Таксономиясы.

Тұқымдастығы- Picornaviridae

Туыстастығы- Hepatovirus

Түрі- Hepatovirus A

Құрылымы. Вирионы сфера пішінді, мөлшері 25-27 нм, өте ұсақ вирустар тобына жатады. Геномы сегменттелмеген +РНҚ молекуласынан тұрады. Нуклеокапсиді 4 ақуыздардан (VP-1-4) тұратын капсомерлерден құрылған, куб типтес симметриялы. Суперкапсиді жоқ.

Антигендік құрылымы-гепатит А вирусы бір антигендік типтен тұрады (HA-aнтиген).

Резитенттілігі. Гепатит А вирусы сыртқы орта жағдайына төзімді, 210 С- та бірнеше апта бойы сақталады, 850 С-та белсенділігін толық жояды. Төменгі температурада жақсы сақталады. Хлордың әсеріне төзімді, сондықтан тазартылған ауыз суларда сақталу қабілеттілігі бар. Формалиннің және УКС әсеріне сезімтал.

Эпидемиологиясы. Инфекция көзі - індеттің айқын немесе симптомсыз түрімен ауырған адамдар. Жұғу механизмі-фекальді-оральды, яғни ластанған тағамдар, су, тұрмыстық заттар, қол, ойыншықтар арқылы жұғады. Вирустың су және тағамдар арқылы таралып эпидемиялық бұрқетпелер қоздыру қабілеттілігі бар. Гепатит А вирусы тұрғындар арасында едәуір деңгейде айналымда болады. Жазғы және күзгі айларда науқастанушылық деңгейі көтерілетіні байқалады. Көбінесе балалар жиірек ауырады. Жасырын кезеңнің соңында және ауру басталған кездің алғашқы күндерінде (дене сарғаюы басталғанға дейін) науқас адамның айналасындағыларға жұқтыру қаупі өте күшті. Себебі, бұл кезде вирус нәжіспен мол бөлінеді.

Патогенезі, клиникалық көріністері.Гепатит А вирусының гепатотроптық қасиеті бар. Вирус асқазан-ішек жолдарына ас тағамдары немесе су арқылы түседі де, жіңішке ішектің шырышты қабаттарында және регионарлық лимфа түйіндерінде өсіп-өніп көбейеді (реплицирленеді). Сонан соң, қысқамерзімді вирусемия фазасы басталады. Қанда вирустың ең жоғарғы деңгейде концентрациялануы инкубациялық кезеңнің соңында және сарғаюалды кезеңінде байқалады. Бұл кезде қоздырғыш (вирус) нәжіспен сыртқа шыға бастайды.Цитопатогендік әсер ету нысанасы негізінде гепатоциттер болып табылады. Вирустың бауыр жасушаларының цитоплазмасында репродукциялануы гепатоциттерді бұзылысқа ұшыратады. Гепатоциттерді зақымдануына NK-жасушалар (табиғи киллерлер) да қатысады. Вирустың әсерінен индуцирленген интерферонмен өзара әсерлесу нәтижесінде NK жасушалардың белсенділігі артады. Гепатоциттердің зақымдануы дене сарғаюының дамуына және қан сарысуында трансаминаза деңгейінің артуына әкеледі.

Аурудың жасырын кезеңі 15-тен 50 күнге дейін, көбінесе 1 ай шамасында болады. Кесел жылдам басталады, температурасы көтеріледі, асқазан-ішек жолдарының қызметі бұзылады(лоқсу,құсу т.б.). Кеселдің 5-7 күндері дене сарғаюы байқалуы мүмкін. Ауру көбінесе жеңіл түрде,асқынуларсыз өтеді, 5 жасқа дейінгі балаларда симптомсыз түрде кездеседі. Ауру 2-3 аптаға созылады, асқынулар байқалмайды.

Иммунитеті. Ауырып тұрғаннан кейін (айқын, және де симптомсыз түрімен) өмірбақилық гуморальды иммунитет қалыптасады. М-иммундыглобулиндер (IgM) ауру басталғаннан кейін 3-4 айдан соң қан сарысуында азайып жойылады, ал Ig G көп жылдар бойы сақталады. Нәрестелердің қан сарысуында 1 жасқа дейін анасынан плацента арқылы берілген вирусқа қарсы антиденелер табылады.Гуморальдық иммунитеттен басқа ішек жолында жергілікті иммунитет (s' Ig A) дамиды.

Микробиологиялық диагноз қою.Зерттеу заттары:қан сарысуы және науқастың нәжісі. Гепатит А вирусының антигендеріне қарсы пайда болған антиденелер (IgM және IgG) және вирустық РНҚ вирус репликациясының маркерлері болып табылады-ИФТ, РИТ, ИЭМ-мен анықтайды.

Емдеуі-жалпы симптоматикалық. Вирусқа қарсы бағытталған химиялық препараттар қолдану тәсілі жасалмаған. Құрамында интерферон, оксолин бар жақпалар қолданылады.

Алдын алу шаралары. Ішек инфекцияларына қарсы жалпы медициналық бейспецификалық профилактикалық шаралар жүргізіледі.Спецификалық алдын алу мақсатында вакцина егу қолданылады. Ол үшін инактивацияланған және рекомбинантты яғни гендік-инженерлік (ГАВ геномы шешек вакцинасы вирусының геномына интеграцияланған) вакциналар пайдаланылады:

ГепА-ин-Вак-инактивацияланған, концентрацияланған, тазартылып адсорбцияланған дақылдық сұйық вакцина (Ресей).

ГепА-ин-Вак-Пол-инактивацияланған, концентрацияланған, тазартылып адсорбцияланған, полиоксидон қосылған, дақылдық сұйық вакцина (Ресей).

Аваксим –инактивацияланған вакцина (Франция).

Хаврикс 720 (балалар үшін) және 1440 (ересектерге арналған) инактивацияланған вакцина (Англия).

Вакта ( 50 ЕД, 25 ЕД)-инактивацияланған вакцина (АҚШ).

Енжар (пассивті) иммунитет қалыптастыру ішін донорлардың қан сарысуынан дайындалған иммундыглобулин қолданылады.