Ротавирустар

Ротавирустар (латынша «rota» «колесо» - доңғалақ, дөңгелек) – негізінде гастроэнтерит тәрізді аурулар қоздыратын РНҚ- вирустар.

Р.Бишоп т.б. 1973 жылы электронды микроскопиялық әдіспен зерттеу кезінде гастроэнтеритпен науқастанған балалардың 12 елі ішегінің эритроциттерінен және олардың нәжісінен адамдардың ротавирусын тапқан.

Таксономиясы.Тұқымдастығы: Reoviridae

Туыстастығы: Rotavirus

Құрылымы. Ротавирустардың вириондары сфера пішінді, диаметрі-65-75 нм. Вирионының айнала шеті шеңберлі жиекпен қоршалған, одан ішкі жағына қарай сым шабақ тәрізді өсінділер бағытталған (сондықтан доңғалақ сияқты көрінеді). Суперкапсиді болмайды. Геномы 11-12 сегменттерге бөлінген екі жіпшелі сызықша РНҚ молекуласынан тұрады. Геномдық РНҚ және РНҚ-полимераза вирионның жүрекшесін құрайды. Капсидтің екі қабаты (сыртқы және ішкі) бар. Ішкі қабаты икосоэдр типтес, жүрекшені қоршап тұрады және сыртқы қабатымен сабақшалар арқылы байланысады, сондықтан доңғалақ (колесо) сияқты. Ішкі капсидтің құрамына VP1, VP2, VP3, VP6 ақуыздары кіреді. Сыртқы капсидтің құрамына кіреді:

1) VP4 (вирионның сыртындағы тікенекшелер –гемагглютинин және жабысуды қамтамасыз ететін акуыз);

2) VP7 ақуыз – сыртқы капсидтің негізгі компоненті, типтік спецификалық антиген. Құрылымдық ақуыздарға жататын ақуыздар болады ( NSP1, NSP2, NSP3, NSP4, NSP5). Науқастан шығатын бөлінділерде әдетте, біркапсидтік (60-65нм) және екікапсидтік (70-75нм) вириондар кездеседі.

Антигендік құрылымы. VP4 және VP7 ақуыздарының құрылымы бойынша 4 серотиптерін ажыратады. Топтық антигендері бойынша ротовирустарды 6 серотоптарға бөледі (А, В, С, Д, Е, F).

Репродукциялануы. Ротавирустар жасушаға эндоцитоз тәсілімен енеді, протеазалармен

(мысалы, АІЖ-да) белсендіріледі де жұқпалы вирустық бөлшектерге айналды. Олар жасушалық мембранадан өтіп, цитоплазмада сыртқы капсидін жоғалтады (лизосомалардың әсерінен), вирион жүрекшесі босанып шығады. Вирионның құрамында транскриптаза ферменті (РНҚ тәуелді РНҚ- полимераза) бар. Осы ферменттің көмегімен вириондық РНҚ-нан плюс-жіпше синтезделеді. Плюс РНҚ информациялық РНҚ болып табылады. Минус жіпшелі РНҚ матрица ретінде пайдаланылады. Жасуша лизистенгенде вирус сыртқа шығады.

Резистенттілігі. Ротавирустардың сыртқы ортаның физикалық және химиялық факторларының әсеріне салыстырмалы түрде төзімділігі жоғары.

Эпидемиологиясы. Инфекция көзі- нәжісімен ротавирустарды бөліп шығаратын науқас және вирустасымалдаушылар. Берілу механизмі – фекальды –оральды. Берілу жолдары –су арқылы ( негізгісі), тағамдық өнімдер және тұрмыстық- жанасу арқылы жұғу. Аурудың алғашқы 3-5 күндерінде науқас вирус таратуда өте қауіпті (вирус көп мөлшерде сыртқа шығады).

Патогензі, клиникалық көріністері.Ротавирустар кең таралған, негізінде балаларда (6 айдан 2 жасқа дейінгі) гастроэнтериттер қоздырады. Вирус 12 елі ішектің эпителиоциттерінде өсіп-өніп, оларды бұзады. Жасырн кезеңі -1-3 күн. Нағыз ротавирустық инфекция кезінде ертерек байқалатын ауру белгісіне құсу жатады, ол іш өтуден бұрын басталады. Диарея 1-2 күн бойы тәулігіне 10-20 рет жиілікпен келеді.

Иммунитеті. Алғашқыда науқас организмінде Ig M класына жататын антиденелер пайда болады, 2-3 аптадан кейін олар IgG- мен ауыстырылады. Жергілікті иммунитет қалыптасуда секреторлық IgА –ның маңызы күшті. Вирусбейтараптаушы антиденелер - IgG плацента арқылы өтіп кете алады. Олар нәресте туылғаннан кейінгі алғашқы 6 айда енжар иммунитет түзілуде маңызды рөл атқарады. Комплементбайланыстырушы антиденелер ауырып тұрғаннан кейін жылдам жойылады, ал вирусбейтараптаушы антиденелер ондағын жылдар бойы сақталады.

Микробиологиялық диагноз қою.Зерттеуге алынатын материал: нәжіс.

Вирусты бөліп алу (индикациялау) – аурудың алғашқы күндерінде жасуша дақылдарына жұқтыру. Вирус немесе оның антигендерін нәжіс сүзіндісінен ИЭМ, ИФТ, КБР, БР, ИФР, ко-агглютинациялық реакциялардың көмегімен және РНҚ зондтау тәсілімен анықтайды. Серологиялық диагноз қою: ИФТ, КБР, ГГАР, БР, РИФ.

Емдеуі- симптоматикалық.

Алдын алуы- жалпы медициналық профилактикалық шаралармен қатар специфиалық профилактикасы жүргізіледі. Ол үшін тірі вакцина, ал кейбір елдерде балалар арасында егу жүргізу мақсатында инактивацияланған вакцина қолданылады.