Таксономиясы
Тұқымдастығы: Leptospiraceae
Туыстастығы: Leptosрira
Түрі: L. interrhogans,L. вiflexa
Лептоспироз қоздырғыштарының (Leptospira interrhogans) 200-ден астам серологиялық варианттары бар. Leptosрira туыстастығы 2 топқа бөлінеді: патогенді лептоспиралар (Leptospira interrhogans) - адамдардың және жануарлардың организмінде паразиттік тіршілік етеді; сапрофитті лептоспиралар –L. вiflexa, ашық су көздерінен бөлінген (1914ж. S.Wolbac). Дымқыл топырақта, сазды жерлерде мекендейтін галофилді лептоспиралар жылы қандыларға патогенді емес.
Морфологиясы.Лептоспиралар – ирекше пішінді бактериялар, ұзындығы 7- 20 мкм, жуандығы 0,1 – 0,15 мкм. Жас жасушалары қысқарақ, ал қартайғандары ұзарады (30 – 150 мкм). Лептоспиралардың жасушалары спираль тәрізді иректелген, 12 – 18 алғашқы иірімі бір - біріне тығыздалған және екінші рет иілген, ұштары ілмек тәрізді болып, «S» және «С» әріптерінің пішініне ұқсайды. Бірақ бір ілмекті немесе ілмексіз пішінділері де бар. Лептоспиралар спора, циста, капсула түзбейді. Сұйық қоректік ортада айналмалы, иілмелі, қоймалжың ортада толқынданып, винт немесе жылан тәрізді қозғалыс жасайды. Лептоспиралар көлденеңінен бөлініп көбейеді (7–12 сағ). Қоректік орталарда өте баяу өседі, басқа бактериялармен салыстырғанда 12 есе баяу жүреді. Оптималды өсу температурасы 28 - 30әС. Электронды микроскопта олардың сыртқы қабығы, осьтік жіпшесі және цитоплазмалық цилиндрі көрінеді. Липопротеидтік құрылымды сыртқы қабығы остік жіпше мен цитоплазмалық цилиндрді қоршайды. Лептоспираларды әдеттегі сәулелі микроскоппен бояусыз қарағанда көрінбейді, сондықтан оларды түнек айдынды микроскопты пайдаланып қарайды. Онда олар нәзік, белсенді қозғалатын күміс жіпшелерге ұқсап көрінеді. Бастапқы бұрамалары маржан моншаққа ұқсайды. Лептоспиралар анилинді бояулармен нашар боялады, оларды анықтау үшін күмістендіру әдісімен анықтайды. Лептоспиралардың жасушалары қаралау – қоңыр түс алып, жарық айдында жақсы көрінеді. Романовский - Гимзе әдісі бойынша лептоспиралар ашық қызғылт түске боялады. Патогенді және сапрофитті түрлері морфологиясы, ультрақұрлымы, тинкториалдық қасиеті, қозғалғыштығы мен көбеюі жағынан бір – бірінен ерекшеленбейді.
Лептоспиралар хемоорганотрофтылар. Тыныс алуы бойынша - аэробтар, микроаэрофилдер.Лептоспираларды сарысулы, альбуминді немесе синтетикалық сұйық, жартылай сұйық және тығыз күрделі құрлымды қоректік орталарда дақылдандырады. Тығыз қоректік ортада лептоспиралар 3 түрлі болып өседі: агар бетінде, агар тереңдігіне еніп, агар түбіне дейін. Сондықтан колониялардың морфологиясы әр түрлі болады. Ал сұйық және жартылай сұйық қоректік орталарда орта бетінде күреңкі сақина тәріздес өсінді түзеді. Биохимиялық қасиеттері толық зерттелмеген. Патогенді лептоспираларда каталаза, пероксидаза, цитохромды энзимдер, аминопептидазалар, дегидрогеназалар және басқа да метоболиз процесіне қатысатын ферменттер анықталған. Сонымен бірге аггрессиялық ферменттер (гиалуронидаза, липаза, фибринолизин, плазмокоагулаза, гемолизин, ДНКаза, эстераза, уреаза) анықталған, олар макроорганизмге енуге көмектеседі.
Антигендік қасиеті. Лептоспиралардың күрделі антигендік құрлымы бар. Leptospira туыстастығындағы өкілдердің ішінен 200 серологиялық вариантын ажыратады, олар 25-тен астам серологиялық топтарға бірігеді. Туыстастықтың спецификалық қасиетіне полисахаридті фибриллярлы антиген жатады (КБР көмегімен анықталады), топқа және варианттқа қатысын сәйкесінше қабықша ақуыздары мен липопротеинді антигендермен агглютинациялық реакция арқылы анықтайды (агглютиногендері, преципитиногендері, комплемент байланыстырушы антигендері, гемагглютиногендері). Лептоспиралардың таксономиялық критерийі - олардың антигендігі бойынша анықталады. Негізгі таксоны – серовар.
Патогенділік факторлары.Лептоспираның патогенді қасиеті келесідей: инвазивтілігі мен қоймалжың ортада қарсы қозғалу қабілеті (вискотаксис) - бұл қасиеті лептоспиралардың жоғары қозғалғыштығымен гиалуронидаза, фибринолизин және т.б. факторлармен шырышты қабықтан өтуге көмектесуімен байланысты; экзотоксин өнімдерін түзеді – гемолизин, липаза, ДНКаза және басқа да улы өнімдер жасушаның бұзылуына әкеледі; липополисахаридтті табиғатты эндотоксиннің болуы – пирогенді, некрозды, летальді әсер көрсетеді.
Қалыпты және иммунды сарысулардың, комплементтің, фагоцитоздың бактериоцидтік белсенділіктеріне тұрақтылық қасиетке ие бола отырып, макроорганизмде ұзақ сақталады.
Тәжірибелік жануарлардың ішінде жаңа бөлінген штамдарға сезімталы алтын түсті атжалман (6 – 8 апталық), жас теңіз шошқалары, қоянның көжектері.Тәжірибелік жағдайда патогенді лептоспиралар вируленттілік қасиеттерін тез жояды.
Резистенттілігі. Лептоспира жоғары температурада, дезинфекциялық заттардың (сулема, лизол, хлорамин, карбол қышқылы және т.б.) әсерінен тез жойылады, бірақ төменгі темпертураға жеткілікті дәрежеде тұрақты. Табиғи су қоймаларында 5-10 күн, топырақта 270 күнге дейін өмір сүреді. Қышқыл және сілтілі ортада тез жойылады.Төмен температурада ұзақ сақталады, яғни - 70˚С температурада олардың вируленттілігі мен тіршілікке қабілеттілігі 7 жылға және одан да ұзақ уақытқа сақталуы мүмкін.Олар мұздатылып, ерітіліп, қайта мұздатылу процесін 6 ретке дейін қайталағанға дейін сақтала алады.Тағамдарда бірнеше күнге дейін сақталады.
Пенициллин, тетрациклин, стрептомицин тобындағы антибиотиктер оларды өлтіреді. Неомицин, рифампицин, амфотерицин В және басқа антибиотиктер олардың белсенділігін жоя алмайды.
Эпидемиологиясы.Лептоспироз - кең тараған зооноз, барлық жерде кездеседі. Лептоспироздың табиғи ошақтары – көбіне орман, өзен жағалауы, батпақты жерлерде кездеседі. Инфекция көзі жабайы жануарлар - кеміргіштер, түлкі т.б. болып келеді. Жануарлар зәрі суға түсіп, топырақ және өсімдіктерді залалдайды. Аурушылдық қатаң мерзімдікпен сипатталады (маусым – қыркүйекте), бұл ауылшаруашылық жұмыстарымен (пішен орғанда), сонымен қатар саңырауқұлақ, жидек жинаумен, аңға шығумен, балық аулаумен байланысты. Ауылды жерлерде инфекцияның көзі үй жануарлары болуы мүмкін: доңыз, ірі қара мал, иттер. Тағамдық жол арқылы да жұғуы мүмкін, мысалы сүт пайдаланғанда, ауру малдарды қарау кезінде қарым-қатынас-тұрмыстық жолмен таралуы мүмкін. Дегенмен, инфекцияның негізгі таралу жолы – су арқылы. Ауылдық жерлерде ауру жануарлардың зәрімен ластанған су қоймаларында шомылған адамдардар арасында күрт көбеюі жиі кездеседі. Лептоспироз ауруы егеуқұйрықтар көбейген портты қалаларда шығуы мүмкін.
Патогенезі. Инфекцияның ену қақпасы - ауыз қуысының, ас қорыту жолдарының шырышты қабаты, көз, мұрын, зақымданған тері. Енген жерде қабыну аймағы байқалмайды. Лептоспиралар лимфатикалық жолмен таралады, қанға өтеді (лептоспиремия, токсемия) және қан ағынымен организмде таралып әртүрлі ағзаларға (бауыр, бүйрек, өкпе т.б.) түседі. Ағзаларда микроорганизмдер қарқынды көбейіп қайтадан қанға түседі. Қоздырғыштың және оның токсиндерінің әсер етуі нәтижесінде қан капиллярларының қабырғасы зақымдалады және әртүрлі ағзалар мен тіндерде қан құйылу байқалады. Көп зақымдалатын ағзалар - бауыр, бүйрек, бүйрек үсті безі, жүрек және бұлшық ет.
Клиникалық көріністері. Лептоспиралар жұлынға енуге қабілетті, науқастанушылықтың 7 – 15 күні менингеалды көріністер байқалады.
Науқастанушылықтың симптоматикасы мен ауырлығы қоздырғыштың сероварына, қоздырғыштың вируленттілік жағдайына, макроорганизмнің жағдайына, жұғу жолдары мен механизміне байланысты. Жасырын кезеңі 7-10 күнге, ауру 5-6 аптаға дейін созылады. Ауру жедел басталады, дене температурасы 39-40˚С жоғарылайды, бас ауруы, бұлшықет ауруы әсіресе балтыр етінің ауырсынуы байқалады. Ағзалардың зақымдалуына байланысты олардың белгілері пайда болады: бүйректік жетіспеушілік, сарғаю және тағы басқалары. Толқын тәрізді қызба тән. Лептоспироздың клиникалық түрлері әртүрлі – жеңілден өлімге алып келетін ауыр түріне дейін.Кеш асқыну фазасында көздің зақымдануы, пиелит, менингоэнцефалиттің қалдық көріністері де байқалады.
Иммунитеті. Иммунитеті ұзақ, қарқынды, дегенмен қатаң серологиялық вариантты спецификалық. 3 – 4 аптада стерилсіз иммунитет қалыптасады. Қанда антиденелер көп жиналады. Бүйректе қоздырғыш ұзақ сақталып, несеппен ұзақ уақыт бөлінеді (40 күн және одан да артық). Иммунитет біртіндеп күшейіп, ақырында қоздырғыштан толық айығады (науқастанушылықтың 5- 6 аптасында).
Микробиологиялық диагноз қою. Негізгі зерттеу әдістері: микроскопиялық; бактериологиялық; серологиялық; ПТР.
Микроскопиялық зерттеу. Зерттеу материалы ретінде аурудың бірінші аптасында қан, кейінірек зәр, ми-жұлын сұйықтығын алады. Бактериоскопиялық әдісте түнек айдынды микроскопта қарау қолданылады, бұл әдістің сезімталдығы мен спецификалығы төмен деңгейде. Спирохеталар анилиндік бояулармен нашар боялады, сондықтан ДДҰ ұсынған келесі әдістерді қолданады: күміспен импрегнациялау, иммунды пероксидазалы бояу, қоянның және тышқанның моноклоналды флюоресцирлеуші антиденелерін қолданып қоятын ИФР.
Бактериялогиялық әдіс: аурудың алғашқы күндерінде қаннан, аурудың 2-3 аптасында зәр мен ми-жұлын сұйықтығынан таза дақылдарын бөлу. Сарысуы бар қоректік орталарда,фосфатты – сарысулы ортада 28-30әС өсіреді.Зерттеу материалын науқастың төсек орнында жатқызып алады, 3- 5 пробиркаға алып, бетіне вазелин майын құяды, 2 ай бойы өсіреді. Лептоспиралар өскенде қоректік орта мөлдір болып сақталады, сондықтан әр 5- 6 күн сайын түнек айдынды микроскопта қарау үшін препарат дайындап, зерттеп отырады. Таза дақылдың морфологиялық, дақылдық, қозғалғыштық , антигендік қасиеттерін анықтап диагноз қойылады.
Биосынама. Теңіз шошқаларына, көжектерге, алтын түсті хомяктарға құрсақ астына жұқтырады. Бір ай бойы бақылайды. Жануар өлгенде қаннан, зәрден, өлексе ағзаларының материалынан жағынды дайындап, түнек айдынды микроскопта қарап, таза дақыл алу үшін қоректік орталарға себеді.
Жеделдетілген зерттеу әдістері.Биохимиялық және молекулалық - биологиялық зерттеулер жүргізіледі. Инфекция анықталған ошақтан қоздырғыштың ДНҚ анықтау үшін ПТР қолданады.
Серологиялық әдіс. Науқастың қанынан антиденелерді науқастанушылықтың 1 аптасының соңында анықтауға болады. Ол үшін КБР, микроагглютинация реакциясы және лизис реакциясы науқастың сарысуы мен стандартты микроорганизмдердің жиынтығымен қойылады.
Емдеуі. Көбінесе антибиотиктер (пенициллин, тетрациклин топтары) және лептоспирозға қарсы гетерологиялық иммундыглобулин қолданылады. Ауыр жағдайда кортикостероидтар, витаминдер кешені, жүрек - қан тамыр жүйесіне әсер ететін препараттар қолданылады. Басқа мамандардың кеңесінен өту шарт.
Алдын алуы.Бейспецификалық сақтандыру бірқатар ережелерден тұрады: қайнатылмаған суды қолдануға, жуынуға, мал су ішетін жерде суға түсуге болмайды. Эпидемиялық көрсеткіш бойынша спецификалық алдын алу ретінде көп кездесетін серологиялық варианттардан тұратын өлі вакцина қолданылады.