Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Arenaviridae

Туыстастықтары: Arenavirus- хориоменингит, Ласса, Хунин, Мачупо вирустары.

Ophiovirus- цитрус қабыршақтану вирусы.

Tenuivirus-күріштің ала-жапырақтану вирусы.

Delta virus- дельта гепатит вирусы.

Ареновирустар тұқымдастығына ортақ морфологиялық белгілер тән- вирус бөлшектерінің ішінде электронды- тығыз, құм тәріздес дәнді құрылымдары (олар жасушалық рибосомалар деген болжам бар) болады. Сондықтан ареновирустар (arenosa- құмша) деген атқа ие болған. Ареновирустар геморрагиялық синдроммен сипатталатын лимфоцитарлық хорионменингит (ЛХМ), Ласса, Хунин және Мачупо қызбалары сияқты өте ауыр инфекциялар қоздырады.

Құрылымы.Вириондары- сфера пішінді, диаметрі 100-130 нм. Сырты тығыз липидты қабыршақпен қоршалған. Оның бетінде симметриясыз бір-біріне өте жақын, ұзындығы

10 нм, қысқа шоқпар таяқ секілді беткейлік гликопротеинді өсінділер орналасқан (3-сурет).

Геномы. Екі фрагменттен тұратын біржіпшелі сызықша минус РНҚ, сыртқы және ішкі 5 ақуыздар, соның ішінде РНҚ-полимераза кодталады. Сыртқы қабатының астында 12-15 жасушалық рибосомалар орналасады. Капсид симметриясы спираль типтес.

Антигендері. Ішкі ақуыздары- топтық- спецификалық, ал сыртқылары- типтік спецификалық антигендер болып табылады.

Репродукциялануы жасуша цитоплазмасында атқарылады. Құрастырылып болғаннан кейін және вирионға рибосомалық бөлшектер қосылған соң жасушаның плазматикалық мембранасы арқылы бүршіктену жолымен сыртқа шығады.

Резистенттілігі.Ареновирустар детергенттердің, майеріткіштердің УК және гаммасәулелердің әсеріне және қыздырғанға сезімтал. Мұздатқанға және лиофилизациялауға сезімтал емес, яғни ұзақ сақталады.

Эпидемиологиясы.Ареновирустар робовирустарға жатады, яғни кеміргіштердің бөлінділерімен (несеп, нәжіс, сілекей) ластанған тағамдық өнімдерімен, су және ауа арқылы тарайды. Вирус адамдарға алиментарлы немесе аэрогенді жолмен, сирек жағдайда жанасу (зақымданған теріден өтіп) арқылы жұғады. Ареновирустардың негізгі резервуары- әртүрлі кеміргіштер. Оларда вирус ұзақ уақыт персистенцияланады және жеткілікті мөлшерде несебімен сыртқы ортаға шығарылып отырады. Кіру қақпасы- асқазан- ішек немесе тыныс алу жолдары.

Патогенезі, клиникалық көріністері.Вирустың біріншілік репродукциялануы адам организімінің региональды лимфа түйіндерінде атқарылады. Вирус ретикуло-эндотелиальды жүйеге тарайды, қан айналымына түсіп капиллярдың өткізгіштігін зақымдайды және кең ауқымды гемораггиялар қоздырады. Цитотоксикалық Т-лимфоциттердің вируспен инфицирленген жасушалармен өзара әрекеттесуінің нәтижесінде тіндер бұзылысқа ұшырайды.Геморагиялық қызба кезінде жасушалардың базальды мембранасында шоғырланатын АГ+АД иммунды кешендер пайда болады. Бауыр және көкбауырда некроздық өзгерістер туындайды, гломерулонефрит, миокардит және тамырларда патологиялық өзгерістер дамиды.

Ауру- адамның және қоздырғыштың ерекшеліктеріне байланысты, келесі клиникалық көріністермен сипатталады: тұму тәріздес өтеді, ауыр жағдайларда қызбасы күшейеді, бөртпе шығады, ісінулер, өкпе қабынуы, бүйрек қызметінің жетіспеушілігі, ОЖЖ-нің зақымдануы және организмнің әр түрлі жерлерінде геморрагиялық бұзылыстар дамиды.

Иммунитеті. Ауырып тұрғаннан кейін ұзаққа созылатын тұрақты иммунитет қалыптасады.

17.1.10.1. Лимфоцитарлық хориоменингит

Көбінесе тумау тәріздес турде (дене қызбасы, басы және бұлшық еттері ауыру) өтеді, сирек жағдайда – асептикалық серозда менингит немесе лейко-, трамбоцитопения дамитын менингоэнцефалит көрініс береді. Лимфоцитарлық хориоменингит үй тышқандарының бөліктерімен ластанған тағамдық өнімдер, су және ауа арқылы тарайды.

17.1.10.2. Ласса геморагиялық қызбасы

Организмнің жалпы улануымен, дене қызбасының көтерілуімен, геморагиялық бортпелер пайда болумен және ОЖЖ-нің зақымдануымен сипатталады. Ласса вирусы адамдардан үй егеуқұйрықтардан, ал кейде адамнан адамға жұғады. Табиғи ошақтарда вирус адамдарға респираторлық, алиментарлық, парентральдық жолдармен және тұрмыстық қатынас арқылы жұғады.

Бұл инфекция Батыс және Орталық Африка елдерінде таралған. Жасырын кезеңі – 7-10 күн. Инфекция ауыр түрде өтеді, және де әр түрлі симтомдардың пайда болуымен сипатталады. Ауру денесі қалтырап, температурасы көтерілуден басталады, содан кейін құсу, іші өту, кеудесі және іші ауыру, жөтел пайда болады. Бір аптадан кейін бетінің, кеудесінің, аяқ-қолдарының терісінде макуло-папулалы, және петехиальды бөртпелер дамиды. Қақырықпен қан тастау және ОЖЖ-нің зақымдануы қосылады, геморагиялық диатезбен асқынған шок дамиды. Ауру басталғаннан кейін 2 аптадан соң өліммен аяқталады, өлім туғызушылығы – 60%-ға дейін.

Микробиологиялық диагноз қою.Зерттеу заттары: қан, мұрын-жұтқыншақ шайындысы, плевралық және жұлын сұйқтығы, несеп, ликвор. Вирусты бөліп алу және индикациялау – ауыспалы жасушаларға (ЦПӘ бойынша анықтау), жаңа туылған тышқандарға жұқтыру.Идентификациялау – КБР, ИФР, ИФТ, БР, ПТР.Серологиялық диагноз қою – КБР, ИФР, ИФТ

Емдеуі– симптоматикалық және спецификалық иммунды глобулин қолданылады.

Алдын алуы. Жалпы медициналық сақтану шаралары және спецификалық профилактика мақсатында тірі вакцинаны пайдаланады.