Споралылар (Sporozoa)

Споралыларға безгек плазмодиялары, токсоплазмалар, саркоцисталар, изоспоралар, циклоспоралар, криптоспоридиялар және бабезиялар жатады.

Споралылардың 1350-ге жуық түрлері белгілі. Олардың барлығы паразитті организмдер. Бәріне тән ерекше сипатына жетілген формаларында қайда да болсын қозғалыс органоидтарының болмауы және жынысты және жыныссыз көбею кезеңдері, барлық тіршілік циклінің толық болмауы жатады. Көптеген споралыларға жыныссыз көбею –бүршіктену тән (эндогония). Споралылардың даму кезеңдерінің бірінде споралар (нақты айтқанда спорозоиттар) түзіледі. Споралылардың паразиттік тіршілік етуі олардың құрлысының қарапайымдануынан белгілі. Споралылардың қоректену және асқорыту органоидтары жоқ. Қоректенуі, тыныс алуы және ас қорытуы –бүкіл денесі арқылы жүзеге асырылады.

19.3.1. Токсоплазмоз қоздырғышы

Токсоплазмоз – қоздырғышы бірнеше механизмдермен берілетін, клиникалық белгілері әр түрлі (полиморфты) болатын негізінде жасырын (латентті) және созылмалы түрде дамитын, зоонозды табиғи-ошақты антропургиялы протозойлы инвазия.

Таксономиясы.Қоздырығышы – Toxoplasma gondii, Apicomplexa типіне, Coccidiea типшесіне, Eimeridae отрядына ,Sporozoa класына, Toxoplasma туыстастығына жатады.

Токсоплазманы алғашқы рет 1908 жылы Тунисте француз ғалымдары Ш. Николь мен А. Мансо африкалық Ctenodactylus gondii дейтін кемірігшітің (сондықтан паразиттың аты- Toxoplasma gondii) және Ф. Сплендоре Бразилияда қояндарының организмінен тапқан. 1930 жылы Д.Н Засухин мен Н.А.Гайский тосоплазмаларды сарышұнақтардың организмінен тапқан. Олар ең бірінші болып бұл инвазияның табиғи-ошақтылығы туралы болжам айтып, кейіннен оны дәлелдеді.

Морфологиялық ерекшеліктері. Toxoplasma gondii –жасуаішілік облигатты паразит. Тіршілік ету цикліне байланысты токсоплазмалардың бірнеше морфологиялық түрлерін ажыратады: ооцисталар, псевдоцисталар, цисталар,тахизоиттар (трофозоидтар).

Ооцисталар токсоплазмалардың соңғы иесі мысықтар мен мысық тұқымдастардың ішек жолының шырышты қабатында паразиттің жыныстық жолмен көбеюі нәтижесінде қалыптасады. Қарсы жынысты гаметоциттердің қосылуынан оваль пішінді (диаметрі 10-12 мкм) ооцистер пайда болады. Ооцистердің 2 спорацисталары болады, олардың ішінде 4 спорозоиттары бар. Ооцисталар 3 күннен кейін жетіліп мысықтың нәжісімен сыртқы ортаға шығады. Ластанған тағамдық өнімдермен (ет, көкөніс т.б) адамдардың ішек жолына өткеннен кейін спорозоиттар босанып шығады. Олар лимфалық жолдармен таралып сол жерлерде өсіп -өніп (жыныссыз жолмен –шизогония арқылы) қанға түседі де, барлық ағзаларға тарайды. Көбейген паразиттер (тахизоиттар) басқа көптеген жасушаларға ене бастайды. Оларды инвазияның жіті кезеңінде табуға болады.

Тахизоиттар (трофозоиттар) морфологиясы жарты ай немесе созыңқы апельсиннің бір бөлігіне ұқсас болады (toxo –грекше, «арка» -босаға ) деген мағына береді, осыған байланысты қоздырғыш –тохоплазма деп аталған. Бір шеті үшкірленген, екінші жағы –жұмырланған, мөлшері 3x7 мкм. Романовский –Гимзе әдісімен бояғанда цитоплазма –көкшіл, ядросы –қою –қызыл түсті болады.

Псевдоцисталар арнайы сыртқы қабыршақпен, қабатпен қоршалмаған, олар зақымдалған жасушаларда, макрофагтарда пайда болады, шоғырланған трофозоиттардан (эндозоиттардан) тұрады. Тахизоиттар сияқты олар жіті инфекция кезінде табылады.

Цисталар (мөлшері 10-1000 мкм) да ие жасушалары ішінде пайда болады. Олардың нағыз сыртқы қабаты болады, ішінде жүзден астам паразиттер (цистозоиттар немесе брадизоиттар) шоғырланады. Цисталар ондаған жылдар бойы сақталып, инфекцияның созылмалы түрінің дамуына себепкер болады.

Дақылдандыруы.Токсоплазмалар жасуаішілік паразит болғандықтан жасанды қоректік орталарда өсіп -өнбейді. Оларды дақылдандыру үшін тауық эмбрионына және жасуша дақылдарына жұқтыру тәсілдері қолданылады, және де ақ тышқандарға жұқтырып көбейту әдісі қолданылады.

Төзімділігі. Токсоплазманың ооцисталары сыртқы ортада ұзақ уақыт шыдай алмайды, қысқа мерзімге тасымалдаушылардың өлігінде және экскременттерінде ғана сақталады. Цисталары әлдеқайда төзімді келеді.

Токсоплазмамен ластанған заттар құрғатылған кезде қоздырғыш жылдам қырылады. Токсоплазмалар 40-50°С температурада 15-20 мин, ал 60-80°С-та 5-10мин-тен кейін өледі. 5-8°С температуралық жағдайда токсоплазмалар суда бір тәулік қана, сүтте -2 тәулік тіршілігін сақтай алады. Олар тауық жұмыртқасының сары уызында 3-4 апта, ал нәруызында (белогында) 1-2 апта бойы ауру қоздыру қабілеттілігін сақтайды. Жануарлардың бұлшық етінде (t° 4-6°С) -10-24 тәулік, мида-30 күндей тіршілік қабілеттілігін жоғалтпайды. Токсоплазмалар малдардың өлігінде, қоршаған ортаның ылғалдылығына және температурасына қарай, 1 күннен 8 тәулікке дейін сақталады.

Күнделікті тәжірбиеде қолданылып жүрген дезинфекциялық ерітінділер токсоплазмаларға да тиімді әсер етеді.

Эпидемиологиясы.Мысықтар және мысық тұқымдастықтардың басқа өкілдері токсоплазмоз инвазиясының ең негізгі инвазия көзі және резервуары болып табылады. Олардың организмінде паразиттің толық даму циклі өтеді, сондықтан оларды токсоплазмалардың ақырғы иесі деп есептеу керек. Сонымен бірге токсоплазмалар сүтқоректілер мен құстардың барлығынан табылады, олар паразиттің аралық иесіне жатады, әсіресе тышқан тектес кеміргіштер, қояндар өте жиі зақымданып, олардың арасында токсоплазмоз кең тараған індет (эпизоотия) түрінде өтеді. Адам организмі токсоплазмалар үшін биологиялық тұйық болып табылады. Дегенмен, құрсақ ішіндегі ұрпаққа плацента арқылы жұққанда, анасы екіншілік аралық инвазия көзі бола алады.

Негізгі инвазия көзінің жұқпалылығы белгісіз мерзімге созылады, өйткені мысықтарда токсоплазмоз соимптомсыз, белгісіз тасымалдаушылық түрінде өтеді.

Токсоплазмоз зоонозды инвазияға жататындықтан, оған 200-дей жануарлар мен құстардың және кейбір омыртқасыздардың да қатысы бар болуы мүмкін.Олар әр түрлі дәрежеде эпизоотиялық процеске қатысып, сол арқылы адамдар арасында эпидемиялық процестің дамуына себепкер болуы ықтимал. Сондықтан адамдар арасында бұл аурудың кең таралуын түсіну қиын емес.

Қоздырғыштың берілу механизмі.Қоздырғыш негізінде ауыз-нәжіс механизмімен таралады. Ол бірнеше жолмен атқарылуы мүмкін:

ауыз арқылы шикі немесе жартылай шикі етті, фаршты пайдаланғанда, ал жиірек жағдайда –мысықтардың нәжісіндегі ооцисталармен ластанған көкөніс, жемістер, тұрмыстық заттар, су, қол арқылы жұғу;

жанасу жолы-тұтас мал етін мүшелеу кезінде қасапшылардың және зарарлы заттармен жұмыс атқаратын лабораториялық қызметкерлердің жарақаттанған қол терісі мен шырышты қабаттары арқылы жұғу;

жүктіліктің бастапқы мерзімінде анасынан құрсақ ішіндегі нәрестеге плацента арқылы жұғу (вертикалдық-тікелей)

қан құйғанда және орган алмастырғанда жұғуы мүмкін.

Патогенезі және клиникалық көріністері.Адам организмінде енген токсоплазмалар лимфамен өңірлік түйіндерге жетіп сол жерде өсіп өніп көбейіп, қан айналымына түседі де барлық ағзаларға тарайды. Ретикуло-эндотелиальды жүйенің жасушаларына түсіп көптеген ішкі ағзаларда псевдоцисталар және цисталар түзеді. Нәтижесінде токсоплазмалар жүйке жүйесін, бауыр, бүйрек, өкпе, жүрек, көзді, бұлшық еттерді зақымдайды.

Токсоплазмоздың жедел (жіті) және созылмалы түрін ажыратады. Жедел инфекция (инвазия) кезінде паразитемия және токсоплазмалардың псевдоциста түрінде тіндерде шоғырлануы байқалады. Созылмалы түрі –тіндік цисталардың пайда болуымен сипатталады.

Токсоплазмоздың жасырын (инкубациялық) кезеңі -2 жеті шамасындай. Клиникалық белгілері әртүрлі болып келеді: бездерінің шамалы ісінумен дене қызбасына дейін көтерілуі мүмкін, бөртпе шығу, фарингит, гепатоспленомегалия, менингоэнцефалит, өкпе қабынуы т.б байқалады. Мұндай көріністер қоздырғыштың қандай ағзада шоғырлануына және қандай органның зақымдануына байланысты болады. Токсоплазмоздың туа біткен түрінде (қоздырғыштың жұғуы көбінесе жүктіліктің 1- триместрінде атқарылады) түсік тастау, нәрестенің өлі туылуы немесе туылған нәрестелерде әртүрлі ақаулықтар болуы мүмкін. Инвазия нәтижесінде бауыр, көз, көкбауыр, лимфа түйіндері, ОЖЖ (ЦНС) зақымданып, организмнің жалпы улануы (интоксикация) және дене қызуының көтерілуі болады.

Иммунитеті.Ауру кезінде жасушалық және гуморалдық иммунитет дамиды. Жоғарғы сезімталдықтың баяу типі (ГЗТ) пайда болады. Токсоплазмоздың туа біткен түрінде анасы және нәрестенің қанында жоғарғы деңгейде спецификалық антиденелер табылады.

Микробиологиялық диагноз қою лабораториялық зерттеулер нәтижесінің негізіне сүйене отырып атқарылады, өйткені токсоплазмоздың клиникалық әйгіленістері әр түрлі (полиморфты) болады. Кеселдің кезеңдеріне (жасырын түрінен айқын түріне дейін) байланысты лабораториялық диагноз қоюдың әр түрлі әдістері қолданылады.

Микроскопиялық әдіс. Алдын-ала центрифугаланған жұлын сұйығынан, лимфа түйіндерінің пунктатынан, плаценталық биопсия заттарынан, биосынама жасалған ақ тышқандардың органдарынан таңбалы-жағынды дайындап, Романовский-Гимза әдісімен бояп, микроскоппен қарайды. Ми тіндеріндегі токсоплазмаларды табу элетронды микроскоппен қараумен немесе төте иммундыфлюоресцентті әдіспен атқарылады.

Биологиялық сынама. Зерттелетін заттардың (қан, органдардан алынған патологиялық бөлшектер), сығындылардың (экстрактысын) ақ тышқандардың құрсақ ішіне жұқтырады. Эксудаттардан немесе ақ тышқандардың ішкі мүшелерінен дайындалған препараттарда токсоплазмалардың табылуы токсоплазмоздың жедел түрі екенін көрсетеді.

Серологиялық әдістерге. КБР, ПГАР, ЖИФР, ИФТ, Сэбин-Фельдман реакциясы (СФР) жатады. Соңғы әдіс сирек қолданылады, себебі реакция қою үшін тірі токсоплазмаларды қажет етуіне байланысты лабораториялық қызметкерлерге жұғу қаупі бар.

Токсоплазминмен қойылатын тері-аллергиялық сынама. Бұл әдіс тұрғындар арасында жаппай скринингті тексеру жүргізуге қолайлы. Оң нәтижелі сынама токоплазманың тек қана бұрын жұққандығын және басқа әдістерді пайдаланып жете тексерудің қажет екенін көрсетеді.

Қазіргі кезде қолданылатын жаңа әдістерге дифференциальды агглютинациялау тесті, латекс –агглютинациялау реакциясы, қатты фазалы иммунды –ферментативті талдау реакциялары және де ПТР (ПЦР) жатады.

Бұрын аурып тұрғаннан немесе токсоплазмоздың жедел түрін ажырату –науқастан екі рет алынған (2-3 аптадан кейін, кейде 1-3 айдан кейін қайталап алынған) қан сарысуындағы М және G иммундыглобулиндердің деңгейін (титрін) анықтауға негізделген. Қағанақ суындағы токсоплазмлардың ДНҚ-ын табу туа біткен токсоплазмоз екенін дәлелдейді.

Емдеуі –токсоплазмоздың жедел немесе созылмалы, және де туа біткен немесе жүре пайда болған түрлеріне қарай кешенді түрде стандартты нұсқама бойынша кем дегенде 2 препаратты қолдану арқылы атқарылады. Емдеу үшін қолданылатын препараттар: тиндурин (син: хлоридин, пириметамин, дараприм), сульфаниламидтер (сульфадиазин, сульфанел, сульфалоксин), бисептол, фолий қышқылы, лекворин, делагин, хиноцид, пирогенал,спленин, антибиотиктер (спирамицин, доксициклин) т.б.

Алдын алуы. Ең алдымен негізгі резервуар әрі инвазия көзі болып табылатын мысықтардан адамға, әсіресе балаларға жұғудың алдын-алуға бағытталған. Ол үшін мысық күтімінің ережелерін орындаудың маңызы күшті. Қолда бар әдістердің барлығын пайдалана отырып, табиғатта токсоплазмалар сақтаушыларды –үй тышқандарын және синантропты кеміргіштерді жою қажет. Ауылшаруашылық жануарлары мен иттер токсоплазмалардың аралық иесі болатындықтан, олардың арасындағы жұғушылықты бақылауға бағытталған кешенді зооветеринарлық шаралар жүргізу керек.

Ветеринарлық қызметкерлер, қасапхана, ет комбинаттары, мал фремалары, құс фабрикаларының жұмыскерлері, сауыншылар, аңшылар, жануарларға тәжірбие жүргізетін ғылыми зертханалар, клиникалар мен перзентханалардың қызметкерлері арасында кәсіби жұғушылықтың алдын алуға аса зор көңіл аудару қажет. Жоғарыда аталған кәсіби топтарға жататын адамдарды оқтын-оқтын тексеру және олардың арасында кеселге шалдыққандары табылса, емдеу жүргізу керек.

Малдан дайындалған өнімдерді ысытып өңдеу, ас тағамдарын дайындау технологиясын сақтау, және де малдарға күтім жасаған кезде, ет комбинаттары мен үй жағдайында мал сойғанда, қол терісі мен шырышты қабаттарды қорғау токсоплазмоздан сақтанудың міндетті шарттары болып табылады.

Туа пайда болатын токсоплазмоздың алдын алу үшін барлық жүкті әйелдерді, әсіресе бұрын акушерлік асқынулары байқалғандарға тексеру жасап, диспансерлік бақылауды тұрақты жүргізген жөн.

Қан құйғанда жұғудан сақтану үшін донорлардың қаны мұқият тексеріліп отыруы тиіс. Эпидемиологиялық қадағалау және эпидемиялық ошақта тиісті шаралар жүргізу регламенттелмеген. Эпизоотологиялық қадағалау зоонозды инфекциялар кезіндегідей шарттарға сәйкес атқарылады. Олардың ең бастысына: жануарлар арасында эпизоотия пайда болғанда және адамдар арасында токсоплазмозға күдікті ауру байқалғанда, малдарды, иттерді және мысықтарды серологиялық тексеруден өткізу және де бағалы терісі бар аңдарға күтім жасағанда, олардан өнім дайындағанда, тиісті ережелерді сақтау жатады.

19.3.2. Безгек қоздырғыштары.

Безгек (син: ауыспалы қызба, батпақ қызбасы) – безгек плазмодияларының әр түрлері тудыратын, қоздырғышы трансмиссивтік механизммен берілетін, қызбаның циклдік қайталануымен, ретикулды-гистоцитарлық жүйенің зақымдануы, анемия, аурудың қайталануы болуымен сипатталатын жедел антропоноздық протозойлық инвазия.

Таксономиясы. Адам безгегінің қоздырғыштары Apicomplexa типіне, Sporozoa класына, Ercoccidiida отрядына (меншікті кокцидиялар), Haemosporina отрядшасына жатады.

Адам безгегін Plasmodium-ның төрт түрі тудырады: P.vivax -3 күндік безгектің қоздырғышы; P.ovale -3 күндік безгектің ерекше түрінің (овале-безгек) қоздырғышы; P.palcifarum – тропикалық безгектің қоздырғышы;

P.malariae – 4 күндік безгектің қоздырғышы.

Қоздырғыштардың сипаттамасы. P.vivax-ты 1890 ж В Грасса және Р.Фалетти ашқан. Романовский –Гимзе әдісімен бояған кезде жағындыдағы эритроциттерде трофозоиттың пішіні шеңбер тәріздес болады. Лағыл тас (рубин) сияқты қызыл түске боялған ядросы бар, көкшіл түсті цитоплазмамен қоршалған ортасында ірі вакуоль болады (шеңбер тәріздес трофозоит). Кейде бір эритроциттерде 2-3 шеңбер (кольцо) кездеседі. Эритроциттердегі жартылай жетілген трофозоит псевдоподиясы бар амебаларға ұқсас келеді, қозғалғыш (vivax- тірі). Зақымдалған эритроциттердің мөлшері үлкейген, оларда қызыл –кірпіш түсті бірнеше дәншелер (Шюффнер дәндері) табылады. Паразиттің бөліну сатысында 12-24 мерозоит пайда болады.

P.ovale-ні 1922 ж. Ж. Стивенсон ашқан. Эритроциттерде шеңберлік сатыдағы P.ovale-нің ядросы P.vivax-ке қарағанда ірілеу болады. Эритроцитте ірі дәншелер (Джеймс дәндері) табылады. Инфицерленген эритроциттердің мөлшері үлкейген, зақымдалған эритроциттердің кейбіреулері оваль пішіндес болады. Паразит 6-12 мерозоиттарға бөлінеді.

P.palcifarum –ды 1897 ж.У. Уэлч ашқан. Оған эритроцитте майда шеңбер тәріздес паразиттің жас түрінің болуы тән, бір жасушада көбінесе 2-3 –денболады.Зақымдалған эритроциттерде бірлі- жарым ірі қызғылт –күлгін түсті дақтар (Мауэр дағы) табылады. Шеткейлік қанда шеңбер тәріздес трофозоиттардан басқа (трофозоиттардың басқа түрлері капиллярдағы эритроциттерден табылады) жарты ай пішінді гамонттар пайда болады.

P.malariae –ны 1880ж. А.Лаверан ашқан. Эритроцитте шеңберлік сатыдағы бір трофозоит табылады. Плазмодиялардың басқа түрлеріне қарағанда жартылай жетілген трофозоит эритроцит ішінде лента (жолақ) сияқты болады. Паразит 6-12 мерозоиттерге бөлінеді, әдетте олар пигмент айналасында ретімен тор (розетка) тәріздес орналасады.

Адам безгегінің қоздырғыштарына иелерді ауыстырумен жалғасатын күрделі даму циклі тән. Жыныссыз даму адам организмінде өтеді: әуелі бауыр гепатоциттерінде, экзоэритроцитарлық шизогония немесе тіндік саты деп аталады; одан кейінгі даму эритроциттерде өтеді, оны эритроцитарлық шизогония деп атайды. Жыныстық даму (спорогония) – Anopheles тобындағы ұрғашы масалардың ағзасында өтеді. Қоздырғыштың бұл түрі гаметоциттер деп аталады.

Тіндік шизогония. Маса шаққанда, оның сілекейімен безгек паразиттері спорозоиттар түрінде (вегетативтік денелер, ұзындығы 14-15 мкм, ені 1-1,5 мкм) адам денесіне енеді. Олар 30-60 мин шамасында (бұл уақытта қан залалды) қан айналысында болады. Одан кейін спорозоиттар купфер жасушаларының көмегімен қан және лимфа арқылы бауырға өтеді, гепатоциттерде олардың дамуы және көбеюі басталады. Онда ядроның қайталап бөлінуінің нәтижесінде көптеген бір ядролы паразиттер –мерозоиттар пайда болады. Олардың саны плазмодиялардың түрлеріне байланысты әр түрлі, жалпы саны бірнеше мыңға жетеді. Тіндік шизогонияның ұзақтығы: P.vivax -6 тәулік, P.ovale, P.palcifarum-8, P.malariae-15 тәулік. Шизогонияның тіндік сатысында аурудың ешқандай клиникалық көріністері байқалмайды.

Тінде дамыған мерозоиттар эритроциттерге өтеді де, осы кезден эритроцитарлық шизогония басталады.

Эритроцитарлық шизогония.Плазмодияның бұл даму сатысы циклдік процесс ретінде өтеді. Ұзақтығы P.vivax, P.ovale, P.palcifarum түрлеріне -48 сағат, P.malariae-да -72 сағат (сондықтан оны төрткүндік безгек дейді). Эритроциттерде мерозоиттар біртіндеп сақина тәрізді трофозоитқа, жетілмеген және жетілген шизонтқа айналады. Соңғысы 8-32 эритроцитарлық мерозоиттардан (қоздырғыштың түріне байланысты) тұрады.

Шизонт жетілгеннен кейін эритроцит бүлінеді. Осы кезде дененің қызуы көтеріледі, қалған мерозоиттар да қан ағымына түседі (шизонттардың көпшілігі қан плазмасында өледі). Бірнеше сағат ішінде жаңа эритроциттерге өтеді, сөйтіп эритроцитарлық шизогонияның жаңа қайталама циклі басталады. Осы кезде қайталама қызба байқалады.

Плазмодиялардың басқа түрінен айрықша, P.palcifarum-ның эритроциттік шизогониясы ішкі ағзалардың капиллярларында өтеді, сөйтіп эритроциттер ағзалар капиллярларының эндотелиіне жабысады. Сондықтан, тропикалық безгек (P.palcifarum) асқынбай өтсе, аурудың қанынан тек қана бастапқы (жас, сақина тәрізді трофозоит) және соңғы (гаметоциттер) даму сатысындағы паразиттер табылады. Ал барлық (нағыз трофозоиттар) сатыдағы P.palcifarum безгектің қатерлі түрінде табылады. Безгектің бұл ерекшелігін P.palcifarum-ға зертханалық диагноз қойғанда ескеру керек. Тағы да есте ұстайтын жай - P.palcifarum-ның гаметоциттерімен инвазияланған эритроциттердің түрі жарты айға ұқсас болады, ал P.vivax , P.ovale-де эритроциттердің мөлшері ұлғаяды немесе түрі өзгереді, болмаса бұрынғы күйінде қалуы (P.malariae) да мүмкін.

Эритроциттерге енген мерозоиттардың (тіндікте, эритроциттікте) бір бөлігі жетілмеген жыныстық түрге айналады –аталық және аналық гаметоциттер. Олардың осылай даму сатысы масаның қарнында аяқталады және бұл гаметоцитогония немесе спорогония деп аталады.

Жыныстық даму (спорогония). Плазмодиялардың бұл сатысы Anopheles тобындағы ұрғашы масалардың ағзасында өтеді. Масалар безгекпен ауыратын адамның немесе паразит тасымалдаушының қанын сорғанда жұқтырады. Масаның қарнында гаметоциттердің жетілу барысында макро- және микро гаметалар (аталық және аналық) пайда болады. Олар шағылысқаннан кейін (спорогония) зиготалар шығады. Оларды спорозоиттар (спорогония) деп атайды. Ұрықтандырылған жасуша (зигота) –қозғалыссыз болады, соған байланысты оокинета деп аталады. Зиготалар ұзынша келеді, соңғылары маса асқазанның қабырғасынан өтіп, сыртқы қабықтың астына барады. Ол жерде дөңгелектеніп, диаметрі 6-8 мкм ооцистаға айналады. Олардың саны жүзге дейін жетуі мүмкін. Бұл ооцисталардың ядролары бірнеше рет бөлінеді. Соның нәтижесінде ұзындығы 10-15 мкм бірнеше мың спорозоиттар пайда болады. Жетілген ооцистаның қабығы жарылады, спорозоиттар масаның гемолимфасына түсіп, оның денесін аралайды да сілекей бездерінде көптеп жиналады. Мұндай маса 1-1,5 ай ішінде залалды бола алады. Спорогонияның (жыныстық жетілудің) ұзақтығы плазмодияның түріне және ауа температурасына байланысты болады. Мысалы, +25°С P.vivax спорогониясының ұзақтығы 10 күнге, P.palcifarum -12 күнге, P.malariae -16 күнге, P.ovale -16-18 күнге тең болады.

Температура +16°С болғанда P.vivax үшін спорогониялық даму уақыты 45 тәулікке дейін ұзарады, +30°С -6,5 күнде жетіледі. Температура +30°С-тан жоғары және +16°С-тан төмен болса, спорогония болмайды. Температура +5, +6°С төмендесе, плазмодиялар ооциста сатысына өтпейді, тек өзінің дамуын тоқтатады. Бұл температуралық параметрлерді білу Қазақстан жағдайында безгектің эпидемиялық процесінің дамуы мен көріністерінің мағынасын түсіну үшін керек. Себебі спорогония сатысының ұзақтығын және масаның қауіпті кезеңін ескере отырып, Республиканың оңтүстік және солтүстік аймақтарында масаға қарсы шаралар ұйымдастырылады.

Эпидемиологиясы. Бұл инвазияны адамдар арасындағы қабылдаушылық өте жоғары. Тропикалық және субтропикалық климаты бар елдерде миллиондаған адамдар безгекпен ауырады: тропикалық жерлерде негізгі қоздырғыш -P.palcifarum, оқта –сонда P.ovale; қоңыржай климатты өңірлерде көбінесе P.vivax безгек қоздырады, сирек жағдайда P.malariae. Сондықтан безгек ауруын біздің елге басқа мемлекеттерден әкелуіне жол бермеу мәселелесіне зор көңіл аудару керек. Безгек ошағы оқта-сонда (сирек жағдайда) Қазақстанның оңтүстік өңірінде кездесуі мүмкін.

Қоздырығыш көзі –адамдар (ауру немесе паразит тасымалдаушы). Негізгі жұғу механизмі –трансмиссивті жол. Anopheles туыстастығына жататын (30 шақты түрі бар) ұрғашы масалар шаққанда жұғады. Сирек жағдайда парэнтеральді жолмен де жұғуы мүмкін (қан құйғанда, қан, орган алмастырғанда).

Патогенезі және клиникалық белгілері. Жасырын (инкубациялық) кезеңі безгектің түрлеріне байланысты бір аптадан бір жылға (үшкүндік безгекте -14айға) дейін созылады және паразиттер қанда болған сәтінен кейін аяқталады.

Безгектің барлық түрлерінде жасырын уақыты тіндік шизогонияға сәйкес келеді және клиникалық өзгерістер байқалмайды. Плазмодия шизогониясының эритроцитарлық сатысы эритроциттердің бұзылуымен қабаттасады. Осы уақытта безгектік ұстау (пароксизм) немесе гемоглобинурия қызбасы байқалады. Бұл бұрын сезімталдығы жоғарыланған (сенсибилизацияланған) организмнің бұзылған эритроциттердің пирогендік ақуыздарына, безгек пигменттерінің уына жауабы.Ұстама кезінде биологиялық белсенді заттар көптеп шығарылады. Олар қан тамырлары қабырғаларының өткізгіштігін күшейтеді. Эритроцитердің гемолизі ауыр анемияны дамытады. Ол аутоиммундық процестермен (аутоиммундық гемолиз) тереңдетіледі. Жоғарыда аталған процестер бауырдың, бүйректің және басқа ағзалар мен жүйелердің жұмысын бұзады. Тропикалық безгекте патологиялық реакциялардың ең жоғарғы жиынтығы байқалады. Олар тіпті безгектік комаға, инфекциялық-токсикалық шокқа (ИТШ), бүйректің жедел тапшылығына (БЖТ) дейін дамиды. Бұл -P.palcifarum-ның кейбір ерекшеліктеріне байланысты.

Қарқынды паразитемияда ми мен басқа ағзалар капиллярында көптеген эритроциттер бұзылғандықтан, қанның ұюы бұзылады. Мұның салдарынан фибрин жіптерімен біріктірілген эритроциттер жиынтығы пайда болып, олар қан тамырларын жауып тастайды. Бұл миды ісітіп, бүйрек тінінің некрозына, кейін БЖТ-на әкеледі.

Иммунитеті. Ауру кезінде түр спецификалық, сатылық спецификалықтұрақсыз стерилсіз иммунитет қалыптасады. Қайталап ауруға шалдығуы мүмкін. Пайда болған антиденелер зақымдалған эритроциттер және мерозоиттардың фагоцитозделуіне әсер етеді. Ауырып тұрғанан кейін безгекке қарсы G класындағы антиденелердің жоғары деңгейі бірнеше айлар, кейде жылдар бойы сақталады.

Безгекке қарсы табиғи төзімділік эритроциттерінің құрамында Duffy тобындағы антигендері жоқ, және де глюкоза-6-фосфатдегидразаның туа біткен тапшылығымен байланысты гемоглобинопатиясы (мыс: орақша –жасушалық анемия) бар адамдар кездеседі.

Табиғи қабылданған иммунитеттің, оның ішінде енжар иммунитеттің факторлары аурудың клиникалық өтуіне, паразит тасымалдаушылыққа дейін әсер етеді. Бірақ паразиттің әлсіз иммуногендігі ағзаға бір рет түскенде қайтадан залалданудан құтқармайды. Тек қана 7 жыл ішінде қайталап инвазиялау болған жағдайда жоғарғы иммунитет түзіледі. Қайтадан залалданудың тоқталуы иммунитеттің біртіндеп өшуіне әкеледі.

Микробиологиялық диагноз қою әдістері. Эпидемиологиялық анамнезге, аурудың анық клиникалық көріністеріне және зертханалық зерттеулердің деректеріне негізделген.

Паразитологиялық диагностика клиникалық маңыздылығымен қатар, нақты диагноз қоюды қамтамасыз етеді, сонымен бірге ол эпидемиологиялық қадағалауда да үлкен орын алады. Плазмодияларды және оның түрін анықтау үшін қан препараттарын «жұқа жағынды» және «қалың тамшы» түрінде Романовский-Гимза әдісін қолданады. Бұл әдістер бір бірін толықтырады. Олардың артықшылығы да, кемістігі де бар. Негізгі зерттеу әдісі болып «қалың тамшы» есептеледі, өйткені бұл әдісте, «жұқа жағындыға» қарағанда, қан 30-40 есе көп көлемде зерттеледі, сондықтан паразитті табу мүмкіншілігі әлде қайда мол болады, әсіресе өте төмен паразитемия болғанда. Мұндай жағдай паразит тасымалдаушылық кезінде жиі кездеседі.

«Қалың тамшыны» бекітілмеген (фиксацияланбаған) түрде бояйды, микроскоппен 100 қарау алаңын зерттейді. Плазмодияның ядросы қою –қызыл, цитоплазмасы –көгілдір немесе көк түске боялады. Безгетің барлық түрлерінде (тропикалық безгектен басқалары), «қалың тамшы» және «жұқа жағындыда» қоздырғыштың барлық даму кезеңдері анықталады. Тропикалық безгектің асқынбаған кезінде тек қана жас трофозойттар –дөңгелек пішінді және 8-10 күннен кейін жарты ай тәрізді гаметоциттер анықталады.

Эпидемиологиялық қадағалау мақсаты үшін кейбір серологиялық реакциялар –ЖИФР, ЖГАР, ИФТ қолданылады.

Қарсыдене 2-3 ұстамалы қалтыраудан кейін анықталады. Қарсыдененің титрі 4-6 жұмадан кейін ең жоғарғы деңгейге жетеді. Қайта жұқтыру (реинфекция) болмаса қарсыдене титрі төмендейді және осы төменгі деңгей 2 жылға дейін сақталады. Серологиялық әдіс қан тапсырушылар (донорлар) арқылы безгек қоздырғышын жұқтыртпауды қамтамасыз етуде маңызды. ПТР-әдісін де пайдалануға болады, бұл әдіс өте сезімталдықпен және жоғарғы спецификалықпен сипатталады.

Емдеуі.Безгекке қарсы қолданылатын препараттар плазмодиялардың жынысты және жыныссыз даму сатыларына қарай әр түрлі әсер етеді. Сондықтан безгекке қарсы препараттарды шизонтоцидты (гисто және гематошизонтотропты), гамонтотропты және спорозоитотропты әсер ететіндер деп бөледі. Безгекке қарсы қолданылатын негізгі препараттар: хлорахин (делагил), хинин, примахин, мефлохин, акрихин, битгумаль, пириметамин, тетрациклин немесе доксициклин қосымша емдеу препараты ретінде пайдаланылады.

Безгекпен күресу және алдын – алу шаралары.Эпидемияға қарсы күрес және алдын алу шаралары эпидемиялық процестің барлық бөліктеріне сәйкес үш бағытта –инвазия қоздырғышының көзіне, берілу механизміне және тұрғындардың қабылдаушылығына сай өткізіледі. Әрбір бағыт шаралардың жиынтығынан тұрады. Ол масаларды, оның личинкаларын жоюды, химиялық дәрілер арқылы тұрғындардың қабылдамаушылық қасиетін көтеруді және адамдарды масалардың шабуылынан қорғауды қамтиды.

Плазмодиялардан гендік-инженериялық әдіс негізінде алынған антигендерден вакциналар (анитспорозоиттық, антимеразоиттық, натигамонттық) жасау жоспарланып отыр.