Папилломавирустар

Папилломавирустар кең таралған және эпителиятропты. Адамдарда эпителиялық қатерсіз ісіктер қоздыруға себепкер болатын папилломавирустардың 100-ден астам генотиптері белгілі (ДНҚ-гибридизация бойынша). Адамдардың папилломавирустары тері эпителиясын инфицирлейді және сол жерлерде өсіп-өніп көбейеді. Эпителияның пролиферациялануын индуцирлеу нәтижесінде қатерлі емес сүйелдер, эпителиялық, ауызқуыстық және конъюнктивалық папилломалар қоздырады. Олардың онкогендік қасиеттері де болуы ықтимал (жатыр мойнының папилломасы, дисплазия, қатерлі ісіктер).

Құрылымы.Папилломавирустардың вирионының сыртқы қабаты болмайды. Икосаэдр типтес капсиді (диаметрі 55 нм) 72 капсомерлер құрайтын 2 құрылымдық (капсидтік) ақуыздардан тұрады (10-сурет). Геномы – екіжіпшелі, сақиналы өте күшті ширатылған ДНҚ, 8 ертелік (ранние) және 2 кешеуілдік (поздние) немесе құрылымдық (капсидтік) гендері бар. Вирустың шамамен 120-дай генотиптерін ажыратады.

Репродукциялануыиесінің жасушасына байланысты. Жасуша дақылдарында өспейді. Латентті вирус плазмида түрінде жасушалардың базальдық қабатында орналасады, бірақ тері немесе шырышты қабаттардың дифференцирленетін эпителиялық жасушаларында репродукцияланады. Ол үдемелі түрде жасушаның беткейлік қабаттарында өсіп-өніп көбейеді. Адсорбцияланып, базальдық жасушаларға еніп, вирион жасуша ядросына жетіп «шешінгеннен» (депротеинизациялану) кейін ертелік гендер мен ақуыздардың трансляциясы және ДНҚ–ң алғашқы репликациялануы жүре бастайды. Содан кейін бұл үрдіс вируспен инфицирленген супрабазальды эпителиялық жасушаларда жалғасады. Эпителиялық жасушалардың дифференциациялану кезеңінің аяқталуына қарай оның ядросында вирустық компоненттер жинақталып вириондар құрылады. Жаңадан пайда болған вириондар ядро бұзылған кезде шығады. Трансформацияға ұшыраған жасушалардағы вирустық геном жасуша геномына интеграцияланады.

Эпидемиологиясы. Папилломавирустар тері беткейлері жарақаттанғанда, жыныстық қатынас кезінде және перинатальды жолмен беріледі. Әлемнің 9-13% тұрғындары осындай вируспен инфицирленген. Папилломавирусты инфекция – ең жиі кездесетін жыныстық инфекция. Өмір сүру кезеңінде еркектер мен әйелдердің 70%- да кездеседі.

Патогенезі, клиникалық көріністері:Бұл инфекциямен науқастанушылық 18-30 жастағылар арасында жиірек байқалады. Кесел көбінесе симптомсыз түрде өтеді. Клиникалық көріністері қоздырғышына, патологиялық процестің қандай жерде орналасуына және иесінің жауап беру реакциясының айқындығына байланысты болады. Папилломавирустар әйелдердің қынабында, жатырында, несепағарының сыртқы тесігінде гениталдық сүйелдер дамуын қоздырады. Еркектерде – жыныс мүшесінің басы мен бүрікбасының, ұмасының және артқы өтісінің (анусының) зақымдануы дамиды (17.3- кесте)

Кесте 17.3.

Адамдарда болатын папилломавирустық инфекциялар

қ/с № Зақымдану типі Вирус типі
1. Жатыр мойнының, сарпайдың (вульва), қынаптың, артқы өтістің (анус) қатерлі ісіктері. Цервикальдық аденокарциномалар 6, 11, 16, 18 (40 шамалы генотиптер)
2. Генитальдық кондилломалар 6, 10, 11
3. Кеңірдек папилломатозы 6, 11, 12
4. Кеңірдек карциномасы
5. Табан папилломалары 16, 18
6. Қарапайым сүйелдер
7. Жасөспірімдердің жайпақ сүйелдері
8. Сүйелді эпидермодисплазия 5, 8

 

Онкогенез (паповавирустардың) – жасушалардың қалыптан тыс пролиферациялануы. Жасушаның пролиферациясы реттеуші гендермен оны тежеу немесе стимульдеуші – гендермен жасушалардың бөлінуін белсендіру арқылы басқарылады.

Папилломавирустардың онкогенділігі геном құрылысының ерекшелігімен байланысты (сақиналы екіжіпшелі ДНҚ). Сүйелдер және басқа қатерсіз ісіктердің жасушаларында вирус геномы өздігінше реципирленетін плазмидалар түрінде тұрақты сақталады. Тек қана сирек жағдайларда (белгісіз факторлардың әсерінен) вирустық геном иесінің хромосомасына тіркелуі мүмкін. Бұл кезде вирустық геннің айналасы өзгереді және жасушалық гендердің экспрессиясын бақылау бұзылады. Жасушалық циклды реттейтін ақуыздардың шексіз синтезделуі ісіктік өсудің пайда болуына әкеледі.