осы арқылы ол қазақ руларының қоныстарын сыртқы жаулардан қауіпсіздендіруге күш салды. Тарихи деректерде айтылғандай, Тәуке ханның өз билігінде 80 мыңдай жауынгерлерінің болуы, оған сыртқы және ішкі жаулармен күресте жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Тәуке хан өкіметтің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шаралар қолданды. Оның тұсында "Жеті жарғы" деген атаумен қазақ қоғамындағы әдеттегі құқық өлшемдерінің жинағы құрас-тырылды. Мұнда феодалдық құқық тәртібі мен мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Тәуке хан елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, халықты ру-руға, жүзге бөліну саясатын және бет-бетімен әрекет жасауды шектеу үшін аянбай күресті. Осы мақсатта ол қазақ мемлекетінің саяси-қүқық жүйесін белгілеп, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырды. Тәуке хан өз төңірегіне ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты Қазбекті, Кіші жүзден Әйтеке биді кеңесші ретінде қызметке тартты. Сөйтіп, қазақ халқының тарихына ірі құқықтық өзгерістер енгізді. Бұл оның халыққа кең тараған "Жеті жарғысымен" байланысты еді. Ол тек сол заманға сай құқықтық құжат емес, сонымен қатар көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және жағрафиялық ерекшеліктеріне сай келетін аса құнды "Жеті жарғы" көшпелі қазақтардың ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: