ТАРАУ. Жеке протозоология

Медициналық протозоология адам және жануар үшін инвазия қоздырғышы болып саналатын қарапайымдылардың морфологиясын, биологиясын, тіршілік циклын, экологиясын, сонымен қатар олар тудыратын аурулардың клиникалық көріністерін, патогенезін, эпидемиологиясын (эпизоотологиясын), диагноз қою әдістерін, емдеу және алдын алу шараларын зерттейді.

Қазіргі кездегі жіктеу (классификация) бойынша қарапайымдылардың 70 000 түрі бар, ал олардың 10 000 –нан астам түрлері паразиттік тіршілік етеді. Қарапайымдылардың 50 –ден астам түрлері адамдардың спецификалық паразиттері болып табылады, және де ондаған түрлері адамдардың факультативті паразиттеріне жатады.

Адам ағзасында 50-ге жуық қарапайымдылар өмір сүріп, көбейе алады және ауыр науқастар тудырады (безгек, лейшманиоздар, лямблиоз, амебиаз, токсоплазмоз, балантидиаз, пневмоцистоз, трипаносомоздар, трихомоноздар және т.б). Олар адамның әр түрлі ағзалары мен тіндерінде (қанда, ішекте, орталық жүйке жүйесінде және т.б) паразиттік тіршілік етеді.

Адам организмінде өмір сүретін қарапайымдылардың басым көпшілігі әр түрлі буынаяқтылар арқылы (масалар,қарапайым шыбындар, бәкене шыбындар, це-це шыбындары және т.б) беріледі. Сондықтан олардың кейбіреулері табиғи-ошақтық инвазиялар қатарына жатады. Олардың бір қатарлары ластанған ауыз су, тағам, кір қол арқылы жұғады. (19.1 –кесте)

Қарапайымдылардың адам патологиясындағы алатын орны мына деректерден белгілі: тек қана безгектен жер шарында 1,5 млн-ға жуық адам қайтыс болады. Қазіргі уақытта АИВ-инфекциясына байланысты қарапайымдылар тудыратын көптеген инвазиялар (токсоплазмоз, пневмоцистоз т.б) ЖИТС-пен біріккен аурулар түрінде ерекше маңызға ие болып отыр.

Саркодылар класына жататын қарапайымдылардың адамға патогендісі Entamoeba histolytica, ол амебалық дизентерияны (амебиаз) тудырады. Талшықтылар класынан медициналық маңызы бар өкілдер: трипаносомалар (трипаносомоздар), трихомонадалар (трихомониаздар), гексамидтер (лейшманиоздар, лямблиоз, ұйқы ауруы және т.б). Споралылар класынан: безгек қоздырғыштары (Plasmodium) және токсоплазмоз, пневмоцистоз, саркоспоридиоз, кокцидиоз т.б ауруларын тудыратын қарапайымдылардың маңызы күшті.

Кірпікшелілер немесе инфузориялар класынан балантидиаз қоздырғышы - Balantidium coli адам паразиті болып табылады(55-сурет).

Қарапайымдылар, жоғарыда айтылғандай, адам организмнің әр түрлі ағзалары мен жүйелерінде паразиттік өмір сүреді. Ішекте –дизентерия амебасы (амебиаз қоздырғышы), лямблиялар (лямблиоз қоздырғышы), трихоманадалар (ішек трихомониазының қоздырғышы), балантидиялар (балантидиаз қоздырғышы), кокцидиялар (кокцидиоз қоздырғышы) жатады. Несеп-жыныс жүйесінде –трихомонадалар, токсоплазмалар (несеп-жыныс трихомониазы мен токсоплазмоздың қоздырғыштары) тіршілік етеді.

Кесте 19.1.

Қарапайымдылар (Protozoa)

Типі Типшесі класы Отряді Тұқымдастығы Түр өкілдері
    Sarcomastigophora   Sarcodina     Amoebida   Entamoeba E.coli
E .gingivalis
E. histolytica
E. hartmani
Acanthamoeba  
Naegleria N. fowleri
Hartmanella  
      Kinetoplastida   Trypanosoma T. gambiense
T.rhodesiense
T.czuzi
  Leischmania L.tropica
L.aethioptica
L.mexicana
L.brasiliensis
L.donovani
L.infantum
Diplomandida Lamblia L.intestinalis
Trichomonadida Trichomonas T.hominis
T.urogenetalis vaginalis
T.tenax
    Apicomplexa         Coccidiea   Eimeridae Jsosposa I..bolli
Sarcocystis S.hominis
Cryptospodium C.parvum
Babesia  
Toxoplasma T.gondii
        Haemosporina     Plasmodium Pl.vivax
Pl.malaria
Pl.ovale
Pl.palciparum
Ciliaphora Ciliata Balantidium   B.coli
  Microspora   Microspora     Микроспоридиялар

 

 

Қарапайымдылардың жеке түрлері бір-бірінен биологиялық қасиеттері бойынша ажыратылады.

Қарапайымдылар жасушасы жеке дара –бүтін организм қызметін атқарады, ал көпжасушалы жануарлар жасушасы бір бүтіннің бөлігі ғана, олар тәуелді және тек арнайыланған қызмет атқарады.

Қарапайымдылардың әр түрлі қызмет атқаратын дене бөліктерін –органеллеларнемесеорганоидтардеп атайды.

Қарапайымдылардың әр түрлі типтерінде қозғалыс органеллелар қызметін жалған аяқтар (псевдоподийлер), талшықтар, кірпікшелер атқарады. Ас қорыту органоидтары ас қорыту вакуольдерінен тұрады. Кейбір қарапайымдылардың денесінде жиырылғыш (пульстеуші) вакуолдері бар, олар өзіндік реттелу, ыдырау өнімдерін шығару, тыныс алу органоидтарының рөлін атқарады.

Қарапайымдылар әр түрлі жолдармен, соның ішінде жыныстық жолмен көбейеді (копуляция –жасушалардың қосылуы, тұқым қуалаушылық материалдарының алмасуы –конъюгация).

Көпшілік қарапайымдыларға тән сипат –күрделі тіршілік циклінде трофозоит сатысына өтуі. Көптеген қарапайымдалар қолайсыз жағдайларда цисталар түзеді, яғни қозғалмайтын дөңгелек пішінге ие болады, зат алмасу процестері баяулайды. Цисталық кезеңде паразитті құрғақтанудан, қолайсыз температура және зиянды заттардың әсерінен сақтайтын қатты қабықша қаптайды. Цисталар қолайлы жағдайларда ыдырап, вегетативті түрлерге ауысады. Олар қозғалады, қоректенеді және басқа да тіршілік қызметтерін атқарады.

Қарапайымдылардың тітіркенгіштігі таксис түрінде көрінеді.

Қорегін жұту көбіне фагоцитоз жолымен атқарылады. Кейде органикалық заттар осмостық құбылыс нәтижесінде сіңіріледі, ал кейбір еркін тірішілік етуші қарапайымдыларда хлорофилл бар және олар фотосинтез жолымен аутотрофты қоректене алады.

19.1. Саркодылар (Sarcodina)

Амебалар Sarсomastidophorae типіне, Sarcodina класына, Ameobiada отрядына жатады. Амебалардың көпшілігі қоршаған ортада, кейбіреулері адамдар мен жануарлардың организмінде тіршілік етеді.

Жасушасының пішіні тұрақты емес; өзгеріп отыратын өскіндер –псевдоподиялар (аmeobа –гр өзгеру) түзіп қозғалады. Бактериялармен және майда қарапайымдылармен қоректенеді. Жыныссыз жолмен (екіге бөлінумен) көбейеді. Қолайсыз жағдайда цисталар түзеді. Амебалардың патогенді және патогенсіз түрлері болады.

Патогенді амебаларға дизентериялық амеба(Entamoeba histolytica), еркін тіршілік ететін амебалар –неглериялар (Naegleria туыстастығы), акантоамебалар (Acanthameba туыстастығы) және гартманеллелар ( Hartmanella) туыстастығы жатады.

Адамдардың тоқ ішегінде патогенсіз амебалар (Entamoeba coli ), Гартман амебасы (Entamoeba hartmanni) және т.б мекендейді.

Ауыз қуысында қалыпты жағдайда, көбінесе ауыз қуысындағы патологиялық процестер кезінде Entamoeba gingivalis табылады.

19.1.1. Амебиаз қоздырғышы.

Амебиаз – қоздырғышы саркодылар класына жататын, нәжіс-ауызды механизммен берілетін антропоноздық ауру, қоздырғыштар ішекте паразиттік тіршілік етеді, тоқ ішектің зақымдалуымен, әр түрлі ағзаларда абсцестің дамуымен (іріңдеп қалталану), созылмалы қайталамалы өтуімен сипатталады.

Қоздырғыш таксономиясы.Қоздырғышын 1875 жылы орыс ғалымы Ф.А. Леш ашқан, Sarcomastigophorae типіне, Sarcodina класына, Ameobiada отрядына жатады. Туыстастығы - Entamoeba, түрі – Entamoeba histolytica.

Морфологиясы. Қоздырғыш дамуының екі сатысын ажыратады : вегетативтік және цисталық. Вегетативтік сатысының бірнеше түрі бар: үлкен вегетативтік (тіндік) –forma magna; кіші вегетативтік (ішек ішілік) - forma minuta; циста алдылық және цисталық.

Циста (тыныштық жағдайда) –диаметрі 9-16 мкм, оваль пішінді. Жетілген цистаның 4 ядросы, ал патогенсіз амебаның ( E.coli) цистасында 8 ядросы болады.

Ішек ішілік түрі –қозғалмайды, мөлшері 15-20 мкм; зиянсыз комменсал ретінде тоқ ішектің жоғарғы бөлімінде мекендейді, бактериялармен және детриттермен қоректенеді.

Үлкен вегетативтік түрі–тиісті жағдайда кіші вегетативтік түрден пайда болады. Ол өте ірі (30 мкм –дей), псевдоподиялар ( жалған аяқтар) түзіп әртүрлі қозғалыстар жасайды. Эритроциттерді фагоциттейді (жұтып алады). Амебиаз кезінде науқастың жаңа нәжісінен табылады.

Дақылдандыру. Қоздырғышты қоректік заттарға бай орталарда өсіруге болады ( Баламут, Павлова, Рис, Бек және т.б қоректік орталарында).

Резистенттілігі . Организмнен тыс жағдайда вегетативтік түрлері жылдам (30 мин) өледі. Цисталары (цистотасымалдаушылар тәулігіне 8 млн-дай циста бөледі) қоршаған ортада төзімді, 20° С температурада су және нәжісте 1 айға дейін сақталады. Тағамдық өнімдерде, көкөніс және жемістерде бірнеше күн сақталады. Қайнатқанда жылдам қырылады.

Эпидемиологиясы . Амебиаз –антропонозды ауру; жұқтыру (инвазия) көзі –адамдар. Берілу механизмі –фекальді – оральді жол. Тағамдық заттар, әсіресе көкөніс және жемістер, сирек жағдайда су, тұрмыстық заттар арқылы жұғады. Жыныстық қатынас (оральдық, анальдық) кезінде де жұғуы мүмкін.

Шыбындар және таракандар цисталарын таратуға әсер етеді. Көбінесе 5 жастан асқандар ауырады. Тропикалық және субтропикалық елдерде ең көп науқастанушылық байқалады.

Патогенезі және клиникалық белгілері.Ішек жолына түскен цисталардан амебаның қуыстық түрлері пайда болып, ауру қоздырмай тоқ ішекте мекендей алады. Организмнің резистентілігі төмендегенде амебаның тіндік түрлері ішек қабырғасына еніп көбейе бастайды да, ішек амебиазы дамиды. Олардың өсіп -өніп көбеюіне ішек микрофлорасының кейбір өкілдері әсер етеді.

Тіндік түрінің трофозоидтары жалған аяқтар (псевдоподиялар) түзу нәтижесінде қозғалыс қабілетке ие болады. Олар тоқ ішек қабырғасына еніп коагуляциялық некроз қоздырады; эритроциттерді фагоциттеу қабілеттілігіне ие болады (эритрофагтар), адамдардың жаңа бөлінген нәжісінен табуға болады. Некроз кезінде айнала шеті қазылған кратер тәріздес ойық жаралар пайда болады. Ішек амебиазы кезіндегі негізгі клиникалық белгілері: үлкен дәреті (стул) қан араласқан түрінде жиі келеді; күшену, организмнің сусыздануы (дегидратация) болады. Нәжісінде ірің, кілегей, кейде қан табылады.

Амебалар қанмен бірге айналып бауырға, өкпеге, бас миына түседі, нәтижесінде ішектен тыс амебиаз дамиды. Терілік амебиаз кезінде анус айналасында, бұтаралық аймақта эрозиялар және шамалы ауыратын жаралар пайда болады.

Амебиаздың клиникалық көріністері айқын емес, симптомсыз түрлері жиі кездеседі.

Амебиаз кезінде болуы мүмкін асқынулар: ішек қабырғасының тесілуі, ішек бітеліп қалуы, іріңді перитонит, плеврит, өкпе эмфиземасы, пневмоторакс, перикардит, жыланкөз (свищи) болуы мүмкін.

Иммунитеті тұрақсыз, негізінде жасушалық иммунитет дамиды.

Микробиологиялық диагноз қою. Науқастан зерттеу үшін алынатын заттар: жаңадан алынған нәжіс, қақырық, абсцесс бөлінділері, анус айналасындағы және бұтаралық аймақтағы жаралардан сүрінді, қан сарысуы, патологиялық материалдар т.б

Микроскопиялық әдіс(копроскопия) –негізгі әдіс. Физиологиялық ерітіндімен сұйытылған нәжісті Люголь ерітіндісімен немесе метиленді көк бояумен өңдеп микроскопта қарайды. Эритроциттерді жұтқан вегетативтік тіндік түрі табылса сенімді диагноз қояды.

Дақылдық (паразитологиялық) әдіс бойынша тиісті қоректік орталарға сеуіп таза дақылын бөліп алады (сирек қолданады).

Биологиялық әдіс –биоматериалдармен 2-3 апталық егеуқұйрықтарға, теңіз шошқасына, мысықтарға жұқтырады.

Серологиялық әдіс –негізінде қос (парные) сарысулармен ПР, ЖГАР, ИФТ, ИФР, ПЦР реакцияларын қолданады. Серологиялық реакциялармен ішектік амебиаздың 75-80%, ол ішектен тыс амебиаздың 95% -ын дәлелдейді.

Емдеуі.Амебиаздың клиникалық түрлеріне қарай этиотропты және патогенетикалық (симптоматикалық) емдеу тәсілдері қолданады. Емдеу үшін пайдаланылатын препараттар: метронидазол, мексаформ, осарсол, ятрен, дийодохин, делагил, фурамид, интестопан, парамицин,тинидазол, орнидазол, секнидазол, тетрациклин+хлорохин, дилоксанид фуроаты, дигидроэмиктин т.б

Алдын алуы амеба тасымалдаушыларды, циста бөлушілерді дер кезінде анықтап нәтижелі емдеуге, жалпы санитарлық шаралар жүргізуге негізделген.

19.2. Талшықтылар (Flagelleta).

Талшықтылардың шамамен 6-8 мыңдай түрлері белгілі. Барлықтарында бір, екі және одан да көп талшықтары бар. Талшықтар әдетте денесінің алдыңға жағында орналасады. Талшық –цитоплазманың түк тәрізді өсіндісі. Электронды микроскоп арқылы оның өзара өрілген жіңішке жіпшелерден тұратыны көрінеді. Талшық эктоплазмада орналасқан базалды денешіктерге бекітіледі. Егер талшықтар саны көп болса, онда біреуі артқа бағытталған болуы мүмкін. Кейде онымен пеликуланың арасында толқынды цитоплазмалық жарма түзіледі, ол ундулярлы мембрана деп аталады. Дене пішіні әдетте тұрақты болады.

Талшықтылар –гетеротрофтар. Кейбір еркін тіршілік етушілер аутотрофты қасиетке ие және миксотрофты болады. Көпшілігі теңіз және тұщы суларда тіршілік етеді. Көбі паразиттік тіршілік етуге көшкен. Медицина үшін маңыздысы –адам денесінде паразиттік тіршілік ететін талшықтылар (лейшманиялар, лямблиялар, трипаносомалар, трихомонадалар). (56-сурет)

19.2.1. Лейшманиоз қоздырғыштары.

Лейшманиоздар –қоздырғыштары трансмиссивтік жолмен берілетін адам мен жануарлардың табиғи-ошақтық тропикалық аурулары, ішкі ағзаларды (висцеральдық лейшманиоздар)немесе тері мен шырыш қабаттарын (тері лейшманиоздары) зақымдауымен сипатталатын инвазия тобы.

Таксономиясы . Терілік лейшманиоздың қоздырғышын 1897 ж. Ташкентте Ресей дәрігері П.Ф. Боровский ашқан, ал висцеральдық лейшманиоз қоздырғышын У. Лейшман (1900) және Ш. Донован ашқан. Лейшманның құрметіне қоздырғыш -лейшмания, ол қоздыратын ауру –лейшманиоз деп аталды.

Лейшманиоздардың қоздырғыштары Sarcomastigophoraе типіне, Mastigophora типшесіне, Zoomastigophora класына, Kinetoplastida отрядына, Leischmania туыстастығына жатады.

Сүтқоректілерге жұғатын 30 түрінің 21-і адамдарда ауру қоздыра алады. Leischmania туыстастығына жататындарын үлкен төрт топтарға бөледі.

L.donovani тобы (түр тармақтары donovani, infantum, archibaldi, chagasi) –Еуропалық висцеральдық лейшманиоздардың қоздырғыштары.

L.tropica тобы ( түр тармақтары tropica: minor,major) –тері лейшманиоздардың қоздырғыштары.

L.mexicana тобы (түр тармақтары mexicana, amazonensis, pifanoi, venezuelensis, garnhami) –Америкалық терілік лейшманиоздардың қоздырғышы.

L.braziliensis тобы (түр тармақтары braziliensis, guyanensis, panamensis) –Жаңа құрлықтың тері-шырыш лейшманиоздарының қоздырғышы.

Морфологиясы. Лейшманиялар макрофагтарда немесе ретикулоэндотелиалды жүйенің жасушаларында дамитын, жасушаішілік паразиттер. Екіге бөліну әдісімен көбейеді. Жыныссыз дамудың екі циклы болады: талшықты (промастиготты) және талшықсыз (амастиготты).

Талшықты цикл кезінде паразиттер қоректік орталарда немесе науқас адамдар мен ауырған жануарлардың қанын сорған бәкене шыбындардың (москиттер) ішек жолында дамиды. Бәкене шыбын жұтқан амастиготтар оның ішек жолында промастиготтарға айналады, көбейе бастайды, 6-8 тәуліктен кейін бәкене шыбынның жұтқыншағында шоғырланады.

Қоздырғыштың пішіні – ұзынша ұршық тәріздес,; көлденеңі бойынша мөлшері -5 мкм, ұзындығы -10-20 мкм. Протоплазмасында ядро, волютин дәндері, кинетопласт болады. Үшкір шетінен басталатын талшықтары лейшманиялардың қозғалысын қамтамасыз етеді ( 55 - сурет).

Талшықсыз циклы лейшманиялар жұққан организмнің бауырындағы, көкбауырындағы, лимфа түйіндеріндегі ретикулоэндотелиалдық жасушаларында, макрофагтарда өтеді. Паразиттердің пішіні дөңгелекшелеу, талшықтары жоқ; Романовский –Гимзе әдісімен бояғанда цитоплазмасы қоңыр –көкшіл, ал ядросы және кинетопласт –күлгін –қызыл түсті болады.

Дақылдандыру үшін NNN (авторлардың фамилясының бірінші әріптеріне сәйкес –Николь, Нови, Ниль) қоректік ортаны пайдаланды (құрамы: ЕПА+қоянның дефибринделген қаны). Лейшманиялар тауық эмбрионының хорион –аллантойсты қабатында және жасуша дақылдарында да өсіп- өнеді. Зертханаларда ақ тышқандарға, аламан –тышқан және маймылдарға жұқтыру әдісі де қолданылады.

Эпидемиологиясы. Бұл індет жылы және тропикалық климаты бар елдерде таралған. Қоздырғыштың берілу механизмі –трансмиссивті, яғни тасымалдаушы бәкене шыбындар арқылы жұғады.

Қоздырғыштың негізгі жұғу көздері: зоонозды терілік лейшманиозда –құмтышқандар және басқа да кеміргіштер; висцералды лейшманиозда –адамдар (индиялық висцеральды лейшманиоз кезінде ) немесе иттер, түлкілер, шибөрілер, кеміргіштер (жер орта теңіздік висцералды лейшманиоз кезінде); терілік –шырышты лейшманиозда –кеміргіштер, жабайы және үй жануарлары.

Патогенезі және клиникалық көріністері. Терілік лейшманиоздың екі түрін ажыратады: L.tropica –антропонозды лейшманиоздың қоздырғышы және L.major –зоонозды терілік лейшманиоздың қоздырғышы.

Антропонозды терілік лейшманиоз (кешігіп жара шығатын лейшманиоз, қалалық түрі) бірнеше айға созылатын жасырын кезеңімен сипатталады. Бәкене шыбын шаққан жерде төмпешік пайда болады да, 3-4 айдан кейін жараға айналады. Жаралар бет және қол терілерінде жиірек байқалады, жыл соңында тыртықтанады.

Зоонозды терілік лейшманиоз (жылдам жара болатын лейшманиоз, пендин жарасы, ауылдық жер түрі) жіті уақытта дамиды. Жасырын кезеңі -2-4 апта. Ылғалды жаралар аяқ терісінде жиірек орналасады.

Терілік –шырышты лейшманиоз (эспундия) қоздырғышы L.braziliensis тобына жататын лейшманиялар. Бұл кезде мұрын терісінде, ауыз қуысының және кеңірдектің шырышты қабаттарында гранулемотозды жаралар пайда болып зақымданады. Осындай ауру және оған ұқсас мексикалық лейшманиоз (L.mexicana),перуандық лейшманиоз ( L.peruviana) лейшманиоз және т.б негізінде Орталық және Оңтүстік Америкада кездеседі. Жасырын кезеңі -2 аптадан 3 айға дейін.

Антропонозды висцералды лейшманиозды (индиялық кала –азар, қара ауру) L.donovani тобына жататын лейшманиялар қоздырады; негізінде Евразия және Оңтүстік Америкада кездеседі. Жасырын кезеңі – 6-8 ай. Науқастанғандардың бауыры, көкбауыры, лимфа түйіндері, сүйек кемігі және асқорыту жолдары зақымданады. Ағзаларда дистрофия және өлі еттену (некроз) дамиды. Терісі қарая бастайды, бетінде бөртпелер –лейшманоидтар пайда болады.

Жерорта теңіздік висцеральды лейшманиоз, немесе балалардың кала –азары (қоздырғышы L.infantum) кезінде жалпы клиникалық белгілері ұқсас; еркшелігі сол -терісі бозғылттанады. Балалар жиірек ауырады.

Иммунитеті.Ауырып тұрғаннан кейін тұрақты, өмір бақилық иммунитет сақталады.

Микробиологиялық диагноз қою.

Микроскопиялық әдіс. Зақымданған терінің төмпешіктерінен, жаралардан, органдардың пунктатынан жағынды дайындап, фиксациялап Романовский-Гимзе әдісімен бояйды. Микроскопта қарағанда жасуша ішінде және оның тысында майда оваль пішінді лейшманиялар (амастигоиттар) табылса диагноз дәлелденеді.

Паразитологиялық әдіс. Қоздырғыштың таза дақылын бөліп алу үшін NNN қоректік ортасына сеуіп бөлмелік температурада 3 апта инкубациялайды; 8-10 –күннен бастап лейшманиялардың промастиготтарының өсіндісі байқалса диагноз дәлелденеді.

Серологиялық әдістердіңспецификалығы жеткілікті емес. Сондықтан кейбір жағдайда ИФР (РИФ), ИФТ (ИФА) қолданылуы мүмкін.

Биологиялық әдіс. Ақ тышқандарға, аламан тышқандарға тері ішіне енгізу арқылы жұқтырады. Зақымданған терілерінде қоздырғыштың табылуы –диагнозды дәлелдейді.

Тері –аллергиялық сынама (Монтенегро тесті) лейшманинді (өлтірілген промастиготтардан дайындалған препарат) тері ішіне енгізу арқылы қойылады. Бұл тест негізінде лейшманиозға эпидемиологиялық зерттеу жүргізу мақсатында қолданылады. Бұл сынама аурудың 4-6 аптасынан кейін оң нәтиже бере бастайды. Аллерген енгізген жерде тиісті дәрежеде қызару пайда болуы –диагнозды болжамдауға әсерін тигізеді.

Клиникалық белгілеріне, эпидемиологиялық мәліметтерге және паразитологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйене отырып, «лейшманиоз» диагнозын қою қиындық туғызбайды.

Емдеуі. Висцералды лейшманиоз кезінде сурьма препараттары (солюсурмин, неостибозон т.б) және ароматты диамидиндер (стильбамидин, пентамидин) қолданылады. Терлік лейшманиоз кезінде акрихин, амфотерицин В, хлорпромазин (2%), парамомгицин (15%), клотримазол (1%), глюкантин, мономицин т.б, және де сұйық азот, лазер сәулесімен емдеу қолданылады.

Алдын алуы. Алдын- алу мақсатында ауру малдарды жояды, кеміргіштерді және бәкене шыбындарды жою шаралары жүргізіледі. Спецификалық иммунды профилактика мақсатында L. мajor дақылынан дайындалған тірі вакцина енгізіледі. Дегенмен егу барысында асқынулар жиі байқалатындықтан, мүндай вакцинаны қолдану өте шектелген.

19.2.2. Трипаносомоздардың қоздырғыштары

Трипаносомалар лейшманияларға қарағанда мөлшері үлкенірек яғни ірілеу болады. Tryponosoma туыстастығына жататын қарапайымдылар трипаносомоз деп аталатын трансмиссивті тропикалық аурулар қоздырады.

Трипаносомоздар –талшықтылар класындағы қарапайымдылар тудыратын, қоздырғыштары трансмиссивті механизммен берілетін табиғи-антропургиялық, тропикалық аурулар. Көбінесе созылмалы түрінде өтеді, ұзақ мерзімді ретсіз қызбамен, экзантема, ісіну, лимфаденит, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы, жиі өлім –жітім (африкалық трипаносомозда), улану, аллергиялық реакция, лимфаденит, жүрек- қантамыр және ас қорыту жүйелерінің зақымдалуымен (америкалық трипаносомозда) сипатталады.

Қоздырғыштарын 1902ж Д.Датон (T.gambiense), 1909 ж. –Ш.Шагас (T.cruzi) және 1910ж Г. Фантен (T.rhodesiense) ашқан.

Таксономиясы: Трипаносомоз қоздырғыштары Sarcomastigophorae типіне, Mastigophora типшесіне, Zoomastigophora класына, Trypanosoma туыстастығына жатады.

Қоздырғыштың негізгі сипаттамалары.Қоздырғышы Tryponosoma gambiense және Tr. rhodesiense –Африкалық трипаносомоздың этиологиялық агенті (Шығыс-африкалық және Батыс –африкалық ұйқы аурулары) және Tryponosoma cruzi –Америкалық трипаносомоздың этиологиялық агенті (Круз –Шагас ауруы).

Tryponosoma (грек. trypanon – бұрғылайды, soma –дене) сопақша денелі, ұзындығы 15-40 мкм, толқындалған талшығы бар және денесі мен талшықтар арасында мембранасы бар. Тек қана жыныссыз жолмен (шизогония) көбейеді. Полиморфизммен, әрі иелерін ауыстыру арқылы күрделі даму циклінен өтеді.

Паразит дамуының үш сатысы бар. Біріншісі –трипаносомалар эпимастиготтар (криптидиалдық сатысы) түрінде тасымалдаушы жәндіктердің ішегінде өмір сүреді. Олар қоректік ортада өседі. Ересек түрлеріне ұқсайды. Екіншісі –трипомастиготтар (трипаносомдық сатысы) адамның және басқа сезімтал жануарлардың (ересектерінде) қанында өтеді. Үшінші сатысы –амастиготтар (лейшманиялы түрлері), жасушалары сопақша тәрізді, кішкене, талшығы жоқ. Бұл сатыдағы трипаносомалар (бұл түр тек қана Tr. сruzi –де болады) ересек лейшманиялардан үлкенірек болады.

Омыртқалы иелерінің қанында трипаносомалардың полиморфты сатылары (трипомастиготтар және эпимастиготтар) дамиды. Трипомастиготты түрі өте жұқа ұзындығы 14-39 (орташа 27) мкм, айқын толқынды мембранасы және ұзын бос бөлігі бар талшығы болады. Артқы шеті үшкірлеу, кинетопласты денесінің артқы шетінен шамамен 4 мкм қашықтықта орналасады. Трипомастиготтардың қысқа түрі де кездеседі –ұзындығы 11-27 (орташа -18)мкм, артқы шеті жұмырланған және талшықтың бос бөлігі өте қысқа болады, және де кинетопласты қызғылт түске, ал протоплазмасы –ашық көк түске боялады.

Эпидемиологиясы. Трипаносомоздар трансмиссивті аурулар. Инфекция көзі - жабайы (антилоптар, түлкілер, маймылдар т.б) және үй (шошқалар, ірі қара малдар, ешкілер, қойлар, иттер, мысықтар) жануарлары, және де трипаносома жұқтырған адамдар, Африкалық трипаносомоздың тасымалдаушысы –қан сорғыш це-це шыбыны, ал америкалық трипаносомоздікі –триатомдық (ұшқыш) қандалалар. Қоздырғыш қанға түскеннен кейін жасырын кезең (індеттің клиникалық түрлеріне байланысты) 1-3 аптадан бірнеше айларға, кейде ондаған жылдарға созылуы мүмкін.

Патогенезі және клиникалық белгілері.Трипаносоманың адам денесіне енген жерінде шиқан тәрізді қабыну, инфильтарттың қалыптасуы (африкалық трипаносомозда «трипаносомалық шанкр») және көздің шырышты қабатының іріңсіз қабынуы, конъюнктивит болады. Круз-Шагас ауруына шалдыққандарда (америалық трипаносомоз) бүкіл лимфа түйіндерінің үлкеюі, дене қызуы, кейде менингоэнцефалит байқалады. Аурулар жүрек-қан тамыр жүйесінің жеткіліксіздігінен өледі. Арудың созылмалы түрінде жүректің, ішектің зақымдануы байқалады.

Африка трипаносомозының гамбиялық түрінде дене қызуы біртіндеп, родезиялық түрінде –кенеттен көтеріледі. Барлық лимфа түйіндерінің ұлғаюы, теріде дөңгелек (диаметрі 10 см дейін) бөртпелердің пайда болуы –осы инвазияның негізгі белгілері болып есептеледі. Ауру бірнеше жыл жалғасатын созылмалы түріне ауысып, орталық жүйке жүйесінің зардаптануымен (мінез-құлықтық бұзылуы, жүріс-тұрысының өзгеруі, апатия) сипатталуы мүмкін. Ауру барысында ұйқышылдық, аяқ-қолдың қалтырауы, өткініші салдану, сөйлеудің бұзылысы байқалады. Осы себептен африкалық трипаносомозды африкалық ұйқы ауруы деп атайды.

Родезиялық трипаносомозда, әдетте, ауру тез, 3-9 айда токсикоз белгілерімен өтіп, көп жағдайда өліммен аяқталады.

Иммунитеті. Инвазиялық процестің әсеріне қарсы жеткілікті мөлшерде JgМ; спецификалық протективті және бейспецификалық антиденелер пайда болады. Созылмалы түрлерінде JgG-ң әсері іске асады. Трипаносомалардың көптеген антигендік варианттар түзу қабілеті болады, нәтижесінде иммундық жауап өзгергіштікке ұшырайды. Аутоиммунды механизмдер дамиды.

Микробиологиялық диагноз қою. Паразитті анықтап, диагонозды дәлелдеу үшін мынадай зерттеу заттары алынады: ұлғайған лимфа бездерінен , қатайған жарадан (шанкрден) алынған пунктат, қан, қан сарысуы, жұлын сұйықтығы т.б.

Микроскопиялық әдіс. Нативті препаратты («езілген» немесе «ілінген тамшы») түнек айдынды және фазалы-контрастты микроскопта қарап зертейді. Паразиттің әсер етуінен баяу қозғалып жүрген эритроциттерді немесе басқа жасушаларды, сонымен қатар ұзынша толқын тәріздес, иіліп қозғалатын паразитті табу диагнозды дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Дайындалған («қалың» немесе «жұқа») жағындыларды және биопсиялық материалдарды Романовский –Гимзе әдісімен бояғанда өзіне тән түске боялған ядросы, цитоплазмасы, талшықтары т.б бар трипаносоманың трипомастиготтық түрін табу бұл паразиттің этиологиялық факторы екенін көрсетеді.

Дақылдық әдіс. Зерттеу заттарынан қан қосылған күрделі қоректік орталарға себеді (таза дақылын бөліп алу үшін). Мұндай әдіс қойылған диагноздың сенімділігін арттыру үшін сирек жағдайда (мүмкіндік болса) қолданылады.

Серологиялық әдіспен. антиденелер (JgМ) деңгейін анықтайды. Ол үшін ИФА, КБР, ЖИФР –ын пайдаланады. Антиденелерді және паразит аминқышқылдарының фрагменттерін (ПТР) табу диагнозды дәлелдейді.

Биологиялық әдіс (биосынама) сирек жағдайда қолданылады.

Ол үшін науқастың қанын ақ тышқанның, егеуқұйрықтың немесе теңіз шошқасының миына жұқтыру тәсілі қолданылады. 4 аптадан кейін нәтижесін тіркейді.

Ксеналық диагноз қою (ксенодиагностика) –трипаносомдарды таза триатомдық қандалаларды науқастың терісіне қондырып шақтырады. Егерде, диагнозы дұрыс қойылған болса 2 аптадан кейін қандалалардың ішегінде паразит жиналады.

Емдеуі.Сурамин, тримелерин, арсобал, ломидин, пентамидин, мелорсопрол, эфлорнитин. Америкалық трипаносомозда нитрофурандық препараттар (лампит, нифуртимокс, фурациллин) тиімді. Этиотроптық емдеуді атқармаса трипаносомоз асқынады және өліммен аяқталады. Мұндай жағдай аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан кейін 6 ай, тіпті бірнеше жылдан кейін де болуы мүмкін.

Алдын алуы.Инсектицидтерді пайдаланып, ұшатын қанадалаларды, це-це шыбынын құрту, үй –жайдың жағдайын дұрыстау. Су жағасындағы орманшаларда өмір сүретін це-це шыбынының өсіп-өнетін жерлерін инсектицидтермен өңдеу. Трипаносомаларды жұқтырған жануарларды атып өлтіру де трипаносомоздармен күресудің бір жолы болып саналады. Трипаносомоздың родезиялық түрі кездесетін кейбір ошақтарда алдын-алудың химиялық (пентамдинді бұлшық ет ішіне айына бір рет егу арқылы) әдісін қолдану ұсынылады. Иммундық алдын-алу әлі табылған жоқ.

Эпидемияға қарсы шараларауруды анықтауға, емдеуге бағытталады. Қоздырғыштың трансмиссивтік, қан құю және құрал –жабдықтар арқылы берілу механизмдері мен жолдарын болдырмау, науқастан сау адамға жұқтырмаудың аса маңызды әрекеттері болып есептеледі.

Эпидемиологиялық қадағалаубіздің елде қарастырылмаған. Трипаносомоз індеті бойынша эндемиялық елдерден инвазияны әкелу жолына тосқауыл қою және бұл жұмысты қатал тексеру, сонымен қатар осы елдерде уақытша болған азаматтарды инвазияны жұқтырудан сақтандыру шараларын атқару (химиялық препараттармен алдын-алу) эпидемиологиялық қадағалаудың басты бағыты деп санаған жөн.

 

19.2.3. Трихомониаз қоздырғыштары.

Несеп –жыныстық трихомониаз –қоздырғышы жанасу механизмімен берілетін, қарапайымдылар тудыратын, несеп-жыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын, антропоноздық протозойлық ауру.

Таксономиясы . Қоздырғышы Sarcomastigophorae класына, Trichomonadida туыстастығына жатады. Трихоманадалардың комменсалдық түрлері де болады: ішек жолында -Trichomanas hominis; ауыз қуысында – Trichomanas tenax.

Қоздырғышы –талшықтылар класындағы Trichomanas vaginalis. Адамда сондай-ақ ішек трихомониазының қоздырғышы Т. hominis-те кездеседі, оның клиникалық-эпидемиологиялық маңыздылығы Т. vaginalis-пен салыстырғанда төмен. Т. vaginalis облигаттық паразит, әйелдердің қынабында, еркектердің зәрағарының морган шұңқырларында паразиттік өмір сүреді. Паразиттің денесі алмұрт тәрізді, ұзындығы 14-30 мкм. Денесінің алдыңғы жағында 4 талшық орналасқан, бүкіл денесі бойынша белдік жібі (аксостиль) өтеді, оның жалғасы артқы жағында тікен сияқты көрініп тұрады. Трихомонада тек қана вегетативтік түрде болады. Цисталар түзбейді. Қоршаған орта жағдайында тұрақсыз: моншалық дене ысқышы мен жөкеде 10-15 минут, суда 30-60 минут, нәжісте, түкірікте -24 сағаттан соң өледі. Бір-бірімен тікелей тығыз жанасқанда және жеке бас гигиенасын сақтамағанда тұрмыстық заттар үдемелі ластанады да, жоғарыда көрсетілген тіршілік сақтау мерзімдері жұғу қаупі үшін жеткілікті болуы мүмкін.

Ішек трихомонадасы(Trichomanas hominis) –ішек трихомонозының қоздырғышы. Тоқ ішектерде орналасады. Т.tenax –ауыз қуысында кездеседі.

Ішек трихомонадасы өлшемі 5-15 мкм, сопақ пішінді, көпіршік тәріздес бір ядросы, 3-4 талшығы және ундулярлы мембранасы бар. Денесін тек тіректік өзек бөледі, оның бір шеті ұшталып келеді. Жасушалық аузы арқылы бактериялармен және осмостық процесс арқылы сұйықтықтармен қоректенеді. Ұзыннан бөліну арқылы көбейеді. Цисталар түзуі әлі белгісіз.

Эпидемиялық процестің сипаттамасы.Қоздырғыштың көзі және ошағы –тек қана ауру немесе тасымалдаушы адам. Қоздырғыштың берілу механизмі –жанасу, берілу жолы-жыныстық қатынас арқылы іске асады.

Трихомониаз барлық жерде таралған. Тұрмыстық қатынасу арқылы залалдану өте сирек кездеседі. Бірақ төсек-орын және басқа бұйымдар, медицина аспаптары қатты ластанса, адамдарға жұғу қаупі арта түседі. Трихомонадалардың су арқылы берілу мүмкіндігі оның ионды тұздық құрамына байланысты. Трихомонадалардың өзен, тоған және су құбырындағы суларда тез өлуіне байланысты ондай сулар арқылы берілуі өте сирек болады.

Әдетте жұқтыру қаупі жыныс қатынасының жиілігімен байланысты. Ерлердің сырқаттылығы трихомониаздың әйелдер арасында таралуымен бірдей. Қазақстанда бұл инвазия кең тараған. Толық емес статистикалық деректерге сәйкес, тұрғындардың жұқтыруы, әсіресе қаладағы жастар арасында 30% және одан жоғары болады, ал бала туатын жастағы әйелдер арасында -45-50%.

Патогенезі және клиникалық белгілері.Трихомонадалардың дамуы мен көбеюіне ыңғайлы жағдайлар әйел қынабының алдыңғы күмбезі маңында, ерлердің несеп шығаратын жолында болады. Қабыну реакциялары дамып, қоздырғыш несеп-жыныс жүйесінің бөліктеріне өтеді. Трихомонада шығаратын гиалуронидаза зат алмасудың токсикалық өнімдерінің, қабаттас микрофлораның жасуша аралық кеңістікке өтуін жеңілдетеді.

Трихомонадалық инвазия өткінші немесе симптомсыз паразит тасымалдаушылық түрінде де өтуі мүмкін. Трихомониаздың мұндай түрі 10-35%-да байқалады, ол эпидемиологиялық жағдайды қиындатады.

Трихомониаз жедел, жеделдеу және созылмалы асқыну процесі ретінде өтеді. Клиникасы кольпит, вульвит, вестибульбит, цервицит, простатит, эпидидимит, цистит және басқаша асқыну түрлерінде көрінеді. Бастапқы белгілері жыныс ағзалары маңында қышу, сирегірек жағдайда –күю сезімі пайда болды деген шағымдармен байланысты. Көп мөлшерде көбікті, сұр түсті бөлінділер пайда болады.

Жас балалар жиірек жағдайда аналарынан немесе оларды күтетін басқа адамдардан жұқтырады. Еркектерде трихомониаздың негізгі белгілері несеп жолынан сұйықтық шығуы, несеп шыққанда қышу және несеп шығудың бұзылуы болып табылады. Әдетте оларда белгілер әлсіздеу болады. Ауру созылмалы түріне ауысса 100% жағдайда созылмалы простатит дамиды.

Иммунитеті -жеткілікті дәрежеде әлі зерттелмеген

Микробиологиялық диагноз қою.Клиникалық, эпидемиологиялық және лабораториялық деректерге негізделеді. Лабораториялық әдістердің ішінде ең жиі қолданылатыны несеп жолдары бөлінділерінен, уретрадан алынған қырындылардан жасалған жағындыны микроскоппен тексеру.

Микроскопиялық әдіс.Науқастан алынған зерттеу заттарын физиологиялық ерітіндімен араластырып «ілінген тамшы» препаратын дайындап түнек айдынды, фазалы –контрасты микроскопта қарайды (обьектив x40, окуляр x10). Трихомонадалар мөлшері бойынша лейкоциттерге жақындайды, бірақ олардың үндірлеуші мембранасы мен талшықтарының әсерінен болатын қозғалысын байқауға болады.

Тиісті зерттеу заттарынан дайындалған жағындыларды құрғатып, фиксациялап (сұйық фиксаторларда) метилен –көк бояуымен немесе Романовский –Гимзе әдісімен бояйды, морфологиясын анықтайды.

Боялған жағындыны зерттегенде, эпителиалдық жасушалардың үстіндегі лейкоциттердің жиналуына көңіл аудару керек. Лейкоциттердің көп жиналуы трихомонадалық қабынудың белгісі болып саналады. Бұл белгі жиі байқалады, бірақ дәрігер-лаборанттар оған көп мән бермейді де, осындай өзгерістерді есепке алмайды.

Аралас инфекция болған жағдайда боялған препаратттарды микроскопта қарау гонококтарды және т.б. қоздырғыштарды да анықтауға мүмкіндік береді.

Дақылдық әдіс. Таза дақылын бөліп алу үшін тиісті қоректік орталарға, мысалы СКДС (казеин гидролизаты +ашытқы+ мальтоза+тұзды ерітінді) ортасына сеуіп, өсіп -өндіреді. Бұл әдіс созылмалы трихоманиаз кезінде қолданған жөн, және де трихоманада штамдарының емдеу препараттарына сезімталдығын анықтау үшін қажет.

Серологиялық әдіс. Трихомонадаларға қарсы пайда болған антиденелер деңгейін анықтауға негізделген: ПГАР, КБР, ИФТ, ЖИФР –реакциялары пайдаланылады. Бұл әдістер қосымша тәсілдерге жатады. Себебі тасымалдаушы адамдарда және емделіп жатқандарда да оң нәтижелі болуы мүмкін.

ПТР –мен трихомонадалар ДНҚ –ы анықтау әдісі қолданылады, бұл әдістің спецификалығы жоғары әрі сезімтал тәсіл. Бірақ экспресс -әдіс ретінде және емдеу тиімділігін бақылау үшін қолдануға болмайды.

Емдеуі.Арнайы этиотропты препараттар қолданылады: меронидазол,птинидазол, орнидазол, осарсол, аминарсон, фуразолидон, клотримазол т.б. Екі жақ партнерлерін (ері мен әйелін) бір уақытта емдегенде нәтижесі тиімді болады.

Алдын – алу шаралары.Кездейсоқ жыныс қатынастарынан сақтану, презервативті қолдану, ауырғандарды ертерек анықтау және емдеу.