Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Paramyxoviridae

Тұқымдастықшасы:[Paramyxovirinae] Туыстастығы: Respirovirus – сендай вирусы, адам парагриппінің (АПГВ-1,3) вирустары.

Morbillivirus – қызылша вирусы.

Rubulavirus – паротит және парагрипп (АПГВ2, 4a, 4в) вирустары.

Henipavirus – Hendra вирусы.

Avulavirus- Ньюкастл ауруының вирусы Тұқымдастықшасы: [Pneumovirinae ]

Туыстастығы: Pneumovirus – респираторлы-синцитиалды вирустар.

Metapneumovirus – құстардың пневмовирусы.

Морфологиясы және химиялық құрамы. Парамиксовирустардың вириондары сфера пішінді, диаметрі 150-500 нм, гликопротеинді тікенекшелері бар сыртқы қабықшамен қоршалған (3-сурет). Вирионның ортасында симметриясы спираль типті нуклеокапсид орналасқан. Вирион геномы – сегменттелмеген біржіпшелі минус – РНҚ. Нуклеокапсид құрамында бірнеше вирус-спецификалық ферменттер (соның ішінде РНҚ полимераза немесе транскриптаза) және нуклеопротеин (NP) болады. Нуклеокапсид сыртқы қабықшаның ішкі жағына төселген матрикстік ақуызбен (М) қапталған. Сырытқы қабықшығу тегі бойынша жасушаның 2 липидттік және 3 вирус спецификалық ақуыздық қабаттардан тұрады. Олардың екеуі – NH гликопротеиндер тікенше өсінділерінің құрамына кіретін гемагглютининдік және нейраминидазалық қабілеттілігі бар. Үшіншісі F – ақуыз (ағылшынша fusion-қосылу, тіркелу) жасушалық мембрананың вирустың қабықшасымен қосылып ие жасушасына енуін қамтамасыз етеді. Бұл ақуыз (F) вирустың гемолитикалық және цитотоксикалық әсер етуіне жауапты.

Антигендері. Парамиксовирустар құрамында түрспецификалық екі антиген бар: ішкі S – антиген (нуклеопротеиндер) және сырытқы V – антиген( тікенше өсінділердің протеиндері).

Репродукциялануы. Парамиксовирустар иесінің сезімтал гликопротеинді тікенекшелерінің көмегімен адсорбцияланады.Вирионның жасуша ішіне енуі рецепторлық эндоцитоз тәсілімен немесе вирустық қабықшаның цитоплазматикалық мембранамен бірігіп қосылу жолымен атқарылады( F-ақуыздың есебінен). Транскрипция, ақуыз синтезделуі және геномның репликациялануы жасуша цитоплазмасында жүреді.Геномның репликациялануы жалпы ( - ) РНҚ вирустардың репликациясына ұқсас. РНҚ – ы вирустың геномдық минус жіпшесінен РНҚ- ның толық емес плюс - жіпшесі транскриберленеді .Жаңа геномдар полимеразамен және NP ақуыздармен өзара әрекеттеседі де нуклеокапсидтер түзіледі. Нуклеокапсид матрикстік М ақуызбен және плазмолеммамен модифицирленген гликопротеинмен байланысады. Вирион жасушадан бүршіктену тәсілмен шығады. Инфицирленген жасушалардың цитоплазмасында ацидофильді қосындылар пайда болады.

Дақылдандыру.Парамиксовирустарды дақылдандыру көбінесе біріншілік және ауыспалы жасуша дақылдарында атқарылады. Вирустар өсіп -өнген жағдайда жасушалар бір - бірімен қосылып көпядролы алып жасушалар(синцитиялар) пайда болады.

Резистенттілігі.Парамиксовирустар төзімділігі өте төмен вирустар қатарына жатады. Олар жоғары температураның (50 C), детергенттердің, дезинфекциялық заттектердің және тағы басқа факторлардың әсеріне сезімтал келеді. Төменгі температураның әсеріне өте төзімділігімен ерекшеленеді.

Эпидемиологиясы.Инфекция көзі - ауру адамдар және вирус тасымалдаушылар. Вирус аэрогенді және кейбір жағдайда жанасу (контакт) жолымен беріледі. Жас балаларда кесел өте ауыр түрінде өтеді. Паротит және қызылшамен науқастанған балалардың айналасындағыларға жасырын кезеңінен бастап жұқтыру қаупі өте жоғары.

17.1.7.1. Парагрипп вирустары

Парагрипп - жоғары тыныс алу жолдарының, әсіресе көмекейдің зақымдануымен және организмнің жалпы улануымен (интоксикациямен) сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Адам парагриппінің вирустарын 1956 жылы П.Ченок ашқан.