Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Picornaviridae.
Туыстастығы: Enterovirus.
Түрі: ЕСНО вирустар.
Морфологиясы. Коксаки вирустарға ұқсас.
Антигендері.Қазіргі кезде ЕСНО вирустарының 34 (соңғы мәліметтер бойынша 37) серологиялық варианттары – серотиптері бар, олардың бәріне ортақ комплементбайланыстырушы антигені бар. Серотиптерін бір-бірінен бейтараптау реакциясы бойынша ажыратып анықтайды. ЕСНО вирустардың кейбір серотиптерінің қаны О тобына жататын адамдардың эритроциттерін агглютинациялау қабілеттілігі бар.
Дақылдандыру және патогенділігі. ЕСНО вирустар жасуша дақылдарында өсіп – өніп көбейеді, және де ЦПӘ-і бар. Зертханалық жануарларға ЕСНО вирустар патогенді емес. Полиовирустардан ерекшелігі – маймылдарға патогенсіз, ал Коксаки-вирустардан ерекшелігі – жаңа туылған тышқандарға патогенді емес.
Эпидемологиясы.Инфекция көзі – ауру немесе вирустасымалдаушы адам. Вирус ас қорыту жолдары (фекальды-оральды) арқылы, сирек жағдайда ауалы-тамшылы жолмен жұғады. Ауру өте жұқпалы.
Патогенезі және клиникалық көріністері.Патогенезі бойынша полиомиелит ауруына ұқсас келеді. Қоздырғыштың «кіру қақпасы» - мұрынның, жұтқыншақтың, жіңішке ішектің шырышты қабаттары, олардың эпителиялық жасушаларында, және де лимфоидты тіндерінде вирустардың өсіп-өніп көбеюі жүреді. Лимфоидты тіндерге бейімділігі – бұл вирустарға тән сипатының ерекшелігі болып табылады. Вирустар көбейгеннен кейін лимфаға өтеді, содан кейін қанға түсіп (вирусемия), инфекцияның генерализациялануына әсер етеді. Кеселдің әрі қарай дамуы вирустың қасиетіне, оның тіндік тропизмділігіне және де организмнің иммунологиялық статусына байланысты. Вирус қанға түскеннен кейін гематогенді жолмен организмге тарайды да, оның тропизмділігіне байланысты таңдамалы түрде әртүрлі ағзалар мен тіндерге шоғырланады. Полиомиелит тәрізді ауру немесе серозды менингит дамуы ОЖЖ –ның гематоэнцефалиттік тосқауылынан вирус өтіп кеткен жағдайда ғана болады, бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі. ЕСНО вирустық аурулардың клиникалық белгілері Коксаки – вирустар қоздыратын ауруларға ұқсас. Дегенмен, ЕСНО - инфекция кезінде айқын клиникалық көріністері байқала бермейді.
ЕСНО- вирустардың 11, 18 және 19 сероварианттары эпидемиялық тұрғыдан ең қауіпті болып табылады. Вирустың 8-11 және 20 – серологиялық варианттары «суық тиген» сияқты аурулар, 2-9,12,14,16,21 – серологиялық варианттары – асептикалық менингит, ал 9- және 16 - варианттары – қызылша ауруы кезіндегідей бөртпе шығуымен сипатталатын дене қызбасының көтерілуіне себепкер болады.
Иммунитеті:тұрақты, типтік–спецификалық. Ауырып тұрғаннан кейін комплементбайланыстырушы, вирус-бейтараптаушы антиденелер, антигемагглютининдер пайда болады.
Микробиологиялық диагноз қою:Зерттелетін заттар - коксаки – инфекциясы кезіндегідей. Вирусты бөліп алу (индикациялау) – жасуша дақылдарына (біріншілік және ауыспалы) жұқтыру – ЦПӘ (толық дегенерациялану). Вирусты идентификациялау – БР (емізу шағындағы тышқандарда), ИФТ, ГАТР, РСК. Серологиялық диагноз қою – БР, КБР, ИФТ, ГАТР. Жедел диагноз қою – ИЭМ, ПТР.
Алдын алуы: жалпы медициналық сақтану шаралары, спецификалық профилактикасы, яғни вакцина егу қолданылмайды.
Емдеуі: симптоматикалық ем – шаралар.
17.1.1.4. Гепатит А вирусы(АГВ-HAV)
Гепатит А-фекальды-оральды жолмен берілетін, бауыр жасушалары зақымданып, морфологиялық бұзылыстар туындап, жедел гепатит белгілері дамитын жұқпалы вирусты ауру. Алғашқы рет бұл кеселдің жұқпалы екендігі туралы мәліметті С.П. Боткин баяндаған, сондықтан оны ”Боткин ауруы” деп атайды. Бауыр зақымдануы нәтижесінде дене сарғаюы болатындықтан, тұрғындар арасында бұл індетті «сары ауру» дейді. Гепатит А вирусын 1973 жылы С.Фейнстон ашқан.