Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Flaviviridae

Туыстастығы: Hepacivirus

Түрі: HCV

Құрылымы. Вирионы сфера пішінді, диаметрі 35 – 50 нм, суперкапсидпен қоршалған. Геномы бір жіпшелі + РНҚ – нан тұрады, фрагменттелген, сызықшалы. Вириондық РНҚ құрамында 8 ген табылған, олардың үшеуі құрылымдық ақуыздарды (капсидтік, қабықшалық және мембраналық ақуыздар), қалған бесеуі – вирустың репликациялануын реттеуге қатысатын құрылымсыз ақуыздарды кодтайды.

Вирустың антигендік құрамы өте күрделі. Қабықшасының гликопротейні, жүрекшесі және құрылымсыз ақуыздар антигендер болып есептеледі.

Резистенттілігі. Гепатит С вирусы эфирдің, деттергенттердің, УК сәулесінің, 500С – қа дейінгі температураның әсеріне сезімтал.

Эпидемиологиясы. Жұғу механизмі ВГВ кезіндегідей, бірақ В гепатитке қарағанда СГВ жұғу үшін вирустың көп мөлшерде жұқтырылуын қажет етеді. СГВ көбінесе қан құйғанда (2/3 жағдайда) трансплацентарлы (10%) жолмен, жыныстық (7%) қатынас арқылы беріледі. Инфекция көзі – инфицирленген адам. С гепатиті эпидемиологиясының ерекшелігі – В гепатитке қарағанда вирустың жүкті әйелден нәрестеге берілуі және жыныстық жолмен жұғуы төменгі деңгейде болады.

Патогенезі, клиникалық көріністері. В гепатитке қарағанда жасырын кезеңі қысқа – 6-дан 12 аптаға созылады. Клиникалық ағымы да В гепатитке қарағанда жеңілдеу өтеді. Көбінесе сарғаюсыз түрі кездеседі (25%). Ауруды қандағы аланинтрансаминазаның көбеюіне байланысты анықтауға болады. Инфекцияның салыстырмалы түрде қолайлы өтуіне қарамастан 50 % жағдайда созылмалы гепатит қалыптасуына әкеледі, ал 20% жағдайда бауырдың созылмалы зақымдануы цирроз және қатерлі ісік дамуымен аяқталады.

Иммунитеті кеселдің созылмалы жағдайға айналуы айқын жасушалық (СД4) иммундық жауаптың болмауымен байланысты.(СД4) иммундық жауап құрылымдық емес ақуыздарға қарсы бағытталған. Иммундық жауап әлсіреген кезде вирустың белсенділігі қайтадан күшейеді.

Микробиологиялық диагноз қою.Негізгі зерттелетін заттар - науқастың қаны, қан сарысуы. Вирус репликациялануының маркерлері – гепатит С вирусының антигендеріне қарсы антиденелер және вирустық РНҚ. Маркерлер ИФТ, ПТР әдістерімен анықталады. Вирус спецификалық антиденелер орташа есеппен 3 айдан кейін пайда болады. Оларды анықтау – вируспен инфицирленгенін немесе осы инфекциямен ауырғандығын көрсетеді.Серонегативті кезеңде СГВ-ның РНҚ-ын анықтайды. ИФТ нәтижесін дәлелдеу үшін рекомбинативтік иммундыблоттинг әдісін қолданады.

Емдеуі:α-интерферон және рибовирин қолданылады. Емдеу курсы аяқталған соң науқастардың 40 – 50% - да қабыну рецидиві болуы ықтимал.

Алдын алуы. Басқа вирустық гепатиттер кезіндегідей жалпы медициналық сақтану шаралары жүргізіледі. Арнайы (спецификалық) профилактикасы, яғни вакцина егу жасалмаған.