Дисбактериоз

Дисбактериозға микробиологиялық диагноз қою. Адам денесінің микрофлорасы-бұрыннан белгілі, сонымен бірге жаңа өзекті мәселе. Осы күнге дейін көмей, мұрын, жұтқыншақ, ауыз қуысы, қынап, ішек жолы, тері т.б. микрофлорасының құрамы туралы көптеген мәліметтер жинақталған. Организмнің кейбір экотоптарында кездесетін микроб түрлерінің «нормативтері» белгілі дәрежеде анықталған. Облигатты, факультативті және транзиторлы микрофлораны бір-бірінен ажырата алатын мүмкіндіктер анықталды.

Микрофлораның көптеген процестерге қатыса алатыны жеткілікті дәрежеде белгілі болды: тұз-су алмасуы; газ алмасу;оның ас қорытудағы маңызы; ақуыздар, майлар және көмірсуларды ыдырату; микроорганизмдердің биологиялық белсенді заттарды- витаминдерді, гормондарды, антибиотиктерді синтездеу қабілеттілігі; оның иммуногендік рөлі, соның ішінде табиғи иммунитет қалыптастыруға қатысуы т.б.

Соңғы 15-20 жыл шамасында медиктердің лексиконында, «дисбактериоз» термині жиі қолданыла бастады.Соңғы жылдары барлық елдерде балалар мен ересектер арасында дисбактериоздардың меншікті үлесі күрт көбейгені байқалады. Ол экологиялық жағдайдың нашарлағанымен, антибиотиктерді, гормондарды орынсыз пайдаланумен, стресстік жағдайлардың өсуімен, тағамдық өнімдердің, ауыз су сапасының төмендеуімен т.б байланысты болып отыр. Міне, осылардың барлығы дисбактериозды әлеуметтік құбылыс деп қарауға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде тұрғындардың денсаулығын сақтауда, науқастанушылық пен өлім туғызушылықты азайтуда дисбактериоздарды емдеу мен профилактикасы жалпы-ұлттық маңызы бар мәселеге айналды.

Тұрғындар арасында іс жүзінде дисбактериоздан сақтану жұмысы жүргізілмейді.

Дисбактериоз клиникасы, оны емдеу, сақтану, микробиологиялық диагноз қою мәселелері бойынша практикалық дәрігерлерді оқыту жеткіліксіз жүргізіледі.

Кесте 15.5.

Қалыпты микрофлораның пайдалы функциясы

Функциясы Іске асыру механизмі
Колонизациялық резистенттілік. Нормафлораға тұрақтылық беретін және макроорганизмге патогенді, ШПМ енуіне кедергі жасайтын механизмдер жиынтығы. Антиинфекциялық төзімділік жүйесіне (АИТЖ-САИР) жатады 1. Микробаралық антгонизм (қорғаушы микрофлора сірке қышқылын, сүт қышқылын т.б қышқылдарды, ферменттер, антибиотиктер ж.б өндіреді) 2. Ішектің шырышты қабатын жабатын биологиялық үлбір (микробтардың экзополисахаридты гликокалисінен шырышты қабаттың бокал пішінді жасушаларының муцинінен тұрады), онда қорғаушы микробтар болады. 3.Иммундық жүйе қызметінің күшеюі (бактериялардың жасуша қабатының мурамилпептиді және басқа молекулалардың көмегімен).
Детоксикациялық Ақуыз, липидтар, көмірсулар метаболизмі нәтижесінде п.б. өнімдерді гидролиздеу т.б.
Синтетикалық Витаминдер, гормондар, антибиотиктер, аминқышқылдар синтездеу.
Асқорытушылық Асқазан-ішек жолының (АІЖ-ЖКТ) физиологиялық белсенділігін күшейту (протеаза, липаза, амилаза, целлюлаза т.б. өндіру)

 

Өкінішке орай, дисбактериоздарды кез-келген дәрігер емдейді. Дисбактериоз проблемасымен айналысатын жетекші мамандардың ойынша бұл паталогияны емдеуді медициналық микробиология бойынша маманданған дәрігер-терапевт, педиатр немесе инфекционист жүргізуі тиіс. Мұндай көмек түрін тұрғындарға берілетін арнайы медициналық көмек деп есептеу керек.

Сонымен, дисбактериоз дегеніміз не? Дисбактериоз туралы түсінік және де терминдер өте көп. Дисбактериоз-облигатты, факультативті микрофлора құрамының сандық-сапалық қатынасының өзгеруінен дамитын, ішек жолының бейспецификалық аурулары патогенезінде қосымша, ал кейде жетекші звеносы болып табылатын патологиялық үрдіс. Микрофлораның өзгеруімен аурудың негізгі белгілері байланысты болатыны айқын.

Көпшілік жағдайда дисбактериоз басқа инфекциямен ауырып тұрғаннан кейінгі асқыну ретінде пайда болады. Керісінше дисбактериоз бар жағдайда басқа инфекциялар әлде қайда жиірек дамиды.

Дисбактериоз феноменін анықтайтын терминдер көп: дисбактериоз, дисбактерия, дисмикробиоз, дисбиоз, дисбиоценоз, микробтық дисбаланс, дисбактериалдық реакция.

15.2.1 Адам организмінің қалыпты микрофлорасы

Адам организмінде болатын немесе болуы мүмкін микроорганизмдерді 3 типке бөледі:

Қорғаушы микрофлора, яғни организмнің антиинфекциялық төзімділік жүйесіне кіретін микробтар. Олар организммен симбиоздық қатынаста болады, физиологиялық және иммунологиялық әсерімен қатар, тері мен шырышты қабаттардың колонизациялық резистенттілігін қамтамасыз етеді. Бұл облигатты, негізгі (сөзсіз түрде болатын) флора.

ШПМ, олар организмнің АИТЖ (САИР) әлсіреген жағдайда,қолайсыз экологиялық, әлеуметтік т.б жағдайларда вируленттігін күшейтеді. Бұл-факультативті флора.

Патогенді микробтар - “классикалық” инфекциялар қоздыра алады (іш сүзегі, тырысқақ, жерше т.б). Бұл – транзиторлы (кездейсоқ) флора.

Организмнің қалыпты микрофлорасын және оның бұзылуын (дисбактериоз) сипаттау үшін облигатты (бифидумбактериялар, лактобактериялар, ішек таяқшасы, энтерококктар) және факультативті ( ішекте-протей, көкірің таяқшасы, патогенді стафилококк, кандида саңырауқұлақтары т.б.) микробтарды зерттейді.

Атап айтқанда, осы микробтар организмнің экологиялық қуыстарында (экониши)- ауыз қуысының, ішектің, көмейдің т.б. шырышты қабаттарында мекендейді. Олар экоқуыстарда, соның ішінде АІЖ – да белгілі мөлшерде қалыпты микрофлора болып табылады – нормоценоз (эубиоз). Эубиоз (нормобиоз) – организмдегі қалыпты микрофлораның табиғи жағдайы. Ол микробиоценоздың тұрақты құрамымен және олардың физиологиялық қызметінің толық көмегімен сипатталады.

Нормоценоз адам денсаулығы үшін өте маңызды, өйткені нормофлора шырышты қабаттарды (мыс: ішектің) қорғаушы функциясын атқарады: патогенді микробтар енуіне кедергі жасайды; ас қорыту және зат алмасуға қатысады; детоксикациялауды қамтамасыз етеді (ксенобиотиктерді гидролиздейді); иммунды жүйе қызметін күшейтуге ықпал етеді (А, М-иммунды-глобулинндер өндіруді күшейтеді); табиғи биосорбент болып табылады т.б. Бұл эубиоздың пайдалы жақтары (15.5. кесте)

Организмнің физиологиялық статусын қолдап отыруда қалыпты микрофлора зор рөл атқаратынына қарамастан, осы кезге дейін оның әр түрлі экотоптардағы сандық – сапалық сипаттамасы туралы мәселе толық айғақталған жоқ. Нормативтер туралы кейбір мәліметтерді кестелерден алуға болады.

Ең жете зерттелгені – АІЖ, соның ішінде тоқ ішек микрофлорасы. Зерттеу материалы – нәжіс. Әр түрлі зерттеушілердің мәліметтері бойынша АІЖ микрофлорасында айырмашылықтары бар. Оны кестелердегі мәліметтерге салыстыра көңіл аударғанда байқауға болады.

Дені сау адамдардың АІЖ микрофлорасының сипаттамасы үшін әр түрлі зерттеушілердің салыстырмалы мәліметтері беріліп отыр (15.6, 15.7, 15.8, 15.9, 15.10, 15.11, 15.12 - кестелер).

Кесте 15.6.

АІЖ қалыпты микрофлорасы. (1 г немесе 1 мл заттағы, КТБ/г).

Биотоп Бактериялардың жалпы саны Аэробтар Анаэробтар
Асқазан 0-103 0-103 -
Аш ішек 0-105 0-104 0-102
Мықын ішек 103-107 102-106 102-106
Жуан (тоқ) ішек 1011-1012 105-1010 108-1012

Кесте 15.7.

Жуан ішек микрофлорасы.(жалпы микробтар саны 1011-1012)

Аэробтар 3-5% (соның ішінде факультативті анаэробтар) Анаэробтар 95-97%
Энтеробактериялар 104-108 Бактероидтар 109-1012
Энтерококтар 105-108 Бифидобактериялар 108-1012
Стафилококтар 105-107 Грам-оң коктар 108-1011
Лактобактериялар 106-109 Клостридиялар 103-105
Саңырауқұлақтар 102-105 Эубактериялар 109-1012

 

Кесте 15.8.

Балалар АІЖ микрофлорасының ерекшеліктері