Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Rhabdoviridae

Туыстастығы: Vesicоlovirus –везикулярлы Индиана стоматит вирусы;

Lyssavirus – құтыру вирусы;

Ephemerovirus – сиырдың біркүндік қызба вирусы;

Cytorhabdoviru–салатта сарғышнекр қоздыратын вирус;

Nucleorhabdovirus – картопта сарғыш ергежейлік қоздыратын вирус;

Novirhabdovirus – гематопоэздің жұқпалы некрозын қоздыратын вирус.

Құрылымы. Вириондары – оқ (пуля) тәрізді немесе таяқша пішінді, мөлшері 170 х 70 нм. Сыртында екі қабатты липидқұрамды қабықшасы (суперкапсид) болады, одан гликопротеинді тікенекшелер (ұзындығы 5 -10 нм, диаметрі – 3 нм) шығып тұрады. Вирионның ортасында – сыртқы қабатпен матрикстік ақуызбен (М) бөлініп тұратын, симметриясы спираль типті нуклеокапсид (РНП) орналасқан (3-сурет). Геномы – біржіпшелі сызықшалы фрагменттелмеген (-) РНҚ. Вириондарының құрамында бірнеше ақуыздар болады: капсидтік және матрикстік ақуыздар, РНҚ – полимераза және басқа да ферменттер, және де сыртқы қабықшаның тікенек тәрізді өсінділерінің құрамына кіретін гликопротеин (7-сурет).

Антигендері.Нуклеопротеин (NP) – топтықспецификалық антиген ( ИФР, КБР – мен анықталады). Сыртқы қабықшаның гликопротеині – типтік-спецификалық антиген, вирионның жұқпалылығына және гемагглютинациялаушы белсенділігіне жауапты (БР және ГАТР – мен анықталады).

Репродукциялануыжасушаның цитоплазмасында атқарылады. Рабдовирустардың репродукциялануы (-) РНҚ – құрамды вирустардыкіне ұқсас. Рабдовирустар жасуша рецепторларына гликопротеинді тікенекшелерімен байланысады да, эндоцитоз жолымен жасуша ішіне енеді. Содан кейін вирустың қабықшасы лизистенеді, босанған РНП [РНҚ+NP-нуклеопротеин + полимераза ақуыздары [L және NS] немесе нуклеокапсид жасуша цитоплазмасына түседі. РНҚ – полимеразаның көмегімен толықсыз (неполные) оң-жіпшплі РНҚ (вирустық ақуыздардың синтезделуі үшін бес меншікті иРНҚ) және минус геномды РНҚ-ң синтезделуіне матрица болып табылатын, толықты (полные) оң-жіпшелі РНҚ синтезделеді. Рибосомалармен иРНҚ-ң трансляциялануының нәтижесінде пайда болған вирустық ақуыздар Гольджи аппаратында өзгеріске ұшырайды да, жасуша плазмолемасына, яғни қабықшасына қосылады. Геномдық (минус – жіпшелі) РНҚ –ның N, NS, L- ақуыздармен өзара әсерлесуінің нәтижесінде РНП пайда болады. Вирион құрастырылғаннан кейін бүршіктену тәсілімен жасушадан шығады.

 

17.1.8.1. Везикулярлық стоматит вирусы

Везикулярлық стоматит – везикулярлы (сулы) бөртпелер шығумен сипатталатын, ауыз қуысының, қызыл иектің және жұтқыншақтың шырышты қабаттарында зақымдану қоздыратын жедел вирустық инфекция.

Таксономиясы. Тұқымдастығы: Rhabdoviridae;

Туыстастығы: Vesiculovirus;

Вирусы арбовирустар тобына жатады. Тасымалдаушылары – организмінде вирус өсіп-өніп көбейетін әртүрлі масалар. Везикулярлық стоматит вирусының айырмашылық ерекшелігі – жоғарғы титрде интерферон өндіруді индуцирлеу қабілеттілігі және оған сезімталдығының күшті болуы.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттеуге алынатын зат – везикулалар бөліндісі. Вирусты бөліп алу (индикациялау) – жасуша дақылдарына жұқтыру (ЦПӘ, түйнекдақтар түзуі бойынша анықтау). Идентификациялау және серологиялық диагноз қою – ИФТ, КБР, РИТ, РИФ (төте әдіс).

Емдеуі- симптоматикалық.

Алдын алуы. Жалпы медициналық сақтану шаралары. Спецификалық профилактикасы (вакцина егу) әлі жасалмаған.

17.8.2. Құтыру вирусы

Құтыру вирусы – орталық жүйке жүйесінің нейрондарында қайтымсыз зақымдану туғызып, адамдар мен жануарларда өліммен аяқталатын инфекция қоздырады. 1885 жылы Л. Пастер тәжірибе жүзінде аттенуациялау тәсілімен белгісіз қоздырғыштан антирабикалық (құтыру ауруына қарсы) вакцина алудың негізін қалады. 1892 жылы В. Бабеш және 1903 жылы А. Негри құтырудан өлген жануарлардың бас миының нейрондарынан спецификалық қосындылар (Негри денешіктері) тауып сипаттамасын берген. Құтыру ауруының этиологиясын 1903 жылы П. Ремленже дәлелдеді.

Таксономиясы.Тұқымдастығы: Rhabdoviridae

Туыстастығы : Lyssavirus (грекше: lyssa – құтыру).

Морфологиясы және антигендік құрылымы. Морфологиясы жалпы рабдовирустарға ұқсас(7-сурет). Қоздырғыштың бір ғана антигендік варианты бар. «Фиксацияланған» (virus fixe) және «көшелік немесе жабайы» вирус деп ажыратылады. Л. Пастер зертханалық жануарлардың (қояндардың) миына бірнеше рет қайталап жұқтыру (пассаждау) әдісімен перифериялық нервтерді зақымдамайтын вирустың «фиксацияланған» типін алған. «Көшелік» (жабайы) вирустың ауру қоздырғыш қабілеттілігі бар. «Фиксацияланған» және «көшелік» типтердің антигендері бір-біріне өте ұқсас. РНП – топтықспецификалық антиген, тікенекшелерінің гликопротеині – типтік-спецификалық антиген.

Резистенттілігі. Құтыру вирусы сыртқы орта факторларының әсеріне төзімді емес. Күн сәулесінің және УКС-ің әсерінен, және 80-100 °С-та қыздырғанда жылдам жойылады. Сілтілердің, йод, детергенттер және майеріткіштердің ерітінділері вирустың белсенділігін жылдам тоқтатады. Төменгі температурада (-20, -70 °С) 3-4 айға дейін, жануарлардың өліктерінде де ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.

Патогенезі және клиникалық көріністері. Кіру қақпасында вирус бірнеше күндер бойы қалады. Біріншілік репродукциялануы жануар тістеген жердің бұлшықеттік және эндотелиальдық тіндерінде атқарылады, сол жерде бірнеше апта немесе айлар бойы персистенцияланады.

Содан кейін вирус шеткейлік (перифериялық) нервтердің аксондарының бойымен ОЖЖ-нің базальды ганглияларына қарай жылжи бастайды (сағатында 3 мм-ге дейін). Жұлын және бас мидың жасушаларында екіншілік репродукциялану басталады. Ми нейрондарының цитоплпзмасында (гиппокампта) Бабеш-Негри денешіктері табылады. Жасушалар дистрофиялық, қабынулық және дегенеративтік өзгерістерге ұшырайды. Өсіп-өніп көбейген вирус мидан центрден тепкіш (центробежный) нейрондардың бойымен әртүрлі тіндерге, соның ішнде сілекей бездеріне түседі. Ауру басталардан 8 күн бұрын және кесел барысында вирус сілекеймен бөліне бастайды. Адамдарда құтыру ауруының жасырын кезеңі 10 күннен 3 айға дейін, ал кейде 1 жылға дейін созылуы ықтимал, ол зақымданудың сипаты мен қандай жерде жараланғанымен байланысты. Егер де вирус бас, мойын, бет терілерінің жарақаты арқылы енсе жасырын кезеңінің мерзімі қысқа (10-14 күндей), ал аяқ, қол мүшелері тістелгенде – ұзақ (1,5 ай одан да көп) болады. Әсіресе үдемелі түрде аммонов мүйізі мен сопақша мидың нейрондары, және де Пуркинье мишығының тіндері зақымданады.

Мазасыздану (продромальды) кезеңінің негізгі симптомдары: ашушаңдық, ұйқысыздық, гидрофобия, фотофобия, жарақат айналасының сезімталдығының бұзылуы (мысалы, парестезия). Бұлшықеттер тонусының бұзылуы нәтижесінде жұту (алдымен сұйық, кейіннен тығыз тағамдарды) қиындайды, генерализацияланған тырысулар, сандырақтау және кома (ессіз күй) дамиды. Өлім туғызушылық 100 % дейін жетеді. Кейде елермелеу (галлюцинация), ал аурудың соңына таман (аурудың 3-7 күндерінде) салдану (паралич) және сілекей ағу дамиды (тынышты құтыру).

Иммунитеті. Адамдарда құтыру вирусына қарсы салыстырмалы түрде төзімділік болады: қасқырлар тістегенде егілмеген адамдардың ~ 50 %, ал құтырған ит қапқанда ~ 30 % жағдайда ауру дамымайды. Құтырған жануарлар тістеген адамдарға инактивацияланған антирабикалық вакцина еккенде антиденелер, интерферон өндіріле бастайды және жасушалық иммунитет күшейеді.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттеу үшін алынатын заттар: сілекей, қан, жұлын сұйықтығы, секциялық материалдар (мидың, жақасты бездерінің тіндері). Микроскопиялық әдіспен Бабеш-Негри денешіктерін табу. Вирустық нуклеокапсидтер мен қосындылардың шоғырлануынан пайда болған, мөлшері 5-10 мкм, жасуша ядросының маңында орналасқан, айнала шеті тегіс емес денешіктер көрінеді. Тышқандар мен қояндардың миы ішіне жұқтыру (сал болу, өлім туғызу). Серологиялық диагноз қою – БР, ИФР, ИФТ, КБР. Егілген адамдардың қан сарысуындағы вирусқа қарсы антиденелерді КБР, БР, ИФТ көмегімен анықтайды.

Емдеуі және алдын алуы. Ең алдымен тістеген жердің жарақатын антисептиктермен өңдейді. Сілекей тиген жерлерді сабынды – сумен шайып тастайды. Содан кейін құтыруға қарсы вакцинамен және спецификалық иммундыглобулинмен арнайы алдын-алу шараларын жүргізеді.

Құтырған ит қапқан балаға антирабикалық вакцина егуді ең алғашқы рет 1885 жылы Л. Пастер іске асырды. Құтыру ауруына қарсы бірнеше вакцина қолданылады:

● Кокав – дақылдық құрғатылған антирабикалық тірі вакцина (Ресей);

● Рабипур – инактивацияланған вакцина (Германия);

●Рабивак–Внуково 32 (КАВ) – иммунизациялауға арналған дақылдық инактивацияланған құрғақ антирабикалық вакцина (Ресей).