Phalophora richardsiae

Бұл саңырауқұлақ кең таралған, шіріген ағаштарда , топырақтарда жиналады.

Микроморфологиясы. Гифалары септаланған, түссіз, кейде қоңырлау түсті. Фиалидалары және конидиялары екі типті болады:1) септаланған, түссіз; 2) қою - қоңыр түсті, жіңішке, кейде септаланған, тығыз қабатты, шар тәріздес.

Дақылдық қасиеті. Колониялары әртүрлі болып келеді- жүн тәріздес, барқытша, ұнтақша тәріздес; сұр- қоңыр, қоңыр түсті. Колонияның астыңғы жағынан қарағанда қоңыр түсті пигменттелген.

Негізгі клиникалық көріністері. Жарақатқа топырақтан, шіріген ағаштан саңырауқұлақ түскенде теріде ауырмайтын тығыз ісік пайда болады, ол кейіннен некрозға ұшырап теріастылық абсцеске айналады. Жарақаттану нәтижесінде көбінесе кисталар дамиды, ол іріңдеп кетуі мүмкін. Зақымданған тіндерде, іріңді бөлінділерде гифалар шоғыры (агрегатты), қоңыр түсті ашытқы тәріздес жасушалар табылады.

18.3.Терең жүйелік микоздардың қоздырғыштары.

Терең микоздар тобындағы аурулар көбінесе аса қауіпті инфекцияларға жатады.Оларды эндемиялық табиғи- ошақты аурулар ретінде қарастырады.Мұндай инфекциялар Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде, Үндістанда, Африкада кең таралған. Соңғы жылдары АИВ- инфицирленгендер саны көбейіп, иммундық тапшылық жиі тіркеле бастауына байланысты дүние жүзінің басқа да елдерінде жүйелі микозбен науқастанушылық кездесе бастады.

Терең микоздардың қоздырғыштары- Histoplasma, Blastomyces, Coccidioides, Paracoccidioides, Cryptococcus, Emmonsia туыстастықтарына жататын диморфты саңырауқұлақтар. Терең микоздар сапроноздарға жатады. Инфекция көзі- құстардың, жарғанаттардың саңғырықтарымен (помет) , шіріген органикалық субстраттармен ластанған эндемиялық өңірлердің топырағы. Саңырауқұлақтардың жұқпалы мицелиялық түрінің берілу механизмі- аэрогенді, берілу жолы- ауалы- шаңды. Ауру адам жұқпалы емес (айналасындағыларға қауіпті емес), инфекция көзі бола алмайды. Эндемиялық аймақтың тұрғындарының көпшілігі жеңіл, симптомсыз түрде ауруды басынан кешіреді. Мысалы, АҚШ-тың шығыс және орталық штаттарында гистоплазминмен қойылған сынама тұрғындардың 80%- да оң нәтижелі болғаны осы жағдайды дәлелдейді. Бұл инфекцияға жаппай қабылдаушылық бар деп есептеледі.

18.3.1. Гистаплазмоз қоздырғышы.

Гистаплазмоз (Дарлинг ауруы) қоздырғышы – Histoplasma capsulatum(47- сурет). Бұл саңырауқұлақтың екі вариантын ажыратады: Н. сapsulatum var capsulatum және capsulatum var duboisii (соңғысы тек қана экваторлық Африка аймағында кездеседі). Екі вариантының да бөлініп алынған таза дақылының морфологиялық қасиеттері бойынша бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Дегенмен capsulatum var duboisii варианты науқастан алынған тіндерде 3-4 есе ірілеу болады, жасушалық қабаты қалыңдау, бүршіктену кезінде пайда болатын көлденең перде қатқылдау болады.

Микроморфологиясы. Гифалары түссіз,септаланған.Конидияұстаушылары- қысқа. Конидиялары екі типті: микроконидиялары- майда, қабаттары тегіс немесе бұдырлау;макроконидиялары- ірі (микроконидияларға қарағанда 4-6 есе ірілеу) , қабаты қалың бұдырлау болады. Макроконидиялар плазмодияларға ұқсас (әсіресе гистоциттарда жасуша ішінде орналасқанда). Сондықтан Дарлинг оларды гистоплазмалар деп атаған.Ашытқылық фазасы қабаты қалың полярлық бүршіктенуі бар, оваль және дөңгелек пішінді жасушалардан тұрады.

Дақылдық қасиеті. Колонияларының диморфизмділігі температуралық фактормен байланысты. Мицелиялық түрі 250С-та ақ, ашық –қоңыр, мақта әріздес колониялар түзіп өседі; астыңғы жағынан қарағанда пигменті сары немесе сарғыштау түсті. Өте баяу өседі.

Ашытқылық түрі 370С- та қоңыр, сұр түсті тегіс, кейде қатпарланған (әжімделген) колониялар түзеді.

Негізгі клиникалық белгілері. Саңырауқұлақ мицелиялары адамға тыныс алу кезінде шаңмен түседі. Өте жұқпалысы- микроконидиялар. Біріншілік ошақ өкпелерде қалыптасады. Ауру көбінесе өзінше жазылып кетеді. Дегенмен, саңырауқұлақ организмде кең жайылып, тек қана өкпені емес, басқа да ағзаларды (бауыр тіндерін, көк бауырды, теріні, шырышты қабаттарды) зақымдауы мүмкін. Асқазан- ішек жолдарында, мида екіншілік ошақтар дамуы ықтимал. Диссеминирленген процесс имунды- тапшылық жағдайда және бірінші кезекте ЖИТС- ке шалдыққан науқастарда, қарттанған жасушаларда жиірек пайда болады.

Н.сapsulatum –ның duboisii варианты сирек жағдайда өкпе ауруын қоздыратыны байқалған, бірақ бұл вариант терінің , сүйектің ошақты зақымдануы кезінде жиі кездеседі, диссеминирленген процесс өліммен аяқталады.

3.2. Криптококкоз қоздырғышы.

Криптококкоз ауруы барлық жерде кездеседі, және де оның бірнеше атаулары бар: торулез, еуропалық бластомикоз, сахаромикоз, Буссе - Бушке ауруы. Өкпе, тері және ОЖЖ зақымданады. Қоздырғышы-Cryptococcus neoformans. Cryptococcus туыстастығына жататын саңырауқұлақтан бұл инфекция қоздырғышының негізгісі - С.neoformans var neoformans (laurentii, grubii, gattii вариантының да маңызы бар екені байқалған).

Микроморфологиясы. Бұл саңырауқұлақтың таза дақылының пішіні дөңгелек тәріздес, сирек жағдайда ірі бүршіктенген оваль пішіндісі кездеседі, ашытқылы жасушалар болып табылады. Қоздырғыштың ерекше қасиетіне ашытқылы жасушасының диаметрінен көлденең мөлшері едәуір үлкен мұғал капсуласы болуы тән. Полисахаридті капсула- криптококкоз қоздырғышы үшін тек қана маркерлік құрылым емес, ол штамның вирулеттілік көрсеткіші, оның инвазиялық қабілеттілігі болып табылады. Капсула қоректік орталарда да, ағза тіндерінде де пайда болады(48- сурет).

Дақылдық қасиеті. Криптококкоз қоздырғышы Сабуро ортасында жылдам өседі. Агар бетінде тегіс немесе әжімделген қою-қоңыр, сарғыш - қоңыр, қою сары колониялар түзеді. Колониялардың полиморфизмділігі бір табақшаның бетінде байқалады. Капсула түзу қабілеттілігі бар штамдар кілегейлі колониялар түзеді.

Негізгі клиникалық көрініістері. ЖИТС- ке шалдыққан науқастарда криптококкоз пайда болып, олардың арасында 80 % жағдайда криптококтық менингит дамитынына байланысты бұл ауру туралы көп мәлімет алынды. Негізгі жұғу жолы- ауалы- шаңды.Тұрғындар арасында қабылдаушылық деңгейі төмен. Науқастың айналасындағыларға жұқпалық қаупі жоқ. Бұл микоздың жасырын кезеңі- бірнеше айдан бірнеше жылға дейін. Қоздырғыш жұққандардың көпшілігінде инфекция симптомсыз түрде өтеді. Біріншілік зақымдану ошағы әдетте өкпеде дамиды. Көбінесе өзінше жазылып кету байқалады. Дегенмен процестің диссеминациялануы ауыр криптококты менингит дамуына әкеледі. Мұндай жағдай көбінесе иммунды – тапшылыққа шалдыққан адамдарда дамиды.

18.3.3. Кокцидиоидоз қоздырғышы

Кокцидиоидоз (кокцидиоидомикоз, Вернике – Посад ауруы) – сапроноз, конитагиозды емес жүйелі микоз. Қоздырғышы – диморфты саңырауқұлақ Coccidioides immitis. Қоздырғыш резервуары –АҚШ, Мексиканың шөл далалы аудандарының сілтілі топырағы, сол жер үшін бұл саңырауқұлақ эндемиялық болып келеді.

Мицелиялық түрі – сапрофит ( дақылдық); ашытқы тәріздес түрі – паразит (тіндік түр). Микоздар қоздырғыштарының арасында Coccidioides immitis ең вирулентісі болып есептеледі. Бұл саңырауқұлақтардың вирулентілігі мицелиялық түрінің артроспора түзуінің үдемелілігімен байланысты, оның жұқпалы дозасы небәрі 1-ден 10 артроспораға дейін(49- сурет).

Микроморфологиясы. Мицелиялық түрінің гифалары жұқа, септаланған, түссіз. Бүйір жағындағы қалыңдау бөшке тәріздес немесе турабұрышты артроконидияларға (атап айтқанда олар жоғары вирулентті) бастама береді. Адам организміне түскенде артроспоралар сферулаларға (қалың қабаты бар шар тәрізді жасушалар, іші дөңгелекше майда дәнді эндоспоралармен толған) айналады. Осындай сферуланы сұйық ортада (t0= 370C, ауа құрамында СО2 концентрациясы жоғары) артроспораларды өсіргенде алуға болады. Адам организмінде эндоспоралар толған сферула жарылғанда эндоспоралар бүткіл организмге таралады да, қайтадан сферулалар пайда болудың нәтижесінде (эндоспоралар) ағза тіндерінде патологиялық процестер қоздырады.

Дақылдық қасиеті. Картофельді агарда колониялары ақ, кейде сарғыш–қоңыр, қызғылт түсті болады, беткейі қара – қошқыл тегіс немесе үлпілдек. Артроспорасы бар ұнтақша тәріздес колониялар 4-15 күндерде өседі. Ашытқы тәріздес колониялары – тері сияқты, қатпарланған, ауалық мицелиялары болмайды.

Негізгі клиникалық көріністері. Қоздырғыш аэрогенді жолмен жұққанннан кейін 1-6 аптадан соң біріншілік инфекция дамиды. Инфекция көбінесе симптомсыз түрде өтеді (60-70%). Кейбір адамдарда тұмау сияқты көрініс береді – жоғары тыныс алу жолдары, өкпесі зақымданады. 2-3 аптадан кейін сауығып кетеді. Қоздырғыш гематогенді жолмен таралғанда науқастардың 1%-да екіншілік зақымдану ошақтары (өкпеде, плеврада, сүйектерде, эндокардта, бас миында және басқа ағзалар мен тіндерде) дамуы мүмкін. Мұндай зақымданулар бұзылыс туғызатын созылмалы процесс сипатына ие болады. Оларды ұзақ мерзімге созылатын туберкулез ағымымен салыстырады. Инфекцияның бұл түрін кокцидиоидты гранулема деп атайды. Ем шаралары қолданбаған жағдайда өліммен аяқталады. Екіншілік кокцидиоидоз әдетте үш белгімен (триада) сипатталады:

-созылмалы, ондаған жылдар бойы ремиссия асқынулармен алмасып отырады;

-қабыну ошағы терімен жылан көз (свищ) арқылы байланысқан;

-патологиялық материалда сферуллалар табылады.

18. 3.4. Бластомикоз қоздырғышы

Бластомикоз (Д жилкрайст ауруы, солтүстік америкалық бластомикоз) – сапроноз, қоздырғышы диморфты саңырауқұлақ – Blastomyces dermatitidis. Саңырауқұлақтың табиғи мекендейтін ортасы АҚШ–тың, Канада, Латын Америкасы, Азия, Африканың эндемиялық аймақтарының топырағы болып табылады.

Антигендік құрамы бойынша бұл саңырауқұлақты А және В серологиялық варианттарға бөледі (А сероварының таралуы басымырақ).

Микроморфологиясы. Мицелиялық сатысында гифалары түссіз, септаланған. Бүйірлік конидиялары қысқа; оваль және гантель пішінді, беті тегіс, жеке–жеке орналасады. Конидия ұстаушылары қысқа. Ашытқылық сатысында жасушалары сфера, оваль пішінді, ірі, айқын сыртқы қабатпен қоршалған. Бүршіктерінің тірегі кеңдеу, аналық және ұрпақтық жасушалар бір–бірімен байланысқан.

Дақылдық қасиеті. Мицелиялық сатысында колониялары ақ, сарғыш–қоңыр түсті, ауалық мицеллиясының есебінен көбінесе үлпілдек болады. Ашытқылық сатысында (жүрек–милы агарда, t0= 370C) колониялары қою–қоңыр түсті, дәнше төмпешіктенген немесе әжімделген.

Негізгі клиникалық көріністері. Қоздырғыш адамдарға конидияларды және олардың ашытқылық жасушаларға айналғандарын ауамен жұтқанда жұғады. Ашытқылық жасушалар өкпе бронхиоларының шырышасты қабаиына еніп, қабыну процесін қоздырады. Инфекцияның үдей түсуі қоздырғыштың әртүрлі ағзалар мен тіндерге кең жайылуына байданысты атқарылады. Бұл процесс қатерлі ісіктер және туберкулез дамуын еске түсіреді. Бластомикоз дамуына иммундық тапшылық, қанттық диабет әсер етеді. Диссимирленген түрі жасырын кезеңінің ұзақ мерзімділігімен (бірнеше жыл) және созылмалы түрде өтуімен сипатталады, соның салдарынан көбінесе өкпе, тері, сүйектер, несеп–жыныс жолдары, бүйрекүсті бездері зардаптанады.

18.4. Оппортунистік микоздардың қоздырғыштары.

Оппортунистік деп аталатын микоздардың арнайы тобы 10-15 жыл бұрын анықтыла бастады. Өйткені шартты патогенді және сапрофитті саңырауқұлақтар қоздыратын микоздар жиірек тіркелетін болды. Осындай аурулардың дамуына тұрғындар арасында ғаламдық деңгейде иммунды тапшылық таралуы себепкер болды. Осындай жағдайдың қалыптасуына әртүрлі факторлар (ЖИТС, туберкулез, ауыр инфекциялар, қатерлі ісктер, эндокринді ауытқулар, ұзақ уақыт антибиотиктерді, цитостатиктерді, гормондарды қабылдау т.б.) әсерін тигізді. Оппортунистік инфекциялардың, соның ішінде микоздардың жиілеуі, әсіресе балалар мен қарттарда қорғаныс механизмінің тоқтаусыз нашарлап келе жатқанын көрсетеді. Осындай инфекциялардың қоздырғыштары Candida, Aspergillus, Penicillium, Fusarium, Mucor т.б. туыстастықтарға жататын саңырауқұлақтар болып табылады. Кандидалар көбінесе эндогенді жолмен жұғады, өйткені бұл саңырауқүлақ адам организмінің қалыпты микрофлорасының факультативті өкіліне жатады. Басқа саңырауқұлақтар организмге топырақтан, судан, өсімдіктерден экзогенді тәсілмен түсіп ауру қоздырады.

18.4.1. Кандидоз қоздырғыштары

Кандида саңырауқұлақтары топырақта, суда, өсімдіктерде мекендейтін өте кең таралған микроорганизмдердің бірі болып табылады. Және де олар дені сау адамдардың организміндегі көптеген экоқуыстарында тұрақты мекендейді (теріде, ішек жолында, ауыз–жұтқыншақта, қынапта т.б.). Әр түрлі жануарларда кандида тасымалдаушылық кең таралған. Қазіргі кездегі классификация бойынша кандида туыстастығының шамамен 150 түрлері (варианттары) тіркелген. Дегенмен саңырауқұлақтардың токсономиялық өзара қатынасы соңына дейін анықталмаған, дәл есепке алынбаған. Қатарынан бірнеше жіктемесі (классификациясы) ұсынылып келеді, мұндай жағдайдың тәжірибелік медицинаға пайдасы жоқ. Медициналық маңызы барына Candida albicans жатады. Кандиданың бұл түрі ең патогенді және оппортунистік микоздардың ең кең таралған қоздырғышы деп саналады. Соңғы 10-15 жылда кез келген стационарда, әсіресе онкологиялық, хирургиялық, гинеколгиялық, гематологиялық, т.б. бөлімшелерде, яғни айқын иммунды тапшылыққа шалдығу қаупі бар аурулар шоғырланатын мекемелерде госпитальды кондидозды инфекциялар үдемелі жиілікпен тіркеле бастады. Осындай жағдайлар ауруханалық құралдардың, аппараттардың, қызметкерлер қолының саңырауқұлақтармен контаминациялануының және медициналық мекемелерде санитариялық–эпидемиологиялық ережелердің мұқият орындалмауының салдарынан кандидоздар пайда болуы экзогендік сипат алып отыр.

С. albicans–тан басқа саңырауқұлақтардың C. tropicalis, C. krusei, C. guilliermondii, C. glabrata, C. lipolytica, C. lusitaniae, C. parasilosis, C. rugosa, C. zeulonoides және 20-дан астам басқа да түрлерінің медициналық маңызы бар екені анықталған ( Осы түрлердің көпшілігін Candida «non albicans» (бұрын сирек кездесетін кандида тобы деп атаған) тобына жатқызады. Олар негізінде жыныссыз жолмен көбейеді(18.2- кесте).

Микроморфологиясы. Таза дақылын микроскопта қарағанда көбінесе жалған гифалар және бластоконодиялар көрінеді. Микроморфологиясын зерттеу үшін әдетте Дальмау әдісін қолдана отырып Петри табақшасындағы жүгерілік агарда өсіруді пайдаланады(50,51- сурет).

Дақылдық қасиеті. Кәдімгі Сабуро ортасында жақсы өседі. Өсу процесі 4-7 күнге дейін созылады. Колониялары әдетте мөлдір емес, мөлшері орташа (C. lusitaniae, C. parasilosis, C. tropicalis-тікі-майда), ақ немесе қою–қоңыр түсті, беткейі әдетте тегіс, ылғалды (C. kefir, C. krusei, C. lipolytica-нiкi-құрғақ, күңгірттеу). Иісі- ашыған сүттің иісіндей.

Кесте 18.2.

Медициналық маңызы бар Candida туыстастығына жататын саңырауқұлақтардың микроморфологиялық ерекшеліктері

Candida түрлері Микроморфологиялық белгілері
С. albicans Оваль пішінді бүршіктенген ашытқылық жасушалар. Псевдогифалары және/немесе бластоконидиялары бар (ара қашықтығын сақтап гифалар бойымен орналасқан) бір буда түріндегі септаланған гифалар. Бір ұшында (шетінде) хламидоспоралар түзеді.
C. glabrata Өте ұсақ овальды, бүршіктенген ашытқылы жасушалар түзеді. Гифалар немесе псевдогифалар құрмайды.
C. guilliermondii Бойшаң орналасқан бластоконидиялары бар, шамалы мөлшерде псевдогифалар түзеді.
C. kefir (C. pseudotropicalis) Ұзарған бластоконидиялары бар, жуан көбінесе қисықталған псевдогифалар
C. krusei Мол бұтақталған көптеген псевдогифалар. Ұзарған бластоконидиялар түзуі мүмкін.
C. lambica Көптеген псевдогифалар және ұзынша жасушалардың бұтақшаланған тізбекшелері
C. lipolytica Көптеген псевдогифалар және олардың тармақтарында өте сирек бластоконидиялар бар.
C. lusitaniae Бластоконидиялардың тізбекшелері сияқты сирек гифалар
C. parapsilosis Көбінесе қисайған бірнеше тармақтары бар көптеген псевдогифалар. Олардың бойымен бластоконидиялардың бір будасы орналасқан.
C. rugosa Бұтақшаланған көптеген псевдогифалар. Өте қысқа бір ұшында орналасқан овальды ашытқылық жасушалар
C. tropicalis Көптеген бұтақшаланған бластоконидиялары бар, гифалар бойымен бірен саран немесе тізбекше орналасқан псевдогифалар
C. zeulonoides Ұзына бойына біркелкі орналасқан бластоконидиялары бар, көптеген псевдогифалар.

 

Негізгі клиникалық көріністері. Candida туыстастығына жататын саңырауқұлақтар соңғы кезге дейін медициналық маңызы жоқ шартты–патогенділерге жатқызылып келді. Сондықтан кандидалардың (жалпы алғанда барлық саңырауқұлақтардың) патогенділік факторлары аз зерттеліп келді. Дегенмен, оппортунистік инфекциялардың, соның ішінде микоздардың, ғаламдық таралуын күшейтетін факторлардың көбеюі, көптеген шартты–патогенді, тіпті сапрофитті микроорганизмдер тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретінін көрсетті. Candida туыстастығына жататын саңырауқұлақтарға қатысты көзқарас өзгерді. Кандидоздардың этиологиялық агенті ретінде тек қана С. аlbicans емес басқа да көптеген Candida «non аlbicans» болатыны дәлелденді. Әртүрлі кандидоздардың саны едәуір көбейді. Клиникалық тұрғыдан «Беткейлік кандидоз» және «Терең кандидоз» деп бөледі.

Беткейлік кандидоздарға кіреді:

-ауыз қуысының кандидозы (ауыз ойылуы);

-қынаптық кандидоз;

-тері кандидозы;

-кандидалық паронихия және онихомикоз (тырнақ зақымдануы);

-жаялықтық дерматит және сәбилер қатпарларының кандидозы;

-терінің туа біткен кандидозы.

Терең кандидозға кіреді:

-асқазан–ішек жолының кандидозы;

-бүйрек және несеп шығар жолдарының кандидозы;

-бронхалар және өкпе кандидозы;

-диссеминирленген (висцеральды) кандидоз (кандидемия, кандидалық септицемия, кандидалық флебиттер, кандидалық менингит т.б.). Емделмеген жағдайларда әдетте өліммен аяқталады. Candida саңырауқұлақтарының клиникалық және экологиялық маңыздылығын уақтылы зерттеу өте қажет, өйткені жылдам диагноз қоюға, емдеу тәсілдерін тағайындауға және алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді (18.3. – кесте)

 

Кесте 18.3.

Candida саңырауқұлақтарын клиникалық-экологиялық таралау

Кандида түрі Экология (кездеседі) Аурулар
С. albicans Адамдарда «теріде және шырышты қабаттарда) және жануарларда; гүлдерде, жапырақта, көкөністерде, топырақта, суда Тері, шаш, тырнақ, ауыз қуысының, көз, қынаптың шырышты қабатының инфекциялары; висцеральды кандидоз: асқазан–ішек жолдарының, өкпенің, бүйректің, несеп–жыныс жүйесінің, зақымдануы, кандидемия, сепсис.
C. glabrata Адамдарда, сүтқоректілерде, құстарда, жәндіктерде. Жеміс сіріндерінен бөлінген. Несеп шығар жолдарының, қынаптың шырышты қабатының созылмалы инфекциялары, сепсис. Ауруханаішідік инфекциялар.
C. guilliermondii Адамдарда, сүтқоректілерде, жәндіктерде, өсімдіктерде, сыра ашыту өнімдерінде Тыныс алу жолдарынан, несептен, мидың абсцесінен, теріден, тырнақтан және сессис кезінде бөлінген
C. kefir Сүт тағамдарында, дәндерде, адамдарда, сүтқоректілерде Сирек жағдайда–сепсис, инвазиялық аурулар, несепшығар арнаның және құлақ инфекциялары.
C. krusei Топырақта, ауада, сүт тағамдарында, адамдарда, сүтқоректілерде Сепсис және диссеминирленген инфекциялар (эндокардит, перитонит, уретрит, вагинит); балаларда–стоматит.
C. lambica Сүт тағамдарында, жеміс сірнелерінде, суда, адамдарда, құстарда Қаннан, несептен, қақырықтан табылған
C. lipolytica Адамдарда, сүтқоректілерде, дәндерде, мұнай өнімдерінде, зәйтүн жемісінде (маслина) Сепсис, тромбофлебит, созылмалы синусит    
C. lusitaniae Адамдарда, құстарда, сүтқоректілерде, алмұртта, цитрустық жемістерде Сепсис (иммунды тапшылыққа шалдыққан ауруларда–қатерлі ісік, перитонит, несепшығар арна инфекциясы кезінде).
C. parapsilosis Адамдарда, сүтқоректілерде, суда, шәйде, жеміс сірнелерінде Сепсис (күйікке шалдыққанда, эндокардитте)
C. rugosa Сүт өнімдерінде, нәжісте, теңіз суында, жәндіктерде Фунгелия (катетер пайдаланған кезде, күйіктік жарақатта)
C. tropicalis Адамдарда, сүтқоректілерде, суда, жемістерде Иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда микоздар, сепсис, жарада, нәрестелерде сепсис, диссеминирленген инфекциялар.
C. zeulonoides Адамдарда, топырақта, балықта, етте, суда Сепсис, эндокардит, артрит, тері және тырнақ инфекциялары.

18.4.2. Аспергиллез қоздырғыштары

Aspergillus көгерткіш саңырауқұлақтарының зерттелген 200-дей түрінің арасынан 10-нан астамы медициналық маңызы бар(18.4-кесте) Аспергиллез – сапронозды инфекция, қоздырғыш көзі (резервуары) – көбінесе топырақ, шіріген өсімдіктер, ұзақ сақталған дәнді дақылдар. Топырақтан, өсімдіктерден аспергиллалардың споралары адамдарға тыныс алу жолдары немесе жарақат арқылы түседі. Науқастан дені сау адамдарға инфекция жұқпайды. Иммунды-тапшылық жағдайларда адамдарда әр түрлі ағзалар мен жүйелердің инвазиялық зақымданулары дамуы мүмкін, өйткені саңырауқұлақтың кейбір түрлерінің жоғары ангиоинвазиялық қабілеттілігі болады.

Соңғы жылдарда ЖИТС-тің соңғы сатысына шалдыққан, ағзалары алмастырылған, сүйек кемігі және бағаналы жасушалары т.б. трасплантацияланған адамдарда өте ауыр инвазиялық аспергиллез саны күрт арта бастады. Ауруханаішілік өкпе қабынуы жағдайлары да жиілей бастады (олардың 85%-да өкпе, кеңірдек, бронхалардың, мұрын қуыстарының т.б. пайда болады). Инвазиялық аспергиллезбен зардаптанған осындай жағдайлардан 95%-да диагноз өлімнен кейін анықталады.

МикроморфологиясыАспергиллюс мицелиялы саңырауқұлақ (ашытқылық фазасы болмайды). Гифалары түссіз, септаланған. Конидиялары әдетте радиалды бағытта тізбектеліп орналасады (су құйғыш тамшылары сияқты) (52- сурет). Конидия ұстаушылары көбінесе тегісқабатты, түссіз немесе қоңыр түсті. Метулалар және фиалидалармен көмкерілген жартылай шар, шар, шпатель, түйреуіш шеті тәрізді қампиған көбіршектер түзеді (олардың түрлеріне қарай). Конидиялары – түссіз немесе қоңыр, қара түсті; беткейлері тегіс немесе бұдырлау; кейде шыны типтес дөңгелек жасушалар (саңырауқұлақтың түріне байланысты).

 

 

Кесте 18.4.

Медициналық маңызы бар Aspergillus туыстастығының экологиялық және клиникалық ерекшеліктері

Aspergillus-тың түрлері Экологиясы (кездесетін жерлері) Қоздыратын аурулары
A.candidus Тропикалық, субтропикалық аймақтардың топырағында. Бидай, арпа, жүгері, күріш, сорго дәндерінде; құрғақ макарондарда, спагеттиде, жаңғақтарда. Онихомикоз, отомикоз, инвазиялық аспергиллез.
A.flavipes Топырақта, шіріген өсімдіктерде, бұзылысқа шалдыққан мақтада. Остеомиелит, иммунды-тапшылықты балалардың терісін зақымдау.
A.flavus Топырақта, шіріген өсімдіктерде кең таралған. Отит, синусит, инвазиялық микоз; жоғары ангиоинвазиялығына байланысты – некроз, инфаркт.
A.fumigatus Топырақта, шіріген өсімдіктерде, ауада кең таралған. Космополитті. Адамдар мен жануарлардың қоздырғышы. Аллергиялық аспергиллез (өкпеде, сүйек тінінде, жүректе, тамырларда, ОЖЖ-де, бүйректерде) қоздырады, әсіресе иммунды-тапшылық, туберкулез кезінде.
A.glauсus Субтропиктағы топырақта, өсімдіктерде таралған. Сирек жағдайда – синусит, отит болуы ықтимал; бас-ми, өкпе инфекциясы.
A.nidulans Негізінде топырақта кең таралған. Адамдар мен жануарларда әртүрлі инфекциялар; созылмалы гранулематоз кезінде жүйелі микоздар.
A.niger Топырақта, өсімдіктерде, тағамдық өнімдерде кең таралған. Аспергиллемалар, өкпе микоздары, бактериялық отиттер. Аллергиялық бронх-өкпелік аспергиллез.
A.restrictus Топырақта, шіріген өсімдіктерде кең таралған. Өкпе зақымдануы, эндокардит, онихомикоз.
A.sydowii Топырақта, шіріген өсімдіктерде кең таралған. Онихомикоз, инвазиялық аспергиллез, кератомикоз.
A.terreus Тропикалық, субтропикалық аймақтарда кең таралған; ұзақ сақталған дәнді дақылдарда кездеседі. Аллергиялық бронх-өкпелік аспергиллез, терілік және диссеменирленген микоздар, онихомикоздар.
A.ustus Тропикалық және субтропикалық аймақтардың топырағында сирек кездеседі. Күйікке шалдыққанда диссеменирленген инфекциялар, отит.
A.versicolor Табиғаты суық аймақтарда кең таралған. Инвазиялық аспергиллез, онихомикоз.

Дақылдық қасиетіБірнеше түрлерінің (аспергиллалардың) колонияларын сипаттау (18.5-кесте), олардың өсу жылдамдығы, колонияларының түсі, табанының (астыңғы жағының – реверзуласының) боялуы бойынша айырмашылығы болатынын көрсетеді. Кейбір түрлері склероциялар – жасушалардың тығыз массасын (тыныштық сатысында), түрлі-түсті экссудат түзеді. Осындай белгілері микроморфологиясымен бірге Aspergillus саңырауқұлағының бір түріне жатқызып ажырататын негізгі сипаттамасы болып табылады.

Негізгі клиникалық көріністеріҚазіргі кезде сапрофитті зең саңырауқұлақтары оппортунистік инфекциялар қоздыра бастауына байланысты, олар медиктердің көңіл аударатын мәселесіне айналып отыр. Мұндай саңырауқұлақтар иммундық тапшылыққа шалдыққан адамдардың арасында жиірек кездесе бастады. Осындай инфекциялардың ғаламдық таралуының болжамы – өте қолайсыз. Көбінесе өкпе аспергиллезі пайда болады, ал оның дамуына өкпеде қуыстар болуы (туберкулез, бронхоэктаз, ісіктер, гистоплазмоз т.б. салдарынан) себепкер.

 

Кесте 18.5.

Aspergillus саңырауқұлақтары колонияларының сипаттамасы

Түрлері Колонияларының негізгі белгілері
A.candidus Үлпілдек/барқытша; сарғыштау түсті. Склероциялары – қызғылт, қара-қошқыл.
A.flavipes Үлпілдек/дәнділі; қою қоңыр, қою-сары түсті, табаны – сары-қоңыр.
A.flavus Үлпілдек/мақта тәріздес; сарғыш, жасыл көк түсті. Склероциялары – қою қоңыр. Түссіз немесе ашық қоңыр экссудат түзеді.
A.fumigatus Үлпілдек/мақта тәріздес; түтін сияқты, сұр-жасыл, ақшыл-сарғыш, көкшіл-сұр түсті (ескірген дақылда). Табаны – сарғыш. Жылдам өседі.
A.glauсus Сұрша-көгілдір, қою жасыл түсті. Табаны – бозғылт-сары.
A.nidulans Қою-жасыл, қызғылт-сары жерлері бар. Табаны – қара-қошқыл. Қоңыр-қарақошқыл экссудат түзеді.
A.niger Алғашқыда ақ түсті, бірақ өнімді денешік түзе басталғанда қараяды. Табаны – бозғылт-сары. Жылдам өседі.
A.restrictus Өте баяу өседі. Қою-сарғыш, жасыл түсті.
A.sydowii Баяу өседі. Көкшіл-жасыл, көгілдір түсті. Табаны – қызыл-қоңыр. Экссудаты – қызыл-қоңыр.
A.terreus Дәнділі. Қою сары, сарғыш. Табаны – сары түсті.
A.versicolor Баяу өседі. Бозғылт-жасыл, көк-сарғыш, қызғылт-жасыл, қызғылт-сары-жасыл, қою жасыл түсті. Табаны – боялмаған немесе қызғылттау.
A.ustus Ақ, сары, бұлыңғыр-сұр түсті. Табаны – сарғыш-қоңыр. Экссудаты – түссізден сарыға дейін.

 

18.4.3. Сирек кездесетін оппортунистік инфекциялардың қоздырғыштары

18.4.3.1. Пенициллиоз қоздырғыштары

Penicillium туыстастығына жататын зең саңырауқұлақтары жер шарында кең таралған, ауада, топырақта, шіріген өсімдіктерде, тағамдық өнімдерде кездеседі. Жұғуы – аэрогенді. Негізінде P. сhrysogenum және P. marrneffei-дің медициналық маңызы бар екені анықталған.

Бұтақшаланған септаланған мицелиялар түзілуі бұл саңырауқұлақтардың морфологиялық ерекшелігі болып табылады. Олардың ең шеткі гифалары сопайып шығып тұрған конидиялар (жасыл, қызғылт, сарғыш-қоңыр, сиякөк түсті) тізбегі бар шөлмек пішінді фиалидалармен аяқталады. Penicillium-ның түрлеріне қарай олардың колониялары түрлі түсті болады(53- сурет).

Penicillium иммундық тапшылық жағдайында отомикоз, кератит, эндофтальмит, өкпеде гранулемалар (АИВ-инфицирленгендерде), диарея, дене қызбасын қоздыра алады.

18.4.3.2. Фузариоз қоздырғыштары

Fusarium туыстастығына жататын зең саңырауқұлақтары микоздармен қатар кератит, эндофтальмит, диссеменирленген инфекция, перитонит, токсикалық агранулоцитоз, фунгемия қоздыруға себепкер болады. Медициналық маңызы барлары – F. moniliforme, F. oxysporum, F.solаni. Септаланған, көптеген макроконидиялары бар (3-5 жасушаларға бөлінген бұршақ қыны тәріздес) түссіз гифаларының түзілуі, хламидоспораларының, әр түрлі пішінді көптеген микроконидияларының болуы фузарийлердің морфологиялық ерекшелігі болып табылады. Колониялары – ауалы көп мицелиялы, түйіршік тәріздес сары, қара қошқыл, қызғылт-сары, қоңыр түсті (54- сурет).

18.4.3.3. Зигомикоз (фигомикоз) қоздырғыштары

Зигомикоз қоздырғыштары – Absidia, Basidiobolus, Mucor, Rhizopus т.б. туыстастықтарға жататын зең саңырауқұлақтары. Жыныстық және жыныссыз жолмен көбейеді. Дөңгелек ірі спорангияларда орналасқан спорангиоспоралар пайда болуы олардың ең айқын морфологиялық ерекшелігі болып табылады. Споралар толған спорангиялар жарылып кетеді де топырақты, ауаны, өсімдіктерді, жемістерді, тағамдық өнімдерді ластайды. Фикомицеттер жер шарында кең таралған. Сапрофит бола тұра олар дені сау адамдарға қауіпті емес, бірақ иммунды тапшылыққа шалдыққан адамдарға өте қауіпті. Олар өте ауыр, кейде өліммен аяқталатын, өкпенің, асқазан-ішек жолының, терінің оппортунистік зақымдануын, өте ауыр рино-церебральды инфекциялар қоздырады.

18.5. Микоздарға микробиологиялық диагноз қоюдың принциптері

18.5.1. Зерттеу үшін алынатын заттар

Диагноз қою үшін микоздардың клиникалық көріністерінің айқын полиморфизммен ерекшеленетініне байланысты көптеген биосубстраттарды зерттеу қажет.

Материалдардың бәрін стерильді саймандармен алады (микробиологиялық ілмек, микологиялық күрекше, қысқаштар, скальпель, қайшы, шприц, мақталы тампондар, өлшегіш түтікшелер, сынауықтар, центрифугалық сынауықтар, заттық әйнекшелер, жабындық әйнекшелер т.б.).

Зақымданған ошақтардан зерттелетін заттар асептикалық жағдайда алынуы керек, және де 2 сағаттан кешіктірмей зертханаға жеткізілуі қажет.

Беткейлік микоздар кезінде зерттеу заты ретінде алынады: шаш, тырнақ, қырындылар, тері және шырышты қабат қабыршықтары (ауыз қуысынан, несеп-жыныс жолдарынан, мұрыннан, көздерден, құлақтардан). Зақымданған ошақты жақсылап көру үшін лупаны (үлкейткіш шыны) пайдалануға болады.

Жүйелі (терең) микоздар кезінде бөлініп алынған қоздырғышты идентификациялаумен қатар оның санын (КТБ-КОЕ/мл,г) анықтаудың маңызы зор. Абсцесса, жарақат, ойық жаралардан іріңді бөлінділер, биоптаттар алынады. Сепсиске күмәнді жағдайда және жүйелі (терең) микоздарда дене қызбасы көтерілген кезде қан алады (2 сағаттан кейін қайталап алады). Криптококкоз, кандидозға күмәнді кезде сүйек кемігін, ликвор алады. Және де зерттеу материалы ретінде қақырық, бронхалар шайындысы, несеп, нәжіс алынады.

18.5.2. Зерттеу әдістері

Микоз кезіндегі зерттеу әдістері бактериялық инфекциялар кезіндегідей – ол микроскопиялық, микологиялық, биологиялық, серологиялық, аллергологиялық әдістер. Микологиялық зертханаларда саңырауқұлақтарды идентификациялау олардың микроскопиялық және макроскопиялық (колонияларын) сипаттарын салыстырып зерттеуге негізделген. Кейде биохимиялық және басқа тесттер пайдаланылады.

18.5.2.1. Микроскопиялық әдіс

Микроскопиялық зерттеу екі бағытта атқарылады – клиникалық нативті материалды және боялған препараттарды (саңырауқұлақтың таза дақылынан дайындалған) микроскопта қарап зерделеу:

1.Науқастан алынған патологиялық материалды микроскопиялық зерделеудің мәнісі – ол боялмаған препарат – «езілген тамшы» дайындап микроскопта қарау. Ол үшін заттық әйнекшенің бетіндегі 10-30%-ті КОН ертіндісінің тамшысына шаштың, терінің, тырнақтың бөлшегін салады да жабынды әйнекшемен үстінен жабады. Кейде кератинді жақсылап еріту және препаратты түссіздендендіру үшін препаратты қыздырады немесе диметилсульфоксид ертіндісін қосады. Люголь ертіндісін немесе метиленді көк бояу қосуға болады, ол препаратты контрасттау үшін қажет. Алдымен кішкентай (х10), содан кейін орташа (х40) үлкейткішпен, конденсорды төмен түсіріңкіреп микроскопта қарайды.

Осындай әдіспен алғашқы (болжамдау) диагноз қоюға негіз болады, дегенмен ақырғы диагноз микологиялық зерттеулерден кейін қойылады.

2.Дақылдандырылған саңырауқұлақтар колониясынан дайындалған жағындыны микроскопта қарау. Боялған препаратты зерттеу диагноз қою үшін ең құнды белгілерін –саңырауқұлақтардың микроқұрылымының (гифаларының, макро, микроконидияларының т.б.) сипатын анықтаумен қатар, микоздардың клиникалық ағымын асқындыратын бактериялық ілеспе флораны зерделеуге мүмкіндік береді. Саңырауқұлақ колонияларынан жағынды дайындайды, фиксациялайды, көбінесе Грам, Романовский-Гимзе, Циль-Нильсен әдістерімен бояйды. Дегенмен, саңырауқұлақтардың жасушасын, спораларын және олардың анаморфты/телеморфты құрылымдарын әр түрлі бояғыштармен көруге мүмкіндік беретін көптеген бояу әдістері де (көрініс айдынының контрасты боялуын күшейтетін) қолданылады. Мысалы, Мак-Мансу әдісімен бояғанда айналасының бәрі солғын-қызғылт түске, ал саңырауқұлақтар – қоңыр-күрең түске боялады. Лактофенолды (метиленді көк бояу қосылған) қолданғанда көру алаңы ашық аспанкөк түске, ал саңырауқұлақтар – қою-көк түске боялады. Лактофуксинмен боялғанда көрініс алаңы қызғылттау, ал саңырауқұлақтар көкшіл түске боялады.

Аравийский әдісімен бояғанда кокцидиялардың сферулалары сары-қызғылт түске, жасуша қабаты ортасында бозғылт-қызыл және айналасы қызғылт-сиякөк түске боялады.

Хенкс әдісі бойынша саңырауқұлақтар күрең қызыл, ал көрініс алаңы – аспанкөк түске боялады.

Криптококкозбен науқастанғандардан алынған материалды арнайы әдіспен өңдейді, өйткені олардың қалың капсуласы бар.

Клиникалық материалды (мысалы, жұлын сұйықтығын центрифугалап алынған тұнбаны) бояудың ең қарапайым әдісі – 1:5 есе сұйытылған тушьпен бояу. Жағындының қара-сұр түсті көрініс алаңында ақ жолақты капсула, ал оның ішінде қара түсті дөңгелек жасушалар (мүмкін бүршіктенген) көрінеді. Капсуланы басқа да күрделі бояу әдістерімен анықтайды: PAS реакциямен, Моури, Шубич т.б. әдістерімен. Хаммершмидт, Бессоне, Сабура т.б. әдістер бар екені белгілі.

3.Люминесцентті-микроскопиялау әдістері тиімді, олар экспресс-диагностикалық әдіс қана емес, оның арнайылығы (спецификалығы) өте жоғары. Олар 2 топқа бөлінеді:

1)Саңырауқұлаққұрамды зерттеу заттарын флюорохроммен өңдеп, люминесцентті микроскопта қарағанда жарқыраған саңырауқұлақтарды көруге мүмкіндік береді.

2)ИФР әдісі (иммунды-флюоресценттік реакция) – саңырауқұлаққұрамды материалды флюорохроммен таңбаланған моноклональды антиденелермен өңдеп, люминесцентті микроскопта қарағанда арнайы жарқыраған саңырауқұлақтар көрінеді.

4. Микроскопиялық зерттеулер тобына Гомори, Гомори-Грокот, PAS- реакция, Гридли, Мейер әдістері бойынша гистологиялық препараттарда (биопсия) тіндердегі ашытқы тәріздес Candida-дан, Cryptococcus neoformans, Aspergillus, Sporothrix schenskii-ден басқа саңырауқұлақтардың туыстастығын анықтау мүмкін емес.

18.5.2.2. Дақылдық әдіс

1. Микоз қоздырғышын бөліп алып, оның түрін анықтаудың (идентификациялаудың) дақылдық әдісі диагноз қоюдың «алтын стандарты» болып есептеледі. Науқастардан алынған клиникалық материалды микроскопта қарап зерттегеннен кейін тиісті қоректік орталарға (жалпы қолданылатын әмбебап орталар, дифференциалды-диагностикалық, соның ішінде тек қана саңырауқұлақтар үшін қолданылатын қоректік орталар) себеді. Микологиялық әмбебап орталарға декстрозалы Сабуро ортасы (тығыз жән сұйық түрінде), солодты агар, жүрек-ми сығындысымен және дефибринделген қой қанымен байытылған агар жатады. Саңырауқұлақтар бактериологиялық тәжірибеде пайдаланылатын қанды, шоколадты, көмірлі-ашытқылы агарларда да жақсы өседі. Бактериялық флораның өсуіне жол бермеу үшін қоректік орталарға антибиотиктер (пенициллин+стрептомицин, хлорамфеникол+гентамицин), ал жылдам өсетін саңырауқұлақтардың өсуін тоқтату үшін-циклогексамид қосады. Себінділерді термостатта 25-30ºС-та колонияларының макроморфологиялық және микроморфологиялық ерекшеліктерін анықтау үшін инкубациялайды, болжамдап туыстастығын (түрін) анықтайды.

1.Түрін анықтап идентификациялау үшін таза дақылын бөліп алып, маңызды тесттермен тексереді. Ол үшін дифференциялық қоректік орталарды пайдаланады:

- жүгерілік агар (Дальмау әдісі бойынша Candida-ны идентификациялау,

- Trichophyton rubrum-ның қызыл пигментін анықтау үшін);

- Чапек-Докси агары (Aspergillus-ты идентификациялау);

-картофельді агар (көгерткіш саңырауқұлақтарды идентификациялау; споруляциялануына әсер етеді);

- күрішті орта (пигменті, конидиялары бойынша Microsporum canis-ті Microsporum audouinii-дан дифференцияциялау);

- Никкерсон ортасы (Candida albicans-ты Candida tropicalis пен Candida krusei-ден дифференцияциялау);

- солодты агар (сусло-агар) – Penicillium және Aspergillus-ты идентификациялау үшін пайдалы.

Саңырауқұлақтарды идентификациялау үшін микологиялық зертханаларда жұмыс атқарудың келесі реттілігін қолданады:

-науқастан алынған биоматериалды микроскопиялық зерттеу (болжамдау диагноз);

-қоректік орталарда өскен саңырауқұлақ колонияларын макроморфологиялық зерделеу;

-«күмәнді» колонияларды микроморфологиялық зерделеу.

Мицелиялық саңырауқұлақтарды идентификациялау үшін спора түзуге қол жеткізудің ерекше маңызы бар. Өйткені репродуктивті жасушалар (споралардың) морфологиясы ең маңызды идентификациялық белгі (негізінде-споралардың жыныссыз көбеюі - конидияларды және конидиягенез типін табу) болып табылады.

Ашытқы тәріздес саңырауқұлақтарды идентификациялау үшін бірнеше физиологиялық және/немесе биохимиялық тесттерді жүргізуді қажет етеді. Осындай тесттерге жатады:

-әр түрлі конидиялардың (артроконидиялар, аннелоконидиялар, бластоконидиялар), нағыз және жалған гифалар пайда болуын зерделеу;

-нитратты тест (Кристенсен сорпасында 25º-30ºС-та 7 тәулік инкубациялайды) – оң тест тек қана Cryptococcus albidus және Rhodotorula rubra береді, орта сары түстен қызыл түске өзгереді;

-уреазалық тест (мочевинаны ыдыратады – Candida lipolytica, Cryptococcus, Rhodotorula rubra, Trichosporon beigelii) – нәтижесін 48-72 сағаттан және 7 тәуліктен кейін тіркейді;

-циклогексамидтік тест (72 сағаттан кейін өсінді бар-жоғын анықтау);

-кандида саңырауқұлақтарының глюкозаға, галактозаға, мальтозаға, сахарозаға, лактозаға, трегалозаға (кіші қатар) немесе әр түрлі 22 ингредиенттерге (үлкен қатар) ферменттік белсенділігін тексереді. Кең таралған саңырауқұлақтардың (негізінде ашытқы тәріздестердің) ферменттік белсенділігін зерттеу үшін коммерциялық тест-жүйелерді (BBL Mycotube, APУ20C bio Merieux) қолданады.

1) Саңырауқұлақтардың физиологиялық ерекшеліктерін зерттеу үшін бірнеше тесттерді пайдаланады, және де олар қоздырғышты идентификациялауға көмектеседі.

2) Температуралық тәуелділігін зерттеу (37ºС, 42ºС, 45ºС-та өсуі) – Trychophyton verrucosum 37ºС-та өседі.

3) Пигмент түзуін ынталандыру (стимульдеу). Кейбір саңырауқұлақтарды арнайы қоректік орталарға сепкенде пигмент түзу қабілеттілігі күшейеді. Мысалы, Trichophyton rubrum Бореллидің жүгерілік агарында қою-қызыл пигмент түзеді.

4) Күріш дәндерінде өсуі. Саңырауқұлақтарды суда стерильденген күрішке себеді. Кейбір түрлерінің өсуі жақсарып, пигмент түзілуі күшейеді. Мысалы, Microsporum canis жақсы өседі, мол конидиялар, сары пигмент пайда болады. Microsporum audouinii баяу өседі, қоңыр пигмент береді.

5) Саңырауқұлақтардың шашты тесіктеуі (перфорациялауы). Дистилденген судағы ашытқы экстрактасының шамалы мөлшері құйылған Петри табақшасына стерильді шаштарды салады. Шаштардың үстіне саңырауқұлақ дақылын себеді. 4 апта бойы 26ºС-та инкубациялайды. Содан кейін қандай саңырауқұлақтың шашты тескілеу қабілеттілігін микроскопта қарап зерттейді. Мысалы, Trychophyton interdigitale – шашты перфорациялайды, Trichophyton rubrum-ның ондай қабілеттілігі жоқ.

18.5.2.3. Микоздарға диагноз қоюдың басқа әдістері

1. Бактериялық және вирустың инфекциялар кезінде кең қолданылатын серологиялық зерттеу әдістері микоздарға диагноз қою үшін сирек пайдаланылады. Қоздырғыштың тіндік түрлерін бөліп алу өте қиын висцеральдық микоз жағдайында серологиялық әдістердің диагностикалық маңызы арта түседі.

Басқаларға қарағанда РСК, ИЭФ, АР, ELJSA, ИФТ жиірек қолданылады. Антигендер мен антиденелерді анықтау үшін «Pastorex Aspergillus», «Platelia Aspergillus», «Pastorex Candida», « Platelia Candida », «Pastorex CryptoPlus» т.б. тест-жүйелер пайдаланылады. Дегенмен, айқас иммунологиялық реакциялардың болуына, иммунды-тапшылыққа шалдыққан науқастардың иммундық жауабының төмендеуіне, тест-жүйелердің сапасының нашар болуына байланысты жалған-теріс нәтижелер пайда болады. Бір мезгілде бірнеше серологиялық әдістерді пайдаланғанда сенімді нәтижелер алынады.

2. Аллергологиялық және биологиялық әдістерді пайдалануға болады.

3. Тәжірибелік микологиялық зертханаларда ДНҚ-ын анықтау әдісі полимеразалық тізбектеу реакциясы (ПТР-ПЦР) енгізіле бастады. Әртүрлі молекулалық-биологиялық әдістердің көмегімен микоз қоздырғыштарының 40-тан астам түрлерін индикациялаудың тест-жүйелері жасалған, олардың биоматериалдың микромөлшеріндегі C.albicans-тың – бірлі-жарым жасушаларын табу мүмкіндігі бар. Саңырауқұлақтарды, мысалы Trichophyton rubrum-ды тікелей индикациялау үшін ПТР-зондтар ұсынылған. Дегенмен, тест-жүйелер құнының қымбат болуы, кейбір жағдайларда жалған-теріс нәтижелер беруі және т.б. осындай жоғарғы сезімталды экспресс-әдістерді енгізу шектеліп отыр.

18.5.2.4. Микоздарды емдеу мен алдын алудың принциптері

Емдеу үшін саңырауқұлақтардың тіршілігін тоқтататын антимикотиктердің бірнеше топтарын пайдаланады (18.6-кесте).