Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Flaviviridae.

Туыстастығы: Flavivirus.

Құрылымы, геномы, дақылдандыру, репродукциялануы жалпы флавивирустар сияқты. Қоздырғышының бір серологиялық варианты бар.

Эпидемиологиясы.Сары қызба аса қауіпті карантинді инфекция тобына жатады. Таралу аумағы – Оңтүстік және Орталық Америка, Африка континентінің кейбір елдері. Эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша 2 типін ажыратады: зоонозды, қапырық жерлік (резервуары-приматтар) және антропоноздық (қалалық, резервуары-адамдар) түрлері. Тасымалдаушылары – Aedes туыстастығына жататын масалар және бәкене шыбындар. Жұғу механизмі – трансмиссивті. Ауырған немесе өлген адамның қаны зақымданған теріге немесе шырышты қабаттарға түскенде де инфекция дамуы мүмкін.

Патогенезі.Вирус көбінесе бауыр жасушаларында репродукцияланады, бұл кезде олардың функциясы бұзылысқа ұшырайды. Бауырдан басқа бүйректер майлы өзгеріске шалдығуының нәтижесінде ауыр зақымданады. Жүрек еттерінде де дегенеративті өзгерістер байқалады. Вирус региональды лимфа түйіндеріне енеді, сол жерде жасырын кезең бойы көбейеді, содан кейін қанға түседі. Вирусемия 3-4 күнге созылады, гематогенді жолмен ағзаларға таралып, вазотроптылық қасиетіне байланысты бауырға, бүйректерге, сүйек кемігіне, көкбауырға, және де бас миына түседі. Гепатоциттер дистрофияға және некрозға ұшырайды, бүйректің шумақты және түтікшелі аппараты зақымданады.

Клиникалық көріністері.Жасырын кезеңі 3-7 күнге созылады. Негізгі ауру белгілері: қалтырау, температураның жылдам көтерілуі, басы мен бұлшықеттерінің ауыруы, фотофобия, лоқсу және құсу. Бетінде, мойнында, кеудесінің жоғарғы жағында, көз алмасының қабығы (склера) мен сілемей қабатында (конъюнктива) гиперемия дамиды, қызыл иектің қанталауы және белінің ауыруы байқалады. Кеселдің 3-4 күнінде сарғаю басталады. Содан кейін қысқа мерзімді (1 тәулікке дейін) ауру белгілері бәсеңдейді (ремиссия), температурасы төмендейді де, оның қайтадан көтерілуі нәтижесінде әртүрлі ағзалардан қан кету басталады. Аурудың ауыр түрлерінде өлім-жітім 85-90%-ға жетеді. Жеңілдеу жағдайларда – сарғаю және геморрагиялық синдром болмауы да мүмкін.

Иммунитеті.Ауырып тұрғаннан кейін тұрақты өмірбақилық иммунитет қалыптасады. Қайталап ауруға ұшырау тіркелмеген.

Микробиологиялық диагноз қою.- жалпы флавивирустар қоздыратын инфекциялар кезіндегідей.

Емдеуі– симптоматикалық, арнайы емдеу препараттары әлі жасалмаған.

Алдын алуы.Аса қауіпті инфекциялар кезіндегідей қатаң ережелер сақталынады.Сонымен қатар спецификалық профилактика мақсатында сары қызбаға қарсы құрғақ тірі вакцина (Мәскеу) қолданылады.Вакцина еккеннен кейін 10 күннен соң иммунитет дамиды және 10 жыл бойы сақталады. Сары қызба бойынша қауіпті аймақтарға (елдерге) баратындарға міндетті түрде осы ауруға қарсы вакцина егу қажет.