Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Picornaviridae (230-дан астам өкілдері бар).
Туыстастығы: Enterovirus (111 сероварианттары бар);
Rhinovirus (105 серотиптері бар);
Aphthavirus (7 серотиптері бар);
Hepatovirus (2 серотипі - адамдарда, 1-маймылдарда) ;
Cardiovirus (2 серотипі бар) ;
Parecovirus, Erbovirus, Kobuvirus - жаңадан ашылған туыстастықтар.
Әрбір туыстастық түрлерден, ал түрлер – серотиптерден тұрады.Туыстастықтарды бір-бірінен ажыратып – анықтау (дифференциациялау) антигендік айырмашылықтарына, ортаның рН-на сезімталдығына, адамдарға патогенділігінің айырмашылығына ж.т.б. қасиеттеріне негізделген.Энтеровирустар адамдарда нерв жүйелерінің және басқа ағзалар мен тіндерде патологиялық үрдістер қоздырады.Кардиовирустар және афтовирустар көбінесе жануарларға патогенді болып келеді.Энтеровирустар құрылымы, химиялық құрамы, физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімділігі ж.б. қасиеттері бойынша бір-біріне жақын келеді.
Энтеровирустарды келесі белгілері бойынша бір туыстастыққа жатқызады:
мөлшері – 20-30 нм;
геномы – бір жіпшелі фрагменттелмеген (+) РНҚ;
суперкасиды болмайды;
симметриясы куб типтес, капсомерлер саны – 60;
эфирдің әсеріне төзімді (құрамында липидтер жоқ);
Мg++ немесе Ca++ иондары бар жерде термотөзімділігі күшейеді;
өттің, және де қышқылдардың әсеріне төзімді;
сыртқы ортада төзімді.
Энтеровирустар қоздыратын аурулардың эпидемиологиялық ерекшеліктері:
инфекциялардың айқын маусымдылығы (жазғытұрым - күз);
фекальды-оральды жолмен таралуы;
вирустың ішек жолымен, мұрын-жұтқыншақтан, ликвор және қанмен бөлінуі;
вирустардың сырқын сулардан табылуы;
көбінесе 12 жасқа дейінгі балаларды зақымдауы;
дені сау адамдар арасында тасымалдаушылық болуы.
Құрылымы.Пикорнавирустар (энтеровирустар) қарапайым құрылымды ұсақ вирустарға жатады. Диаметрі 30 нм-дей, вирион массасы 8-9 МД құрайды. Вирион икосаэдрлі капсидтен тұрады, симметриясы куб типтес. Капсид 12 бесбұрыштардан (пентамерлер) тұрады, олардың әрқайсысы өз кезегінде бірнеше ақуыздық суббірліктерден – протомерлерден құралған. Оларды VP1, VP2, VP3 және VP4 деп белгілейді. Суперкапсиді жоқ. Вирус құрамында көмірсулар және липидтар болмайды, сондықтан олар эфирдің ж.б. май еріткіштердің әсеріне сезімтал емес. VP1, VP2, VP3 – капсидтің сыртқы беткейін құрайды, VP4 – вирионның ішкі жағының құрамдасы, сондықтан сыртынан ол көрінбейді. Сыртқы қабатының ақуыздары иесі жасушасының рецепторларын танып алуда, жасушаға вирионның жабысуында және жасуша ішінде вириондық РНҚ-ң босанып шығуында рөл атқарады, және де вирустың иммуногендік қасиетін анықтайды (2-сурет).
Геномы VPg ақуызымен байланысқан, сегменттелмеген (+) РНҚ молекуласынан тұрады. Вириондық РНҚ капсидті алып тастаған жағдайда да өзінің инфекциондық (жұқпалық) қасиетін сақтайды.
Репродукциялануы.Вирус жасуша сыртындағы рецепторлармен өзара әрекеттеседі. Вирус геномы жасуша ішінде эндоцитоз тәсілімен немесе цитоплазмаға геномдық (+) РНҚ-ның инъекциялануы арқылы түседі. Вириондық РНҚ оң жіпшелі РНҚ болатындықтан вирус – спецификалық ақуыздарға тікелей транслирленеді, яғни ақуызды синтездеу үшін вирус геномы информациялық РНҚ (иРНҚ) ретінде пайдаланылады. Трансляциялану процесі кезінде бірегей полипептидті тізбек синтезделеді, сонан соң ол протеазаның әсерінен 4 ақуыздарға (VP1-VP4) және РНҚ-тәуелді полимеразаға ыдырайды. Бұл полимераза геномдық оң-жіпшелі РНҚ-нан теріс жіпшелі РНҚ-н (матрица) синтездейді. Оң/теріс жіпшелерден вирус геномы репликацияланады. Жаңадан синтезделген вириондық РНҚ (вРНҚ) капсидке қосылады. Капсидте құрылымдық ақуыздар жинақталады. Содан кейін жаңадан синтезделген вириондар жасушадан лизистену жолымен сыртқа шығады. Жасуша ішінде бір вирионнан 150 000-ға дейін жаңа вириондар синтезделеді. Репликациялану жасушаның цитоплазмасында жүреді және цитопатиялық әсер етумен аяқталады.