Флавивирустар

Флавивирустар (лат.: flavus – сары) – негізінде трансмиссивті жолмен берілетін, табиғи-ошақты инфекциялар және парэнтеральды гепатиттер қоздыратын, РНҚ-құрамды вирустар.

Флавивирустартуыстастығына жататын вирустар тобы табиғи-ошақты инфекциялар қоздырады. Адамдарда қоздыратын патологиялық процесс жүйелі және геморрагиялық қызбалар, энцефалиттер, және де қызбалар мен энцефалиттер қатар дамитын инфекциялар түрінде байқалады.

Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Flaviviridae

Туыстастықтары: Flavivirus (сары қызба вирусы)

Pestivirus (бұзау диареясының вирусы)

Hepacivirus (гепатит С, G вирустары)

Құрылымы. Вириондары сфера пішінді, диаметрі 37-50 нм. Капсиді куб симметриялы, сыртқы жағын гликопротеинді тікенекшелерден (ұзындығы шамамен 10 нм) тұратын суперкапсид жауып тұрады. Геномы–біржіпшелі плюс РНҚ-молекулаларынан құралған.

Флавивирустардың репродукциялануыжасушалардың цитоплазмасында жүреді. Фосфолипидті немесе гликолипидті рецепторларымен жасушаға адсорбцияланады. Вирус жасушалық вакуольге рецепторлық эндоцитоз жолымен енеді де, сыртқы қабатынан (суперкапсидінен) босанады.

Инфицирленген жасушада тек қана седиментациялық коэффициенті 45 S геномдық РНҚ табылған. Вириондық РНҚ-ң репликациясы жасушаның ядролық қабықшасында іске асады. Вирустық ақуыздар синтезделіп, РНҚ репликацияланғаннан кейін жетілген вириондардың қалыптасуы басталады. Вириондардың сыртқа шығуы альфавирустар кезіндегідей емес, жасушаның модифицирленген мембранасының эндоплазмалық ретикулимі (эндоплазматикалық торша) арқылы атқарылады. Жасушалар бұл кезде ұзақ уақыт бойы тіршілік қабілетін сақтайды. Альфавирустарға қарағанда флавивирустардың цитопатогенділік белсенділігі әлсіз болады. Репродукциялану циклы – 20 сағаттан асады.

Антигендері.Нуклеокапсид құрамында топтық-спецификалық қасиетімен сипатталатын бір антигені бар. Сыртқы қабатындағы тікенекше тәріздес гликопротеинді өсінділер гемагглютинациялаушы қасиетке ие. Сыртқы ақуыздар типтік-спецификалық антиген болып табылады.

Дақылдандыру.Флавивирустарды өсіп-өндіріп көбейту үшін келесі әдістер қолданылады: тауық эмбрионына жұқтыру; біріншілік және ауыспалы жасуша дақылдарына жұқтыру (айқындығы әлсіз ЦПӘ, таңдақ-дақтар пайда болу); жаңа туылған және де 3-4 апталық ақ тышқандардың бас миының ішіне жұқтыру (сал болу туғызады).

Резистенттілігі.Флавивирустар эфирдің, детергенттердің және формалиннің әсеріне сезімтал. Сыртқы ортаның физикалық, химиялық факторларына төзімділігі альфавирустар сияқты. Бірақ, альфавирустар протеазаның әсерінен белсенділігін жояды, ал флавивирустар керісінше – оған төзімді. Флавивирустардың бөлмелік температураға төзімділігі тұрақты емес, ал - 70°С-та ұзақ сақталады.

Эпидемиологиясы.Флавивирустар жылы және қоңыржай климатты өңірлерде жиірек бөлініп алынады. Флавивирустар қоздыратын инфекцияларға маусымдылық тән, ол тасымалдаушы жәндіктердің белсенділік кезеңімен байланысты. Табиғи резервуары және негізгі иелері – кенелер, масалар. Себебі – олардың арасында вирус трансовариальды жолмен ұрпақтарына беріліп отырады. Сондықтан ұзақ мерзімді вирусемия дамитындықтан көптеген тасымалдаушыларды вируспен жұқтыруды қамтамасыз етіп, омыртқалылар эндемиялық ошақтарда вирус циркуляциясын қолдап отыруда маңызды рөл атқарады. Кейбір вирустар (мысалы, кенелік энцефалит вирусы) трансовариальды немесе алиментарлы (инфицирленген ешкі сүтімен), жанасу және аэрогенді жолдармен де берілуі ықтимал.

Патогенезі, клиникалық көріністері.Вирустың алғашқы репродукциялануы макрофагтарда, гистиоциттерде, тіптен региональды лимфа түйіндерінде де іске асырылады. Содан кейін вирус қанға түседі, ішкі ағзаларға, бас мидың нерв жасушаларына тарайды, сол жерлерде олардың репродукциялануы әрі қарай жүреді.

Ауру, әдетте, бірден басталады, ол қоздырғыштың қанға түсуімен сәйкес келеді. Бас ауыруы, миалгия, буындарының сыздауы, лоқсу, майданүктелі бөртпе шығуы және лимфа түйіндерінің ісінуімен сипатталатын дене қызбасы ауруға тән клиникалық белгілер болып табылады. Тамырлардың бұзылыстарға ұшырауына байланысты дене қызбасы геморрагиялық симптомдармен асқынуы мүмкін. Шырышты қабаттарда қан кету, геморрагиялық бөртпелер пайда болады. Қызба екі толқынды ағымда өтуі ықтимал: қысқаша ремиссиядан кейін дене қызбасы және жаңа симптомдар (дене сарғаюы, менингиальды симптомдар, энцефалит, миелит) пайда болады, ол әртүрлі ағзалардың зақымданғанын көрсетеді.

Иммунитеті.Ауырып тұрғаннан кейін гуморальдық, көбінесе типтік-спецификалық кернеулі иммунитет қалыптасады. Бұл кезде баяу типті аллергия дамиды. Бір қатар жағдайларда иммундық кешендер пайда болуы байқалады.

Микробиологиялық диагноз қою.Зерттеуге алынатын заттар: қан, ликвор, несеп, секциялық материал. Вирустарды бөліп алу (индикациялау) – тауық эмбрионына, жасуша дақылдарына және ақ тышқандарға жұқтыру тәсілдерімен атқарылады. Идентификациялау – ГАТР, БР, ИФР. Серологиялық диагноз қою – ГАТР, КБР, ИФР, ИФТ, ПТР. Жедел диагноз қою – ЖГАР, ИФТ.

Емдеуі.Симптоматикалық емдеу шаралары және арнайы препараттар (рибавирин, интерферон, неаферон, рибонуклеаза) қолданылады.

Алдын алуы.Жүре пайда болатын жасанды иммунитет жедел алдын алу және емдеу үшін гетерогенді және гомологиялық иммундыглобулиндер қолданады. Спецификалық профилактикасы (вакцина егу) эндемиялық аймақтарда және арнайы көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

17.1.3.1. Сары қызба вирусы

Сары қызба – тропикалық геморрагиялық дене қызбасы. Ауыр жағдайларда – айқын дене сарғаюымен, протеинуриямен, қанталау көріністерімен өтеді. Сарғаю белгісінің дамуы аурудың атын, әрі бүкіл вирус тұқымдастығын атау үшін қолданылады.1906 жылы У. Рид бұл аурудың вирустық табиғатын анықтады және эпидемиологиясының негізін қалады.