Сал (полиомиелит) вирусы

Полиомиелит (гр. polyos – сұр, myelos – ми деген мағына береді) немесе эпидемиялық балалар салы (Хайне – Медин ауруы) – негізінде 10 жасқа дейінгі балалар арасында болатын, жұлынның сұр заты зақымдалуы салдарынан қозғалыс мүшелері салдыққа шалынатын, өте ауыр жедел жұқпалы ауру. Кейбір жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін.

Бұл ауру ерте заманнан бері белгілі, ол туралы археологиялық мәліметтерден (мумияларды зерттеу кезінде) білуге болады. Бұл кеселді өз алдына жеке ауру ретінде қарастырған неміс ғалымы Хайне (1860 ж). болды. Орыс дәрігері А.Я.Кожевников (1883 ж). осы аурудың клиникалық белгілерінің толық сипаттамасын берді. 1890 жылы Медин деген зерттеуші бұл кеселдің үлкен эпидемиясын анықтап жазды.

Таксономиясы.Полиомиелит ауруын вирус қоздыратынын К. Ландштейнер және Г. Поппер 1909 жылы маймылдарға тәжірибе жасау арқылы дәлелдеді.

Тұқымдастығы: Picornaviridae

Туыстастығы: Enterovirus

Түрі: Poliovirus

Морфологиясы (құрылымы)бойынша полиовирус Enterovirus өкілдерінің құрылысына ұқсас келеді.

Антигендік қасиеттері.Антигендік құрамы бойынша полиомиелит вирусы біркелкі емес, үш типтен тұрады: І-, ІІ-, ІІІ-типтер, олар айқас иммунитет қоздырмайды (17.1 - кесте).

 

Кесте 17.1.

Полиомиелит вирусының типтері

Халықаралық аты АҚШ - ғы аты ТМД – ғы аты Ауру қоздыруы
І - тип Брунгильд КРФ Брунгильд атты шимпанзе маймылы -ның нерв тінінен бөлінген. Адамдар мен маймылдарда ауру қоздырады.
ІІ -тип Лансинг Овчинников Лансинг деген жерде полиомиелиттен қайтыс болған адамның миынан бөлінген. Адам мен маймылдан басқа кейбір кеміргіштерде ауру қоздырады.
ІІІ - тип Леон Зондерс Зерттеушілердің атымен байланысты. Адам және маймылдарда ауру қоздырады.

 

Серотиптерінің үшеуіне де ортақ комплементбайланыстырушы антигені бар. Оларды бір-бірінен бейтараптау реакциясы бойынша дифференциациялайды.Адамдарға ең патогендісі полиовирустың І - типі – сал ауруының белгілі эпидемиялары осы типпен байланысты. ІІІ – типі сирек жағдайда эпидемия қоздырады. Полиовирустың ІІ – типі көбінесе латентті инфекция қоздырады.

Дақылдандыру.Адамның тіндерінен дайындалған біріншілік және ауыспалы жасушаларда жақсы репродукцияланады (өсіп – өніп, көбейеді) және цитопатикалық әсер етеді. Агар астындағы жасуша дақылдарының қабатында түйін – таңдақтар пайда болады.

Резистенттілігі.Энтеровирустар сыртқы орта факторларының әсеріне жеткілікті дәрежеде төзімді болады. рН–тың 2,5-нан 11-ге дейінгі аралығында жұқпалығын сақтайды. Төменгі температуралық жағдайда (ОоС) вирус суда, топырақта, тағамдық заттарда, нәжісте және тұрмыстық заттарда ұзақ уақыт (бірнеше ай) бойы сақталады. Вирус қышқылға төзімді болғандықтан ол асқазан сөлінің әсеріне, ал суперкапсиды жоқ болғандықтан өт сұйықтығының әсеріне төзімді келеді. Көптеген дезинфектанттар (спирт, фенол, беткейлік – белсенді заттар) энтеровирустарға жеткілікті деңгейде әсер етпейді. Глицеринде 8 айға дейін белсенділігін жоғалтпайды. Дегенмен олар УК сәуленің, құрғатудың, тотықтырғыштардың, формалиннің әсерінен белсенділігін жояды. 500С температураның әсерінен 30 минуттан кейін өледі, ал қайнатқан жағдайда бірден жойылады, және де оларға хлорқұрамды дезинфектанттар (хлорлы әк, хлорамин) жақсы әсер етеді.

Эпидемиологиясы.Табиғи жағдайда полиомиелит вирусы тек қана адамдарда ауру қоздырады, яғни антропонозды инфекция. Полиомиелит негізінде ішек инфекциясына жатады. Инфекция көзі – тек қана науқас немесе вирус-тасымалдаушы адам. Науқас инкубациялық кезеңнің соңғы 3-5 күндері және ауру басталғаннан кейінгі алғашқы 3-5 күндері өте күшті жұқтырушы болып табылады. Айығу кезеңінде 14-40 күн бойы (кейбір кезде 4-5 айға дейін) науқас вирус бөлуі мүмкін. Ең қауіптісі жеңіл түрімен ауырғандар, өйткені олар емделместен күн сайын айналасындағы адамдарға жұқтыруы мүмкін. Вирус организмнен науқастың нәжісімен, несебімен және тыныс алу жолдары арқылы айналасына таралады. Адамдарға ластанған ас тағамдары, су арқылы жиірек жұғады, яғни негізгі берілу механизмі - фекальды – оральды жол. Эпидемиялық ошақтарда адамдардың вируспен инфицирленуі ауалы – тамшылы жолмен де атқарылуы мүмкін. Полиомиелитпен көбінесе 5-10 жасқа дейінгі балалар ауырады, соңғы жылдары ересектер арасында да науқастанушылық байқалып жүр. Полиомиелит жазғы – күзгі кезде жиірек кездеседі.

Патогенезі және клиникалық белгілері. Вирустың алғашқы енетін жері – ауыз қуысының, жұтқыншықтың, асқазан және ішек жолдарының шырышты қабаты. Сол жерлерде вирустың біріншілік көбеюі басталады, сондықтан вирус жұққаннан кейін бірнеше күннен соң жұтқыншақ кілегейінен және нәжістен вирусты табуға болады (1гр нәжісте вирустың 1 млн дозасы бар). Вирустың алғашқы репродукциялануы ауыз қуысының, жұтқыншақтың және ішектің шырышты қабаттарының эпителиялық жасушаларында, жұтқыншақ сақинасы мен жіңішке ішек қабатындағы лимфа түйіншіктерінде басталады (ішектік фаза – ол 3-8 аптаға созылады). Лимфалық жүйеден вирус қанға түседі де, вирусемиялық фаза 1сағаттан бірнеше күнге дейін созылады. Басқаша айтқанда алиментарлық фазадан кейін қоздырғыш гематогенді жолмен таралып вирусемия дамиды. Аурудың бұл екі фазасы кезінде әдетте, ешқандай клиникалық белгілер байқалмайды. Вирусемия кезінде қысқа мерзімді температурасының көтерілуі және шамалы дімкәстану болады да, постинфекциялық иммунитет қалыптасады. Қан сарысуында антиденелер жинақталуының барысында қоздырғыштың одан әрі диссимирленуі тоқтайды да, абортивті (түсікті) инфекция дамиды. Бірақ полиомиелит вирусы гематоэнцефалиттік тосқауылдан өтіп, аксондар арқылы орталық нерв жүйесіне жетеді. Вирустың репродукциялануы жұлынның алдыңғы мүйізінің сұр затында, және де бас миы мен сопақша мидың нейрондарында жалғасын табады.

Қоздырғыштың тропизмділігі полиомиелит вирусы үшін жұлынның алдыңғы мүйізінің, сопақша мидың және варолиев көпіршесінің нейрондарында арнайы рецепторлардың болуымен байланысты. Вирустың әсер етуінен жұлынның алдыңғы мүйізінің қозғағыш нейрондарының бұзылуы қаңқалық бұлшықеттердің сал болуын туғызады. Нәтижесінде науқас өлімге ұшырайды немесе мүгедек болып қалады.

Клиникалық белгілері.5-14 күнге созылған жасырын (инкубациялық) кезеңінен кейін басталады. Ауру басы ауырып, дене қызбасы көтерілуі және құсудан басталады. 1-2 күннен кейін симптомдары кете бастайды. Бір аптадан кейін аурудан айыққан сияқты болған кезде, нейрондардың жұлынның қандай деңгейінде және алдыңғы мүйізінің екі жақты немесе бір жақты зақымдануына байланысты қозғалыс мүшелерінің (әсіресе аяқтың) әлсізденуі (семінуі) басталып, толық сал болумен (паралич) аяқталуы ықтимал. Көпшілік жағдайда полиомиелит іші өтуімен аяқталады, және де басқа белгілері болуы мүмкін. Сонымен, клиникалық дамуына байланысты полиомиелиттің 4 түрін ажыратады: абортивті (түсікті), салды (параличті), салсыз (параличсіз) және инаппарантты (симптомсыз) түрлері.

Иммунитеті.Аурудан айыққаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады. Ауырып тұрғандардың қан сарысуында вирус – бейтараптаушы қарсы денелер жиналады, және де бейспецификалық ингибиторлар пайда болады. Анасынан плацента арқылы нәрестеге берілген иммунитет ұзаққа созылмайды. Адамдардың көпшілігінде полиомиелит вирусына қарсы табиғи тұрақтылық болады, оған қалыпты жағдайда дені сау адамдардың қанында полиомиелит вирусына қарсы иммундыглобулиндердің бар екені дәлел бола алады.

Микробиологиялық диагноз қою.

● Клиникалық көрінісі жоқ (инаппарантты түрі) – зерттеу үшін арнайы материал алынбайды, вирустасымалдаушылық кездейсоқ жағдайда анықталады.

● ОЖЖ зақымдалмаған, гастроэнтеритке тән симптомдар бар (абортивті, висцеральды ж.б. түрлері) – зерттеуге мұрын – жұтқыншақ шайындысы, нәжіс, қан, несеп алынады.

● Жүйке жүйесінің зақымдану симптомдары бар – зерттеуге мұрын – жұтқыншақ шайындысы, нәжіс, несеп, жұлын сұйықтығы, өліктен материалдар алынады.

Вирусологиялық әдіс: жасуша дақылдарына (біріншілік - маймылдардың бүйрегінен дайындалған; ауыспалы – Hela, Hep-2 ж.т.б.) жұқтыру. Вирусты индикациялау (өсіп – өну көрсеткіші) – ЦПӘ (толық дегенерация), таңдақ түзу, түсті сынама.

Вирусты идентификациялау– БР, ИФТ. Серологиялық диагноз қою (қос сарысулармен) – КБР, БР, ИФТ. Сарысу құрамындағы иммундыглобулин кластарын (JgG, JgA, JgM) Манчини тәсілі бойынша радиалдық иммунды-диффузиялық әдіспен анықтайды. Жедел диагноз қою - ПТР, ИФР (нәжіс, жұлын сұйықтығы).

Емдеуі.Емдеу тәсілі инфицирленушілік деңгейіне, вирустың нейровируленттілік дәрежесіне және организмнің иммунологиялық статусына байланысты анықталады.

Спецификалық емдеуі жоқ, негізінде симптоматикалық емшаралар қолданылады. Кейбір жағдайда параличтік түрін, яғни сал болудың алдын алу үшін гомологиялық иммундыглобулин пайдаланылады. Ауру салдарын емдеуде дұрыс және ұзақ уақыт қолданылатын гимнастиканың рөлі күшті.

Спецификалық профилактикасы. Жалпы медициналық алдын – алу шараларына уақытылы диагноз қою, госпитализациялау, жанасқан адамдарға тиянақты медициналық бақылау жүргізу, ауру ошағында мұқият дезинфекциялау жұмыстарын атқару жатады.

Спецификалық профилактикасы пассивті (енжар) және активті (белсенді) түрге бөлінеді. Пассивті профилактикасы ретінде гамма-глобулин немесе қарсы денелер титрі жеткілікті ересек адамдардың қан сарысуын құю қолданылады.

Полиомиелитке қарсы вакцина дайындау әрекеті вирусы ашылғаннан кейін көп кешікпей басталған болатын. ХХ – ғасырдың 50 – жылдарында полиомиелитке қарсы бірнеше вакциналар қолданыла бастады:

1. Формалинмен инактивацияланған Д.Солк вакцинасы. Алғашқы рет парентеральды тәсілмен колданылған бұл вакцина тек қана гуморальды иммунитет қоздырды, бірақ асқазан–ішек жолдарының шырышты қабатында жергілікті резистенттілікті қалыптастыра алмады және сенімді спецификалық қорғанысты қамтамасыз ете алмады.

2. Полиомиелит вирусының І, ІІ, ІІІ – типтерінің аттенуацияланған штамдарынан тұратын А. Сэбин тірі вакцинасы.

3. М.Чумаков және А.Смородинцев (1958 ж.) 3 сереотиптерден тұратын А.Сэбиннің аттенуацияланған штамдарынан пероральды тәсілмен қолданылатын дақылдық тірі вакцина жасап шығарды. Вакцинаны балаларды жаппай иммунизациялау үшін пайдаланады, ол жалпы және жергілікті тұрақты иммунитет қалыптастырады. Біздің елде осындай вакцина қолданылады, өйткені вакциналық штамдар ішек жолының эпителиялық жасушаларында өсіп – өніп көбейіп, сыртқы ортаға да бөлініп шығады. Нәтижесінде ұжым арасында айналымға түсіп, полиовирустың жабайы штамдарын ығыстырып тастайды. Вакцина сұйық және конфет – драже түрінде дайындалады. Қызғылт түсті драже-І-типтен, ақшыл-көк түстісі – ІІ-типтен, көгілдір түстісі-ІІІ-типтен, ал ақ түстісі барлық (І, ІІ, ІІІ) типтерінен тұрады. Вакцина егу 3 айлық жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасында жүргізіледі. Осы вакцинаны міндетті түрде қолданудың нәтижесінде полиомиелит індетін толық жоюға мүмкіндік туып отыр.