Филовирустар
Филовирустар (лат.: filum – жіпже) – ауыр түрде геморрагиялық қызбалар қоздыратын, жіпше тәріздес РНҚ-құрамды вирустар. Марбург вирусы 1967 жылы ФРГ-ның Марбург қаласында, Эбола вирусы – 1976 жылы Оңтүстік Суданның Эбола деген жерінде бөлініп алынған, вирустардың аттары сол жерлерге байланысты қойылған. Бұл вирустар жіпше тәріздес РНҚ-құрамды вирустар тұқымдастығына жатады және олар африкалық геморрагиялық қызба қоздырады.
Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Filoviridae
Туыстастығы : Marburgvirus (Марбург вирусы)
Ebolavirus (Эбола вирусы).
Құрылымы. Вириондары – РНҚ-құрамды ұзын, кейде бұтақшалары болатын ирек жіпше пішінді. Олардың ұзындығы 1200-4000 нм-ге, ені 70-100 нм-ге жетеді. Нуклеокапсиді – спиральды симметрия типтес. Сырты – ұзындығы 7-10 нм гликопротеинді тікенекшелері бар липидқұрамды суперкапсидпен қоршалған (3-сурет).
Геномы– біржіпшелі минус РНҚ молекуласынан тұрады. Құрамында полимераза бар. Вирустың репликациялануы және құрастырылуы жасуша цитоплазмасында іске асырылады. Жасушалық мембрана арқылы бүршіктену тәсілімен вирион сыртқа шығады.
Резистенттілігі.Филовирустар жоғарғы температураның әсеріне төзімді, 30 мин. бойы 60-70°С-та қыздырғанда жұқпалық қасиетін сақтайды. УКС-нің және майеріткіштердің әсерінен белсенділігін жылдам жояды.
Эпидемиологиясы.Филовирустар қоздыратын аурулар Африка континентінің экваторлық және субэкваторлық аудандарында тіркелген. Бұл қоздырғыштардың циркуляциясы маймылдардың (көк мартышкалар) организмінде атқарылады және олар вирус сақтаушы резервуар болып табылады.
Адамдарға вирус маймылдар мен науқастанғандардың қанымен жанасқанда (контакт) жұғады, кейде ауалы-тамшылы жолмен де жұғуы ықтимал. Бұл инфекцияның жекеленген бұрқетпелері, және де зертханаішілік жұғу оқиғалары да тіркелген.
Патогенезі.Вируспен зақымдану басқа да вирустық геморрагиялық қызбалар кезіндегідей, бірақ негізгі фактор – геморрагиялық шок жағдайына әкелетін, тромбоциттер функциясының бұзылуы болып табылады.