Идентификаторлар
Идентификаторлар (атаулар) тұрақтыларды, айнымалыларды, олардың түрлерін, программаларды, процедураларды, функцияларды, файлдарды және т.б. программа объектілерін белгілеу үшін қолданылады. Идентификатор - міндетті түрде әріптен басталатын цифрлар мен әріптердің тізбегі. Атаудың ұзындығы 63 символдан артпауы тиіс. Идентификатор стандартты және бейстандартты (өзіміз берген атау) болып екі топқа бөлінеді. Стандартты атаулар тілдің объектілерін белгілеу үшін қолданылады, олар тек сол өз мағынасында қолдануды қажет етеді: TRUE, FALSE, CHAR, SІN, COS, EXP, ІNTEGER және т.б. Object Pascal тілінде программаны жазуда қолданылатын арнаулы сөздер де жәй атаулар ретінде қолданылмайтын стандартты идентификаторлар болып есептеледі, олар: AND, ARRAY, BEGІN, END, CASE, CONST, VAR, PROGRAM, ІF және т.б. Object Pascal тіліндегі атауларда қолданылған бас немесе кіші әріптердің айымашылығы жоқ.
Атауларда келесі символдар қолданылады:
1) A дан Z дейінгі және a дан z дейінгі латын әріптері;
2) 0 ден 9 дейінгі араб цифрлары;
3) “_” сызықша таңбасы.
Бос және арнаулы символдар атауларда қолданылмайды.
Түрлер
Мәліметтердің түрлерін басқа элементтерді құрудағы қолданылатын үлгісі деп санауға болады. Түрлер - осындай түрдегі анықталған элементтің жадтағы ұзындығын, олардың қабылдай алатын мәндерінің аралығын және оларға қолдануға болатын операциялар жиынын көрсетеді. Түрлерді анықтау бөлігі арнаулы type сөзімен және одан соң түрдің атауы мен мәндерінен тұрады.
Тұрақтылар
Тұрақтылар деп, мәндері программаның орындалу кезінде өзгермейтін шамаларды айтамыз. Тұрақтылар есебінде Object Pascal тілінде бүтін, нақты, он алтылық сандар, логикалық, символдық шамалар мен жазбалар, жиындар, таңбалар жолдары, NІL - анықталмаған сілтемесі қолданылады. Программа құрамында тұрақтылар екі түрде анықталады: жәй және типтік.
Белгілер
Белгілер бөлігі арнаулы сөз label және программа құрамына енетін белгілердің тізімінен тұрады.
Бөліктің жазылуы:
Label <белгілер тізімі>;
Белгілер есебінде 0-9999 сандар мен a-z символдарынан құралған тізбекті қолданады. Олар негізінде шартсыз goto басқару операторымен бірге қолданылады. Программа құрамында белгіден кейін екі нүкте таңбасы жазылады (: ) .